Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. Осы ретте, 21 сәуір күні Жамбыл облысында облыс тұрғындарының  қатысуымен бірқатар тазалық акциялары өткізілді.

Атап айтқанда, Тараз қаласындағы Мамыр саябағы мен «Айша бибі» мен «Қарахан» кесенесінің аумағында тазалық акциясы ұйымдастырылып, кесілген, қураған ағаштар, қоқыстар тазаланды. Сонымен қатар, акция ұйымдастырылған орындарға ағаштар егілді.

- «Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ғана тазалық жұмыстары емес, өзекті экологиялық мәселелерді шешуге мол септігін тигізетін ауқымды жоба. Акция басталғалы бері облыста көптеген жұмыстар атқарылып, тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл тұрғындар арасындағы экологиялық мәдениетті, өскелең ұрпақ арасыда табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға мол септігін тигізуде. Біз қоршаған ортаға аса жауапкершілікпен қарауға тиістіміз» - деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы облыстың барлық аудандарында өткізілді. Атап айтқанда, Меркі ауданы Меркі тау шатқалында, Қаратау, Жаңатас қалалары мен ауылдық округтерде 28 іс-шара ұйымдастырылды. Оған жалпы 2 мыңға жуық адам қатысты.

Айта кетейік, облыс бойынша наурыздан айынан басталған көктемгі екі айлық абаттандыру жұмыстары аясында  «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз» «Жер сағаты» сынды  акциялар өткізілуде.

Жамбыл облысында жыл басынан бері акция аясында 350 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 48 мың тұрғын үй аулалары мен 1,3 мың  шақырым көшелер тазаланып, 2,8 мың тонна қоқыс шығарылды. Биыл егілетін 195 мың талдың бүгінге 128 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш санитарлық бұталанды. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 150 бірлік техника жұмылдырылған.