Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбританияның Орталық, Оңтүстік Азия және Солтүстік Африка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Лорд Тарик Ахмадпен онлайн режимде кездесті. Сондай-ақ ол Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Кети Личті қабылдады. Кездесуде тараптар Қазақстан-Британ ынтымақтастығын, Украинадағы жағдайды және қақтығыстарды тоқтату және оны бейбіт жолмен шешуге тараптарды шақыру бойынша халықаралық деңгейде қабылданған шараларды талқылады. Министрлік таратқан хабарламада: «Британ тарабы Ресейдің Украинадағы әскери операциясына байланысты Қазақстанға қарсы ешқандай санкция салу ниеті жоқ екенін растады», – делінген. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесулердің нәтижесінде талқыланған тақырыптар бойынша өзара толық түсіністік бар екені расталды және екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі белсенді және жан-жақты дамытуға өзара әзір екені көрінді. Еске сала кетсек, 1 наурызда парламентте сөйлеген британдық депутат Маргарет Ходж тек Ресейге ғана емес, Қазақстан мен Әзірбайжан сияқты елдерде «Путинді қолдайтын клептократтарға» да санкция салу қажеттігін мәлімдеген болатын. Ходждың мәлімдемесінен кейін Ұлыбритания елшісі парламентарийдің сөзін түсіндіру үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шақыртылған еді.