Уақыт керуеніндегі 2023 жыл басталды. Кеңестер одағының құрамынан құтылып, тәуелсіздік алып, көк туымызды желбіреткелі отыз жыл өтіп, бір дәуір аяқталды. Біз ендігі жерде «Жаңа Қазақстан» құруға бел байладық. Оның түпкі мазмұны «Әділетті Қазақстан» болып ірге тебу, керегемізді жайып, кемелденуге бет бұру. 2021 жылы «Балалар әдебиеті» жылы болды, 2022 жылы жалғасты түрде «Балалар жылы» болды. Үстіміздегі 2023 жыл «Ауылды дамыту жылы» болып белгіленді. Ауыл – ел бесігі, ауыл біздің тамырымыз, түп қазығымыз.
Мектеп жасындағы балалардың қалаға шоғырланып көбейіп келе жатқаны рас. Десе де, ауыл мектептерінде, шет-шалғай орындардағы балалардың да аз емес екенін естен шығармаймыз. Бала тәрбиесі мен білім алу қашанда алдыңғы күн тәртібінен түскен емес. Қай дәуірге қарасақ та, Қазақ халқы ұрпақ үшін өмір сүріп, ұрпақтың болашағы үшін күресіп келген жұрт. Өйткені «Адамдар бір жылдығы үшін егін егеді, он жылдығы үшін ағаш егеді, жүз жылдығы үшін бала тәрбиелейді».
Отбасында ата-ана – алғашқы тәрбиеші, алғашқы жол сілтеуші. Онан кейін мектеп күтіп тұрады, тәлім-тәрбие, білім беру басталады. Ата- ана мен мұғалімдер балаға қажетті бар білімді беріп үлгере алмайды. Оқушы онан ары кітап оқиды, журнал ашады, газет парақтайды. Хакім Абай айтқандай, «Артық білім кітапта». Бабаларымыз «Оқығанның беті жарық, оқымағанның беті көншарық» деп қатты айтқан екен, шынында солай. Біз шығарып отырған балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы перзенттеріміз үшін білім беру мен тәрбие ісін онан ары тереңдетіп, ағартушылық міндет атқарып келеді. Әсіресе, оқушылардың шығармашылығына өріс ашып, олардың жазу, сызу, жасау қабілеттеріне қамшы басады. Еңбектерін елге жарқыратып көрсетеді. Жеке жасампаздықтарына қанат бітіріп, дербес ойлауға, өзінше ізденуге бағыт-бағдар жасайды. Дем беріп қолтықтайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналық бойынша баулып отырады.
Өткен жылы Абай облысын, Алматы облысын, Маңғыстау облысын, Жамбыл облысын аралап қайттық. Елордамыз Астананы, Алматыны араладық, мектептерге барып кездесулер өткіздік. Алматы облысы бойынша «Мөлдір бұлақ» – тәрбие бастауы», Астана қаласы бойынша «Талаптыға нұр жауар», республика бойынша «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» атты үш рет шығармашылық байқау өткіздік. Алты номинациялық жанрлар бойынша озып шыққан үздіктерді марапаттадық. Шығармаларын журналға басып, оларға дем бердік. Бір байқағанымыз, елдегі балаларда құштарлық, ізденгіштік, ұмтылу ниеті басым, жігері күшті, көздері оттай жанып тұр. Олардың білсем, көрсем, жасасам деген өміршеңдік жалынын лаулата түсу керек. Біздің оқырмандарымыздың дені алыстағы аймақта. Ондағы ұстаздарда, шәкірттерде білімге шынайы сүйіспеншілік, қалтқысыз құштарлық бар. Осы 2023 жылға жылы көңіл, кең пейілмен жеткен оқырмандар, сіздерге ең алдымен алғыс айтамыз. «Мөлдір бұлаққа» жазылып, қолыңызға алғаныңыз үшін, парақтап оқып, керегіңізді тапқаныңыз үшін рақмет! Әлі де журналымызға жазылып үлгермеген азаматтар үшін, әр айдың 20-на дейін «Қазпоштаға» барып жазылса, келесі айдан бастап басылымды оқи алатынын естеріне саламыз. Балалары үшін бас қатыратын ата-ана «Мөлдір бұлаққа» мойын бұрады деп сенеміз. Бізге жазылуға ұстаздар шабыттандырды, насихаттады, ата-аналар қаржысын бөліп қолдады. Ондай ізгі жандарға рақмет! Сондықтан журнал қолыңызға жетіп отыр. Отбасы, мектеп, қоғам болып үш жақтан жабылып жасап жатқан жұмысымыз ұрпақтың қамы, Қазақстанның нұрлы болашағы үшін болып отыр. Үйлесімді өмір болсын деп, ұлағатты тәрбие көрсін деп, болашақтың ақаусыз иесі атансын деп харекет етудеміз. Келген жаңа жыл құтты болсын! Білімді, білікті адамдар керек! Жаңа дәуірге жаңа ұрпақ керек! Олар сіздердің отбасыларыңызда өсіп келеді.
ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы