XXI ғасыр – адам мен машинаның серіктестік кезеңі. Жасанды интеллект (ЖИ) бүгінде ғылым, медицина, бизнес, құқық, тіпті өнер саласына дейін бойлап еніп отыр. Бұл технологияның дамуы әлемдік өркениеттің жаңа парағын ашты. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, 2025 жылға қарай шығармашылық индустриялардың 37%-ы ЖИ негізіндегі шешімдерді қолданады.
Бірақ, бір қарағанда суық алгоритм болып көрінетін жасанды интеллект – эмоция мен шабыттың жауы емес, керісінше, оны кеңейтетін құралға айналып келеді.
Осы синергияның жарқын дәлелі ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай өткен «AI-Art: Бояудағы болашақ» атты шығармашылық пленэрді атауға болады. Бұл шара дәстүрлі өнер мен заманауи технологияны тоғыстырған ерекше жоба болды.

Пленэрдің басты мақсаты – ЖИ дәуіріндегі ҚазҰУ-дың дамуы мен келбетін қылқалам арқылы бейнелеу, сонымен қатар студенттер арасында жасанды интеллект көмегімен сурет салу конкурсын өткізу болды. Бұл – Қазақстанда сирек ұйымдастырылатын, бірақ болашақта трендке айналатын мәдени бастамалардың бірі.
Ашық аспан астында өткен пленэрге Қазақстан Суретшілер одағының танымал мүшелері қатысты: Мәлік Қайдаров, Құрманғазы Ақашев, Ернат Иманбакиев, Нұрболат Талғатұлы, Айдос Сейдақұл, Мәлік Жұмағұлов, Бақтияр Бүркітбаев, Төлеген Сүлейменов, Серік Тайнов, Нұрлан Сатаев, Серік Ағатаев, Ақмарал Қажыбек, Перизат Тайнова және Тұрғын Абдурахман сынды суретшілер өз туындыларында ҚазҰУ қалашығының әсемдігін, рухани кеңістігін және адам мен табиғаттың үйлесімін бейнеледі.
Қазіргі таңда жасанды интеллект арқылы сурет салу – әлемдік арт-индустрияда жаңа ағым қалыптастырды. Мысалы, 2022 жылы Christie’s аукционында ЖИ көмегімен салынған портрет 432 мың долларға сатылған. Ал Midjourney, DALL·E, Stable Diffusion сияқты жүйелердің арқасында кез келген адам тек мәтін жазып, одан реалистік картина жасай алады.
Бірақ бұл: «Сонда адам шығармашылығы өркендей ме, өше ме?» деген сұрақ тудырады. ҚазҰУ-дегі AI-Art пленэр осы сауалға нақты жауап берді: « ЖИ – суретшінің бәсекелесі емес, серігі».
Өнердің өзегі – идея мен эмоция. Ал жасанды интеллект сол идеяны жаңа визуалды кеңістікке жеткізуші құрал ғана. Пленэр кезінде студенттер мен қонақтар дәл осыны тәжірибе жүзінде байқады: бір жағында майлы бояу мен кенеп, екінші жағында цифрлық планшет пен алгоритм – бірақ екеуін біріктірген бір күш бар, ол – шығармашылық сезім.
ЖИ дәуіріндегі ең өзекті мәселелердің бірі – адамның психологиялық шаршауы. 2023 жылы Гарвард университетінің психология факультеті жүргізген зерттеу бойынша, жасанды интеллектпен жиі өзара әрекеттесетін адамдардың 42%-ында цифрлық күйзеліс байқалған. Себебі адам баласы өзін «машинамен салыстыра» бастайды, өз құндылығын жоғалтамын ба деген қорқыныш пайда болады.
Осы тұрғыда ҚазҰУ-дегі пленэрдің ерекше миссиясы бар, ол – өнер мен табиғат арқылы адам мен технология арасындағы ішкі үйлесімді қалпына келтіру.
Мұндай шаралардың түпкі мәні – қоғамдық сананы жаңғырту, яғни адамдарға технология мен руханияттың тең жүруі керектігін ұқтыру.
ЖИ тек цифрлық құрал емес, ол – мәдениет пен танымның жаңа айнасы. Егер қоғам оны дұрыс түсініп, рухани өрісте қолдана білсе, технология адамзатқа қауіп емес, керісінше, құтқарушы күшке айналады.
Мысалы, Жапонияда 2024 жылы мектептерге енгізілген «AI-Art Therapy» бағдарламасы жасөспірімдер арасындағы күйзеліс деңгейін 30%-ға төмендеткен. Бұл тәжірибе ҚазҰУ пленэрінің де әлеуетін айқын көрсетеді: өнер мен ЖИ біріккенде – қоғам да, тұлға да тынышталады.
Пленэр соңында суретшілер университетке 30 майлы бояумен салынған туындысын сыйға тартты. Әр картинада – ҚазҰУ-дың рухы, студенттердің креативі және ең бастысы – болашаққа деген сенімі бейнеленген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев айтқандай: «Мұндай игі шаралар ҚазҰУ-дағы өнерлі жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен септігін тигізеді. Өнер мен технологияның тоғысы – университет болашағының символы». Шынында да, «AI-Art» пленэрі – тек көрме емес, ол жасанды интеллект дәуіріндегі адам мен рухтың үндестігін паш еткен манифест.
Махаббат БАШЕК,
ҚазҰУ-дың Журналистика
факультетінің 4-курс студенті













