Бұрынғылар жайында көп айтамыз, бұрынғылардың таза болмысын бүгінгілерге үлгі етеміз. Бұл «бүгінгі буын тозып кетті» деген сөз емес. Әйтсе де кейінгі ұрпақтың ұсақталып бара жатқаны да жасырын емес. Әсіресе біздің және бізден кейінгі буынға мінез-құлық тұрғысынан көбіне толымды, тұщымды сөз айтыла бермейді. Сондықтан «бұрынғылар» деп басталатын әңгімелерге құлақ қойып, жалынды сөз, жасампаз істерімен тұтас дәуірлерді қалыптастырған алдымыздағы аға буынды біз де өнеге етсек, артық болмайды.
Бүгінгі кейіпкеріміз де сол алдыңғы аға ұрпақтың өкілі, ұлағатты ұстаз, зиялы болмыс иесі. Ол – Иманғали Жұмағұлұлы.
Иманғали әкеміз 1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Ол уақытта ойды, қырды мекендеп, жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп, мал соңында тіршілік кешкен халқымызда оқып, сауат ашқандар аз болғаны тарихтан белгілі. Әйтсе де жаңа заманның оқуын тауысып, ғылымын меңгерген сол ұлт зиялыларының әрбірі мәрт мінезімен, ұлтына адалдығымен мың адамның ісін атқарды. Сондай тұлғалардың қатарына Иманғали Жұмағұлұлының есімін қосуға әбден болады.
Құм ішінде азын-аулақ малмен жан бағып отырған ата-анасы балаларының көзі ашық, заманға сай білім алғанын қалап, 6-7 жасар Иманғалиды молдаға аманаттайды. Сөйтіп ең алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, хат таныған Иманғали әкеміз білім теңізіне кемесін салады. Жасынан зерек, алғыр шәкірт ата-анасының бағыт-бағдарымен Куйбышев (Самара) қаласындағы педагогикалық институтынан орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі деген мамандық алып шығады. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, жаңа заманға сай өзін жан-жақты жетілдірген ол кісі кейін, 1925-1927 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде (САГУ) мемлекет және қоғам қайраткері, өзінің төл құрдасы Темірбек Жүргеновпен бірге оқиды. Бір топырақтан түлеген екі тұлға қазақ халқының келешегі жайында жиі әрі ұзақ әңгімелеседі. Сол заманның сұрқай саясатынан хабардар, көзі ашық Иманғали әкемізді де өз елінде жүріп өзге ұлтқа ар-намысы мен құқы тапталған қандастарының пұшайман хәлі, елінің келешегі алаңдатады. Сол тұрғыда елден шыққан екеудің елдік мүдде жайындағы ой-пікірлері бір арнада тоғысады. Алайда Алашқа адал қызмет еткен Темірбек Қараұлы «халық жауы» атанып, ұсталып кеткенде, қылышынан қан тамған сталиндік жүйенің жендеттері Темір наркомның отбасы мүшелері мен туған-туыстарын және айналасындағыларды да қырына алады. Иманғали әкеміздің Темірбек Жүргеновке әрі туыстық жақындығы бар, одан бөлек іштей болса да бір-біріне тілеулес, қолдаушы болып жүрген рухтас, мүдделес бір топырақтың перзенттері. Осы жағынан өзіне де қауіп-қатер төнгенін сезеді. Қылтиғанды қалт жібермейтін көздеріне қан толған НКВД қасапшыларының назарына ілінбеу үшін өз есімін уақытша Қали деп өзгертуіне тура келеді. Бұндай қадамға Иманғали әкеміз өзінің жанын сақтап қалу үшін емес, елінің алдындағы перзенттік парызын өтеп, ар алдындағы адамдық миссиясын орындау үшін барады. Жалғыз бұл кісі емес, сол заманда көзі ашық әрі ұлтжанды қазақтың бәрі қылкөпірдің үстінде жүрді. Шындығында, өз ұлтын аса жақсы көретін, Құдай жаратқан мінезіне сай басына жиған білімін сол ұлтқа жұмсағысы келген көшпенділердің ұрпағынан қызыл өкімет өлердей қорықты. Сондықтан НКВД олардың соңына шам алып түсті. Сыбырлаған сөзі мен әр басқан қадамы бақылауда болды. Иманғали әкеміздің өкіметтің саясатына теріс көзқарасы болмаса да, Темірбек Жүргеновтың туысқаны ретінде НКВД-ның қырына ілігеді. Қанды қасап жүйенің жендеттері «қара тізімге» енгендерді қыбыр етсе, қырқып түсіреді. Иманғали Жұмағұлов сол қауіп-қатердің қарауылында жүріп бала оқытты, ұрпақ тәрбиеледі.
Басынан бастасақ, Ташкенттегі аталған жоғары оқу орнын бітірген соң Темірбек Жүргенов Қазақстанға келіп, қызметке кіріседі. Кейін Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары болған тұста Иманғали әкемізді арнайы Алматыға шақыртады. Ол жылдары қоғамда бір шоғыр қазақ зиялылары қалыптасқанымен, жаппай халық сауатсыз еді. Заманына қарай білім алып, ғылым игермеген елдің халық ретінде кері кететіні белгілі. Міне, осы жағдайды ескерген Темірбек Жүргенов айналасына білімді, парасатты, ақыл-ой иелерін жинай бастайды. Солардың бірі Иманғали әкеміз қаланың іргесіндегі Түрген селосында мектеп мұғалімі болып ұстаздық жолын бастайды. Көп өтпей сол мектептің директоры болады. Қызметке келген бойда мектептің ішкі тыныс-тіршілігін жандандырып, жалпы білім беру жүйесіне жаңашылдық алып келеді. Білікті маман, білімді адам қоғамға аса қажет және олар бір жерде тұрақтап қалмай, сол саланың тамырына қан жүгіртуі тиіс. Сол мақсатта Иманғали ағамызды басшылық Жамбыл облысының Ақыртөбе деген жеріндегі орта мектепке директор етіп жібереді. Тәжірибесі бар ұстаз өзі басқарған мектепті де аз уақытта аяғынан тұрғызады. Ол жылдары арнаулы білімі бар мұғалімдер жоқ. Бар болса да өте аз. Алайда маман тапшылығына қарамай, педагогикалық ұжымды жаңашыл жастармен толықтырып, ұлғайтады. Ақыл мен парасатқа, білім мен ғылымға сүйеніп істеген қайсыбір іс те нәтижелі болмақ. Көп өтпей мектептегі тәрбие беру ісі ширап, талап қатайып, білім сапасы арта түседі.
Ер туған жеріне. Жасынан шет жайлап, қиыр қонып жүрген Иманғали әкеміз қырықыншы жылдардың басында туған жеріне оралады. Елге келген соң өзінің ұстаздық қызметін жалғастырып, Қазалы ауданының орталығында мектеп директоры қызметін атқарады. Ұстаз ретінде әбден шыңдалып, тәжірибе жинап, саяси да сауаттанып әбден толысқан шағында тек жас ұрпаққа білім, тәрбие беру ісі мен мектепке басшылық қызметімен шектеліп қалған жоқ. Ауылдағы ақсақалдардан алған қазақы тәлімі мен кеудесіне жинаған білімін ұштастыра отырып, халықты жаңашылдыққа үндеп, бағытын жарқын болашаққа бұрды. Газет-журналды көп оқитын Иманғали әкеміз халықты күнделікті соғыс жағдайынан да хабардар етіп, жағымды жаңалықтарды жеткізіп отырды. Он үйдің тоғызының бас көтерер ер азаматы майдан даласында жан алысып, жан берісіп жатқан кез. Жұрттың көңілі жадау, күн сайын «қара қағаз» алып, қара жамылып жатқан шаңырақтың көбейген кезі. Міне, сондай қиын сәтте, сындарлы шақта айналасын жұбатып, жеңістің таяу қалғанына сендіріп, рухтандырып отырды. Бір сөзбен айтқанда, мұғалім бола жүріп, аудандағы арнайы жүргізілетін идеологиялық жұмысты бір өзі атқарды деуге болады. Одан соң Арал қаласындағы «Рабфакта» оқу ісінің меңгерушісі болып, болашақ партия қызметкерлерін даярлады. Ол кездегі өлшеммен алатын болсақ, жер-жерде партия саясатын жүргізудің өзіне жоғары білімі бар, жеке бас тәртібі дұрыс, тұлғалық жағынан толысып, қалыптасқан азаматтар ғана таңдалатын болған. Партия жұмысы сенім мен жауапкершілікті талап етеді. Ал Иманғали әкеміз партия жұмысын жүргізетін тұлғаларды оқытып, арнайы маман дайындап шығаруға атсалысқан.
Зейнет жасына жақындағанда өзінің туған жері Жаңаталапқа келеді. Өзінің туып-өскен ортасына оралған соң да абыройы асқақтамаса, аласарған жоқ. Ол елге оралғанда жасынан батасын беріп, қияға аттандырған алдындағы ағалары ақсақал, соңынан ерген інілері де азамат болған. Солардың барлығы елден кіндігін үзбеген перзентін құшақ жайып қарсы алады. Түпкі тегі жақсы, болмысы бүтін, ақыл толық, парасатты, білімді адамның орны қай кезде де төр ғой. Араға жылдар салып ауылына келген ұстаз құрмет, қошеметтен кенде болмайды. Күн өткен сайын халыққа сыйы артып, ұлы көштің жетегін ұстайтын елағасына айналады. Ауылға келген соң партия ұйымдастырушысы болады. Ол заманда бұл жұмыстың жауапкершілігі зор. Ал жоғарыда айтқанымыздай, идеологияның жұмысын жүргізуде партия кез келген адамға сенім артпайды. Осы қызметте жүргенде Иманғали әкеміз әлдебіреулер секілді лауазымын асыра пайдаланып, халыққа қиянат қылмайды. Партияның тәртібі темірдей, талабы тастай болса да, халықтың жағында болып, сөзін сөйлейді. Ел ішіндегі тентек-теліні тезге салып, түзетіп алса да, аудан орталығына оның жаманатын жеткізбей, жауып отырады. Елдік мүдде жолында жіберген кемшіліктер үшін өзін аяусыз жазаласа да, ауылдағы кейбір қыңыр-қисық мінезді ағайындарына түсіністік танытады. Сонымен бірге ауыл тұрғындарының қордаланған әлеуметтік мәселелерін аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейге дейін көтереді және Мәскеуге орыс тілінде арнайы хат жолдап, оның оң шешімін табуына атсалысып отырған. Одан бөлек жасынан жақсылардың әңгімесіне қанық, жыраулардың қисса-дастандарын құлағына құйып өскен Иманғали әкеміз ауылда өтетін той-думандардың тізгінін өз қолына алып, домбырамен әуелетіп ән салып, күй тартып қуанышты думанның көрігін қыздырады екен. Біз бұдан кейіпкерімізді жаңа қырынан тани түсеміз. Түп тамырынан ажырамаған қазақы болмысы, көпті тыңдата алатын әңгімешілдігі, шешендігі, әншілігі, серілігі кейіпкеріміздің өз ортасында абыройын одан әрі асқақтата түскені сөзсіз. Бұл жайында сол заманда ел басқарған Есұлы Шаймағамбет әкеміз «Ауылда Иманғали болса, бізге театрдың керегі жоқ» деп дәріптеп отырады екен. Сондай-ақ ауыл адамдары «Иманғалидың мерекелерде және басқа да атаулы күндерге байланысты өтетін маңызды шараларда оқыған баяндамасынан кейін көзіміз ашылып, бір серпіліп қаламыз» дейді екен...
– Әр заманның өз көшбасшысы болады және ондай зиялы тұлғалар әр ауылда бар еді. Иманғали ағамыз сол зиялы тұлғалардың алдыңғы қатарында болды. Біз бала күнімізде Имекеңнің біздің өзіміз түгіл, көзіміз жетпеген Ресейде, Ташкентте жоғары білім алып, Алматыда үлкен қызметте істейтінін еститінбіз және ойын баласы болсақ та, ол біз үшін зор мақтаныш еді. Сол ағамыз өткен ғасырдың қырқыншы жылдары ауылымызға келді. Түбегейлі оралды. Сақайып, ел басқарып, өмір көріп, тәжірибе жинап, кемеліне келіп әбден толысқан шағы еді. Қысқасы, біз сол ағамызға еліктеп өстік. Имекеңнің үлгі, өнегесін алдық. Өзімізге ұстын тұттық. Ол кезде ауылда газет-журнал жаздырып оқитындар аз, тіпті жоқтың қасы. Ал орыс тілінде шығатын саяси басылымдарды оқымақ түгіл, көрмеген. Имекең «Правда» газетін оқитын және радиодан күнделікті жаңалықтарды жібермей тыңдайды. Ауыл адамдарына Мәскеудегі, ел астанасындағы жаңалықтарды қазақша аударып, жеткізіп отырады. Сонымен бірге күнде кешкісін ауыл адамдарын, колхозшыларды жинап, саяси сабақ өткізетін. Есейіп қалған балалар, біз де қатысамыз. Сөйлеу мәнері бөлек еді. Бойынан дегдарлық байқалатын. Киім киісі, өзін ұстауы ерекше еді. Іс-әрекетінің бәрінен халқымызға тән кішіпейілдік және өркениетті қоғамға сай мәдениет байқалып тұратын. Өз жұмысын өте белсенді әрі үлкен жауапкершілікпен атқарды. Қажет жерінде халықтың мүддесі үшін отқа да, суға түсетін. Шыншыл, өткір, батыл еді. Мемлекет тарапынан ауыл мектебінің мұғалімдеріне берілуі тиіс ұн, отын, көмір сияқты әлеуметтік көмектерді Иманғали ағамыз Мәскеуге, Оқу министрлігіне бірнеше мәрте хат жазып, қалыпқа келтірді. Сол қамқорлығы үшін кешеге дейін ауылдың зейнеткер ұстаздары басы қосылған жерде Имекеңді еске алып, алғыстарын айтып жүрді.
Иманғали Жұмағұлов ауылда, ауданда ғана емес, аймақтағы ең беделді ұстаз болды. Ағартушы ұстаз ретінде бірнеше буын саналы, сапалы шәкірт тәрбиеледі. Ауданымыздың саяси-әлеуметтік дамуына, мәдени-рухани өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Мен осындай ұлағатты ұстаздың, тұғырлы тұлғаның шәкірті болғанымды бүгінде мақтан етемін, – дейді ауыл ақсақалы Мәлік Хабаров.
Расында ұлтқа қызмет етудің ең абзалы – ұрпаққа білім беру, бұқараны сауаттандыру. Бұл – діни ұғым бойынша да үлкен сауап. Бұл тұрғыдан Иманғали Жұмағұловтың есімі кейінгі ұрпақтың жадында жаңғырып тұрары анық. Халық ағарту ісінде өзгелерге озық үлгі болған Иманғали әкеміздің елге еткен ерен еңбегі ескеріліп, «Еңбектегі ерлігі үшін», және «Ұлы Отан соғысы кезіндегі адал еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Тәрбие отбасынан басталады. Отан деген түсінік және сүйіспеншілік те отбасынан қалыптасады. Иманғали әкеміз де жұрт баласынан бұрын өз ұл-қыздарының бойына тәрбие дарытып, санасына білімнің сәулесін түсірді. Иманғали әкеміз бен Мәрия анамыздың кіндігінен өрбіген ұл-қызының барлығы да өмірден өз жолдарын тапты, қоғамның сан-саласы бойынша еліне адал қызмет етіп, перзенттік парызын өтеді. Өмірдегі адами ұстанымдары мен қызметтегі адалдығы оларды халықтың алғысына бөледі, абыройдың шыңына шығарды. Бүгінде екінші ұрпағы еліміздің әр түкпірінде лауазымды һәм жауапты қызметтер атқарып келеді.
– Әкеміз өз ғұмырында ұстаздық етіп, ел баласын тәрбиеледі. Өз мамандығына сәйкес бізге, балаларына да қатаң талап қойды. Біздің толық адам болып қалыптасуымызға бар күшін салды. Жан-жақты білім алуымызға бар мүмкіндікті жасады. Сонымен бірге өнер үйренуімізге де өзі үлгі болды. Ауылда той-думандарда, мерекелік жиындарда домбырамен ән салатын. Ал әке ретінде қамқор, өте мейірімді еді. Біз әке мейіріміне жарып өстік. Мен үшін де, менің бауырларым үшін де әлі күнге дейін ол кісі алдымен әкеміз, содан соң ұстазымыз. Ал біздің түсінігімізде ұстаз – ұрпағын ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейтін тұлға. Ендеше әкеміз – біз үшін ұлтына адал қызмет еткен мемлекетшіл, қайраткер тұлға. Кейінгі ұрпағының ұғымында да биік те бекзат болмысымен қала береді, – дейді Сәбит Иманғалиұлы.
Кезінде үш облыста мектеп директоры болған Иманғали атамыздан тараған Надежда, Сәбит, Әмит, Мәдина, Мәликалар бұл күндері Алматы және Қызылорда қалаларында тұрып жатыр. Барлығы да өсіп, өркендеген жандар. Үлкен ұлы – Сәбит әке жолын қуған ардагер ұстаз. Ол республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының Алматы қаласы бойынша Бас жүлдегері (Гран-при). Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы.