Ветеринариялық пункттер саны артып келеді

Ветеринариялық пункттер саны артып келеді

Батыс Қазақстан облысында ветеринария саласын дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы өңірімізде төрт ветеринариялық пункт салынса, биыл олардың қатары тағы да толығуда. 

 

Саланы  цифрландыру жұмыстары жүргізілуде

 

Бұл туралы БҚО Ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев баяндады. Мал шаруашылығы ауылшаруашылығы саласының маңызды бөлігі болғандықтан, ветеринария саласының да рөлі ауқымды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ветеринариялық қызметті реформалау, яғни ветеринарлардың жалақысын көтеру, саланы цифрландыру, процестерді автоматтандыру, жаңа нысандар салу, материалдық-техникалық базаны нығайту бағытындағы жұмыстар Батыс Қазақстанда да өз жалғасын табуда. 

– Ветеринария саласы қоғамдық денсаулықты сақтау, мемлекетіміздің биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нығайту бағытында ерекше стратегиялық басымдылыққа ие. Осы жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – мамандардың еңбек жағдайын жақсарту. Қазіргі уақытта облыста ветеринариялық іс-шараларды Орал қалалық және 12 аудандық ветеринариялық станциялар кәсіпорындары атқарады. Ветеринариялық станциялар құрамында 147 ауылдық ветеринариялық пункт бар. Оларда еңбек ететін 824 қызметкердің 643-і – ветеринар маман болса, қалғаны – есепші, жүргізуші, күзетші секілді әкімшілік қызметшілер, – дейді Абзал Серікұлы.

Ең алдымен сала мамандарының жалақысына келер болсақ, 2022 жылдан бері ауылшаруашылығы жануарларымен етене жұмыс жасайтын ветеринарлардың еңбекақылары кезең-кезеңімен өскен. 2023 жылдан бері мал дәрігерлеріне патогенді биологиялық агенттермен жұмысы үшін 50%-ға дейін қосымша еңбекақы және еңбек демалысына шығарда екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді екен. Бүгінде ветеринар дәрігер еңбек өтіліне қарай орташа есеппен 309-320 мың, фельдшер – 244-256 мың, санитар 160-190 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Ал енді жұмыс жүйесіне көз жүгіртсек, уақыт талабына сай ветеринария саласында да цифрландыру қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл үрдіс біртіндеп зертханалық зерттеулерден – фермерлерге көмек көрсетуге дейінгі бағыттарды қамтып үлгерген. Нәтижесінде бұл жұмыстар процестерді жеңілдетіп, қағазбастылықты азайтуға, деректердің дәлдігін арттыруға септігін тигізуде. Қазіргі уақытта бірнеше модульдер мен мобильді қосымшалар жұмыс жасауда. Мысалы, 2022 жылы ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға енгізілген «VetLab» модулі жануарлардан алынған биоматериалдарды зертханалық зерттеуге жолдауға арналыпты. Бұл жерде барлық құжаттар (ілеспе хаттар, актілер, тізімдер) электрондық форматта қалыптасып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жіберіледі. Ал зерттеу нәтижелері жүйеге автоматты түрде енгізіліп, мәліметтердің жоғалып кетуіне жол бермейді.

Пилоттық жоба ретінде 2022 жылдан бастап Батыс Қазақстанда енгізілген «ISZH MOBILE» мобильді қосымшасы ветеринар дәрігерге онлайн және офлайн (алыс елді мекендерде) режімде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл қосымша арқылы жануар туралы деректерді жүктеп, интернетке тұрақты қосылусыз жұмыс жасай беруге болады. Ал мал иелеріне арналған «Төрт түлік» мобильді қосымшасы – 2023 жылдан бастап қолданыста. Аталған қосымшаны пайдаланушылар өзінің төрт түлігі туралы деректерді көру мүмкіндігіне ие, сондай-ақ өздері төлдерді тіркеп, жануарларды есептен шығарады және ветеринариялық паспорт рәсімдеп, деректерге өзгерістер енгізе алады. Статистикаға жүгінсек, қазіргі таңда облыс бойынша 6 357 пайдаланушы осы қосымшаны белсенді түрде қолданып жүр.

 

Жаңа қызметтік  көліктер табысталды

 

Ауылдық елді мекендердегі ветеринар мамандардың жұмыс жағдайын  жақсарту – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осы ретте жыл сайын жаңа ветеринариялық пункттер құрылысын қолға алу оң үрдіске айналып отыр. Соның нәтижесінде өңіріміздегі 147 ветеринарлық пункттің 71-інің өз ғимараттары бар. Ал 76-сына ауылдық округ әкімшіліктерінен орын қарастырылған. Облыс бойынша ветпунктпен қамтылу көрсеткіші 48%-ды құрайды. Өткен жылы өңірімізде төрт ветеринариялық пункт салынған, ал биылғы жылы облыстың Шыңғырлау, Сырым, Тасқала және Бәйтерек аудандарында жеті жаңа ветеринариялық пункт пайдалануға берілгенін атап өткен жөн. Су жаңа ветеринариялық пункттер вакциналар мен биопрепараттарды сақтауға арналған тоңазытқыш, хирургиялық жиынтық, термочемодан, компьютер сынды құралдармен толықтай жабдықталған. Бұл көрсеткіш одан әрі жақсарып, жыл соңына дейін тағы осындай 21 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сала мамандарын қызметтік автокөлікпен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Айталық, 2023-2024 жылдары жергілікті ветеринариялық ұйымдарға құны 465,5 млн теңгені құрайтын 43 бірлік жаңа қызметтік автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар жуырда аталып өткен ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде ауылдық округтердегі малдәрігерлік мамандарға облыстық бюджеттен бөлінген 827 млн теңгеге алынған 106 жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталды. Осылайша өңірдегі ветеринариялық стансалардың қызметтік көліктерін жаңарту мәселесі өз шешімін тауып,  олардың автокөліктік паркі толықтай жаңартылған. 

Ауылдық елді мекендерді мал қорымдарымен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталар болсақ, күні бүгінде өңірімізде 260 мал қорымы тіркеліпті. Олардың 65-і – типтік үлгіде (биотермиялық), қалған 195-і шаруашылық тәсілмен салынған және көпшілігі толып қалған. Осы өзекті мәселені шешу мақсатында барлық ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келетін мал қорымдарының құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы бесеуі салынса, ағымдағы жылы бір мал қорымының құрылысы аяқталған. Жыл соңына дейін тағы 23 мал қорымымен  толықтыру көзделуде. Сондай-ақ облыс аумағында тіркелген 222 «сібір жарасы» көміндісі мемлекеттік жер кадастры жүйесіне және топографиялық картаға енгізілген. Олар толықтай  қоршалып, арнайы тақтайшалар орнатылған. 2024 жылы 125 сібір жарасы көміндісі цемент-бетонды материалмен қоршалса, биыл 77-сі жаңадан қоршалыпты. Қалған 20 сібір жарасы көміндісін қоршау жұмыстары жүргізілуде.

Ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту ветеринариялық қызметтің сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Ал эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қаржылық тұрақтылықты талап етеді. Биыл облыстың эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, жергілікті бюджеттің үлесі 4,3 млрд теңгені (89%) құрайды. Бұл қаражат эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар, санитарлық малдардың тасымалын ұйымдастыру, бұралқы ит-мысықтарды аулау және стерилизациядан өткізу, ветеринариялық препараттарды тасымалдау, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге арналған бұйымдар мен құралдарды сатып алу жұмыстарына жұмсалады. 

Облыс аумағында ветеринариялық профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. 2025 жылға бекітілген жоспарға сай облыс бойынша жануарлардың аса қауіпті 12 жұқпалы ауруына қарсы 11,0 млн бас ауылшаруашылығы жануарларын вакцинациялау және  2,2 млн бас ауылшаруашылығы жануарларын диагностикалық тексеруден өткізу белгіленген. Өткен жылғы статистиканы зерделесек, эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар аясында 15 аса қауіпті ауру бойынша 10,1 млн бас ауылшаруашылығы жануарына вакцинациялау жүргізілсе, 2,2 млн бас мал сарыпқа (бруцеллезге) диагностикалық зерттеуден өткізілген. Бүгінгі күні облысқа 7,8 млн доза қажетті ветеринариялық препараттар жеткізілген.  Жыл басынан бері өңірімізде 4 млн 754 мың  бас (100%) жануарға вакцинация салынса, диагностикалық зерттеулер нәтижесінде сарыпқа 444,4 мың бас мүйізді ірі қара зерттелген. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта аймақта эпизоотиялық ахуал тұрақты.  

 

Ауылшаруа- шылығы  жануарларын бірдейлендіру

 

Бұл шаралар аясында БҚО Ветеринария басқармасы биыл бірдейлендіру жұмыстарын жүргізуге қажетті 344 491  дана  мүйізді ірі қара және 588 дана түйеге арналған сырға бұйымдарын сатып алды. Оған қоса басқа да ұсақ малдарға қажетті құлақ сырғаларын сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып,  келісімшарттар жасасу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті ветеринариялық станциялар бірдейлендіруге қажетті сырға бұйымдарымен толықтай қамтылды. Осы жылы жоспар бойынша 335 210 бас ірі қараны,  517 624 бас қой-ешкіні, 284 бас түйені, 58 045 бас жылқыны бірдейлендіру көзделіп, жұмыстар жүргізілуде. Олар  ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына енгізілетін болады. Сонымен бірге облыс аумағында бұралқы жануарларды аулау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңірімізде жалпы сыйымдылығы 180 жануарды құрайтын ветеринариялық станцияларға тиесілі 12 панажай, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы 75 жануарға арналған бір уақытша ұстау орны және жануарларды қорғау ұйымдарына тиесілі алты панажай қызмет жасап келеді.  

– Ветеринария саласындағы жұмыстар өңіріміздегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылшаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін арттыруға, халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – дейді БҚО Ветеринария басқармасының басшысы А.Бралиев.

Баспанамен қамтылған мал дәрігері

 

Сөзіміз дәлелді болу үшін Теректі ауданына қарасты Шалқар ауылдық округінде мал дәрігері болып қызмет атқаратын Асылхан Әжмұқановпен тілдесіп көрдік. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көрген жас маман баспанамен қамтылыпты. 

– Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша берілген үйде тұрып жатырмын. Ауыл халқының күнкөрісі төрт түлік екені белгілі. Шалқар ауылдық округінің орталығы Сарыөмір ауылы мен осы округке қарасты Шалқар, Дуана елді мекендерінің тұрғындары жылқы, сиыр, қой-ешкі малын ұстайды. Соңғы есеп бойынша округте 5 мыңға тарта ірі қара, 2,6 мыңдай жылқы, 7,5 мың бас қой-ешкі өсірілуде, – деді Асылхан Ермұханұлы. 

Ауыл халқының қорасындағы малын жұқпалы індеттерден қорғау – мал дәрігерінің міндеті. Бүгінгі таңда екінші жартыжылдыққа жоспарланған жұмыстар басталып кеткен. Ең алдымен сарып (бруцеллез) ауруына қарсы мүйізді ірі қара және ұсақ малдан қан алынуда. Сонымен қатар мал арасында кездесетін пастереллез, сібір жарасы, құтыру секілді жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында вакцинациялау жұмыстары жүргізіледі.

Асылхан секілді мамандар бүгінде сұранысқа ие. Олар өз міндеттерін мінсіз атқарып, еліміздің ветеринарлық саласының дамуына өз үлестерін қосып жүр.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

01.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16048
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15910
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31066
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29711
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33278