Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Венгрия елшісі Отто Ронды қабылдады. Кездесуге Венгрияның Алматыдағы Бас консулы Ференц Бауманн, «ANM Group», «Globalia Kft» компанияларының өкілдері де қатысты.
Аймақ басшысы екі ел арасында өзара тиімді стратегиялық әріптестік орнатылғанын және өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
Жамбыл облысының Венгриямен тауар айналымы 2022 жылы 60,5 мың АҚШ долларын құраса, 2023 жылғы қаңтар-сәуір айларында - 110,4 мың долларға жеткен.
Басқосуда тараптар көлік үшін экологиялық таза отын ретінде «жасыл» сутегін өндіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мәселелерін талқылады. Жоба аясында Жамбыл облысында күн электр станциясын, автожанармай құю бекеттерін салу, сондай-ақ сутегімен жүретін автобустарды жеткізу жоспарлануда. Инвестиция көлемі 120 млн. АҚШ долларын құрайды деп көзделуде десек, жоба шеңберінде 80 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Globalia LTD компаниясы аймақта қызанақ өсіру және өңдеу зауытын салуды жоспарлауда.
Кездесу барысында энергетика саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Тараз қаласының ЖЭО жаңғыртуға байланысты мәселелер талқыланды.
Отто Рона сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және арттыруға мүдделі екендігін жеткізді.
Венгрия елшісі екі ел арасындағы тарихи және мәдени берік байланыстың бір негізі ретінде Венгрияға қазақ даласынан қоныс аударған қыпшақ тайпалары ұрпақтарының тұратындығын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумдарға қол қойды.