Жақсылықтың жақсылығын ұмытпайық!

Жақсылықтың жақсылығын ұмытпайық!

Атамқазақ ежелден «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейтіні бар емес пе?! Алайда жақсы адамның аты өздігінен өлмей қалмайды. Оның есімін ұмыттырмайтын да, кейінгі ұрпаққа жеткізетін де – артында қалған халқы, тәрбиесін көрген шәкірттері мен ұрпағы екенін де естен шығармағанымыз абзал. Өйткені халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі – елге еңбегі сіңген азаматтарды ардақтау, олардың өнегелі өмірін кейінгі буынға үлгі ету болды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы құндылықтарымыздың әлсіреп бара жатқанын көріп, ішіміз тағы да удай ашып отырғаны, ол да анық... Бұрын жақсыны көрсе үлгі тұтатын, үлкенді көрсе құрметтейтін қоғамның иесі едік. Ал бүгінде кей жағдайда жақсыға сүйсінуден гөрі мін іздеуге, жетістікке жеткен жанды қолдаудан гөрі сынауға бейім болып барамыз.

Тіпті ел үшін еңбек еткен азаматтардың еңбегін бағалай алмайтын, олардың өмір жолынан тағылым алуға құлықсыз жастардың өсіп келе жатқаны да ойландырмай қоймайды. Егер біз осы бойынша кетіп, елге қызмет еткен азаматтарды ұлықтай алмасақ, олардың еңбегін жас ұрпаққа үлгі етіп көрсете алмасақ, онда ұлттық жадымыздың әлсіреуіне өзіміз жол ашқан боламыз. Ал өткенін қадірлемеген халықтың болашағы да баянды болмайтыны белгілі. Сондықтан халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген даналыққа толы сөзін басшылыққа ала отырып, саналы ғұмырын өнер мен білімге, ел мен жерге қызмет етуге арнаған ардақты азамат, ұлағатты ұстаз, талантты суретші, шебер мүсінші Жақсылық Сұлтанұлы Алтынбайдың өнегелі өмір жолы туралы бір үзік сырды ақ қағазға әдіптеуді жөн көрдік.

Әрине, бұл кейіпкеріміздің ғана өмірбаяны емес. Бұл адал еңбекпен өткен ғұмырдың шежіресі. Бұл ұстаздық пен өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктің тарихы. Бұл туған жерін қадірлеп, халқын ардақтап өткен азаматтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы туралы тағылымды әңгіме деп біліңіз, құрметті оқырман. Өйткені Жақсылық Сұлтанұлының өмір жолына көз жүгірте отырып, біз бір адамның тағдырын ғана емес, тұтас бір заманның болмысын, қазақы тәрбиенің қадірін, еңбек пен адамгершіліктің шынайы үлгісін көреміз. Осындай ғибратты ғұмыр кешіп, саналы өмірін өнер мен білімге арнаған, елінің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты азамат Жақсылық Сұлтанұлы 2025 жылдың 7 тамызында, 81 жасқа қараған шағында бақилық сапарға аттанды. Бұл қаралы хабар туған-туыстары мен шәкірттерін ғана емес, Қордай өңірінің көптеген тұрғындарын терең қайғыға батырды. Өйткені ол бүкіл ғұмырын халқының мәдениеті мен өнеріне, жас ұрпақтың тәрбиесіне арнаған біртуар тұлға еді.

Балалық шағының аспаны

Жақсылық Сұлтанұлы 1945 жылдың 9 мамырында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бұрынғы Михайловка, қазіргі Қарасай батыр ауылында дүниеге келді. Жеңіс күні туған сәбиге үлкендер жақсылықтың нышаны деп ырымдап, «Жақсылық» деген есім берген екен. Кейінгі өмір жолына қарасақ, бұл есімнің өз иесіне қаншалықты жарасқанын аңғару қиын емес. Ол Ұлы жүздің Шапырашты руынан, оның ішінде Кәумен атасынан тарайтын әулеттің перзенті болатын. Арғы тегі Қарасай батырдың ұрпағы саналатын өнегелі отбасында дүниеге келіп, Сұлтан ата мен Шәріп ананың тұңғышы ретінде он баланың алды болады. Осылайша, ол алты ұл мен төрт қыздан құралған үлкен әулеттің ағасы ретінде жасынан жауапкершілікті сезініп өседі. Табиғаты таңғажайып, бауырында бауырмал ел қоныстанған ауылында ер жеткен зерек баланың өнерге бейімділігі де қаршадайдан-ақ білінеді. Құрдастары асыр салып ойнап жүргенде, ол саз-балшықтан түрлі мүсіндер жасап, қағазға сурет салумен әуестенген. Болашақ тағдырының бағыты дәл сол балалық шағында-ақ айқындалғанын дәл осы тұстан аңғаруымыздың сыры осында.

Өнер жолындағы ізденіс

«Ат болатын құлынның мүшесінен белгілі» дегендей, бала кезден-ақ қағып алар қағылез болған ол 1962 жылы ауылдағы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Бұл оның өміріндегі үлкен белес болады. Міне, осы кезде оның өнер әлеміне деген шынайы қызығушылығы кәсіби біліммен ұштасып, суретшілік қабілеті жаңа деңгейге көтеріле бастайды. Сөйтіп, 1964-1967 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп, әскери қызметтен кейін оқуын жалғастырады. Білімге деген құштарлығы тоқтаусыз ізденіске жетелеп отырған ол кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркем-графика факультетіне түсіп, 1977 жылы жоғары білім алып шығады. Осылайша, білім алу тек мамандық иесі болудың жолы емес, адамның рухани кемелденуінің басты құралы деп білген Жақсылық Сұлтанұлы еңбек жолын 1969 жылы туған ауылындағы орта мектепте сызу және сурет пәнінің мұғалімі болып бастайды. Жас маманның әр сабағына үлкен жауапкершілікпен қарап, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлетіні сол кездің өзінде-ақ байқалған. Кейін суретші-әрлеуші, мозаикашы, суретші-маляр қызметтерін атқарып, өнерді өндіріс саласымен ұштастыра білді. Облкниготорг мекемесінде, құрылыс ұйымдарында еңбек еткен жылдары оның кәсіби шеберлігі артып, түрлі материалдармен жұмыс істеу тәжірибесі молайса, 1970-жылдардың ортасында Қырғызстанның Қант қаласындағы мектепте ұстаздық қызмет атқарып, кейін Қордай аудандық мәдениет үйіне көркемдеуші суретші болып орналасады. Осы кезеңде оның шығармашылық әлеуеті толық ашылып, аудан көлемінде есімі кеңінен таныла бастайды.

Қордайдағы алғашқы көркемсурет мектебінің негізін қалаушы

 Шын мәнінде, Жақсылық Сұлтанұлының өміріндегі ең үлкен еңбектерінің бірі 1984 жылы Қордай ауданында балалар көркемсурет мектебін ашуы болды. Ол бұл мектептің алғашқы директоры болып тағайындалып, оқу ордасын он екі жылға жуық басқарды. Осы уақыт аралығында жүздеген балаға өнердің қыр-сырын үйретіп, шығармашылық тәрбиенің өзіндік мектебін қалыптастырды. Оның жетекшілігімен тәрбиеленген шәкірттер республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкірт жетістігі екенін жақсы түсінетін ол әр баланың бойындағы талантты көре білді. Сондықтан да шығар, аяулы ұстаз болған ол шәкірттерінің суреттері мен эскиздерін, өз қолымен жасаған оқу құралдарын, мүсін үлгілерін ерекше ұқыптылықпен сақтап отырған. Бүгінде сол мұралардың өзі оның ұстаздық қызметінің баға жетпес куәгері болып отыр.

Шындығы да сол, Жақсылық Сұлтанұлының қолынан шыққан мүсіндер мен көркем композициялар ұзақ жылдар бойы Қордайдың көркін келтіріп тұрды. Әсіресе аудан тұрғындары жақсы білетін Емен саябағындағы мүсіндік туындылар оның шығармашылық қолтаңбасын айқын көрсететін жұмыстар деуге болатын еді. Өкінішке қарай, кейінгі жылдардағы қайта жаңарту жұмыстары кезінде олардың бір бөлігі алынып тасталды. Дегенмен оның өнері толық жоғалып кеткен жоқ. Бірқатар туындылары мектептерде, музей қорларында сақтаулы. Осылайша, ол Қордай аудандық музейінің ішкі көркем безендірілуіне де өзінің қолтаңбасын қалдырды. 1995 жылы Қарасай батыр ауылында орнатылған Қарасай батыр ескерткішінің сызбаларын жасап, оның жүзеге асуына белсенді атсалысты. Бұл еңбекті біз оның туған жер тарихына деген құрметінің жарқын көрінісі деп бағалауымыз керек.

Әулетіне қорған, ұрпағына өнеге болған азамат

Бүгінгі қоғамға көз жүгіртсек, адамды еріксіз ойландыратын жайттар аз емес. Соңғы жылдары отбасылық құндылықтардың әлсіреп бара жатқанын көріп, жүрегіміз қан жылап жүр. Өз баласының тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмейтін ата-аналар, қартайған шағында ата-анасын қараусыз қалдыратын перзенттер, шаңырақтың шайқалуы, туыстық байланыстың әлсіреуі секілді келеңсіз құбылыстар көбейген сайын нағыз отбасы иесі қандай болуы керек деген сауалға жауап таппай іздеп жүрміз. Осындай кезде саналы ғұмырын отбасының берекесіне, ұрпағының тәрбиесіне арнаған Жақсылық Сұлтанұлы секілді азаматтардың өмір жолы көпшілікке үлгі болары анық. Өйткені ол елге еңбегі сіңген ұстаз, өнер иесі ғана емес, ең алдымен өз отбасының тірегі, әулетінің ұйытқысы болған жан еді. Оның бар жетістігінің артында әрдайым өмірлік серігі, сенімді сүйеніші болған жары Гүлбахрам апа тұрды. Екеуінің арасындағы сыйластық пен түсіністік кейінгі ұрпаққа өнеге болатын шынайы отбасылық құндылықтардың жарқын көрінісі еді. Жақсылық ағамыз бен Гүлбахрам апаның таныстығы мектеп қабырғасынан басталып, сол мөлдір сезім 1969 жылы үлкен шаңырақтың іргесін көтеруге ұласты. Содан бастап өмірінің соңына дейін екеуі бір-біріне сүйеу болып, қуанышты да, қиындықты да бірге бөлісті. Жарты ғасырдан астам уақытқа созылған бұл жарасымды отбасы адалдықтың, тұрақтылықтың және өзара құрметтің үлгісі болып қалды. Гүлбахрам апа да өз заманының білімді қыздарының бірі болды. Алматы қаласындағы Нархоз оқу орнында қаржы мамандығын игеріп, алған білімін ұзақ жылдар бойы Қордай аудандық статистика бөлімінде және банк жүйесінде абыроймен қызмет етуге арнады. Дегенмен ол үшін ең үлкен міндет – отбасының берекесін сақтау, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлу болды. Осы жолда жұбайымен бірге үлкен еңбек атқарды. Ол екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Балаларының әрқайсысына білімнің, еңбектің, адамгершіліктің қадірін түсіндіріп, өмірден өз жолдарын табуға бағыт берді. Тұңғыш қызы Ләззат әке-шешесінің үмітін ақтап, медицина саласының білікті маманына айналды. Қордайдағы мектепті үздік аяқтап, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алды. Ұзақ жылдар бойы акушер-гинеколог ретінде аналар мен сәбилердің амандығына қызмет етіп келеді. Бүгінде де дәрігерлік жолын жалғастырып, ел игілігі үшін еңбек етуде. Екінші қызы Гүлзият та білім мен еңбекке деген құштарлықты ата-анасынан бойына сіңірді. Алдымен медицина саласында хирург мамандығын игеріп, кейін қаржы саласында да білім алып, кәсіби жолын табысты жалғастырды. Қазіргі таңда еліміздің ірі қаржы құрылымдарының бірінде жауапты қызмет атқарады.

Ұлдары Серікбек пен Берік те әке тәрбиесін көріп өскен азаматтар. Екеуі де қаржы саласында жоғары білім алып, ел экономикасының әртүрлі бағыттарында жемісті еңбек етті. Серікбек көптеген ірі компанияларда басшылық қызметтер атқарып, бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Ал кенже ұлы Берік Нархоз университетін үздік тамамдап, энергетика саласында үлкен еңбек жолынан өтті. Самұрық-Энерго жүйесінде жауапты қызметтер атқарып, «Құрметті энергетик» атағына ие болды. Бұл да әке тәрбиесінің, отбасынан алған тәлімнің жемісі екені сөзсіз. Ол төрт баласынан тараған 13 немеренің қызығын көріп, ата деген ардақты атты абыроймен алып жүрді. Бүгінде Жақсылық Сұлтанұлы арамызда болмаса да, оның артында қалдырған ең үлкен мұрасы – тәрбиелі ұрпағы, берекелі әулеті және өнегелі өмірі. Осындай азаматтардың өміріне қарап отырып, нағыз байлықтың атақ пен мансапта емес, соңында жақсы сөз қалдырып, ұрпағына дұрыс тәрбие бере білуде екенін түсінесің.

Еңбегін лайықты бағалайық!

Әрине, «ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан шықсын» деп атақты Бауыржан Момышұлы айтпақшы, оның да көп жылғы жемісті еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1994 жылы Жақсылық Сұлтанұлына «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағы берілді. Бұл марапат оның ондаған жыл бойғы ұстаздық қызметіне, өнер мен білім саласындағы адал еңбегіне берілген әділ баға болатын. Бірақ ол оның мәңгілік орнын анықтап бере алған жоқ. Себебі біз оны лайықты деңгейде өз орнына тұғырына қондыра алмай келеміз.

Өйткені біздің қоғамда көп жағдайда нағыз еңбек иелері тасада қалып, уақытша атақ пен даңқтың соңында жүргендер алдыңғы қатарға шығып кетеді. Кейде «Неліктен жастардың кітапқа қызығушылығы азайды? Неліктен өнерге ұмтылатын балалардың қатары сиреді? Неліктен үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, ұстазды қадірлеу сияқты қасиеттер әлсіреп бара жатқандай көрінеді? Неліктен суицид, қатыгездік, ерте жүктілік, жауапсыздық секілді келеңсіз құбылыстар көбейіп отыр?» деп ойға қалатынымыз да содан.

Әрине, мұның бәрін бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес. Алайда оның түп-тамырында ұлттық тәрбиенің әлсіреуі, рухани құндылықтардың кейінгі орынға ығысуы жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Біз балаларымызға кімді үлгі етіп көрсетіп жүрміз? Олар кімге қарап бой түзейді? Қай тұлғаның өмір жолын өнеге тұтады? Кезінде халқымыздың әр баласы ауылындағы қадірлі ұстазға, еңбек адамына, өнер иесіне қарап өсетін. Олар үшін шынайы батырлар елге қызмет еткен адамдар болатын.

Ал бүгінгі ақпарат тасқыны заманында жастардың санасын түрлі кездейсоқ танымал адамдар жаулап барады. Сол себепті ұрпақтың санасында «Мен кім болуым керек?» деген сұраққа нақты жауап қалмай бара жатқандай. Шын мәнінде, бүгінгі жас ұрпақ Жақсылық Сұлтанұлы сияқты тұлғалардан тәлім алуы керек. Өйткені ол өмір бойы адал еңбек етті. Елден ештеңе сұраған жоқ, керісінше еліне қызмет етті. Өнерді дәріптеді. Балаларды тәрбиеледі. Жүздеген шәкірттің өмір жолына бағыт берді. Өзінің ғана емес, тұтас бір өңірдің мәдени өміріне үлес қосты.

Осындай азаматтардың ғұмыры жас буынға үлгі болуға лайық емес пе? Егер әрбір мектеп оқушысы «Мен де Жақсылық атамдай суретші болсам», «Мен де халқым үшін еңбек етсем», «Мен де артында жақсы із қалдырған азамат болсам» деп армандайтын болса, онда ұлт ретінде ұтарымыз көп болар еді. Ұлттың болашағы осындай армандардан басталады. Сондықтан біз қоғам ретінде өз құндылықтарымызды қайта қарауымыз қажет. 

Нағыз еңбек адамдарын, ұстаздарды, өнер қайраткерлерін, ғылым мен мәдениетке қызмет еткен азаматтарды көбірек насихаттауымыз керек. Олар туралы кітаптар жазылып, деректі фильмдер түсіріліп, газет-журнал беттерінде жиі жариялануы тиіс. Өйткені жас ұрпақтың кімге еліктейтіні – елдің ертеңін анықтайтын маңызды мәселе. Бұл тұрғыдан алғанда Жақсылық Сұлтанұлының өмір жолы ерекше құрметке лайық.

Ол Қордай ауданында балалар көркемсурет мектебін ашып, тұтас бір буынның шығармашылық қабілетін дамытуға жол ашты. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық деңгейде жетістіктерге жетті. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның игілігіне айналған еңбек. Сондықтан осындай азаматтардың есімін ұлықтау – тек бір отбасының немесе бір әулеттің мәселесі емес. Бұл – елдік мәселе. Оның атындағы көркемөнер сыныбы ашылса, арнайы кабинет ұйымдастырылса, шығармашылық байқаулар өткізілсе немесе білім ордасына есімі берілсе, бұл ең алдымен келешек ұрпақ үшін қажет дүние болар еді. Өйткені бір ғана сыныптың қабырғасында Жақсылық Сұлтанұлының өмір жолы мен еңбегі насихатталса, сол жерден ертең тағы бір суретші, тағы бір сәулетші, тағы бір ұстаз шығуы мүмкін. Бір баланың жүрегінде өнерге деген сүйіспеншілік оянуы мүмкін. Бір жасөспірімнің өмірлік бағыты өзгеруі мүмкін.

Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Біз жақсы адамдарды тек өмірден өткеннен кейін ғана еске алмай, олардың еңбегін тірі өнеге ретінде ұрпақ санасына сіңіре білуіміз керек. Сонда ғана ұлттық құндылықтарымыз нығайып, рухани тамырымыз тереңдей түседі. 

Жақсылық Сұлтанұлының ғұмыры өнерге адалдықтың, ұстаздыққа беріктіктің, туған жерге қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай тұлғаларды қадірлей алған қоғам ғана өзінің болашағын дұрыс бағыттай алады. Ал олардың есімін ұрпақ жадында сақтау – бүгінгі буынның азаматтық парызы. Ендеше асыл азаматтың өнегелі ғұмыры туған жерінің тарихында, шәкірттерінің жүрегінде, ұрпақтарының жадында мәңгі сақталады. 

Елқуат ЕЛТӨРЕ

 

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26498
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25926
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43321
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39122
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43728