Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов облыс орталығындағы өндіріс орындарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесуде.
Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жуырда шаһар басшысы өңіріміздегі көшбасшы әрі ежелгі кәсіпорындардың бірі – «Орал «Зенит» зауыты» АҚ қызметкерлерімен кездесті. Өз тарихында арнайы теңіз техникасын шығарумен танылған зауыт қазіргі таңда өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерді шығарумен айналысады. Бүгінде бұл кәсіпорында 750-ге жуық қызметкер еңбек етуде.
Жиын барысында қала әкімі Миржан Мұнайдарұлы алдымен өндіріс орнының еліміз үшін маңызын атап өтіп, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін облыс орталығында атқарылып жатқан іс-шаралардың барысынан хабардар етті.
Ал зауыт жұмысшылары қаладағы қоғамдық көлік, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға тастамау, жарықтандыру, көпқабатты үйлердегі пәтер иелері кооперативінің жұмысына қатысты мәселелерді қозғады. Қала әкімі барлық сұрақтар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар қаладағы тазалық жұмыстарына тұрғындардың да жауапты екенін атап өтті.
Жиын соңында «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев кәсіпорынға арнайы келіп, қызметкерлермен кездесу өткізген қала әкіміне ризашылығын білдірді.