Ұлттық құрылтай қашан өтті?

Ұлттық құрылтай қашан өтті?

 

Бұған дейін Ұлттық құрылтай екі мәрте өткен болатын. Оның біріншісі Ұлытауда жалауын көтерсе, екіншісі киелі Түркістанда дүркіреп өтіп еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістанда болған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған...

...Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады. Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан...

...Ұлы Дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес.

Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді...» деп еді. Міне, соның айғағы.

27 қаңтар күні Астанада үшінші Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырысы болып өтті. Шара басталар алдында Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құрылтай жұмысының негізгі бағыттары жөнінде Президенттің қаңтар айында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ осы консультативтік-кеңесші органның қызметі аясында Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың жүзеге асырылу барысына қысқаша тоқталды.

Естеріңізде болса, Ұлттық құрылтай ұлттық мүддені қорғауда, ұлттық құндылықты дәріптеуде елеулі істер жасауда. Мемлекеттік кеңесші Президенттің Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандарды қалпына келтіруге және құруға, өңірлік рәміздерді реттеуге, сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне «Ұлттық» мәртебе беруге, «Балалар кітапханасы» жобасына қатысты бастамалары жүзеге асырылғанын ерекше атап өтті.

Ерлан Қарин заң мен тәртіп қағидаттарын бекіту және ілгерілету жұмыстарының қоғамдық маңызы зор екеніне назар аударды. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы заң жобасын әзірлеу, Парламент Мәжілісінің вейптерді елімізге әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу туралы заң жобасын қабылдауы осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың аясына кіреді. Шара шеңберінде бір мезгілде «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», сондай-ақ «Әлеуметтік-экономикалық даму» секцияларының жұмыс отырыстары өтті. Секциялардың жұмысы барысында мемлекеттік органдар Ұлттық құрылтай мүшелерінің бұған дейін айтқан ұсыныстарына орай пікір білдірді. Сондай-ақ қоғамның бірлігін нығайтуға, қоғамдық тәртіп пен заңдылықтың сақталуына, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жаңа ұсыныстар талқыланды. Ұлттық құрылтай хатшылығы жиын барысында көтерілген бастамаларды жинақтап, мұқият зерделейді. Қазіргі таңда көктемде өтетін Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Нағашыбай Қабылбек
01.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541