Жамбыл облысында мектепке дейінгі білім беру саласы жүйелі түрде дамып, балаларды балабақшамен қамту үлесін арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Бүгінгі күні облыстағы 618 мектепке дейінгі ұйымдарда 62384 бала тәрбиеленуде, оның ішінде 278 жекеменшік балабақшада 28881 бала бар. Бұл көрсеткіш 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту үлесін 91,3%-ға жеткізіп отыр.
Алайда, 2-6 жас аралығындағы балалар арасында балабақшаға кезекте тұрған 7079 бала бар. Осы мәселені шешу мақсатында ағымдағы жылы 3459 орындық 33 жекеменшік балабақша ашылды. Нәтижесінде, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 95%-ға дейін өсті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 1 наурыздағы №53 бұйрығына сәйкес, Тараз қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарға ваучерлік қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап жоба аясында Тараз қаласындағы 172 мектепке дейінгі ұйым (60 мемлекеттік және 112 жекеменшік) ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшті.
Қазіргі уақытта бұл жүйе Жамбыл облысының 10 ауданында кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның ішінде Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т. Рысқұлов және Сарысу аудандарында ваучерлік қаржыландыру толық іске қосылып, мектепке дейінгі ұйымдарға логин мен пароль берілді. Ал Мойынқұм, Талас және Шу аудандарында жүйеге көшу жұмыстары жалғасуда.
Ваучерлік жүйенің тиімділігі бірнеше аспектілерден көрінеді:
• Балабақша кезегінде тұрған балалардың мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділігі артады.
• Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылданған балалар санының нақты есебі жүргізіледі.
• Жан басына шаққандағы қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарды дербестендірілген қаржыландыруға өткізу үшін «INDIGO» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе арқылы ата-аналарға балаларын балабақшаға тіркеу және кезегін бақылау мүмкіндігі беріледі. Әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram, YouTube) мен арнайы интернет-ресурстар арқылы (https://indigo-taraz.e-orda.kz/) жүйе туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Мектепке дейінгі білім беру саласындағы осындай жаңашыл қадамдар Жамбыл облысындағы балаларды сапалы біліммен және қамқорлықпен қамтамасыз етуде үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілуі саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, ата-аналар мен балабақшалар арасындағы байланыс пен сенімділікті нығайтады. Жамбыл облысының білім басқармасы бұл бағытта жұмыстарды жалғастырып, барлық аудандарда балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамту үшін жүйелі шаралар қабылдауда.