Тақуа адам – мейірімді адам екендігіне иланасың. Ертеректе болған оқиға деседі. Бір тақуа кісі алыс сапарларға жаяу шығып, жаяу қайтады екен. Достары мен жақындары «Неге ат мініп шықпайсыз, шаршап-шалдығасыз ғой»деп жанашырлық танытыпты. «Ат мініп шықсам,жердегі жыбырлаған құрт-құмырысқаларды аттың табанымен таптап кетемін ғой. Жаяу жүрсем табанымның астын көремін, Құдайдың жаратқан жәндіктерін баспаймын ғой» деп жауап қайтарыпты әлгі тақуа адам. Міне, тақуа адамның мейірімді болатындығын осыдан-ақ білуге болатын шығар. Біздің ауылда Оңлабай есімді қария ғұмыр кешті. Өте тақуалы кісілердің санатында болды. Шіркін-ай десеңізші, бас қосқан жиындарда, ас берілген дастархан басында дана адамдай аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Қысқа сөйлеп, қысқа қайыратын. Елді жалықтырмайтын жағымды әңгімесіне талай сүйсінген едік. Байсалды, салиқалы қалпынан танбаған дара болмысымен жұрт жүрегінен орын алған еді. Ал діндарлығында шек жоқ еді. Құдайға деген құлшылығы, Аллаға деген махаббаты алабөтен, дүниеге қызықпаған, шағын қараша үйін паналаған, бірақ жүрегі үлкен кең пейілді жақсылардың шоғырында болатын.
Сол Оңлабай атам Тараздың іргесіндегі №6-шы кеңшардан / қазіргі Жамбыл ауданындағы Түркісіб ауылы/ облыс орталығындағы «Әулиеата» мешітіне жұма сайын жаяу қатынайтын. Жұма намазынан соң үйіне жаяу аяңдайтын. Ұзын бойлы, кең иықты, кесек бітімді, қолында аса таяғы бар қайратты қарияны далада мал бағып, доп ойнаған біздер оны қарсы алып сәлемдесетінбіз. Бірде атамызға: «Көлікке неге мінбейсіз, шаршайсыз ғой, ата» дедім. «Жоқ, шаршамаймын. Құдайдың берген денсаулығы бар. Оны қайтемін, ана дүниеге әкетем бе?» деді. Міне тақуа адамның кескін-келбеті мен көркем мінезін осы кісіден көріп, жүрегімде жарқын бейнесі осы күнге дейін жатталып қалды. Тақуа адамды Құдайы қолдап, ұзақ ғұмыр сыйласа керек. Оңлабай ақсақал тоқсанға жақындап, жақсылықтың шамын жағып, Алланың нұрымен о дүниеге аттанды.
Тақуалыққа жеткен кісілер ауылымызда аз болған жоқ. Нұрман қарияны / шын аты Нұрмағанбет/ солардың қатарына жатқызуға болады. Әкесі Ысқақ мешіт ұстап, балаларға дәріс берген, ұлағаты мол діндар кісі болған деседі. Нұрекең де әкесінің жолымен жүріп, адалдық пен ізгіліктің ізін тастап, бұл дүниенің байлығына қызыққан емес. Қартайғанша қара жұмыстың қайнаған ортасынан табылды. Белі бүгілместен, қары талмастан, сағы сынбастан тер төкті. Ол қандай еңбек дейсіз ғой? Жұмысы күндіз-түні бір тынбайтын теміржол бойында жүк көтеріп, жүк түсіретін жүкші болғанын көзіміз көрді. Вагондарға жүк тиеп,жүк түсіруден асқан қиямет бар ма? Зейнетке жеткенше бар ғұмырын Жамбыл стансасында өткізді. Осындай жұмысқа ердің ері ғана шыдайтын шығар. Ол кезде кішкентай бала болсақ та, қарияның жылдың барлық мезгілінде жолсыз ашық даламен теміржолға төтелеп тартқанын көретін едік. Көрген сайын «Мұнысы қалай?» деген сауалдар маза бермейтін. «Қарағым, бойымда қуатым бар. Оны жұмсамағанда не істеймін?» деп жауап бергені бар. Жұмысқа үйден ас-ауқатын апарады. Асханадан тамақ ішпейді. Аш қалса да, оған бас сұқпайды. Қайтарында отын арқалап қайтады. Күндегі әдеті осы. Жалықпайды, шаршамайды. Дұрысы шаршауды білмейді. Жұмысында жүріп, бес уақыт намазын қаза қылған емес. Отыз күн оразасын ұстап жүрді. Ол кезде еңбек демалысын алатыны бар. Коммунистік партия үстемдік құрған сол бір заманда Нұрекең дін жолынан айнымады. Ешкім тайдыра алмады. Қымсынып жасқанбады. Ауызынан Алласын тастамай, күш-қуатын еселеп, қара нардың жүгін көтерді. Жұмыстан қалуды не кешігуді білмейтін, ауру-сырқаудан аулақ мұндай адалынан жаратылған адамның құрметке бөленбеуі мүмкін бе? Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Міне Рамазан айының бел ортасына да келіп жеттік.Қасиетті айдың құрметі үшін бірін-бірі кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеліп, жүректері нұрланып, жандары шуақтана түскендері анық. Қымбатшылық секілді қиындықтарға байланысты жақын туыстар өз отбастарында шағын топпен бас қосып, ыстық ықыласпен ауыз ашқандары, дұға-тілектерін айтып, бір-біріне ізет білдіріп жатқандары кәміл. Ораза адамдардың бір-біріне деген бауырластығын арттырып, дастархандағы несібелерге құрметпен қарауды ұқтырғандай. Ораза адам жанын тазартып, керемет рухани ләззат сыйлағандығын айта кеткен ләзім. Жәннат есіктері ашылатын бұл айда Алланың сүйікті құлдары жақсылық жасаумен жарысқа түсіп, қайырымдылық пен мейірімділіктің үлгісін көрсетері, жүректері нұрланған шуақты шақтарын өткізері хақ.
Алла Тағала ораза ұстаған пенделерінің күнә-кемшіліктерін кешіреді, оразада тілеген дұға-тілектерін кері қайтармайды. Қиямет күнінде жұмаққа ораза тұтқандар ғана кіреді, басқа ешбір адам кіре алмайды делінеді хадисте. Қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткендер ең алдымен адамзатқа қауіп төндіріп отырған түрлі індеттің, түрлі жанжалдың жер бетінен жойылуын, Қазақ елінің қасіреттен аман болып, өркендей беруін бір Алладан тілеп жалбарынуда. Иншалла, Ораза айында тілеген дұға-тілектеріміз қабыл болғай!