Қазіргі таңда ұстаздық мамандықтың қасиеті айшықталып, беделі де көтеріліп келеді. Мемлекет тарапынан ұстаздарға жасалып жатқан қамқорлық пен мұғалім беделін көтеру жолындағы игі істер көңіл қуантады. Ұстаздық мамандығын, осы кәсіп иелерінің талабы мен жауапкершілігін сезінбеген, түсінбегендер ғана шын мәнінде байыбына бара алмайды. Ұстаздар ұрпақ жолында бойындағы бар күш-қуатын сарқиды. Болмысы бөлек, қыран іспетті ерекше жаратылыс иелерінің өмірдегі алар орны қай заманда да жоғары болған. Білгеніңді басқаға үйретіп, одан қуат алып, өзің сүйген ісіңді жасағанға не жетсін?! Жаңа ғасыр, жаңа заман талабына сай ұстаздар да үнемі даму үстінде болу керек дегенді баса айтқан. Менің ұғымымды, жаңғыру-түп-тамыр, талғамнан салт-санадан ажырау емес, жаңа технологияны меңгердік деп бас-көзсіз өткенді ұмыту да емес, екі жақты болу керек. Осы тұрғыдан келгенде мұғалімдер, оның ішінде жас мамандар жаңашыл, білімді, педагогикалық өзгерістерге бейім жандар деп айтуға болады. Жас мамандар өткеннің қалдығын емес, өзінше ой толғайтын, болашаққа батыл қадам басатын жандар. Өзіне де, басқаға да пайдасын тигізіп жүрген жастар көңіл қуантады. Сол жастардың қатарында өзім де бармын деп аса бір мақтаныш сезіммен айтқым келеді. Біздің қоғам, біздің ел талапты, білімді, жігерлі жастарға мейлінше қолдау көрсетуде. Әрбір жас осы мүмкіндікті жіберіп алмай, қабілет-қарымы мен қажырлы еңбегін ел мүддесі үшін жұмсай білсе, шығар биігі де жоғары болмақ
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ? – деп Назым Хикмет айтқандай, біз жалындап жана білсек, болашағымыз да жарқын болары ақиқат.