Жан мен өнер. ғашықтық әлемінің эпопеясы

Жан мен өнер. ғашықтық әлемінің эпопеясы

Өлеңдегі мұң

 

Адам баласының жүрегінде көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын, бірақ бүкіл тіршілігіне мағына беретін бір әлем бар. Ол – жан әлемі. Оның қуанышы да, мұңы да, сағынышы мен аңсары да кейде сөзге сыймай, жүрек түкпірінде тұнып қалады. Сол үнсіздікті сөйлетіп, сезімге тіл бітіретін құдірет – өнер. Ал жанды өнерге жақындататын, өнерді мәңгілікке жетелейтін тылсым күш – ғашықтық. Мақтымқұлының төмендегі жырынан да адам жанының тереңдігін, сезімнің шарасыздығын және өнерге айналған мұңның мәңгілік үнін аңғаруға болады.

 

Мақтымқұлы:

Мұң тұманы торлап байғұс көңілді,

Ұстай алмай, жасын төгіп барады.

Кім хал сұрап тыңдады екен 

                                             сөзімді,

Кеудемдегі асыл сөніп барады.

Ғашық отын етсем-дағы шырағдан,

Көңілімде өшер болды шын арман.

Кездеспедім, шықпадым 

                                     бір құмардан,

Қабырғамды қайғы тесіп барады.

От шарпыды жастық деген өлкені,

Сол күйіктің мен сәл ғана бөлшегі.

Махаббатым мені күл ғып өртеді,

Ал, жүрегім қанға бөгіп барады.

Ойға батып, жатыр едім 

                                        тып-тыныш,

Бас көтерді беймағұлым, 

                                  мықты күш.

Іздеген жан ұзын жолға 

                                     шықты-мыс,

Сол жолдарға көзім төніп барады.

Мақтымқұлы, лажым жоқ

                                         айтпасам,

Достарыма мұңым шағып 

                                       қайтпасам.

Уа, жарандар, жолықтым ғой 

                                      жайтқа сан,

Көңілімде арман өліп барады.

Мақтымқұлы – түрікмен халқының ақыны. Алайда өнердің жан әлеміндегі, адамның «Тәлім» сарайындағы уызтамыры ұлтқа бөлінбейтін рухани бастауға саяды. Бұл – адамзатқа ортақ рухани қуаттың айғағы. Өнер белгілі бір ұлттың ғана еншісіндегі құбылыс емес, халықтардың жүрегін жалғайтын бірлік пен тұтас танымдық кеңістік. Ұлттық болмыстан нәр алған өнер адамзаттық құндылыққа ұласып, ұлттар арасындағы рухани үндестіктің мәңгілік көпіріне айналады.

Өмір – ұлы ұстаз. Ол адамды әлди бесіктің мейіріміне бөлеп, уақыттың ырғағымен тербетіп, тіршіліктің талай сынынан өткізеді. Адам өмірді таныған сайын өзін, өзін таныған сайын жанын, жанын таныған сайын жаратылыстың тылсым сырын іздейді. Осы ізденістің түпкі арнасында жан мен өнердің бір-біріне деген мәңгілік ғашықтығы жатқандай.

Мақтымқұлының осы өлеңіндегі мұң – бір адамның ғана басындағы қайғы емес, адамзатқа ортақ сезімнің көркем бейнесі. «Кім хал сұрап тыңдады екен сөзімді?» деген сауалдан жанның өзін түсінетін жүрек іздегенін аңғарамыз. Адам кейде өз мұңын ешкімге айта алмайды, кейде айтса да, жүрегіндегі сезімнің тереңдігін жеткізе алмайды. Сондай сәтте өнер оның үнсіз сырын сөйлетеді. Ақынның жеке мұңы өлеңге айналғанда, ол өз шеңберінен шығып, өзгенің де жүрегіне жол табады. Бір адамның көз жасынан туған жыр тұтас бір дәуірдің сезімдік жадына айналуы мүмкін.

Ақын – жеке танымы, таланты, тағдыры мен мүддесі бар адам. Оның өз жүрегіне жақын сезімді жырлауы – табиғи құбылыс. Әркімнің сүйген жары өзіне тәтті, әркімнің сағынышы өзіне ыстық. Ол үшін ақын болудың да қажеті жоқ. Бірақ сол сезімді өнер тіліне айналдырып, өзгенің жүрегіне жеткізу – таланттың ерекшелігі. Ақынның жеке мұңы мен өнердің адамзаттық ғұмыры осы тұста тоғысады. Ақын өз сезімін жырлайды, ал өнер сол сезімнің ар жағындағы көпке ортақ ақиқатты ашады.

Адамзаттың ақынды өз атынан сөйлейтін рухани өкілге айналдыруының сыры да осында болса керек. Өйткені адам баласының бәрі қуанады, бәрі қайғырады, бәрі ғашық болады, бәрі сағынады. Бірақ әркім өз сезімінің тереңдігін көркем тілмен жеткізе алмайды. Ақын өзгелердің де жүрегінде жатқан, бірақ сөзге айналмаған сезімді сөйлетеді. Оның жеке дауысы көптің жүрегінен орын тапқанда, жеке тағдырдың шеңберінен шығып, адамзаттың ортақ үніне айналады. Адамзат ақынды өз сезімінің иесі болғаны үшін емес, сол сезімді өзінің де жүрегінен танығаны үшін қабылдайды.

Жаратылыс – жан, рух, тән және өнер үйлесімінен танылатын тұтас құбылыс. Тән – осы үйлесімнің тіршіліктегі әрекетін жүзеге асыратын физикалық негіз. Жан мен рух, өнер – сол әрекеттің бағыты мен қуатын айқындайтын бастаулар. Жанның тәлімі тіршіліктің -нұры мен сәулесін шашса, рух сол нұрды санаға бағыттау үшін сезім мен түйсіктің сүзгісінен өткізеді. Ал өнер – сезім мен түйсіктің мәңгілік түйін-тиегі. «Ғашық отын етсем-дағы шырағдан» деген жолда ақын ғашықтықты жарық беретін шырағданға балайды. Бірақ сол шырағданның оты көңілдегі арманды да өшіруге айналған. Мұнда сезімнің екіұдай табиғаты бар: ғашықтық бір жағынан жанға жарық түсірсе, екінші жағынан оны күйдіретін күшке айналады. Адам жүрегіндегі осындай қайшылықтар өнердің тереңдігін қалыптастырады. Өйткені өнер тек қуаныштың жемісі емес, кейде көтере алмаған қайғының, айта алмаған сырдың, орындалмаған арманның да перзенті.

 

«Тәлім» сарайы

Таланттан туған туындыны алдын ала қалыптасқан теория мен талаптың шеңберіне сыйғызу мүмкін емес. Теория өнердің табиғатын тануға, көркемдік ерекшелігін саралауға қызмет етуі керек, бірақ туындының еркін болмысына үстемдік етпеуі тиіс. Өйткені өнердің өмірге келуі – адамның ішкі әлеміндегі табиғи қозғалыс. Оның тамырында ақиқатқа, әділдікке, тазалыққа деген ұмтылыс, адамдық мерей мен еркіндікке деген құштарлық жатыр. Талант осы сезімдерге көркемдік тіл береді. Ал өнер сол тілді жеке адамның шеңберінен шығарып, көптің жүрегіне жеткізеді.

Жан тәлім арқылы өмірдің мәнін сезінеді. Оның сарайында адамның көргені мен түйгені, қуанышы мен қайғысы, арман-аңсары мен жүрекке түйген сырлары сақталады. Бұл сарайдың есігі сыртқы дүниеге ғана емес, адамның өз ішкі әлеміне де ашылады. Кейде ауыр ой мен күрделі шешімдерден қажыған адам жалғыз қалып, жыр оқиды, күй тыңдайды. Өйткені сол сәтте ол сыртқы дүниеден алыстау арқылы өз жанының бастауына жақындағысы келеді. Сезім мен түйсік арқылы қуат пен бағыттың қайнар көзіне кері ағыс жасап, жанның «Тәлім» атты сарайына енуді қалайды. Сол жерден шешім, жұбаныш, сабыр іздейді. Алланың нұрына сабақтасқысы келеді.

Бейнелеп айтқанда, ғаламдағы ең ұлы ұстаз – жан, ал ең үлкен кітапхана – жанның ішіндегі «Тәлім» сарайы.

Өнер сол сарайдың сырын сыртқы әлемге жеткізеді. Жыр мен саз – жанның көрінбейтін сезімін естіртіп, айтылмаған ойын сөйлетіп, жүректің үнсіз мұңын тілге келтіретін көркемдік қуат. Кейде бір ауыз өлең адамның көңіліндегі көп жылғы шерді тарқатады, бір күй тұтас бір дәуірдің мұңын сезіндіреді. Өйткені өнер сөздің мағынасымен ғана емес, сезімнің тереңдігімен де сөйлейді. Адам неге қуанышын да, қайғысын да өлеңге қосады? Неге сағынышын әнге, арманын жырға, мұңын күйге айналдырады? Себебі кейбір сезімнің табиғатын күнделікті сөзбен толық жеткізу мүмкін емес. Өнер сол жеткізе алмағанның тілін табады. Жанның ішкі әлемі мен сыртқы тіршіліктің арасындағы байланысты жалғайды.

Халық өнердің тілімен қуанады, өнердің тілімен жылайды. Өнердің тілімен сүйеді. Өнер халықтың сезімін ғана жеткізбейді, оның тарихи жадын, рухани туыстығын, адамдық өлшемін де сақтайды. Халықтың өнердегі қуанышы – ортақ мерейінің, мұңы – ортақ жадының, ал арман-аңсары – келешекке деген үмітінің көрінісі.

Өнердегі жан мен туыстықтың астарында ақиқатқа, әділдікке, тазалыққа деген табиғи ұмтылыс бар. Бұл – адамның ішкі еркіндігі мен танымдық тазалығын қалыптастыратын рухани негіз. Осындай қасиеттер жеке адамның жан дүниесінен бастау алып, халықтың ортақ сезімі мен танымына ұласқанда, ұлттық тұтастықтың уызмәдениеттік өлшеміне айналады. Уызмәдениет – тек дәстүрлер мен өнер үлгілерінің жиынтығы емес, ұлттың өзін-өзі тануына, рухани тамырын сақтауына және ұрпаққа аманаттауына негіз болатын табиғи ортақтық.

Мақтымқұлының «Махаббатым мені күл ғып өртеді» деген жолында да осы құбылыстың терең сыры жатыр. Махаббат ақынның өзін күлге айналдырғандай көрінгенімен, сол күйіктен туған өлең оның сезімін жоғалтпай, уақыттан аман алып қалған. Ақынның арманын өлімге жақындатқан мұң оның жырын мәңгілікке жақындатты. Мұнда өнердің ерекше құдіреті байқалады: адам сезімінің өткіншілігінен көркемдіктің мәңгілігі туады.

Өнер – ұмыту мен рәсуа мінезден сақтаушы сауыт. Ол адамды өткеннің тәлімінен ажыратпайды, жүректегі мейірімді жоғалтпауға, сезімнің қадірін білуге, өмірдің мәнін тануға жетелейді. Өнердің мәңгілігі оның бір дәуірде туғанында емес, әр дәуірдің адам жүрегінен қайта орын таба алуында. Ғашықтық әлемінің эпопеясы дейтініміз де сондықтан.

Жан мен өнердің байланысы адам өмірінің алғашқы сәтінен басталады. Әлди бесіктегі әуен – сәбиге арналған жай ғана ән емес, мейірімнің алғашқы тілі. Ана әлдиі арқылы бала дүниенің жылуын сезінеді. Уызана – сол мейірімнен бастау алатын рухани бесік. Уызсана – ұлттық танымның алғашқы дәні. Уызмәдениет – сол танымның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өзегі.

Адамзаттың уызсанасы мен уызмәдениетінде бір ортақ сағыныш бар. Ол – әубастағы жан мен рухтың тұтастығына деген сағыныш. Бұл – адамның жаратылысымен бірге келген рухани үйлесімді аңсауы, өзінің бастапқы болмысына қайта оралуға деген ішкі талпынысы. Өнер сол сағынышты сезімге айналдырып, жан мен рухтың арасындағы мәңгілік байланыстың үнін жеткізеді. Осылайша адам жанының қалыптасуы отбасындағы мейірімнен басталып, ұлттық болмыс пен адамзаттық танымға ұласады. Өнер – сенің өзің, ұлттық болмысың!..  кім қашады?..

Өзгеге есесі кеткен, намысы тапталған, түңілген түйсік пен сана қашады. Ондай халықтың ұлттық тамыры күн санап қурайды, жегі құрттарға жем болады. Өнері, салт пен ғұрыптық ұғымы өзегінен өзгеріп, қабығынан түлеп, уланып кетеді... Құдай сақтасын!..

Өмірдің әр кезеңінде өнердің атқаратын қызметі де әртүрлі. Салт-дәстүр мен ғұрыптық қағидаларда әлди дүниеге келген жанды аялайды, сүйінші қуанышты хабарды елге жеткізеді, байғазы қуаныш пен мәртебені бөлісуге дәнекер болады, жар-жар жаңа өмірге қадам басқан көңілге демеу береді, сыңсу қоштасудың сезімін жеткізеді, естірту ауыр хабарды адам жүрегіне жеткізудің жолын табады, ал жоқтау кеткен жанның қадірін ел жадында сақтайды. Осылардың бәрінде адамға деген құрмет, сезімге деген жауапкершілік, мейірімнің терең мәні жатыр. Бұл – өнердің адам болмысына қызмет ететін табиғи өлшемі.

Ой түбі – көрмеген, бойламаған сыр болғаны үшін жұмбақ қалпымен терең. Кейде шын тереңдік алыста емес, аяқ астымызда, алақанымызда, күнделікті көңілдің бір қақпайында жатқан шығар. Адам сол сырды шешуге ұмтылған сайын өмірдің өзі жұмбаққа айналады. Жұмбақты шешсем деген қалау – өмірдің өзіне тән қозғалыс. Өмір шешім іздейді, ал жұмбақ ғашықтықтан жасырынған көркем де сұлу таным – тағдыр мен тәлім.

 

Бір-біріне ғашық қос құбылыс

Мақтымқұлының «Іздеген жан ұзын жолға шықты-мыс» деген жолы да осы ізденістің бейнесіндей. Іздеген жанның ұзын жолға шығуы – ғашықтықтың сыртқы оқиғасы ғана емес, адамның жүрек қалауы жетелеген рухани сапарының көрінісі. Ғашықтық адамға тек өзгені тануды емес, өзін тануды да үйретеді. Сүйген адам өз жүрегінің тереңдігін аңғарады, сағынған адам уақыттың қадірін сезінеді, жоғалтқан адам бардың бағасын түсінеді. Демек, ғашықтық – жанның өзін-өзі тану жолындағы үлкен тәлім мектебі.

Уақыттың үш шағы да жанның осы танымымен сабақтас. Өткен шақ – жанға жиналған тәлім. Бүгінгі шақ – сол тәлімнің сана мен әрекетте көрініс табуы. Келер шақ – бүгінгі әрекеттен туындайтын ұрпақ мұрасы. Жады осы үш шақтың арасын жалғайды. Өнер сол жадыны сезімге айналдырып, уақыттың арғы бетіне жеткізеді. Сондықтан жыр мен саз – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі сананың серігі, келешекке қалатын аманат.

Ақынның өз дәуірінде бастан кешкен сезімі кейінгі ұрпақтың жүрегінде қайта жаңғырады. Оның жеке мұңы уақыт өте келе ортақ рухани мұраға айналады. Мақтымқұлының өлеңіндегі «Көңілімде арман өліп барады» деген соңғы түйінге назар аударсақ, ақынның жан күйзелісі шегіне жеткендей көрінеді. Бірақ арманның өліп бара жатқанын жырлаған өлеңнің өзі өмір сүріп келеді. Бұл – өнердің уақытпен арадағы мәңгілік байланысы. Өнер уақытты тоқтатпайды, бірақ уақыттың ішіндегі адамдық сезімді сақтап қалады.

Осы тұрғыдан қарағанда, Мақтымқұлының жыры тек түрікмен халқының әдеби мұрасы ғана емес, адамзаттың рухани қорына айналған көркем туынды. Ақынның жеке сезімі өнер арқылы ұлт шекарасынан асып, өзге халықтардың да жүрегіне жол тапқан. Мұнда ақынның бастапқы ниеті мен шығарманың кейінгі рухани қабылдануы бір ұғым емес. Ақын өз тағдырының шындығын жырлайды, ал адамзат сол жырдан өзіне ортақ ақиқатты табады. Өнердің халықтық, адамзаттық сипаты да осы табиғи қабылдаудан көрінеді.

Жан мен өнер – өмірдің бір-біріне ғашық екі құбылысы. Жан өнерден өзінің үнін табады, өнер жаннан өзінің мәңгілік мекенін табады. Бірі – тәлімнің бастауы, екіншісі – сол тәлімнің сезім мен түйсік арқылы танылатын көрінісі. Бұл ғашықтықта бірінің ғұмыры екіншісіне тәуелді емес, керісінше, екеуі бірін-бірі толықтырып, тіршіліктің мәнін тереңдете түседі.

Жан – тәлімнің сарайы. Рух – сол тәлімді санаға бағыттаушы қуат. Тән – әрекеттің қалыбы. Өнер – сезім мен түйсіктің мәңгілік түйін-тиегі. Жыр мен саз – сол түйін-тиегінің үні. Ал өмір – осы үйлесімнің мәнін іздейтін ұлы ұстаз. Сондықтан жан мен өнердің ғашықтық әлемі – жеке адамның ғана ішкі сезімі емес, адамзаттың рухани жады мен ұрпақ сабақтастығын жалғайтын мәңгілік құбылыс. Мақтымқұлы жырлаған ғашықтық – жүректің мұңы ғана емес, жанның өнер арқылы өзін танып, өз мәңгілігін іздеуі.

Жан сезінеді, өнер сөйлетеді. Жан толғанады, өнер мәңгілікке жол ашады. Ал ғашықтық – осы екеуін бір-біріне табыстыратын жаратылыстың тылсым құдіреті.

Өнердің ғұмыры – жанның тәлімінде, жанның нұры – өнердің үнінде.

Үні көмескі, үйлесімі алдамшы заманда да қас өнер сертінен танбай, шын таланттардың кеудесінде бой жасырып тұр. Жан кеңістігінен жер кеңістігіне өтетін руханияттық кеңістіктің дүбірлі майданы жақын, ұлт жүрегін толғақ қысып келеді, ендігі толқынның екпіні қатты, еңсесі асқақ болады.

Жанартаулар жалындамай тұрмайды.

Өнер – өлімнен биік, өмірге шырақ, уақыттан алда болсын!

Ұлттық санаға енген мезгілсіз күздің жаңбыры менің де жанымның сарғайған жапырағын ғаламдық тораптың тереңіне алып бара жатты. Өз жанымның тәлім сарайын сағындым.

Бір мұзғалдақ таудағы,

Тасқа тамыр салып тұр.

Бір қызғалдақ қырдағы

Шыққа кірпік малып тұр.

Жар басында ұлтым тұр,

Қалай аман қалып тұр?..

19.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29999
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29550
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46769
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42327
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 47118