Жастар кімдердің «қолшоқпары» болды?

Жастар кімдердің «қолшоқпары» болды?

Қаңтар  айында  болған  қанды оқиға жанымызды күйзелтіп, арқамызға   аяздай  батты.  Естіген сәттен бастап,  жаңа жылдық көңіл күйіміз бұзылып,   есеңгіріп қалдық десек артық айтқандық  емес. Алматының   аспаны  атылған оқ  пен жалынға оранып, көшелері  жолындағысын  жайпап өтетін жаман пиғылды  адамдар легіне толып кетті. Бір-бірін  тепкілеп, ұрып-соғып, өлтіруге шейін барған  өз қандастарымыз.  Соғыстың елесін көріп, жанымыз түршікті.

Осы уақытқа дейін  бір кездері халық қаржысына салынған  мемлекеттік мекемелерді  тас-талқанын шығарып өртеу, бөтен адамдардың мүлкін тонап бүлдіру деген фактілер болып көрген жоқ. Тіпті сонау Желтоқсан көтерілісі кезінде де  алаңға шыққан жастарымыз  алды ажал құшып, арты зардап шегіп, абақтыға жабылып  жатқанда да  мұндай  сұмдық істерге барған жоқ. 

Жаңаөзенде басталған шерушілердің талап-тілегіне құлақ асқан  Мемлекет басшысы дереу шара қолданды деген хабарды  естіп, енді бәрі тынышталады екен деп қуанып қалдық. Алайда көңіліміз су сепкендей басылды. Барлық қалаларда  екпіні қатты,  ұрандатып шыққан  лаңкестік  топтардың көксегені, арам пиғылы, алған бағыттары басқа екен.  Қасақана ұйымдастырған іс-әрекеттердің 11  өңірде   бірден басталуы көп нәрсені аңғартады.  Еліміздің  ең әсем қаласы Алматыны біржолата  басып алып,  іргетасын   құлатуды көздеген лаңкестер   шындық іздеп шыққан жастарды тиімді пайдаланды.  Бір сөзбен айтсақ,  шеруге шыққан халықтың басым көпшілігі  солардың  кереғар іс-әрекетіне ілесіп,  қала ішін  лаңдатқан болуы керек. Осы халықтың ақшасына салынған ғимараттардың енді миллиардтаған бюджет қаржысына  жөнделетіні өкінішті-ақ. Осы лаңкестік әрекет салдарының шығын көлемі 300 млн-нан астам АҚШ долларын құраған екен.

Кез келген  көзі ашық көкірегі ояу, білімді  азамат  заңды бұзудың соңы неге соқтыратынын білген жоқ деуге ауыз бармайды. Сонда да бастарын бәйгеге тігіп, шеруге шыққандарына қарағанда  ұйымдастырушылары мықты болғаны белгілі болды. Жалпы  жұрт бізге лаңкестер  қайдан келді деп аң-таң болуда.  Лаңкес деген  сөздің  түп тамырына үңілсек, анықтамасы мынандай екен: Лаңкестік терроршылдық – саяси әлеуметтік себептерге байланысты жеке адамға, көпшілікке немесе мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу, күш қолдану  мақсатында қасқана  жасалатын  қылмыстық іс-әрекет.  Енді ары қарай өздеріңіз ойланып көріңіздер, сырттан   келген жалдамалы  баскесерлердің  «қол шоқпары» кімдер болды? Өздерінің  қанды іс-әрекеттеріне қарамай, алаң маңында  намазға жығылып жатқан адамдарды  ғаламтордан көргенде  ашу-ызадан жарылып кете жаздадым. 

Қазіргі кезде  қанды оқиғаға  неше түрлі  сараптамалар жасалып, пікірлер  айтылып  жатыр. Қылмыс жасағандар қамалып, тергелуде.  Ешкімге қара күйе жағып, жазғыратын біз емес. Тек қана  халықтың тыныштығы бұзылып, талай   азаматтардың айдың-күннің  аманында ажал құшқаны –  орны толмас өкініш. Оның ішінде өз міндеттерін мінсіз орындаған әскери  адамдар мен полиция өкілдері де  бар. 

Сол күндері Алматы қаласының тұрғындары да лаңкестер мен бүлікшілердің  беталысынан қорқып, әркім өз көшесін, өз ауласын, өз үйін қорғауға дайындалды. Үйімізге шабуыл жасаса, бізде  қарсылық көрсетеміз деп талай атқамінер азаматтардың қару саймандарын дайындап, ұйқысыз  түндерін өткізгенін өз көзіммен көрдім. 

Алып-қашпа әңгіме жетерлік. Қаңтар оқиғасы кезінде  көлікпен кетіп бара жатқан бір жігіт ағасын даурыққан қалың топ тоқтатып алып, «Қазақсың ба, жүр бізбен бірге» деп жағасына жармасыпты. Көздері қанталап, анаша шегіп алғандай түр-сыйпаттары адам шошырлық жас жігіттерді  көрген әлгі азамат оларды алдап-сулап, «Қазір қайтып келемін, мен де сендермен біргемін» деп әрең құтылыпты. Бір мекемеде  қызмет атқаратын әйел  таң атпай жұмысқа кешігетін болдым, дедектеп жаяу келе жатса бір орталық көшеде  екі полиция қызметкерін тепкілеп ұрып, соққыға жыққан   содырларды  көріп, кейін қарай  тұра қашыпты.  Алматы қаласының  әуежайынан Грузиядағы ұлына  кетіп бара жатқан ата-ана  қолдарында сойылдары бар бұзақылардың қалың тобы  жолындағысын өртеп, қиратып  ғимаратқа  басып кіргенде қосалқы есіктен әрең шығып үлгеріп, қашқанда  өкпелері өшіпті. Әуежайға қонған үш ұшақта пәленбай жолаушы 14 сағаттан артық сыртқа шыға алмай қамалып отырғаны да мәлім  болды. 

Ғимараттарды өртеп, қирата бастағанда  ішінара «Қойыңдар, бұларың не деген?» деп шырылдаған адамдардың дауысына құлақ аспай,  қалың нөпір оларды  жолдан қағып тастағанын теледидардан көзіміз көрді. Ойпырым-ай,  осыншама  сана-сезімнен жұрдай, еш нәрсенің байыбына бармай,  қасақана  лаңкестік  әрекетті  мақсат еткен  топтың айтағына  еріп,  «қол шоқпары» болып кеткен  жастарымыздың  қарасының көптігіне жағамызды ұстадық. 

Мықтап жабылған,  қайнаған  қазанның  қақпағы қалай  ашылып кетті!? Осындай халге халықты жеткізген кім? Ол туралы жеткілікті мақала, ақпараттар  беріліп жатыр. Бұл қанды оқиғаға  алып келген басты  себептердің  бірі  елімізді соңғы 10-15 жыл  бойы  шырмап алған  сыбайлас жемқорлықтың салдары дер едім. Жоғарыдан төмен, төменнен жоғары заңды белінен басқан  параның  жүйелі жүргізілгенін  қараша жұрт білмейді деу сорақылық. 

Ақиқатын айтсақ, бізде  бәрі «сатылатын» еді. «Биліктегі жайлы орынтақтың» құны 50 мың АҚШ доллары екенін жұрт ұзынқұлақтан  жақсы біледі. Тіпті пысық әкімдер, аппарат жетекшісі деген жандайшаптары арқылы  қызмет жасап отырған  мамандардан    пара сұрап, бермесе соңынан от алып түсіп, кетірудің неше түрлі айлаларын іске асыратынын былайғы жұрт білмейді  дейсің бе? Өйткені босаған мемлекеттік қызмет  орны қайта «саудаға» түседі. Өңірдің әкімдері әрине бәрі емес, тура  хан  дерсің, ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс болып, «орынтақтарын» «майлы шелпекке» айналдырып алған. Әзірше Президенттің бұларға шара қолдануға уақыты жетпей жатқаны анық.  Бірақ «Көш жүре келе түзеледі» дегенде  мақал бар.

Қазіргі кезде Президентке   талап қоюшылар қарасы  көбейіп кетті. Ол кісі бір айдың ішінде  жылдар бойы  жабайы шырмауық болып қаптап  өсіп кеткен «арамшөп» коррупционерлерді, текшелеп жиналып қалған кем-кетігімізді түп тамырымен жойып, «коммунизм» орната алмайды ғой.  Сондықтан халқымызды сабырлыққа шақырғым келеді. Бәріне уақыт керек. Біз бүгін  барлық жақсы шараларды қолдап, «отқа май құйғандарға»  тосқауыл қояйық. Бас-басымызға би  болудың түбі жақсылыққа әкелмейді.

Көріп, біліп отырсыздар,   жүрегі де, қолы да таза емес  жауапты қызметкерлерді орнынан алып,  биіліктен аластатып жатыр. Қазақстанның тарихында болмаған  ақиқатты  Қасым-Жомарт Тоқаев  айтып, тұрмысы төмен халықтың жағдайын жақсарту  үшін қор құрып, оған  100-ден астам миллиард теңге  қаржы  жинады. Оның да әділ жолмен  кедейлерге берілетініне шәк келтірмейік. 

Менің бір таң қалатыным  биіліктің  заңғар  биігіне көтеріліп, халықтың  әлеуметтік  жағдайын жақсартамын деп  уәде беріп келген, пәленбай жыл  елді басқарған  тұлғаның  бүкіл отбасы  жемқорлық тәсілмен миллиардтарды  жарыса  жинап, зәулім сарайлар  сатып алып, шетелдің қалтасын қампитатындай не көрінді? Не деген тойымсыздық, қанағатсыздық?! Сонда  олар үш ғасыр өмір сүреміз деп болжаған ба?   

Қарапайым  теміржолшы  Дантай әкемнің  бір  сөзі мәңгі есімде жазылып қалыпты. «Қайғысыз ішкен қара су артық» деуші еді. Енді не болды? Тірнектеп жиған абыройлары бір-ақ күнде айрандай  төгілді емес пе?!

Сөздің  тоқетерін айтсам, ел болып, жұрт болып, тәуелсіз  мемлекетіміздің  бейбіт өмірін, тыныштығын, амандығын  ойлайық. Онсыз да кең байтақ жерімізге  көз тігушілер жетерлік.  «Бөлінгенді бөрі жейді» деген де мақал бар. Ғасырлар бойы шекіскенмен шекісіп, бекіскенмен бекісіп ғұмырын сарп еткен  ата-бабалардың  ұрпағына аманат етіп қалдырған  туған жердің топырағына  жаудың табаны тимесе екен деймін.

 

Нұрила Бектемірова
17.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 29
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 52
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 19
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 24
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 31
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 27
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 55
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 52
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 258
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 255
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 877

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8952
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8346
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11572
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9330
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10556