ҚАСИЕТТІ ҚАРА ҚОБЫЗ
Ықылас қобызы .... Не деуге болады, бұл кереметке?
Қобыз сарыны ....о, оның құдіреті мүлде бөлек. Ол – бағы заман әуенінің мол сақталған сарқынды қоры. Ол қобыз – Ықылас қолында табиғатқа сыйымсыз, тіпті кездесе бермейтін сирек бір құбылыс.
Әр кез бір тарихи оқиғаларға байланысты фильмдер түсірілді. Ал, сол қым-қиғаш тарих сөзі Ықылас күйімен тіріледі.
Кейде қазақ даласындағы ескерткіштер, археологиялық қазбалар, замана ғайыбынан сақталған қолжазбалар сырын қозғаған ғылыми-дректі фильмдер көрсетіледі. Бәрі-бәрі Ықылас күйімен аруақтана түседі.
Теледидардан, радиодан ескі жырлар оқылады, ол бірде Дәулет Мықыбаевтың, бірде Жаппас Қаламбаевтың орындауында Ықылас күйімен шырайы кіреді.
Егер көркем сурет галереясында батырлар соғысын, түнерген тауларды, қақыраған шөлдер мен ысқырған сары белдерді... қираған күмбездерді көрсеңіз, санаңызда Ықылас күйі ыңыранады, боздайды.
Бір уақ сонау ғұлама ойшыл Шоқан кітаптарынан бастап, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаевтардың тарихи кітаптарына үңілсеңіз – ту сыртыңызда Ықылас күйінің ойлы толғауы толассыз жүріп жатады.
Әлемдік музыка тарихында Николло Паганинидің үш шек үзіліп кеткенде, қалған бір шекпен ойнай берген кереметін бейнелеуге сөз таппай, таңғалыса дағдарады.
Ал Ықылас шабыт отына шыдай алмай жұлқына, долдана ысқылағанда, қыл шектің бірі үзіліп, қалған жалғыз шек түтіндеп жанып кеткен.
Ықылас қобызы.... Оның эпикалық кең де терең тынысы адам қиялын таңғажайып асқақ романтика лебімен сонау көне дәуірге жетелеп, Қорқыт сарынына барып тоғысады. Араларында тарих тауқыметімен қажыған тым көмескі он ғасыр жатыр. Осылайша табыну неткен құдірет еді...