Егеменді ел болдық. «Тәуелсіздігімізге – 30 жыл» дей тұра «Жаңа Қазақстан» құрмақпыз. Бұл қалай?.. Сонда, «бұған дейін қай Қазақстанда өмір сүріп келгенбіз?!» деген заңды сұрақ туады. Парадокс!
Иә, «ауруын жасырған – өледі». «Қаңтар оқиғасы» талай шындықтың бетін ашып берді. Әлі де толықтай бағасы берілген жоқ. Өйткені үлкен бір Құдіреттің ықпалы әлі де жүріп тұр. Халықтың көкейінде қоламта болып кептеліп, 30 жыл бойғы авторитарлы құрылым – жүйеден зәрезап болған жұрт енді «Жаңа Қазақстаннан» үлкен үміт күтуде. Жаңа құрылым құру үшін «Ескі Қазақстанда» жіберген қателікті түзеу жолдарын қарастырып, кемшіліктен сабақ алып, «ауруды» сылып барып, «Жаңа Қазақстан» құруға қарекет ету заңды құбылыс болмақ. «Өткенсіз-бүгін жоқ».
Иә, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз», – дейді.
Қай кезде болмасын, өткеннен ой түйіп, ұлылар ұлағатын ұстанар болсақ, ұтылмасымыз хақ. Әсіресе бүгінгі құрғалы отырған Жаңа Қазақстан үшін «Ұлылар ұлағатын» жалпы жұрт та, билік те жадында мықтап ұстанып, мазмұнды мән бергені дұрыс...