ҰЛТТЫҚ РУХ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСКЕР ҚАЛАМГЕР. Ертай Айғалиұлы 70 жаста

ҰЛТТЫҚ РУХ ЖОЛЫНДАҒЫ  КҮРЕСКЕР ҚАЛАМГЕР. Ертай Айғалиұлы 70 жаста

Ертай Айғалиұлы. Бұл есім-сой барша қазақ баласына жақсы таныс. Қолына қалам ұстағандар ішінде «Ер-аға» десең, елең етпейтіні жоқ.  Ер-ағаның ақжарқын мінезі мен қарапайымдылығы, мейірімділігі мен ұстамдылығы елді өзіне магнитше тартады. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы болар.  Әсіресе албырт жастар Ер-ағаға үйірсек.  Тырнақ алды туындысын «таудай қылып» дәріптеп, демеп жіберуге, қолдап жіберуге  деген ынтызарлығы шабыттың шалқарына шомылдырып жіберері һақ. 

Атақ-абыройға иілмейтін ірілігі, жағымпаздық пен жалтақтыққа бүгілмейтін болмыс-бітімі,  әдебиетке деген адалдығы,  ана тілі үшін отқа да, суға да қойып кетер көзсіз батырлығы – тұлғалық  бітімі болар. 

Жазушылық пен журналистика секілді қос жанрды – қос басына қосақтап, қос қараны аламанға таң асырып қоса алғандығы бір ғана қыры Ер-ағаның.  Журналистиканың қара жұмысынан қалжырап келіп, көркем әдебиеттің көрігін қыздыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік!   Шынашақтай кезінен қолына қалам алып, ұлттық мүдде жолында аянбай күресіп, бірде жығып, бірде жығылып жатса да,  ұлттық рухын  асқақтатып, тілі мен діліне, діні  мен діңгегіне адалдығы жазған дүниелерінде сайрап жатыр...

Жазушы Ертай Айғалиұлы  – «Қара жапырақтар», «Жер бетінен жоғалған ауыл», «Мен сені сағындым, әпке» кітаптарының авторы. Республикалық «Жалын», халықаралық «Дарабоз» конкурстарының жеңімпазы.

Кеңес дәуірінде кеңінен көсіліп балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосқан  Ер-ағаң, әлі де шабысынан жаңылмай келеді.  «Жас Алаш», «Ана тілі» газеттерінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарды. Шер-ағаның «шекпенінен шыққан» санаулы қаламгерлердің бірі.  Халық- аралық «Qazaqstan dauirі» басылымында бірнеше жылдан бері Бас редактор. Жаңа сипаттағы, жаңашыл редактор. Талғамы терең, толғамы ерен редактор. 

Жетпіс деген асқарға желдіртіп жеткен, Алла берген ғұмырында жемісті еңбек еткен  әлі де жазғанынан жазары көп Ер-ағама Астана қаласы ұжымы атынан шығармашылық табыс,  шалқар шабыт, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз!