Бала күнімізден Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісті жолдарына қызығып, жеңімпазды құрметтеп есейдік. Ауылдағы балалар күресіп қалса, жеңгенін «Жақсылық Үшкемпіровтің ізбасарысың» деп желпіндіріп қоюшы едік. Сол Жақсылық сияқты жайсаң тұлғаның да балалық шағы көпке үлгі. Жасөспірім кезінде ол да балалық арманның жетегіне беріліп, алдына биік мақсаттар қойғаны белгілі.
Жақсылық Әмірәліұлы 1951 жылы 6 мамырда Байзақ ауданы, Дихан ауылында туған. Бір қызығы, аталған ауданның екі-үш ауылында балуанның ізі қалған екен. Замандастарының айтуынша, ол төртінші сыныпқа дейін Тегістік ауылында оқыған. Содан кейін Дихан ауылына келген. Ал, оқуын Жетібай ауылындағы мектеп-интернатта аяқтапты. Сондықтан, бүкіл қазақ халқы секілді бұл ауылдағылар да Жақсылық десе елжіреп тұрады екен. Біз соны байқадық. Сол Жақсылық Үшкемпіровтің балалығы өткен Дихан ауылына арнайы барып, Олимпиада чемпионының замандастарымен кездестік. Балуан жайлы білетін кісінің бірі мектепте бірге оқыған досы Қарахан Қожабаев. Бұл кісі чемпионнан бір сынып жоғары оқыған. Мектептегі барлық кезеңдерінен хабардар. Біздің білгеніміз Жақсылық күрес спортымен кештеу айналысқан екен. Мектепте күрес үйірмесіне қатыспаған. Бірақ, денесі шағын, шымыр болған. Мектеп бітірген соң, Семей мал дәрігерлік-зоотехникалық институтына Қарахан Қожабаевпен бірге барған. «Осы Диханнан үш жігіт Семейге бірге бардық. Өмірбай, Жақсылық және мен. Содан екі жігіт емтиханнан өте алмай ауылға қайттық. Нәсібі мол шығар, Жақсылық институтқа түсіп кетті. Осы институтта жүріп күрес секциясына қатыса бастаған. Оның да қызығы бар. Аталған институтта шаңғы спорты жүреді. Оқытушы сол шаңғы тебуден сынақ алмақшы болады. Жақсылық шаңғы тебу былай тұрсын, аяғына коньки байлап көрмеген. Шаңғыдан өте алмауға айналады. Егер ол сабақтан «екі» алса, институттан да шығып қалады. Содан ағайының қыр соңынан қалмайды. Ол кісі күрес секциясына да жетекші екен. Содан Жақсылыққа: «Ауылдан келіпсің. Қара күшің көп шығар. Мынау жігіттермен күресесің. Жеңсең, емтиханнан өткенің. Жеңілсең, оқуды тастап, ауылыңа қайтудан басқа амалың жоқ», дейді. Жақсылық күрестен екі жігітті қатар ұтады. Оқытушысы да уәдесінде тұрып, қажетті бағасын қойып беріп, Жақсылықты еркін күрес сессиясына жазады. Кейіннен ол грек-рим күресіне ауысады. Көп деректе жазып жүрген кісілер Жақсылық екеумізді күрестіріп қояды. Екеуміз ешқашан күрескен емеспіз. Оның күрестегі жұлдызды сәті институтта болды. Көп ұзамай Қазақ КСР-ның, КСРО-ның чемпионы болды. Ол кезде де асқақтап кетпей, ауылға жиі келіп тұрды. Құрдастардың арасында сол баяғы өзіміз білетін Жақсылық болып жүрді. Ауылға жанашырлығы мен қамқорлығы көп болды. Ал, өзім футбол спортына бейім болдым. Аудан құрамасында ойнап облыстық жарыстың жүлдегері болдық. Егер спортпен тұрақты шұғылдана бергенде кім біледі, кәсіби футболшы да болар ма едім. Жақсылық та футбол ойнайтын. Бірақ, ауылдың құрамасында ойнаған жоқ. Күреспен шұғылдануы институтта басталғаны біздерге белгілі. Оның туған жерге деген сағынышы керемет еді. Ауылға келсе, бала болып кететін. «Әй, Қарахан, қане екеуміз қатар жатайықшы, тура бала күндеріміздегідей» дейтін. Жанының тазалығы сол күйінде сақталды, дейді Мырзатай ауылының тұрғыны Қарахан Қожабаев. Бұл пікірді Дихан ауылында тұратын Оразбай Дәрібаев та қостады. «Жақсылық жайлы біраз айтуға болады. Маған бір жағы немере туыс болып келеді. Бала күнінен күреске қатысқан жоқ. Бірақ, өте жылдам еді. Өзінен салмағы ауыр баланы да жеңіп қоятын. Сол жағынан ерекшеленгені бар. Әйтпесе, ауылдағы көп оқушының бірі болып мектеп бітірді. Суда жүзуге де шебер болды. Бір жолы екеуміз Жетібай жаққа барып, өзенге бірге шомылдық. Сол кезде Жақсылықтың суда жақсы жүзе білетініне куә болдым. Ол суда жүзуді Тегістікте жүрген кезінде үйренген екен. Институтқа барған соң жолы ашылды. Менен кейін күрес түрлерінен Олимпиада чемпионы шықпады. Неге қазақ жігіттері төрт жылдықтың басты бәсекесінде топ жара алмай жүр деп ойға қалатын. Чемпион шыққанын тілейтін. Өмірінің ұзақ болмағаны өкінішті. Еліміздің спорттық іс-шараларынан қалмай, жастарға өсиетін айтып, сәт сапар тілеуден жалықпайтын. Ауылымызға да талай жақсылығы мен шапағаты тиді. Ауылдағы талай тірліктің шешілуіне көмек берді. Спортшы достарымен де ауданға талай келді. Ауданның, ауылдың ерекшеліктерін спортшы достарына мақтанышпен айтатын. Бүкіл ауыл халқына Жақсылық Үшкемпіров келген күн мереке болатын. Өмірден өткен соң да оның даңқы шыға берері анық. Облыс орталығындағы «Тараз-Арена» кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілгеніне өте қуандық. Ашылу салтанатына барып, лентаның қиылған сәтіне куәгер болдық», дейді Оразбай Дәрібаев. Жақсылық Үшкемпіров институтта күрес секциясына қатысып, аз уақытта жоғары нәтиже көрсетеді. Жеті айдың ішінде институт және облыс чемпионы атанады. Қазақстанның чемпионы атануы да қиын болған жоқ. Мұнда КСРО чемпионы болуы жолында көп тер төкті. Талай рет жеңіп тұрған жерінде төрешілер бұра тартты. Әйтпесе, 1976 жылы Олимпиадаға баруы қажет еді. Оған сол кездегі саясат жібермеді. Ал, Мәскеу Олимпиадасына баруына, Дінмұхамед Қонаев тікелей қолдап, ықпал жасаған екен. 1980 жылы 29 жасында Мәскеу Олимпиадасында чемпион болып, жолы ашылды. 1981 жылы әлем чемпионы атанды. КСРО, Еуропа кубогында да сәтті өнер көрсетті. Барша қазақстандықтар Жақсылықты мақтан тұтты. Дихан ауылынан шыққан қағілез қара бала жер-жаһанды мойындатты. Бірақ, қарапайым мінезінен өзгерген жоқ. Ауылдағы сыныптас достарын ешқашан ұмытпады. Үнемі туған жерге келіп, қуанышын жерлестерімен бөлісіп тұрды. Біз Жақсылық Үшкемпіровтің балалығы өткен Дихан ауылын біраз араладық. Замандасы Оразбай Дәрібаев бізге Жақсылық Үшкемпіровтің балалығы өткен ауланы және тұрғын үйдің орнын көрсетті. Сол үлкен шарбаққа ойлана көз тастадық. Себебі, ол жерде Олимпиада чемпионы, аңыз адам, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің ізі қалған. Жақсылықтың жеңістері, спорттағы жетістіктері үнемі айтылып жүр. Алдағы уақытта да айтыла беретіні анық.