Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев ауданға қарасты елді мекендердің бірі Бірлік ауылына арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары және шаруақожалық жетекшілері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Еркін форматта өткен кездесуді аудан басшысы Әлихан Балқыбеков ашып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдау үшін арнайы Мәжіліс депутаты келіп тұрғандығын жеткізді. Бірлік ауылындағы Желтоқсан клубында өткен кездесуде Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев елді мекеннің тұрғындарын ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырып, елдің дамуына, туған жердің көркеюіне өздерінің лайықты үлестерін қоса беру қажеттігін айтты. Өз кезегінде ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, ой-пікірлерін жеткізді. Бірліктіктер негізінен елді мекендегі егін және ауыз су, көмір, газ мәселелерін жеткізіп, 2,5 пайыздық несие жайында сұрап біліп, лизингке техника алу үшін жәрдемдесуін сұранды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берген халық қалаулысы «Маңыздысы – халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы болуы. Бәрі де өзіміздің қолымызда. Сол үшін санамызды өзгертіп, еңбектене білуіміз керек» деді.