Өткен аптада Алматы облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасында «Мөлдір бұлақ» журналының 20 жылдығына орай тамаша танымдық басқосу өтті. Осыдан бір ай бұрын кітапхананың директоры Тоқабаева Ғалия Сламбайқызының ұсынысы бойынша байқау өткізуге келіскен едік. Оқырман мен кітапхана, қаламгер мен кітапхана арасындағы үйлесімділікті ұстап, байланысты күшейте түсу мақсатында «Ұрпақ тәрбиесі – Мөлдір бұлақ» атты байқау жарияланған болатын.
Жер-жерге хат жіберіліп, кітапханалар арқылы қозғау салып, эссе, ертегі, өлең, комикс – төрт бағыт бойынша байқауға шығармалар келіп түсе бастады. Көрсетілген мерзім ішінде жүзге жуық еңбек келіпті. Жазушылар Ертай Айғалиұлы, Әбділдабек Салықбай, ақындар Саят Қамшыгер, Ержан Жұмабек, суретші Сағи Ахтан қатарлы азаматтар қазылық етіп, әр номинация бойынша екі оқушыдан таңдап шықты.
Эссе жазу бойынша Іле ауданынан Ерзат Қайырғазы, Райымбек ауданынан Аяжан Жақұпжан, ертегі бойынша Іле ауданынан Нұрай Мамырбек, Жамбыл ауданынан Жанерке Нұрсайлау, өлең жазуда Райымбек ауданынан Жетесова Аяулым, Сарыбай Диана, комикс салуда Ақшораева Тамара, Абай Арсен қатарлы оқушылар ақшалай, заттай сыйлық және мақтау қағазымен марапатталды.
Кітапхана директоры Ғалия Сламбайқызының мұқият жобасы мен шебер ұйымдастыруы арқасында басқосу тәлімді, тағылымды болып өтті. Осы сегіз жүлдегердің арнайы тәрбиешілері мақтау қағаздарымен марапатталды. Кітапхана директоры бұл шараның маңызы мен мақсатына тоқтала келе, байқауды ашып беріп, соңында сөз сөйлеп нүктесін қойды. Әр номинацияның тұсына келгенде қазылық жасағандар үздік шәкірттердің еңбегіне тоқталып, артық-кемін түсіндіріп, жылы лебіздерін білдіріп отырды. Соңында қазылар алқасының төрағасы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы қорытынды сөз сөйлеп, ұстаздар мен шәкірттерге табыс тілеп, кітапхана ұжымына рақмет айтты.
Мұндай шара арқылы балалардың көңіл аясын кеңейтіп, қабілетін арттырып, таланттардың мүмкіндігін ашуға болады. Осылайша шығармашылық жетістігін журналға жариялауға жол ашылады. Онан ары журналға жазылу арқылы басылымды қолдап, «Мөлдір бұлақтың» таралымын көбейте алады. Осылайша облыстық кітапхана мен журнал редакциясы бірлесе отырып өз мәресіне әдемі жетті. Соңында осы жолғы байқауда озып шыққан екі оқушыға «Мөлдір бұлақтың жас тілшісі» деген куәлік тапсырылды.