«Маңғыстау жұрты «Ұлы дала жорығы» атты 1 200 шақырымға созылған ат бәйгесінде топ жарған «Көкмойнақ» командасын қошеметпен қарсы алды. Ақтаудағы теңіз жағалауы аумағындағы Амфитеатр алаңында өңір тұрғындары 12 күнге созылған аламанда ат оздырған шабандоздарға ыстық ықыласпен құрмет көрсетті.
«Көкмойнақ» құрметке бөленді
Мәдениет және спорт министрлігі елімізде алғаш рет «Ұлы Дала жорығы» марафоны ұйымдастырылғаны баршаға аян. 18 қыркүйекте басталған кіл жүйріктер додасы 12 күнге дейін жалғасты. Айтулы аламанға еліміздің барлық өңірінен екі жүзге жуық тұлпар қосылды.
Көптің назарын аударған «Ұлы Дала жорығы» еліміздің 6 аймағын, атап айтқанда Астана қаласынан бастап, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарын басып өтті. Екі аптаға жуық уақытқа созылған бәйге кезінде қатысқан аттар күніне 100 шақырымды бағындырып отыруы тиіс-ті. Осы ретте маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасы межені уақытында бағындырып, көмбеге бірінші келді.
Аламанда топ жарған шабандоздарды қарсы алу рәсімінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтардың атынан алғыс білдірді.
– Құрметті шабандоздар, бапкерлер, ұлттық спорт жанашырлары! «Ұлы дала жорығы» жобасындағы айтулы жеңістеріңізбен құттықтаймын! 12 күнге созылған «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонында елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы бірінші бағындырып, өңір намысын қорғап, ұлы дала жорығының жеңімпаздары атандыңыздар! Еліміздің барлық аймағынан келген 19 команда сынға түскен жарыс жолында Түркістанға дейінгі жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер және ауа райына шыдай алмай командалар жорықтарын тоқтатып жатты. Ал «Көкмойнақ» командасы жолдың қиындығына қарамастан, өздеріңіздің және мініп келе жатқан Адайдың қолтума жылқыларының мықтылығын көрсеттіңіздер. Бұл жеңістеріңіз – өлкеміз үшін үлкен мақтаныш! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы дала жорығы» марафонының ерекше маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті жаңғырту үшін осындай ауқымды іс-шаралардың қажеттілігін атады. «Ұлы дала жорығы» ұлттық рухты нығайтатын жобаға айналды деп сеніммен айтуға болады, – деді Нұрлан Ноғаев.
Кеңес дәуірінде Таушық, Түпқараған ауылдарында жылқы зауыты болған. Бүгінге жеткен аталған жылқының тұқымы ұзақ жолға төзімді, ауа райына тез бейімделуімен ерекшеленеді. Бүгінде Адай жылқысы бірнеше рет халықаралық ат жарыстарында оза шауып, бәйге алды. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан біріншілігінде бас жүлдені иеленді. 2013 жылы Ресейдің Резан қаласында өткен бәйгеде 1-орын алды. 2015 жылы Францияда дүниежүзілік бәйгеге қатысып, Латын Америкасы, Сауд Арабиядан келген кәсіби мамандардан жоғары бағаға ие болды.
Шабандоздар да ерлік көрсетті
Көпшілік алдында «Көкмойнақ» командасының капитаны Ербол Ермағамбетов бәйге барысы туралы ойымен бөлісті. Команда капитаны жарысқа бес күн қалғанда аттарды іріктеп, аз күн ішінде тас-түйін дайын болғандарын жеткізді.
– Бірнеше күн дайындалғанымыз жоқ. Бапкерлер додаға түсетін аттарды іріктеген соң, аз күнде барлығын реттеп, Астанаға аттанып кеттік. Жолда барлық жағдайға дайын болдық. Шарт бойынша біздің командада 5 ат жарыс жолына қосылған. Алайда оның бірі орта жолда сыр берді. Ережеге сәйкес біз алғашқы бес атпен 600 шақырымға жеткен соң, екінші атқа ауысуға тиіс едік. Өкінішке қарай, бір атымыздың жарысты тоқтатуына байланысты алғашқы межеден кейін қалған 600 шақырымға тек 4 атпен аттандық. Ең қиын аумақ Түркістан облысында болды. Т35 шақырым бойы тау арасымен жүрдік. Жолдың бәрі оңай болған жоқ. Жолда тау мен тас, күннің ыстығы, Арқаның салқыны, бәрі әсер етті. Соған қарамастан, барымызды салдық», – деді Ербол Ермағамбетов.
Шабандоз Ербол әрбір елу шақырым сайын тоқтап отырғандарын атап өтті. Аттарды тынықтырумен бірге, олардың жүрек соғысын да тұрақты тексеріп отырған.
– Жарыс барысында аттарымыз аса қиналған жоқ. Шарт бойынша жылқы жасы 5 жастан кем болмауы тиіс. Біз аттарды жаратқан жоқпыз. Жарыс кезінде жортып, кейбір жерлерде шауып отырдық. Әрбір 50 шақырым сайын аттарға суын, жемін бердік. Бұл жарыста нақты уақыт бекітілген жоқ. Күніне 100 шақырым шауып, әрбір 50 шақырымда аялдауға тиісті болдық. Біздің жылқылар бел-белес, қырат пен жота, тіпті құмды да аса сезіне қоймады. Осы жарыста Адай жылқысының нағыз шыдамды жануар екені анық байқалды. Басқа облыстарда мұндай аттар болған жоқ. Жарыс ұзақ күнге созылған соң, әрине, шаршадық. Аяқпен бірге тақым да талды. Бірақ өңірдің намысын қорғап барғаннан кейін бәріне төзіп, соңына дейін шыдадық. Жарыстың алғашқы екі күнінде өте ауыр болды. Адай жылқылары барлық аттардан өзгеше екенін өзгелер де айтып жатты. Біз мінген жылқылар өте шыдамды, шаршаса да қалпына тез келеді. Бұл басты артықшылық еді. Біз мәреге жеткеннен кейін екінші келген команда Жетісу облысы 4 сағатқа кешігіп жетті. Үшінші орын алған Түркістан облысы 6 сағатқа қалып қойды. Жамбыл облысының командасы 4-ші болып келген еді. Алайда олардың бізден айырмасы 14 сағатты құрады», – деді Ербол Ермағанбетов.
«Көкмойнақ» командасының аламанға түсетін аттарын іріктеген бапкер Қоғабай Мықырбаев «5 қыркүйек күні аттарды іріктеп, 8 қыркүйекте жолға шықтық» дейді.
– Біздің жігіттер шапқан жүйріктердің барлығы – Маңғыстаудың аттары. Жылқы арасынан көзбен көріп, бірден таныдық. Ата-бабамыздан дарыған атбегілік қасиет бар. Таныған аттарымыз аламанда жерге қаратпады. Мәреге бірінші болып келді. Біздің жылқылар көбіне ащы шөп жейді. Басқа облыстардың арғымақтары табиғат жағдайына байланысты кейбір жерлерде жеген шөптен іші өтіп, біраз әбігерге салды. Адай жылқылары қай өңірде болмасын шөпті сүйсіне жеп, ешқандай қиындық тудырмады. Сондықтан аттарымыз аса қинала қоймады. Әрине, ұзақ жол болғаннан кейін ұзақ жолда аяқ талған жағдайлар болды. Дегенмен біз аялдаған жерде шаршаған аттарымыздың 15 минут ішінде жүрек соғыстары қалпына келді. Түнімен терін басып, баптап, жеп-шөбін беріп отырдық. Бел-белестерде қиналмады. Кейбір асуларда шабандоздар «атты қинамайық» деп жетектеп шығарды. 60 шақырымға дейін желе жортып отырған кездеріміз болды. Біздің командадағы аттардың тұяғы мүжіліп, қолтығы кеткендей оқыс жағдайлар болған жоқ. Жылқылардың барлығы 6-9 жас аралығында. Жігіттердің салмағы 65-75 келіні құрайды», – деді атбегі Қоғабай Мықырбаев.
Алқалы басқосу барысында сөз алған Адай жылқысын зерттеуші Күзембай Ерғалиев ерекше жылқының шежіресінен сыр шертті.
– ХVIII ғасырда Адайлардың Маңғыстауға екінші рет оралуы кезінде Адай жылқысын өсіру қолға алынды. Бұл тұқым халықтың селекциядан дүниеге келді. Күнделікті тұрмыстағы қажеттіліктеріне байланысты шыққан жылқы. Кейін елімізде 1941 жылдан бастап Ұлттық ғылым академиясында назар аударып, қолға алды. Сол жылы Таушықта жылқы өсіретін орталық құрылды. Оны Тауман Сүлейменов сынды азаматтар басқарды. 1952 жылы Ұлттық ғылым академиясы осы қолтұқымды зерттеп, «Адай жылқысы» деген кітап шығарды. Осы тұқымның мықтылығын тексеру кезінде 24 сағатта Адай жылқысы 309 шақырымды жүріп өтіп, дәлелдеп шыққан. Сол кездегі саясатқа байланысты шаруашылықтар 1956 жылы жабылып қалды. Қалған малды өңірдегі ұжымшарларға таратып берді. 1970 жылы облыс ашылған соң, тұқымды өсіру қайта қолға алынды. 1980 жылдары Сәбит Әбішев, Өтеген Салманов ағаларымыздың бастауымен Адай жылқысын өсіретін кеңшарлар ұйымдастырылды. Бұл тұқымды асылдандырып көрдік. Кеңес Одағы тараған тұста ол шаруашылықтың да тоз-тозы шықты. 2006 жылы Адай жылқысын қайтадан асылдандырып, тұқымдық желілерін шығарып, көптеген қызметті қолға алды. 2011-2018 жылдары Адай жылқысы 18 рет халықаралық жарысқа қатысып, 160 шақырым қашықтыққа дейін шауып, өзін дәлелдеп шықты», – деді Күзембай Ерғалиев.
Іс-шара барысында облыс әкімінің атынан марафонға қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар табыс етілді. Марафон қорытындысы бойынша «Ұлы дала сарбазы» атағын иеленген шабандоздар мен атбегілерге құрмет көрсетіліп, концерттік іс-шарамен жалғасын тапты.