Белгілі бір аймақта шығарылатын тауарлар мен өнімдер түрі неғұрлым көп болса, аумақтың экономикалық өсуі мен әл-ауқаты соғұрлым жақсара түседі. Президенттің өткен жылғы Жолдауын негізге ала отырып, ағымдағы жылдың басынан бастап Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданынан кәсіпкерлердің 19 бизнес-жоспарын іске асыруға және жаңғыртуға 16,1 миллиард теңге бағытталған болатын. Инвестициялар, негізінен, кәсіпкерлердің өз бюджетінен, инвестициялардың бір бөлігі-орта және ірі бизнеске арналған субсидиялар арқылы, аз бөлігі шетелдік инвесторлардың есебінен тартылған. Өндіріс бағыттары әртүрлі. Аудан ауылшаруашылығына ыңғайлы болғандықтан, инвестициялар негізінен мал шаруашылығына, дәнді, майлы дақылдарды, мал азығын өсіруге көбірек бағытталған. Жаңа өндірістердің пайда болуы құрылыс саласын ерекше ынталандырады. Нәтижесінде өндіріс саны мен құрылыс нысандары артады. Тиісінше құрылыс материалдарына деген қажеттілік артып, кейбір кәсіпкерлер сұранысқа сүйене отырып, бетон бұйымдарын, кірпіш, профнастил шығаратын кәсіпорындар ашты. Мысалы, ауданда бетоннан бұйымдар шығаратын екі шағын зауыт жұмыс істейді. Бір зауыт кірпіш шығарса, екіншісі профнастил жасайды. «Пенгар-1» ЖШС бетон бұйымдарын шығарады. Зауыт өз инвестицияларына салынған және үш жылдан бері жұмыс істеп тұр. Осы уақыт ішінде тек құм блоктарын шығарып келеді. Бірнеше ай бұрын брусчаткалар шығарыла бастады. Жақында қажетті қондырғы алынған соң, бордюр жасауға кіріспек. Қазір зауытта үш адам жұмыс істейді. Негізгі өндіріс автоматтандырылғанына қарамастан, бастапқы материалдарды беру, дайын өнімді түсіру ішінара қолмен жүзеге асырылады. Жұмыс табандылық пен төзімділікті қажет етеді. Сондықтан мұнда жұмысшылар ұзақ уақыт жұмыс істей алмайды. Басшылық жаңа жұмысшыларға жұмыстың ретін түсіндіріп, үйретіп отыруға мәжбүр. Алайда өндіріс дамыған сайын бұл мәселе толық шешіледі деген үміт бар. «Пенгар-1»-де орнатылған жабдықтың ерекшелігі кірпішті қалыпқа келтіру техникасы престеуге негізделген. Вибратор құрылғысынан ерекшелігі мұндай техникамен жасалған кірпіш біркелкі болып шығады. «Пенгар-1» өнімдері сапасымен ерекшеленетіндіктен және бағасы қатты қымбат болмағаннан кейін оған деген сұраныс тұрақты. – Біз өз өнімдерімізді мұқият тексереміз, осы аумақта қоршау салу үшін өзіміз де қолданамыз. Сондықтан сапасына күмәнданбаймыз. Алғашқы сатып алушылар өзіміз болдық. Күніне 3000-ға жуық құм блоктарын шығарамыз, бұл төсеніштерді есептемегенде. Егер мерзім жағынан уақыт тығыз болса, онда максималды қуатта күніне 5000 құм блоктарын жасауға болады. Әрине, бұл көп жұмыс күшін қажет етеді. Өз өнімдерімізді Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткіземіз. Жеткізу мәселесін өзіміз қолға алғанбыз. Бұл үшін қажетті техника бар. Бірақ негізгі сатып алушылар өз ауданымыздың тұрғындары. Қазір құрылыс жұмыстарының қызған маусымы. Сондықтан қазір тапсырыс көп. Тиісінше жалақы да мол. Жұмыс қиын, бірақ соның арқасында біз отбасымызды асырап отырмыз. Оңай жұмыс жоқ. Өз еңбегімізбен тапқан ақшаның қадірі ерекше, – дейді зауыт менеджері Қанат Жұманов. Серіктестік Луговая станциясының жанында орналасқан, сондықтан кәсіпорынның логистикасы жақсы. Менеджер атап өткендей, қазір шикізатты жеткізуде бірқатар қиындықтар бар. Осыған байланысты жақын жерде орналасқан теміржол тұйығын тиімді пайдалану үшін зауытты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта аумақ толық тазаланады және қоймалар салынады. Сондықтан шикізат қоры әрдайым қолжетімді болады әрі дайын өнімді сақтау қиындық тудырмайды. Айтпақшы, қоймалар өндіріс көлемінің артуына байланысты салынуда. Ал бос үй-жайларды теміржол тұйығын пайдаланатын басқа кәсіпкерлерге жалға беруге болады. Құрылыс материалдарын өндіруден басқа, ауданда үш шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысады. Екі сүт фермасы халықтан сүт қабылдаумен, сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. 2022 жылдан бастап форель шаруашылығы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың соңына қарай кәсіпорын толық өндірістік қуатқа шығады. Екі айдан кейін облыстағы алғашқы бөтелкедегі ауызсу зауыты іске қосылады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ