ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА ЖАҢАША серпін ҺӘМ ТОРҒАЙ ӨҢІРІНДЕГІ ТОЛЫМДЫ ІСТЕР

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА ЖАҢАША серпін ҺӘМ ТОРҒАЙ ӨҢІРІНДЕГІ ТОЛЫМДЫ ІСТЕР

«Qazaqstan dauiri» газетінің  Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Аманат» партиясы, «Елана» ақпараттық агенттігі, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедициясы Қостанай облысында 

 

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті «Ауыл – Ел бесігі» дәстүрлі экспедициясымен Қазақстанның бар өңірін аралап келе жатқанына он жылдан асты. Аты айтып тұрғандай, ауыл халқының тұрмысы мен тіршілігі, шаруа қожалықтарының хал-ахуалы, еңбек адамдарының маңдай терінің өтемі, білім ордаларының жай-жапсары тағы басқа да ел ішіндегі өзекті проблемалар журналистердің назарынан тыс қалған емес.

Жаңа Қазақстан құруға талпынып жатқан елде халықтың тыныс-тіршілігін бүкпесіз жазуға мүмкіндік мол.  Жетістікті ғана емес,  кемшілікті де ашық жазып келеміз. Бұл – басылымның алдыға қойған ұлы мұраты.

Ел іші өнер мен еңбектің кеніші ғой,  жаны жайсаң адамдармен жүздесудің өзі бір ғанибет емес пе!  Естеріңізде болса, «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы былтыр Торғай даласына ат шалдырып, алаш арысы Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген Ақкөл ауылына дейін барған болатын.  Ахаңның туғанына  150 жыл толған тойынан көлемді материал  беріп, оқырмандарын құлағдар еткені де күні кеше.  

2021 жылы ағартушы, ұстаз,  этнограф, жазушы Ыбырай Алтынсарин атамыздың туғанына 180 жыл толуына орай аталмыш экспедиция Торғай даласына бірнеше журналисті аттандырып, торқалы тойдан арнайы  репортаж әзірледі.

 Қазақ халқының бағына туған,  елім деп еңіреп өткен ұлылардың мекені Торғай даласы жарқын болашаққа риясыз сеніммен қарап отырғанын үнемі жазып келеміз.

Бұл жолғы экспедиция Жангелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласына арналды. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне көңіліміз тоғайып оралдық. Әрине, кемшіліктер де кездесті. Отыз жыл бойы ұрандатқан мемлекет кемшіліксіз болмасы тағы анық. Осы мүмкіндікті пайдаланып біз барған елді мекендердегі әсіресе  «Аманат» партиясы  төрағалары мен орынбасарларына айтар алғысымыз шексіз. Бізді қолдап, мектептерде оқушылармен кездесу өткізуге, газет-журналдарға жазылуға көмек қолдарын созғандары үшін...

 

ЖАҢАРЫП, ЖАСАРҒАН АРҚАЛЫҚ

Державин-Арқалық арасын жалғап тұрған күре жолдың «жыры» айтылғалы қаншама уақыт өтті. Ойқы-шойқы жолдан халық та әбден ығыр болғаны өтірік емес. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Экспедиция барысында осы жолдың «жыртығын жамауға» әжептәуір қаржы бөлінгенін естіп қуанып қалдық.   

Қарағандыдан келген мердігер мекеме, өздерінің асфальт зауытын салыпты. Күніне бір шақырым жол салынуда екен. Осы қарқынмен салса, бір жарым айда 40 шақырым жол салынып бітпек. Әттеген-айы, биылға бөлінген қаржы  жақында тамамдалмақ.  «Үкіметтен қаржы бөлуді талап етуіміз керек» деп жатқан халықтың жан айқайын жеткізуді өзімізге парыз санадық. Бұл күре жол Атбасар, Есіл қалалары арқылы Астанаға төте баруға  таптырмайтын көмек. Тек билік тарапынан халыққа қолдау ғана жетпей тұр...

Арқалық қаласы әкімі Ә.Б.Асанов экспедиция мүшелерін жақсы қарсы алды. Әдемі сұхбат болды.  Арқалық қаласының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және одан әрі даму перспективалары жайлы әңгімелеген әкім мырза сөзін былай жалғады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқына Жолдауында «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі»  деп атап өткен болатын. Осы бағытта жұмыстар істеліп жатыр. Өткен жылы қалалық бюджетке түсетін түсімдер көлемі 2 млрд 563 млн теңгені құрады. Немесе бюджеттің кіріс бөлігі 92 млн теңгеге асыра орындалды. (2022 жылға арналған жоспар – 2 млрд 471 млн теңге).

Нысаналы трансферттер көлемі 7 млрд 868,0 млн теңгеден асып, бюджеттің жалпы көлемінің 75-ын құрады. Қала бойынша орташа жалақы өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 23%-ға артып, 200 мың 357 теңгеге жетті  (2021 жылы – 165 718).

Қала өндірісінің жалпы көлемінде өнеркәсіп үлесі 17%-ға тең.   2022 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі шамамен 8 млрд 500 млн теңгені құрады, өткен жылғы деңгейге қарағанда 57%-ға немесе 3 млрд 60 млн теңгеге өсті (2021 жылы – 5 млрд 387 млн  теңге). Мәселен, өңір экономикасының өнеркәсіптік секторын дамыту үшін 366 млрд теңгеден астам қаржыға 2400 жұмыс орнын құрумен 8 инвестициялық жобаны іске асыру  жоспарлануда. Оның ішінде: тау-кен өнеркәсібіндегі 4 жоба:  полиметалл кендерінің концентратын өндіру, отқа төзімді саз-балшық өндіру, нефритоидтарды өңдеу, құрамында алтыны бар полиметалл кендерін өндіру; 

өңдеу өнеркәсібіндегі 2 жоба: диірмен салу және диірмен кешенінің қызметін кеңейту;

машина жасау және энергетика салаларында бір-бір жобадан: бұл  конвейер роликтерін өндіру және жел электр станциясының құрылысын жүргізу жақсы жолға қойылуда.

Өңірде қоғамды қызмет көрсету саласында жоғары белсенділік байқалады. Нәтижесінде мынандай кәсіп түрлері ашылып жұмыс жасауда: оңалту орталығы мен мектепке дейінгі білім беру орталығы, тамақтану орындары, техникалық қызмет көрсету станциясы, спелеокамера қызметтері, сүт өнімдерін өндіру цехы, жанармай сорғыларын жөндеу цехы, кондитерлік цех, өзіне-өзі қызмет көрсете отырып көлік жуу пункті, тері қабылдау пункті ашылып, жолаушылар және жүк тасымалы қызметі жүзеге асырылуда. Тиісінше, есепті кезеңде 130 тұрақты жұмыс орны құрылды» деп әкім қысқаша өңір тынысын таныстырып өтті. Әкімнің қабылдауынан шыққаннан кейін мектептерді аралап, өнер ордаларымен танысып, кәсіпкерлермен, қала халқымен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрдық. 

Арқалық қаласында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спортпен және дене шынықтырумен айналысуға көпшілікті тарту бойынша жұмыстар жүргізіліпті.

Бірнеше спорт кешендері орнатылып, 67 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген: Дачный, Новый кенттерінде және Қайырбеков көшесі, 76, Ш.Жәнібек көшесі, 105 мекенжайында 4 шағын футбол алаңы мен 4 Воркаут алаңы орнатылған; «Жігер» стадионы спортзалының ағаш еденін ауыстыру, трибунадағы орындықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліпті.

Сондай-ақ Арқалық қаласында ұлттық мәдениетті дәріптеу мақсатында 7 млн 850 мың теңгеге Абай аллеясы салыныпты, 17 млн 700 мың  теңгеге Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылып және 2 млн  300 мың теңгеге Уақ Жұмабай ақынның бюсті орнатылған.

Бұдан басқа, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы 2 млрд теңгеден астам қаражатқа 300 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысы басталады. Жаңа мектеп 2024 жылы пайдалануға берілмек. Айта берсек, жағымды жаңалық жетерлік. Осы орайда жергілікті тұрғындардың да пікірімен санаса кеткенді жөн көріп, оларды сөзге тарттық. 

 

АРҚАЛЫҚТА ДА ПРОБЛЕМА БАРШЫЛЫҚ

Қала тұрғыны Айдарбек Қасымханов: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген шын екен. 40 жыл бойы желден тоқ өндіретін станция саламыз деп жиналыс сайын әкім айта беретін еді, енді сол жоба қолға алынды. Жалпы, жел қуатынан алынған энергия Кегок компаниясына сатылады. Бірақ, электр энергиясы арзандамайды. Бір айта кететіні осы инвест жобаны іске асыруды қолға алған Қытай компаниясы болып тұр.  Станцияны салу мақсатында 120 Қытай азаматы Арқалыққа келіпті. «Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деген бабамыздың айтқаны еске түседі. Жалпы, Арқалықтың қиыршық тас шығаратын зауыты мен Ащутасты ауылының  60 мың гектар жеріне Қытай кәсіпкерлері иелік етеді. Бұл дұрыс па, бұрыс па, білмедім.  Доңыз баспаған киелі Торғай даласынан қара қытайдың иісі көптеп шығуда. Желден тоқ өндіретін станция салған қытайлар кете ме? Әлде елде қалып, қызметін жалғастыра ма, белгісіз. Бір қуаныш, бір күдік болып тұр. Осы құрылыста қанша жұмыс орны ашылады, онда кімдер  қызмет істейді? Ол туралы нақты ақпарат жоқ. Тек «инвестиция келді, дамимыз» деуді білетін әкімдердің  ойында не барын кім білсін? Әйтеуір, қытайларды естіп, бір түрлі күйдемін. Арты жақсы болғай, Оспан батырдың түбіне жеткен қара қытай Торғай қазағының түбіне жетпесе болғаны» деп қалды.

Тағы бір Арқалық тұрғыны Гүлнар Ихсанқызы: «Арқалық қаласындағы БТА банктың көп жылдар бойы бос тұрған ғимаратын қаладағы белгілі кәсіпкер Тамара Саколова бар-жоғы 17 миллионға сатып алып,  20 миллион теңгеге жөндеу жүргізіп, қазір бизнес орталығына айналдырып, табысты қызмет жасауда. Бар-жоғы 40 миллион теңге жұмсалыпты. Еңбекпен келген қаржыны қалай тиімді жұмсауды Тамара ханым жақсы білетін секілді. Дәл осы ғимаратқа шамалас ғимаратты жекеден сатып алып, қайта қалпына келтіруге қала билігі бюджеттен 400 миллион теңге жұмсамақ. «Үкімет деген – теңіз, жей білмеген – доңыз» дегенді естіген едім, бюджеттің теңгесін аямай шашуға болады екен ғой. Осы 400 миллионды Тамара ханымға берсе, осындай он ғимаратты қалпына келтіріп беруі мүмкін. Қала бюджетіне басы ауырмайтындардың жанында, жаны ашымайтын топ жүруі заңдылық», – деп қатқыл ойын жеткізді.

Майра Жеткенқызы: «Арқалық қаласына қарайтын 13 ауыл бар,  соның 9 ауылының білім ордасы жабылып қалу алдында тұр.  Заң бойынша 40 баладан аспайтын 9 жылдық мектептер жабылуы керек. Ал біздің тоғыз мектепте 27-37 оқушының  арасында ғана бар. Ең қызығы, осы ауылдар 300 мың гектар егін егеді, ауыл әкімдерінің айтуынша, жерін игеріп отырған шаруалар еш көмек бермейді. Не істеу керек? Заңды бұзып, мектептерді ұстап отыра береміз бе, әлде ауылдарды жабамыз ба? Бұл үлкен мәселе! Мал жайылымының болмауы ауылдардан тұрғындардың көшуіне алып келуде. Күрмеуі қиын мәселеге тап болған ауылдарды кім, қалай сақтап қалуға көмектеседі? Сұрақ көп, жауап жоқ...» – деп ағынан жарылды.

 

БЕЛСЕНДІ ДЕПУТАТТЫ НЕ АЛАҢДАТТЫ?

Белгілі белсенді азамат, Арқалық қаласы мәслихаты депутаты Серік Түлекбаевпен де пікірлестік. «Арқалық қаласының әкімі Асановқа, мына мағынада депутаттық сауал жолдадым. Бір-екі күнде жауап беруі керек, заң талабы сондай. Жауабын желіге жариялайтын боламын. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде, Арқалықта 15-20 әкім ауысқан екен. Мынау азық-түлік корпорацияны ашуға марқұм Мұхитбеков бастама болды-ау деймін. Қаншама жүздеген миллион қаржылар жұмсалған мекемені, Эльдар Күзенбаев әкім болған кезде, жекелеген адамдардың мүддесі үшін қасақана банкроттыққа жіберді деген күдік бар. Мақсат мемлекеттің   мүлкін талан-таражға салу болуы мүмкін. Қазіргі Президентіміз мемлекеттің меншігінен алынып, сыбайластық жолмен жекешелендірілген әр кәсіпорынды тексеріп, сараптау керек екенін тапсырды. Арқалық қаласы бойынша «Иволга» корпорациясы мен «Әлби Сенімге» және азық-түлік корпорациясына берілген мүліктер мен ғимараттар толық тексерілуі қажет. Заңсыз жолмен жекешеленген, не тым арзан бағаға сатылған ғимараттар болса, мемлекетке қайтарылу керек. Көрейік Тоқаевтың сөзінің салмағы қаншалықты екенін», – деді депутат.

Орталық  «Демалыс» саябағында  Арқалық қаласының өнерпаз жастары концерттік бағдарламаларын ұсынды. Арнайы ұйымдастырылған шараға келушілер таза ауа аясында демалып, көңіл көтерісті. Енді мұндай шара тұрақты түрде болып тұрмақ. Қала әкімі Әмірхан Асанов орталық саябақта  апта сайын жұма күндері концерттік бағдарлама ұйымдастыру қажеттігін тапсырған екен. Ал, әр сенбіде спорттық шаралар  өтіп тұрмақ. Демек,  қала тұрғындары мен қонақтарының жазғы демалыс күндері жақсы өтуге тиіс!

Сүйінші жаңалығымыз да бар. Арқалық қаласының ішінде жолаушыларды таситын автобустарға бюджеттен 31 миллион теңге субсидия төленетін болыпты. Түсінікті болу үшін айта кетейін, вокзалдан бастап, Родина ауылына қызмет көрсететін жеке кәсіпкер жылына бюджеттен 31 миллион теңге субсидия алатын болады. Егер қазір қала ішінде үш автобус жүріп жүрсе, әр көлік үшін кәсіпкерге ай сайын 750 мың теңге төленеді деген сөз. 31 миллион теңгені 12 айға бөлсек, жеке кәсіпкер ай сайын 2,5 миллион субсидия алады. Енді автобустар санын көбейтіп, әр аялдамаға автобустың   келетін уақыттарын жазып, толыққанды қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Бұдан былай «жолаушы жоқ, жүрмеймін» деген болмайды. Мемлекеттің субсидиясы қалыпты қызмет көрсету үшін берілді. Бұл қуанышты жағдай, ол үшін қала әкімі Асановқа үлкен рақмет! Тағы айта кететін мәселе,  қала ішіне жүретін бір бағыт ашылады. Осы бағытта  қызмет ететін кәсіпкер жаңа автобустар сатып алынғанын айтты. Құдай қаласа, Арқалық қаласы азаматтары таксиден түсіп, автобустармен жүретін болады. Субсидия алған кәсіпкерге көліктердің уақытылы тізімге сай жүруін халық болып талап етуге мүмкіндік бар. Арқалық өркендей берсін! Осы оймен Амангелді ауданына жолға шықтық.

 

АМАНГЕЛДІЛІК  ШАРУАЛАР ЖҮН  ӨҢДЕЙТІІН ЗАУЫТ АШУДЫ СҰРАЙДЫ

Амангелді ауданы әкімі Т. Карбозов қат-қабат жұмысы бола тұра экспедиция мүшелерін жақсы көңіл күйде қабылдады. Әңгімеміз де жарасып жүре берді.  2022 жылдың қорытындысы бойынша Амангелді ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы өте жақсы екен. Аудан халқының саны статистикалық мәліметтерге сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарына 13 452 адамды құрапты. Орташа жалақы көлемі  – 200 737 теңге,  бұл 2021 жылмен салыстырғанда 27 421 теңгеге артық (173 316 теңге), өсім – 15,8%.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ауданымызда макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша келесі нәтижелерге қол жеткізілген:

- өнеркәсіп өндірісі – 80,7%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 82,4%, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 55,1%;

- негізгі капиталға салынатын инвестициялар – 98,7%;

- тұрғын үйлерді іске қосу – 112%;

- құрылыс жұмыстары – 55,3%; 

- бөлшек сауда – 100,2%;

- ауылшаруашылығы – 145,2%.

Негізгі капиталға салынған  инвестициялар да қомақты. Аудан экономикасының негізгі капиталына инвестиция 2 902 млн теңгені құраған. Нақты көлем индексі 98,7% (2021 жылы 2 780 млн теңге, НКИ 127,1%). Мұның ішінде бюджеттік инвестиция көлемі 13,1 пайызды (380 млн теңге), жекеменшік инвестиция көлемі 86,9 пайызды (2 522 млн теңге) құрапты. 

Айта кетерлік жағдай, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жекеменшік инвестиция көлемі 433 млн теңгеге артып отыр (НКИ 113,9%). Жекеменшік инвестицияның негізгі көлемі – ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Бұл салаға 1,5 млрд теңге тартылып, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 86,7 пайыз  (2021 жылы 1 630 млн теңге).

Құрылыс саласы да жақсы көрсеткішімен көзге түсті. Құрылыс жұмыстарына 2 060 млн теңге қаражат жұмсалған. Нақты көлем индексі – 55,3 пайыз.

Жалпы алаңы 2020 шаршы метр жекеменшік тұрғын үй-жайлар пайдалануға беріліпті. Нақты көлем индексі – 112 пайыз. Құрылысқа 134 млн  теңге қаражат жұмсалған.

Амангелді – Үрпек бағытындағы автомобиль жолын орташа жөндеуге облыстық бюджет қаражаттары есебінен 51,0 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды (жобаның жалпы құны – 529 млн теңге. Жұмыстар 2022 жылы басталған болатын).

Облыстық бюджет қаражаттары есебінен 89,1 млн  теңгеге Амангелді ауылының Байтұрсынов, Сатыпалды ишан көшелері орташа жөнделді. Сонымен қатар, Амангелді ауылындағы Байтұрсынов көшесінен көпсалалы туристік кешен аралығындағы жол 38,0 млн теңгеге, Степняк ауылының кіре берісіндегі су өткел құбырына 37,9 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылған.

Амангелді ауылының солтүстік кіре беріс жолына (2022 жылға 37,1 млн теңге – Ұлттық қор қаражаты есебінен және 2023 жылға 39,5 млн  теңге  облыстық бюджеттен бөлініпті), Тасты, Үштоғай ауылдарының кіре беріс жолдарына орташа жөндеу жұмыстары 2022 жылға жоспарланған қаражаттар көлемінде атқарылды (2022 жылға 291,7 млн теңге – Ұлттық қор қаражаты есебінен және 2023 жылға 310,6 млн  теңге  облыстық бюджеттен бөлінді). Қарасу ауылының су беру жүйесін қайта құрылымдау жұмыстары 2022 жылға жоспарланған көлемде атқарылды, 394,4 млн теңге қаражат игерілген.

Әкіммен ұзақ әңгімеден кейін «Аманат» партиясы төрағасы орынбасары Досымов Марал Мұратбекұлы бізді алып жүрді. Мектеп ұстаздарымен жолығып, оқушылармен кездесулер ұйымдастырды. Амангелді ауданының бірнеше тұрғынымен де кездесіп, әңгімеге тарттық. 

Торғай халқымен жүздесу барысында мына мәселеге терең назар аударуымызды өтінді. Ол қой мен ешкі жүнін  рәсуа етпей, өңдейтін зауыт ашу мәселесі. Әрине, Қазақ елінде ешкінің қылын және қойдың жүнін толық өңдеп жатқан кәсіпорын жоқтың қасы.  Әсіресе Торғай өңірінде мүлде жоқ. Қойдың жүні мен терісін лақтырып жібереді. Кәдеге жарату ешкімнің ойына келмейді.

Бұқара халық осы мәселені Үкімет басшысына жеткізуімізді талап етті. Біз де жолымыздан жығылмай, ел аманатын билікке  жеткізуді мәртебе санаймыз. Құрметті Әлихан Смайылов, осы мәселені шешетін кез келген сияқты. Халық мал басын өсіріп көбейтіп жатыр. Бірақ  оны толық игеру үшін мүмкіндік жоқ. Осы мәселенің тезірек іске асуына себесін болсаңыз!

 

КИІКТЕР ЖАЙЫЛЫМДЫ ТАПТАП ЖАТЫР

 Қостанай облысы әкімі  Қ.Ақсақалов мырзаға да бір бұйымтай. Ол – жер бетінде жоқ таңба, Амангелді ауданының Үрпек ауылында ескерусіз жатқандығы. Сол таңбаны әлемдік туристер мен ғалымдар зерттеуге ағылады деп жарнамалағандарыңызға он шақты жыл болыпты. Билік ол таңбаны қоршап, мал аяғынан аман сақтауға қауқарсыз болып тұр. Өзіңіз ат басын бұрып, осы мәселені қолға алуыңызды сұраймыз, әкім мырза!

Сосын ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтарының да жанайқайын жеткізу ұлы мұрат!  «Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеев мырза, Қостанай облысы Амангелді ауданы Үрпек ауылында  киіктің шамадан тыс көбеюі біз сияқты малмен жан баққан шаруаларға үлкен қиындық туғызуда. Малдың жайылымын толықтай басып алған киіктерден зардап шегіп отырмыз. Жеріміз көктемей жатып, жүз мыңдаған киік қара тақырға айналдыруда. Малымыздың суаты мен жайылымын қалай қорғаудың амалын таппай қиналып жатырмыз. Біздің төлеп отырған несиелерімізді кім төлейді, ертең еккен егіндерімізді кім қорғайды? Экология министрі киіктерді қорғаса, Ауыл шаруашылығы министрі  шаруаларын қорғау керек. Қазақтың даласы кең,   халықтың малын жаятын жерлерден киіктерді қайырып әкетулері керек, не киіктен зардап шеккен шаруаларға өтемақы төленуі керек. Тез арада аудан, облысаралық комиссия құрып, киіктен келген шығынды есептеу керек. Жайылымы тарылған, шаруалардың мал бағатын жері алыстап барады, киіктер ауылдардың шетіне келді. Мал бағып жан баққан қазаққа кім араша түседі?» – дейді Арқалық қаласы мәслихаты депутаты Серік Төлекбаев мырза.

 Амангелді ауданы бойынша  ауруханалар мен мәдениет үйлерінің от жағушылардың (кочегарлар) еңбектерін дұрыс төлемегенін, артық істеген сағаттарына ақы алмағанын еңбек инспекциясы тексеріп,  заңсыздықтарды анықтапты. Енді артық істеген жұмыстары үшін 15 от жағушыға мекемелер 25 миллион қаржы төлеу керек екен. Бұл қаржыны аудан билігі облыстық бюджеттен сұрауы керек. Осындай заңсыздықтарға араша түскен Астана тұрғыны, білікті маман Бақытбек Абатовқа алғыс айтамыз. Осындай заңсыздықтар Арқалықтың білім, мәдениет, медицина мекемелерінде болуы мүмкін. Облыстық еңбек инспекциясы барлық мекемелердегі от жағушылардың құжаттарын саралап, артық істеген жұмыстары үшін жалақыларына қосымша төлемдерін төлетуі керек. Еңбек инспекциясы – осындай заңсыздықтардың алдын алу үшін құрылған мекеме. Әр азаматтан шағым күтпей, өздері мониторинг жүргізгені дұрыс. Амангелді ауданында  бұзылған еңбек заңы барлық мекемелерде бар болуы мүмкін. Бұл да айтылуы тиіс шындықтың бірі. 

Амангелді ауданындағы Ақтұрсын Омарұлы атындағы балалар мен ересектерге арналған жабық бассейн мен спорттық-сауықтыру кешенінде жарыс өткізілді. Жарыс 2008-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында суда жүзуден Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Фариза Балғатайқызының жүлдесіне арналған. Фариза Балғатайқызы Ильясова 1992 жылы Амангелді ауданында дүниеге келген. 2003 жылдан бастап Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиадалық резервінің республикалық мамандандырылған мектебінде білім алған. Қазақстанның барлық аймақтарында, сондай-ақ, Токио, Ресей, Швейцария, Ташкент, Қырғызстан чемпионатына қатысып, жүлделі орындар иеленген спортшы. Турнирдің мақсаты – аудандағы суға жүзу спортының дамуына ықпал жасау және суға жүзуді насихаттау. Жас спортшылардың шеберліктерін шыңдау, дене шынықтыру және спорт арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, денелерін шынықтырып, денсаулықтарын нығайту болып саналады.

Аудан әкімінің орынбасары Малшыбай Дүйсенұлы, Фариза Балғатайқызы құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі: «Жерлесіміздің осылайша әлемге танымал болғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Себебі Фариза қызымызға қарап, ертең өскелең ұрпақ сап түзейді. Өздерінің бойындағы қарым-қабілеттерінің қаншалықты жоғары екенін бағамдайды. Осы ретте белгілі меценат Сапар Ысқақовқа айтар алғысымыз шексіз. Ол теңдессіз жабық бассейн салып, аудандағы суда жүзу спортының дамуына үлкен жағдай жасады, – дейді М. Қаласов. Аудан әкімінің орынбасары Фариза Балғатайқызына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, Алғыс хат, медаль, ақшалай және бағалы сыйлықтар берілді».  Бұл туралы  амангелділік Бибіт Нұрмаханов хабарлады. 

 

 ТУРИСТІК КЕШЕН ЖОБАСЫНЫҢ ҚҰНЫ – 750 МЛН ТЕҢГЕ

Сәт Есенбаев ауылындағы ақын Сәт Есенбаевқа арналған кесене қандай керемет! Құрылыс жұмыстарына ақын атамыздың ұрпақтары 20 млн теңгеге демеушілік жасапты. 

Спорт – денсаулық кепілі, дені сау ұрпақ – ұлт болашағы.  Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Ақсай ауылында «Мектепке тағзым» акциясы аясында Бүйректал жалпы білім беретін орта мектебі ауласынан ашық спорт алаңы ашылған. Жоба құны – 2 млн теңге. Аталған алаңды ашуға ауылдың шаруа қожалықтары  қаржылай көмек көрсетті. Осылайша мектеп оқушылары мен ауыл жастары жылдың кез келген уақытында спортпен айналысуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы – Амангелді ауылындағы туристік кешен салу, жоба құны – 750 млн теңге. Демеушісі – меценат, «Тілеп» қайырымдылық қорының басшысы Сапар Ысқақов. Аталған нысан 3 жыл бойы жүзеге асырылатын болады.

Үштоғай ауылында әмбебап спорт алаңын салу жобасы жүзеге асырылған.  Жоба құны – 10 млн теңге. Демеушілік жасаған – «Нұрлы жол» ЖШС директоры Шаяхметов Мубарак Сандибекұлы.

 

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕН МЕЦЕНАТ

Кәсіпкері көп аудан демекші, елімізге танымал меценат Сапар Ысқақұлы осы өлкенің тумасы. «Туған жерге туыңды тік!» деген ұстанымға берік адам. Жомарттығымен аты шыққан азамат ауданның қақ ортасына құны 125 миллион теңгеге  жабық жүзу бассейнін салып тастапты. Қазақ баласы үшін таңсық спорт түрі. Кім біледі, бір заманда осы арада жетілген, дайындығын шыңдаған балалардың әлем таныған спортшыға айналмасына кім кепіл?! Бұл спорт кешенінің құрылысы  2020 жылы  басталып, бар-жоғы бір жылда салынып біткен. 2021 жылы 1 маусымда ашылған. 

Алып кешеннің басшылығына кезінде боз кілемнің шаңын қаққан, омырауына «алтын» мен «күмісті» үзбей таққан  Нұрлыбек Еренғайыпұлы Әбдіхалықов тағайындалыпты.  Нұрекеңді білуші едік. Нұрекең самбодан спорт шебері, қазақша күрестен Қазақстан чемпионы болып, заманында дүрілдеген, құрыштан құйылған азамат болатын. Әлі де сол қалпы. Бабында секілді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген рас-ау...

 Аузын ашса көмейі көрінетін, сөзі мен ісі қабысқан, уәдеге берік, қиналғанға серік  болуға дайын азамат өзіне артылған аманатқа адал екені көрініп тұр. Қалайда жасөспірім спортшылардың жүзу спортынан жақсы жетістіктерге жетуіне бар күш-жігерін салып жатқанын байқау қиын емес. Алла Тағала өзі қолдасын дейміз. 

Қазіргі таңда спорт кешеніндегі бассейнде 100-ге тарта бала жүзу спортына жаттығуда. Жүзге тарта бала!  Оларға екі бапкер тәлім беруде.  Штатта 13 адам жұмыс істеп жатыр.  Облыстық бюджет қаржыландырады. Бұған қалай қуанбайсың!

 Қуанышты жаңалық бұл ғана емес, Сапар Ысқақұлының қолдауымен «Көпфункционалды туристік кешеннің» құрылысы басталып кетіпті. Құрылыстың басталған уақыты – 05.08.2020 ж.  Құрылыстың  аяқталуы  –    2023 ж. IV тоқсанында. Жобаның құны – 750 миллион теңге!

 

АМАНГЕЛДІ ОРТА МЕКТЕБІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

«Амангелді ауданындағы білім ошақтарының қара шаңырағы атанған Амангелді жалпы білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтіпті. Білім әлеміне қанат қаққан шәкірттеріне 1967   жылы алғаш рет есігін  ашқан оқу ордасына 2004  жылы жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында   толық күрделі жөндеу жасалған мектеп бүгінде заманауи жаңа ғимаратқа айналып отыр.

Әлеуметтік маңызы бар нысанның әрін кіргізуге республикалық бюджет тарапынан 331 млн 671 мың теңге қаражат бөлінген.  Бұл қаражатқа мектептің жылу жүйесі ауыстырылып, есік-терезе, төбе шатыры жаңартылыпты. Акт зал,  алғашқы әскери даярлық пәні бойынша «Саптық жүру» алаңы, дене шынықтыру пәні бойынша жүгіру, баскетбол, футбол, волейбол алаңдары мен 3 пен 5 жас аралығындағы тәрбиеленушілер үшін ойын алаңдары  да күрделі жөндеу жұмыстары барысында жасалған.  Екі ауысымда оқитын оқушылар үшін  20 оқу кабинеті талапқа сай жабдықталған. Жиһаздар да жаңа үлгіде. 

 Қазіргі уақытта аталған білім беру ұйымында  337 оқушы білім алуда. Оқушыларға 58 педагог сабақ береді.   Заман талабына сай жаңаша кейіпке енген мектеп оқушылардың сапалы білім алуына толықтай мүмкіндік беріп отыр.

 

БІР АУДАНДА   БЕС МҰРАЖАЙ

Қазақстанның кез келген аудан орталығында бір мұражай болатыны белгілі. Алайда облыс орталығы емес,  бір ғана ауданда 5 мұражай бар десе, сенер ме едіңіз? Жангелдин ауданының орталығы Торғай кентінде бір емес, қатарынан 5 мұражайдың жұмыс істеп тұруы таңданарлық дүние емес пе? (Аудан орталығында 5 мың ғана халық тұрады) Мұражайы көп Торғай кентін аралап, оның тарихымен мұражай жәдігерлері арқылы танысуға мүмкіндік мол бұл жақта.

Мысалы Шақшақ Жәнібек тархан мұражайы – тұнып тұрған тарих. Мұражайда ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің тарихына байланысты мүліктік және құжаттық материалдар жинастырылыпты. Жәнібек тархан мен халқымыздың сол жылдардағы азаттық жолындағы күресін айқын көрсететін Орынбор қаласының мұрағаттары мен мұражайларында сақталған материалдар тың деректерге толы. Екінші Амангелді батыр көшесінде орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайы да тылсым сырға жетелейді. Торғайдағы үшінші мұражай халық ақыны Нұрхан Ахметбековке арналыпты. Сырт қарағанда шағын болып көрінгенімен, мұражай іші ақынның сирек кездесетін қолжазбаларына, отбасынан қалған жәдігерлерге толы болып шықты.  Төртінші Әліби Жангелдин тарихи-мемориалдық мұражайы ғылыми-мәдени мекеме болып табылады. Мұражай көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, атақты саяхатшы Ә.Жангелдиннің өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында ашылған. Бесінші мұражай ұлт ұстазының  өзінің атындағы көшеде орналасқан Алтынсарин мұражайы.  Мұражай залдарын аралау барысында бүкіл ұлтқа танымал, қазақ баласы үшін тұңғыш мектеп салған Ыбырай бабамыздың ағартушылық жолының ізін аңғаруға болады. Мұражай жәдігерлері ағартушының туған халқына жан аямай еңбек етіп, ұрпақтарына үлгі-өнеге боларлық, тәлім аларлық, рухани нәр боларлық бай мұра қалдырғандығын дәлелдегендей алдымызда сайрап тұрды. 

Жангелдин ауданы әкімі Ш. Оспановтың қабылдауынан кейін ел тынысымен танысуға тура келді. 2022 жылы ауданда соңғы статистикалық деректерге сәйкес 11 630 адам тұруда, соның ішінде 4659 адам аудан орталығында тұрады. Экономикалық белсенді халық саны 6600 адам, 1054 зейнеткер бар ауданда. Аудан экономикасының негізгі саласы – ауылшаруашылық өндірісі, ол өңір экономикасының стратегиялық бағыты болып табылады. Ағымдағы жылы 20 млрд 991 млн  теңгенің өнімі өндіріліпті.   Ауылшаруашылығы құрылымдарында  38 719 бас ірі қара (2021 ж. –  34559), 60738 бас қой-ешкі (2021 ж. – 92128), 16274  бас жылқы ( 2021 ж. – 14510), 145 бас түйе (2021 ж. – 121)  өсірілуде. Шаруашылықты тиімді ілгерілетуге қажетті жыл ішінде  қожалықтар 20 дөңгелекті тракторлар, оның ішінде 19 МТЗ маркалы тракторлар, 1 К742 маркалы трактор, 3 шөп руллондағыш және 2 егін оратын комбайндар сатып алынған. Яғни ауылшаруашылығына қажетті техникалар жыл сайын 1,5-2 пайызға жаңартылып, мемлекеттен берілетін   30 пайыздық инвестициялық субсидия алып келеді. Есепті мерзімде 134,0 млн теңге субсидия төленіп отыр.  2022 жылы барлығы 30 321 га жерге егін себілген. Оның ішінде 15 309 гектар бидай, 300 гектар арпа,  14 712 га майлы дақыл (сафлор)  себіліпті. Дәнді дақылдардың орташа түсімі 9 центнерден 14 128 тонна, түсімі 8 центнерден 10 579 тонна майлы дақылдар жиналған.  

Ауылшаруашылық кооперативтерімен және шаруа  қожалықтарымен үстіміздегі жылы  358 бас бұқа жалға алыныпты, оның ішінде 163 бас – жеке аулаға, 195 бас – шаруа қожалықтарына, тұқымдық түрлендірудің үлесі 84,5 пайызға жетіпті. Шаруа қожалықтарының өз қаражаты есебінен 101 бас бұқа сатып алынған.

Бүгінгі күнге  204 шаруа қожалығы және 3 ЖШС жұмыс жасап, барлығы 851 776 гектар жер пайдалануда. (2021 жылы 193 шаруа қожалығы және 3 ЖШС жұмыс жасап, барлығы  739 256 гектар жер пайдалануда. 

Жер алып,  шаруашылық дамытам деушілерге қажетті жер ресурсы жеткілікті. Ағымдағы жылдың қыркүйек  айында ауылшаруашылығы мақсатындағы  жерлерді жалға беру жөнінде конкурс өткізіліп, қорытындысы бойынша жалпы көлемі 73 750 гектар 28 жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін азаматтарға 48 жылға жалға берілді.  2022 жылы  Шұбалаң – Ахмет Байтұрсынұлы автожолының 26.4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарына 1 млрд 497 млн  игеріліп, қараша айында іске қосылған.

Аталған жолдың бойында орналасқан Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарына 200,8 млн теңге бағытталыпты. Торғай ауылында 5 көшеге 127 млн 432 мың теңге қаржыға орташа жөндеу жұмыстары, Сужарған ауылында 1 көшеге 14 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. 

Көкалат – Көлқамыс автомобиль жолының құрылысына 1 млрд 014 млн  теңгеге  бөлініп, құрылыс монтаждау жұмыстарына 943 млн 280 мың теңгеге «Алюминстрой» ЖШС келісімшарт жасалып жүзеге асырылуда, іске қосу мерзімі – 2023 жыл.  Ондай игі істерді көріп, қуанышымыз еселене түсті. Әсіресе «Аманат» партиясы төрағасы Ғабит Сүндетбаевтың «Qazaqstan dauiri» газетіне деген құрметі, жалпы БАҚ-қа деген ниеті оң екен. Өзі де қаламы қарымды ақын болып шықты. Экспедиция мүшелерін өзі бастап, аудандағы үш мектепті өзі аралатып шықты. Ұстаздар қауымымен және оқушылармен өткен кездесулер өзгеше әсерге бөледі.

Өнер мектебінің бишілерінің концерті ерекше есте қалды. Жанкелдин ауданы Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің би бөлімі жылды қорытындылап, «Bile-Bile» атты  есеп  беру концертін халыққа ұсынды. Мың бұралған биші  қыздарымыздың  өнерін  тамашалауға  келген  өнер сүйер қауым көрермендер залына лық толды. Бүгінгі таңда би бөлімінде 99 шәкірт тәрбиеленуде. Оқушылардың  сахнадағы  мәдениеті,  өзін  ұстауы,  бидің  әр  қырын  бойларына  дарытып,  тәлім  беріп  келе  жатқан ұлағатты  ұстаз  Жанат  Әлімбаева мен шәкірті, жас ұстаз Сымбат Ерікованың  еңбегі  зор.

«Тынымсыз ізденіс пен түбегейлі  нәтиженің  арқасында  би бөлімінің  оқушылары  талай  белестерді бағындырып,   облыстың би  ансамбльдерінің  үштігіне кірді. 2008 жылы Жанат Абдысалыққызының ықпалымен  «Еркеназ» би  ансамблі  құрылды.  Сол  жылдардан  бері  аталмыш  ансамбль қосымша  білім  беру  ұйымдары арасындағы рейтинг  дәрежесін  көрсететін хореография  ұжымдары  арасында  облыстық  «Армандастар» байқауына қатысып, бес  рет  «Бас жүлде» иегері болды. Аудандық  іс-шараларда  белсенді  атсалысып,  аудан атын облыс, республика  көлемінде  танытып келеді. Бұл –  аудан  үшін  үлкен  жетістік. Бүгінде Б.Хамзин  атындағы   өнер  мектебінде 258 оқушы әр бөлім бойынша дәріс алуда. Балалардың бойындағы дарынын шыңдап,  тәрбиелеп,  үлкен  додаларға  қосып жүрген мектеп мұғалімдері – аудан мақтаныштары», – дейді өнер мектебінің директоры Жанар Асанханқызы. Аудан әкімінің  орынбасары Еренбол Алматов, ата-аналар атынан Тойбанбол Нұрхан құттықтау  сөз  сөйлеп, би бөлімінің  ұстаздарына ризашылық білдірді. Жұмыстарына  толағай табыстар  тіледі. Мектеп директоры Жанар Шалабай  аудандағы  би өнерінің  негізін  қалаған Жанат Әлімбаеваның еңбегіне  тоқталып, Алғыс хат табыстады. Әдемі  сахналық киімдерді тігіп жүрген тігінші Сымбат Райсова да Алғыс хатпен марапатталды. Балаларға  демеуші  болып, үнемі  мектепті қолдап жүретін ата-аналарға да ерекше ризашылығын айтты. Кеш  соңында  естелік  суретке  түсіп, жақсы көңіл  күймен  тарқасты. «Әр уақытта өнер мектебінің концерті жоғары деңгейде өтеді. Ұйымдастырушылық қасиеттері өте жақсы. Жаңашылдықты ұнатады. Ондағы ұстаздардың барлығы жоғары білімді. Менің де немерем осы өнер мектебінің би бөлімінде тәрбиеленіп жатыр. Өз немеремнің ғана емес, барлық өнерлі балалардың өнерлерін тамашалауға келдім. Мен келсем, мәдениет үйінің көрермендер залы адамға толып тұр. Аяқ алып жүретін жер жоқ. Бұл жергілікті тұрғындардың өнерді бағалағаны деп білемін. Бүгінгі кештен керемет әсер алып, рухани демалып қалдым. Өнер мектебінің ұстаздарына алғысым шексіз. Ылғи ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өнер ұжымына толағай табыс пен шығармашылық тілеймін!» – дейді Рыскүл Кәрімова. Бұл мәліметтерді тілші  Аягөз Фазылбекқызынан алдық.

PS: Арқалық, Амангелді, Торғай аудандарына жасалған «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы өз жұмысын табыспен  аяқтады.  Бұл мақалада ел ішіндегі жетістіктермен қатар кемшіліктерді де жасырмай қағаз бетіне түсірдік. Аудан әкімдерінің  «Qazaqstan dauiri» газетіне деген құрметтеріне риза болып қайттық. «Qazaqstan dauiri»-мен бірге «Мөлдір бұлақ» журналына жазылуға ниет білдірген оқырмандарға да айтар алғысымыз шексіз. «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы мұнымен тоқтап қалмайды, әлі де өңірлерге сапарын жалғастырады. «Бөрі мен журналисті асырайтын – аяғы» демекші, ел сүйіспеншілігіне бөленген қос бірдей басылымның асыраушысы да оқырман. Олай болса, құрметті оқырман қауым, «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналына жазылуға асығыңыздар! Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсіл бар. Соған сүйене отырып, «Qazaqstan dauiri» және «Мөлдір бұлақ» журналына қолдау білдіріп және ұжымдарына, ата-аналар мен оқушыларға жаздыртуға  ниет танытқан азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.    

Арқалық қалалық әкімшілігінің әлеуметтік саласы бойынша орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы Жұмановқа, 

Арқалық қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары  Қожанова Жанат Қасенқызына,

 Ш. Уәлиханов атындағы №1 мектеп директоры Мадуов Нұрлан Таланұлына,

Амангелді аудандық «Аманат» партиясы филиалы төрағасы Досымов Марал Мұратбекұлына,

Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Мұхаметәли Серікұлы Әбдіковке,

Жангелдин ауданы «Аманат» партиясы төрағасы Ғабит Сүндетбаевқа,

Н. Иванов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Рыскелдин Аханбай  Рахимұлына,

Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Данияр Хамитбек Серікболұлына ұжым атынан  алғыс айтамыз!   

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК, Қостанай облысы
29.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 102
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 99
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 93
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 82
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 979
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1018
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 993

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5983
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5426
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8610
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6417
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7625