Әлем назары АҚШ-қа ауып, Трамптың ендігі қадамы қалай болмақ деген мәселеге демдерін ішке тартып қарап отырғандай... Себебі АҚШ-тағы билік транзитінен кейін Вашингтонның ұстанымдары әлемнің экономикасы мен қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететіні белгілі. Бұлардың қатарында Ресейге бағытталып отырған санкциялардың айнала жұртқа әсері де назардан тыс қалып отырған жоқ. Әсіресе қаңтардың басында Ресейдің «Газпромнефт» компаниясына бағытталған санкцияның, Орталық Азия елдеріне де белгілі дәрежеде ықпал етуі мүмкін деп болжап отыр мамандар.
2025 жылдың 10 қаңтарында АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің энергетика саласына қатысты жаңа санкцияларды жариялады. Батыс басылымдары көптеген ұйымдар мен жеке тұлғаларға қатысы бар бұл шешім 2025 жылы 27 ақпанда ресми түрде күшіне енетіндігін де жазып жатыр. «Санкциялардың түпкі мақсаты Орыс-Украин соғысында Ресейдің экономикалық қуатын әлсіретуге бағытталып отырғанымен, ресейлік энергетика алпауыттармен тығыз экономикалық байланыстары бар Орталық Азия елдеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін» дейді АҚШ сайттары.
Жаңа санкциялар Орталық Азияда жұмыс істейтін «Газпромнефть» еншілес компанияларына шектеулерді қамтиды. Зардап шегуі мүмкін кәсіпорындардың қатарында «Газпром нефть Тәжікстан», «Газпром нефть Қазақстан», «Газпром нефть Қырғызстан» және «Мұнай Мырза» (Қырғызстан) бар. «Газпром нефть» және оның аймақтық еншілес компаниялары Ресейдің Украинадағы әскери операцияларын қолдайтын негізгі кіріс көзі болып саналады деп хабарлайды АҚШ Қаржы министрлігі. Жауап ретінде «Газпром нефть» бұл санкцияларды «негізсіз, заңсыз және еркін бәсекелестік қағидаттарына қайшы» деп жауап берген. Дегенмен, бұл санкциялардың Орталық Азия елдеріне экономикалық әсері айтарлықтай ауыр болуы мүмкін, өйткені «Газпром нефть» аймақтың энергетикалық секторында шешуші рөл атқарады. Мысалы, «Газпром нефть Қырғызстан» қырғыздарға мұнай өнімдерін негізгі жеткізуші және ішкі нарықтағы маңызды ойыншы болып табылады. Компанияға санкция салынғаннан кейін Қырғызстанға жанар-жағармай жеткізу кедергіге ұшырап, елдегі энергия бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Штаб-пәтері Алматыда орналасқан «Газпром нефть Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстандағы «Газпром» маркалы жанармай құю станцияларының желісін басқарады. Қытайдың «163. Com» сайты «мұндай шектеу шаралары Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық тұлға Қазақстанға сына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін, бірақ санкциялардың салдары кеңірек» деп жазыпты.
Компанияға салынған тікелей санкциялардан бөлек, АҚШ-тың санкциялар тізіміне Қазақстанда белсенді жұмыс істейтін «Роснефть» компаниясының бірқатар басшылары да қосылды. Негізгі тұлғалардың қатарында «Лукойл» компаниясының президенті, Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі Вадим Воробьев бар. «Лукойл» Қазақстанның мемлекеттік мұнай-газ компаниясының (ҚМГ) өндіру және геологиялық барлау жобаларындағы стратегиялық серіктесі, «Татнефтегаз» компаниясының бас директоры бар.
Бұл санкциялар серіктестер арасындағы байланыстарды қиындатып, негізгі жобаларды кейінге қалдыруы мүмкін, осылайша Қазақстанның энергетикалық секторына ықпал етіп, оның экономикалық өсуіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Санкциялар пакетінің тағы бір маңызды бөлігі – Ресейдің Атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясының жоғары лауа-
зымды тұлғаларын АҚШ-тың санкциялар тізіміне енгізу. Бұл даму Қазақстанның атом электр станциясын салу үшін Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей өкілдерін қамтитын халықаралық консорциум құру жоспарына қиындық туғызады. «Росатомға» шектеулер қойылғандықтан, енді консорциум Ресейді қатынастыруға батылдық ете алмауы мүмкін. Бұл кедергілер Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа салқынын тигізері сөзсіз деп жазыпты жоғарыда аталған сайт.
Ресейге бағытталып отырған бұл санкциялардың Орталық Азияға әсері туралы пікір білдірген сарапшылар Қазақстанда жұмыс істеп жатқан АҚШ компанияларына әсері туралы да айта кетіпті. Бір қызығы, АҚШ-тың санкциялар пакеті американдық компанияларға 2025 жылдың 28 маусымына дейін Каспий құбыр консорциумы мен «Теңіз Шеврон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мұнай кәсіпшілігі қызметтерін көрсетуге мүмкіндік беруден бас тартуды қамтиды. «Шеврон» екі жобаның да ірі жеке акционері болып табылады және компанияның әлемдік қорларының шамамен 20%-ын иеленетін Қазақстандағы Теңіз кенішіндегі елеулі үлеске ие. Теңізден мұнайды Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізетін КҚК құбыры да «Шеврон» компаниясының қызметі үшін маңызды.
Дегенмен қайтадан сайланған Президент Дональд Трамп қызметіне кірісе сала Байден әкімшілігінің жүргізген саясатын мүлде теріске шығарып, кейбір шешімдердің күшін жоя бастағаны белгілі. Сондықтан толық күшіне ене қоймаған бұл санкция толықтай жүзеге асу-аспауы Трамптың қырық құбылған саясатына сын болары сөзсіз.