ЖАҢҒЫРҒАН ДӘСТҮРМЕН – ЖАҢАРҒАН ДӘУІРГЕ

ЖАҢҒЫРҒАН ДӘСТҮРМЕН – ЖАҢАРҒАН ДӘУІРГЕ

Әлеуметтік желілер мен алуан түрлі сайттарда күні кеше ғана құрылып, жаңа институт ретінде қызметіне кіріскен Халық Кеңесі туралы түрлі пікірлер айтылып жатқандықтан, өз оқырмандарыма ойлы сөз айтпаққа ниет еттім.

«Кеңес» ұғымы қазақ қоғамы үшін таңсық емес. Дәстүрлі қазақ қоғамында елдік мәселені таразылаудың, қоғамдық құрылымдағы өзекті деген сауалды ақылдасып шешудің, ел тағдыры талқыға түскен сындарлы сәтте ой тоғыстырып, сөзге тоқтаудың дәстүрлі мәдениеті ежелден бар. Билер кеңесі, ақсақалдар алқасы, елдік мәселені ортақ мүддеге орайластыра шешетін құрылтайлар – қоғамдық келісім мен мызғымас бірліктің тарихи үлгілері.

Әрине, бүгінгі Қазақстан Халық Кеңесін сол дәстүрлі институттардың тура көшірмесі деуге болмайды. Қазіргі Кеңес – Конституция мен Конституциялық заң негізінде жұмыс істейтін заманауи мемлекеттік институт.

Жалпы, тарихта елдің саяси жүйесінде жасалған әрбір өзгерістің салмағы әрқалай болады. Бірі – уақытша қажеттіліктен туындайтын шешім, енді бірі – қоғамның даму бағытын өзгертетін бетбұрыс. Ал кейбір бастамалар мемлекеттің саяси мәдениетіне жаңа өлшем енгізіп, билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа тетігін қалыптастырады.

Қазақстан Халық Кеңесінің дүниеге келуі – осындай тарихи кезеңнің бірі.

2026 жылғы 24 қыркүйекте Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Бұл – жаңа институттың жұмысын бастауы ғана емес, елдің саяси-қоғамдық өмірінде халықтың пікірін мемлекеттік шешімдер үдерісіне жүйелі түрде жеткізудің жаңа арнасы қалыптасқанын білдіретін оқиға. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сессияның ашылуында Халық Кеңесі жұмысының басталуын «Аса маңызды күн, шын мәнінде тарихи оқиға» деп бағалады. Бұл бағалаудың астарында үлкен мән бар.

Қазақстан Халық Кеңесінің басты мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға консультативтік тұрғыда қатысу арқылы халықтың талап-тілегіне ресми биліктің назарын аударту. Демек, Халық Кеңесін кезекті бір қоғамдық ұйым немесе пікір алмасу алаңы ретінде ғана қарау жеткіліксіз.

Оның конституциялық мәртебесі бар. Оның заңмен бекітілген міндеттері бар. Оның нақты өкілеттіктері бар. Ең бастысы – оның алдында қоғамның сан алуан пікірін бір арнаға тоғыстыру секілді тарихи міндет тұр.

Конституциялық заң бойынша Кеңес ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша жалпыұлттық диалог ұйымдастырады, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтады, елдің негіз құраушы қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетеді. Сонымен бірге ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге, Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге құқылы.

Әлеуметтік желіде желдей ескен пікірлерге қарасақ, Халық Кеңесі мен Құрылтай – бір-бірінің функцияларын қайталатын құрылымдар. Бұл – өте қате пікір. Халық Кеңесі – билікті алмастыратын немесе Құрылтайға балама институт емес. Керісінше, заңда оның өзге мемлекеттік институттармен өзара іс-қимылы мен құзыреті нақты ажыратылған. Президенттің өзі алғашқы сессияда Құрылтай мен Халық Кеңесі бір-бірін толықтырып, ел мүддесі жолында бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті.

Бұл – жаңа саяси мәдениеттің маңызды белгісі. Билік пен қоғамның арақатынасы қай заманда да мемлекеттің тұрақтылығын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болған.

Қоғамда қордаланған мәселе билікке жетпесе, билік қабылдаған шешім халықтың шынайы сұранысынан алшақтап кетуі мүмкін. Ал азаматтардың пікірі ескеріліп, түрлі көзқарас ашық талқыланатын орта қалыптасса, мемлекет пен қоғам арасындағы сенім де нығая түседі.

Осы тұрғыдан келгенде, Халық Кеңесінің басты тарихи миссиясының бірі – халықтың үнін мемлекеттік саясат қалыптастыру үдерісіне жүйелі түрде жеткізу.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Халық Кеңесін ұсыну себептерінің бірі ретінде дәл осы мәселені атап өткен болатын. Мемлекет басшысы оны «тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы» деп сипаттап, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуы қажеттігін айтқан.

Бұл жерде «диалог» ұғымына айрықша назар аударған жөн.

Диалог – бір тараптың сөйлеуі, екінші тараптың тыңдауы ғана емес. Диалог – тыңдау, түсіну, пікір алмасу, ұсынысты саралау және ортақ шешім іздеу мәдениеті. Сондықтан Халық Кеңесінің тарихи маңызын оның қабылдайтын құжаттарының санымен ғана емес, қоғамдағы түрлі көзқарастардың қаншалықты ашық әрі өркениетті түрде тоғыса алатынымен де өлшеуге болады.

Сөз басында айтқанымдай, Халық Кеңесі – қоғамның маңызды мәселелерін кеңесіп шешуге, әртүрлі пікірді тыңдауға, ортақ мүддені жоғары қоюға деген ұмтылыстың жалғасуы. Яғни, жаңғырған дәстүрдің заманауи форматы. Сондықтан жаңа институттың атауында жатқан «Халық Кеңесі» ұғымының символдық мәні де бар.

Президенттің алғашқы сессияда айтқан «Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір» деген сөзі Халық Кеңесінің тарихи миссиясы мен жаңғырған дәстүрмен сабақтасқан символдық мәніне терең түсінік береді.

Тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы – билік құрылымының тағы бір буынын қалыптастырудан әлдеқайда кең мағынаға ие құбылыс. Бұл – халықтың мемлекет ісіне қатысу мәдениетін орнықтыруға жасалған қадам.

Ал оның ғұмырын ұзартатын нәрсе – заңдағы баптар ғана емес, қоғамның, сіз бен біздің оған деген сеніміміз. Олай болса, бірлік ұғымын тек ұран ұғымында қалдырмай, тарихи жауапкершілік ретінде қабылдайық! Сонда ғана Халық Кеңесі билік пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналады!

 

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Халық кеңесінің мүшесі,

«Әділет» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы,

Қарағанды облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29336
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28899
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46167
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41764
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46473