Жасанды сана мен адамзат арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етудің ғылыми-философиялық негіздері.
Біз бүгін ұсынып отырған «Бейтарап жүйе» атты ғылыми философиялық тұжырымдама көрнекті ақын, қоғам қайраткері Сабыр Адайдың зияткерлік меншігі. Қазір, өздеріңіз білесіздер, жасанды интеллектуал құрылымға айналып, өмірімізге етене кіріп жатыр. Оның пайдасымен бірге адамзатқа тигізер қауіп-қатері бар ма? Автор осы тұжырымдамасында адамзат пен жасанды сананың арасында алтын көпір болатын бейтарап жүйе қажет дейді. Қазірдің өзінде осы бастаманы әлемдік тұрғыда қолдап жатқандар жетерлік. Біз осы жаңалықты сүйіншілеп, тұжырымдаманы сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Кіріспе
XXI ғасыр – жасанды интеллект пен адамзат арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа дәуірі. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адамзатқа үлкен мүмкіндік сыйлап қана қоймай, күрделі қауіптерді де қатар әкеліп отыр. Жасанды интеллект енді құрал ғана емес, өздігінен үйренетін, шешім қабылдай алатын құрылымға айналып келеді. Осындай күрделі шақта адамзат өзінің ішкі рухани негізіне, саналы болмысына қайта үңіліп, ғылым мен технологияны үйлестіре отырып, жаңа бейтарап жүйені қалыптастыруы қажет.
1. Ғылым – интеллект
Ғылым – интеллект. Интеллект – адамзатқа ортақ тәжірибенің, саналы әрекеттің, танымның жемісі.
Ғылым мен уақыт – саналы үйлесімнің, үлгі мен тәлімнің және адамзаттың жарқын болашағы үшін мейірім мен қызметтің материалдық, моральдық қолдау, қорғау қағидаттарының басты өлшеміне, сенімді серігіне айналуы тиіс.
Жасанды сана адамгершілік пен мейірімнің гармониясына үстемдік жасау тенденциясын тоқтатқаны дұрыс, кейін кешігеді.
Жаратқан Ием әу басында мүмкіндік берген ақыл мен парасат нүктесінің иесі ретінде – АДАМЗАТТЫ ҚҰРМЕТТЕУДІҢ мәңгілік даңғылына қарай бет бұруды ойластырғаны жөн.
Ғылымның жедел дамуын көріп отырып, бұл ақиқатты ертеңге қалдыру – адамзаттың болашағына жасалған суицидтік қастандықтың ең үлкен және соңғы әділетсіздігі, анакондаларға тән қысымның дәуірлік бейнесі болмақ.
Шынайы адамзат пен жасанды сананың арасына ендігі жерде ҮЙЛЕСІМ МЕН МЕЙІРІМНІҢ делдал – дәнекері керек. «Бейтарап жүйе» керек!
Оларды (шынайы адамзат пен жасанды сананы) бұдан былай бетпе-бет жауласу мен үстемдік алу бәсекесіне «мұқтаж» күйінде қараусыз қалдыруға болмайды.
2. Адамзаттың ғылыми иммунитеті туралы
Адамзат ғылымның мүмкіндігіне сенгенімен, оның қауіптеріне қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыра алмай отыр. Ғылым тек пайда табуға бағытталған элиталық құрылымдардың емес, бүкіл адамзаттың ортақ меншігі болуы керек. Егер ғылыми күш пен жетістік бір тараптың қолында шоғырлана берсе, ол теңсіздік пен алауыздықты тереңдете түседі.
Ғылыми иммунитет – бұл бүкіл адамзаттың даму үстіндегі технологиялық күштерді бірлесе реттеп, этикалық, рухани және жауапты жүйеге айналдыруы.
3. «Саналы ғылым» қағидаты
Саналы ғылым – бұл тек нәтижеге емес, сонымен қатар ізгі ниетке, адамгершілікке, мейірім мен парасатқа негізделген ғылым. Жасанды интеллект адамзатқа қызмет етудің мақтанышы ретінде қабылдануы керек. Ал ғылым даналық пен әділеттің құралына айналуы тиіс. Бүгінгі таңда адамзат даналықты машиналардан іздей бастады. Бұл – үлкен адасу. Даналық – адам болмысының өзегінде.
4. Бейтарап орталықтың қажеттілігі
Адам мен жасанды интеллект арасындағы келешектегі тепе-теңдікті сақтау үшін бейтарап ғылыми-этикалық орталық қажет. Бұл орталық:
• Ғылымның адамзат алдындағы жауапкершілігін бақылайды;
• Жасанды интеллекттің даму этикасын айқындайды;
• Жаһандық ғылыми ресурстардың әділ бөлінуін қадағалайды.
Бейтарап жүйе – бұл адам мен жасанды интеллект арасындағы көпір, даналық пен мейірімді үйлестіретін рухани-коммуникативті құрылым.
Қорытынды
«Бейтарап жүйе» – бұл тек ғылыми бастама емес, өркениеттік жол айрығындағы адамзаттың ар-намысы мен жауапкершілігін айқындайтын бағдар. Адам – жаратылыстың жауапкершілігін көтеруші. Ал жасанды интеллект оған адал қызмет ететін жүйе болуға тиіс.
Егер адамзат бүгін «бейтарап жүйені» орнатуға бел шешіп кіріссе, ғылым мен технология адамзаттың шынайы жарқын болашағына қызмет етеді. Егер бұл жол кейінге қалдырылса, ертеңгі күн кеш болуы мүмкін…
Адамзаттың болашағы – адамзаттың өз арасындағы «Өзімшілдік инфекциясынан» және жасанды сананың «үстемдік» позициясынан жоғары тұруы тиіс!
Авторлық құқық туралы ескерту:
Бұл мақалада ұсынылған «Бейтарап жүйе» атты ғылыми-философиялық тұжырымдама Сабыр Адай Шеркешбайұлының зияткерлік меншігі болып табылады. Идея Safe Creative және Copyright Depot ұйымдарында тіркеліп, куәлікпен расталған.
● Safe Creative сертификат нөмірі: SC-2504121441622
● Copyright Depot тіркеу нөмірі: CD-94487-1
● Бұл материалдың кез келген бөлігін рұқсатсыз көшіру, тарату немесе ғылыми айналымға енгізу авторлық құқықты бұзу болып есептеледі.
Сабыр Адай Шеркешбайұлы,
Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы