Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар мереке иелерімен кездесіп, құттықтады.
Аймақ басшысы өз сөзінде төртінші билік өкілдері қызметінің маңыздылығын атап өтіп, Қазақ журналистакасының дамуында жамбылдықтардың шоқтығы биік екендігін жеткізді.
- Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. Ал, журналист болу – халыққа қызмет ету. Сондықтан, журналистика саласына артылар міндет пен жүктің жеңіл емес екендігі баршаға белгілі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанда өткен Құрылтайда «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы.» деп өз бағасын бере отырып, аталған саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажеттігі туралы айтқан болатын. Бүгінгі әлеуметтік желілердің ықпалы артқан кезеңде, журналистер жоғары кәсібилік, айқын азаматтық ұстаным, аудиторияға құрмет, жаңалықтарға ашықтық, ақиқатты объективті түрде көрсетуге ұмтылумен ерекшеленеді. Осындай қасиеттерге ие бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қоғамның дұрыс жолда дамуына өз септіктерін тигізетіні сөзсіз. Ал, өткен дәуірдегі қазақ журналистикасының дамуында Жамбылдық қалам шеберлерінің алар орны ерекше болғаны баспасөз тарихынан белгілі. Олардың қатарында болған Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Бақтияр Әбілдаев, Мұса Рахманбердиев және тағы басқа ағаларымыздың есімін біз әрқашанда құрметпен еске аламыз. Осы орайда, бүгінгі күні тоқсанның төріне шығып, Жамбыл журналистикасының ақсақалына айналып отырған Баттал Жаңабаев ағамызға зор денсаулық тілеймін. Облыстың жетістіктерін насихаттауда, еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуде өздеріңіздің еңбектеріңіз орасан зор,-дей келе Нұржан Нұржігітов мереке иелеріне ризашылығын білдірді.
Бұдан соң бірқатар БАҚ өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен мапаратталды.
Өз кезегінде облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев және аға буын қаламгерлер мен журналистер ізгі тілектерін жеткізіп, орамды ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, кәсіби мерекеге орай 27 маусым күні жылдағы дәстүр бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада өтеді.