Жібек Лебаева: Жібегімін Сағаттың

Жібек Лебаева: Жібегімін Сағаттың

«Сырласу мен мұңдасу» кітабынан үзінді

Өмірдегі де, өнердегі де айнымас сыңарым – Сағатымның мәңгілік рухына арнадым.

Өмірлік жары – Жібек

 

Өмірде жарасып тірлік кешкен ерлі-зайыптылар жөнінде сөз бола қалса, «қос аққудай қос дарын», «егіз жүрек» немесе «қосылған қос өзендей» дейтін теңеулер тіл ұшына оралады. Киелі сахнаның қасиетін үстеп, даралана көрінген Қазақстанның еңбек  сіңірген артистері Сағат Жылкелдиев пен Жібек Лебаеваның өмір, өнер жолдары туралы жазылған бұл кітап сырласу мен мұңдасу әңгімелерінен тұрады. Ағынан жарылып ой тербейтін автордың көңіл қыртысында қылаудай құпия сыр қалмағандай ерекше әсерлендіріп, жеңіл оқылады. Оқыған ел екеуінің өнегелі өмірлерінен мол мағлұмат алады. Сәкеңнің, Сағаттың бұл фәниден өткеніне де жыл толыпты. Жатқан жері жайлы, жаны жаннатта болуын Аллам нәсіп етсін! 

Біз осы кітаптан үзінді жариялап отырмыз. Кітап көпшілік оқырманға арналған.

 

«ЕСТАЙ-ҚОРЛАН»

яки Сағат-Жібек

 

(Егіз жыр) Иран-Ғайып

 

Жұмбақ –

Қыры-сыры,

Дербес – 

Дүние-Санат:

«Ерлі-зайып шыңы» – 

Жібек пенен Сағат!

 

«Жұбай» – 

Елден ерек,

Қиял жетпес –  

Арман:

Жөні

Мүлдем бөлек – 

«Естай менен Қорлан»!

 

«Жүгін» –

Ауыр-жеңіл,

Көтеріскен –

Бірге:

Бөлінбейтін – 

Өмір,

Сөгілмейтін –

Ірге!

 

Мазмұндаған –

Кемел,

Мәнін тапқан –

Ғұмыр!

Бұлар –

Барда,

Өнер:

Мәңгілікке –

Тұғыр!

 

...Ұжымақ-Жайда –

Абад,

«Лүпіл» –

Егіз-Жүрек:

Абыз-Қазақ –

Сағат...

Нағыз-Ғажап –

Жібек...

(12.12.2014 жыл)

 

...Өмір Түбіне –

Жеткен,

Өлім – 

«Хақтық-Өбек»:

Желеп-Жебеп –

Көктен,

«Жер-Бесікке» – 

Бөлеп...

(15.05.2022 жыл) 

***

Бүгін де ауыр түн болды... 

Бәрі сенің жоқтығыңнан, Сағат! Сен қалай кеттің, сол сәттен бастап мен бәрін жоғалттым. Барым да, нарым да асыл жарым, сатып кетпейтін сенімді сыңарым Сен екенсің, мен соны ұқтым...

Адам алаңсыз, қайғы-мұңсыз, күлетін кезде – күліп, баратын жеріне алаңсыз барып жүргенде көңілі күпсіп, көкті тіреп жүргендей күй кешеді екен. «Не деген түйсіксіз едік?!» деймін қазір. Уақыт айналғанша, жөндеп ойланғанша әп-сәтте бәрі бұлт етіп өзгере салатынын, бақыттың шуағы күллі жан әлеміңді төңкеріп, дөңбекшіте домалатып жіберетінін білмей келіппін, Сағат!

Сен ұлы екенсің. Менің бұл сөзімді біреу қабылдар, біреу қабылдамас, бірақ алғаусыз ақиқат сөзім, кірбіңсіз көңілмен саған арнаған лебізім, Сағат! Әлем үлкен ғой. Жұмыр жердің бетін жайлаған барша пендені қаусырып қамти алмаспын, әйткенмен анамның аяулы тілінде сөз арнайтын, ой тербейтін түйсікті жандар бар екенін, олар аз емес екенін ұққандықтан да өстіп отырмын, Сағат, Сағатым менің!..

Бақыт деген бір сәттік өткінші, алдамшы  ұғым екен. Ғажап күй кешіп, баршаны тамсантып, тәнті етіп тұрасың да, солардың көз алдында ақырғы сөзіңді айта алмай кете баратын да кездер кезігеді екен. Біз сондай оқиғаны бастан кештік. Міне, Алланың ешкімге сездіре бермейтін жұмбақ құдіреті...

«Ажал әркімнің жанында жүреді. Күндіз-түні айналып, торуылдап жүреді» дегенді талай естіп едім. Бірақ соған онша мән бермеппін. Мән беретіндей жағдай болды ма менде? Өйткені сен қасымда едің. Сен барда, сен жанымда жүргенде мені қайғы-мұң торламай, алаңсыз, алғаусыз көңілмен тірлік кештім. Бақыттың бесігінде бірге тербелдік. Армансыз тербелдік. Әнімізбен, салтанат-сәнімізбен тербелдік. Дүйім елді тербеттік. Алқалаған елдің аялы алақаны екеумізді армансыз тербетті. Тербеліп жүріп, тыңдаушыларымызды тебірентіп ән салдық. Сондағы әніміз: 

Сен жанымда жүрсең,

Сен жадырап күлсең,

Бақыттымын мәңгі, 

Асыл арманым.

Жаутаңдаған көзде,

Сәуле ойнаған кезде,

Шаттығымды елден 

Жасыра алмадым, – болды ғой. 

Сен мәңгілікке кеттің... 

Тәнің қасиетті қара жердің қойнында жатыр, жаның – көкте. Адамның тәні өлгенімен, рухы өлмейді дейді. Дәл солай болса, онда менің осылай күйзеліп, егіліп, езіліп отырғанымды, өзіңді аңсап ауыр мұңның құшағында тұншығып, тұнжырап отырғанымды көріп, төбемнен төне қарап тұрған да шығарсың. 

Қалай дегенде де жер басып жүргендерге беймәлім, сырын ашпаған жұмбақ дүниелер көп қой...

Жалғыздықтың азабы алқымымнан алып тұр. Қарсы тұрар күш-қуатымды сарқылтқандай бір сарсаң әурелейді... Ойымда тыншу жоқ... Бұл сенің жоқтығыңның салдары, Сағат!

Сен кеткелі бағаңды анық білгендеймін. Әрбір күн, өзіңмен өткізген әрбір әдемі сәтті ойлаймын. Үзік-үзік үнің келеді құлағыма. Күлімдеп тұрасың, тура қарсы алдымда! Шын екен деп ұмсына ұмтыламын, бірақ ұстай алмаймын. Тура тірі кезіңдегідей, өзің тұрғызған киіз үйдің ішінде жүргендей алдамшы әсер ой-түйсігіме сыналап еніп алған. Кейде саған бірдеңелерді айтып сөйлеп кетемін... Сен мені өстіп сағынышын баса алмай сарсылып жүрсін деп қалдырып кеткен екенсің ғой, Сағат... 

Сен кеткелі іздеп келушілердің қатары кемімеді. Жырақта жүргендері жете алмаса да, телефонмен жиі-жиі тілдеседі. Олар өзіңмен бірге оқыған достарың, балалық шақтың тәтті күндерін қимастықпен өткізген кластастарың, сахналық өмірдің қызық-қуанышын айтып тауыса алмайтын әріптестерің. Солардың санатында сыраханада танысып, әңгіме-дүкеннің көрігін қыздырған таныстарың да аз емес. Тіпті Алматының көшелеріне ілінген жарнамалардағы суретің арқылы танып-біліп алғандар да ұшырасады. Әрқайсысының айтқан сөздері дір-дір еткен жүрегімнің нәзік қылын шертіп, тебірентіп кетеді. Содан соң тағы да ағарып ататын таңымды көз ілмей қарсы аламын. Тұрамын да сарсылған санамды ойлаймын, қажыған түріме қараймын. Апыр-ау, маған не болды, не боп кеттім, өзімді ұстайыншы деймін. 

«Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды» деп аталарымыз бекер айтып кетті деймісің, Сағат? Менің де сыртымнан қарап сынайтын ел-жұрт бар. Өзің өскенін аңсап, тойларының төрінде төбедей болып отырсам дейтін ұл-қыздарыңнан өрбіген немере, шөберелерімізді қайтемін? Сенің аталық ауыр жүгің маған ауды ғой. Олар екеуімізді арқа тұтушы еді. Сен мезгілсіз ажалыңмен бәрі-бәрін абдыратып кеттің-ау, қайтейін, жан Сағатым?.. 

Осыны ойлауым мұң екен, жүрегім тағы да шым етті... Тілімнің ұшына мына бір шумақтар оралды. Бұны төгілген жыр деуге келе қоймас, менің жырым-жырым жүрегімнің үні шығар...

 

 

Жүрегімнің жазылмайтын жарасы, 

Өткенімнің бөлшегі боп барасың.

Қапияда қалдырсаң да қапыда

Жүрегімде қимасым боп қаласың.

 

Кеше ғана күліп жүрген қасымда,

Баға жетпес бақытым ең расында.

Енді бүгін жоқтығыңа сенем бе?

Айықпастай қайғы түсті басыма... 

 

Қалай ғана қиып кеттің, Сағат? Орныңды үңірейтіп, бәрімізді жабырқата жылатып кеттің ғой, қайтейін... Не дейін?

Сен тағдырлы жан едің, Сағат. Екеуіміз жарасты жанұя құрдық. Өнегелі, өрнекті ғұмыр кештік. Осының бәрі әуезе етіп айта білгенге таусылып бітпейтін әсерлі әңгіме. Ал, әңгіме айтылмаса, іште өле береді. Сол себепті мен іштегі сырлы әңгімелерімді айтамын-ау, айтқанда қанша кісіге айтармын? 

Біз – өнер адамдарымыз. Ел бізді халықтың сөзін сөйлейді, елдің адамы деп әспеттейді. Ендеше үніміз ұрпақтарға ұласып, кең қазаққа таралуға тиіс емес пе, Сағат? Жүрегімдегі әлдилеген осы ойды жанашыр достарыма айтып, сыр тартып едім, солардың арасынан өзімізбен Талдықорған облыстық театрына қызметке бірге барған құрбым Алма: «Жібек, сен жазатын қабілетің бар адамсың, ойыңды бір ізге салып қағазға түсіре берсейші», – деп кеңес берді. Осы сөзі қозғау салды. Алайда, көкейдегі кептелген ойды тігісін келтіріп, кестелеп жазу оңай емес екен. Тілімнің ұшында төгіліп тұрған тіркестерді жазайын десем, бірер сөйлемнен кейін кібіртіктеп әріге ұзай алмай қаламын. Қарсы алдымда күле қарап сен тұрасың; ақ қағазға көк сиялы қаламымды апара берсем, тағы да не оң, не сол жағымда күле қарап тұрғандай, сынай көз салғандай әсерленіп, ойым быт-шыт болады, Сағат.

«Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» деуші еді, сол рас екен. Ойым онға, санам санға бөлініп, тізгін бермей тұрған мынадай жағдайда кітап жазып шыға алсам, жарар еді», – дедім.

Кітаптың жақсы жазылуы иесінің көрген-білгеніне, көкейге түйгеніне, соны әдіптеп ақ қағазға өрнектей білгеніне байланысты. Көңілдің қалың қалтарыс, қатпарларындағы қызықты сырларымды бейнелі тілмен баяндап, бояуын қанықтырып қағазға түсіре  алсам, кәнеки! Ол үшін ойларымды жинақтап, өткен өмір жолдарыма шолу жасауым керек. Кімдермен дидарлас болдым? Кімдерден сабақ алдым? Мына жарық дүниеде араласқан, сырласқан, сыйласқан замандастарымыз аз емес. Олармен бірге өткізген бақытты, шаттықты күндер не сыйлады? Отбасым, өскен ортам, Сағат, өзіңмен танысып, табысуым, бір күнгідей болмай өте шыққан сан жылдар сырлары... Шіркін, қандай өмір еді ол?! Енді міне, келмеске кетті, сағынышты сағымға айналды. Олардың бәрін тірілтіп, менен сезімге толы, айтары бар кітап күткен оқырмандардың көңілінен шыға аламын ба?.. 

Иә, Сағат, осының бәрі айтуға оңай, ал жазуға келгенде... Міне, менің тағы да тежеліп, тірелген тұсым. Сосын өзімше ойға баттым. «Бұл бір күннің шаруасы емес қой, Жібек. Жылына дейін есімді жиып, өз еркімді билейтін жағдайға келермін», – дедім өзіме-өзім.

Қайда асығамын? Сен ғой келместің кемесіне мініп, мәңгілікке тастап кеттің. Артыңда жоқтаушым болсын, өмірімді тірілтсін деп қалдырдың-ау әсте, деймін пенделік ойға беріліп. Тағы да қалың, түпсіз терең ойға батамын. Ұшығына жетіп болмайтын қатпарлы ой тұңғиық түбіне қарай тартады. Шүкір, жалғыз емес екенмін. Өзіңді көкіректері қарс айырылып, сағынышпен еске алатындар көп екен. Сен солардың бәрінің жүрегіне ұмытылмастай із тастап кетіпсің, Сағат! Солай екеніне де барған сайын көзім жете түсті. 

Ел ішінде сенің асабалық даңқың да дүрілдеп шығып еді. Талай тойды қыздырып, оны үлкен өнер деңгейіне көтеріп, өз міндетіңді абыроймен атқарып жүруші едің. Тұсаукесер тойы, тілашар тойы, сүндет той, үйлену тойы, қоныс той, мерейтойлар. Сонда сен әрбір тойға киелі сахнаға шығатындай дайындалатынсың. Айтулы ақындардың өлеңдерін жаттайсың, әйгілі кісілердің тағылымды ойларын қайта қарап, көкейіңе түйесің. Бабалар сөзіне қатты ден қоятының да есімде. Елді қанағатшыл болуға, абыройды асқақтатып, адамгершілік парызға қарыз болмай өтуге шақыратын түйінді сөз айтуға асық едің-ау, Сағат. 

Әрдайым үйге келген қонақтармен отырған сәтіңде де: 

Дүние жиып нетесің, 

Бәрібір тастап кетесің.

Тіршілікте сыйлассаң,

Мұратқа сонда жетесің, – деуші едің. 

Шынында, тіршілікте сыйласқанға ештеңе жетпейді екен. Әрине, айтылатын сырлы да шерлі әңгімелерге ішім ылқылдап толып тұр. Бірақ қалай шығады, қай деңгейде шешіліп ақтарыла аламын, ол жағы әзірге жұмбақ. Дегенмен бұл іске құлшына кіріскен соң, барымша сыр сандығымды ашармын-ау!.. 

«Тәуекел түбі желқайық, мінерсің де өтерсің» демей ме әруақты бабаларымыз. 

Алла жар болсын, сен рухыңмен дем бер, Сағат! Өмірлік жарың, айнымас сыңарың едім ғой, Сағатым!..

 

Жаным, Сағат!

18-імде кездесіп, Сені таптым, 

Махаббатым!  Шуағым!

Қозым болып, Өнерде де,

Өмірде –

Қол ұстасып, 50 жыл –

Міне, бірге келеміз! 

 

Қозы менен Баянның тағдыры емес, 

Махаббаты – екеумізге берілді.

Тағдыр қосты, 

Қосағым боп, қол ұстасып, 

Жастық шақты бірге біздер өткіздік! 

 

Таза, мөлдір махаббат,

Иісін сезіп, кемесінде шалқыдық. 

Ұл да сүйдік, қыз да көрдік қылықты. 

Он немере, шөбере де бар бізде...

Алламызға шүкір деп, 

«Алтын» тойға да жеттік! 

 

Енді, Өзіңе тілерім: 

Жұптарымыз жазылмай, 

Ұрпақтардың қызығын,

Ұзағынан көрейік! 

Кездестірген Өзіңді,

Тағдырыма мың мәрте,

Ризамын өмірге!!! 

 

Ширек ғасыр Талдықорғанда,

Мен – Ақтоқты, сен – Ақан,

Болып көпке танылдық... 

«Қарагөзде» – Қарагөз, 

Сен болғансың – Сырымым. 

«Жәмилада» – Жәмила мен Данияр,

Айта берсек, Өнерде –

Образдар самсап тұр: 

Айдар менен Ажарда

Ұлпан болдым, сен – автор.

 

Гастрольдік сапарда,

Бірге жүрдік жарасып.

Өнер менен өмірде,

Қиындық аз болмады. 

Бірақ бізді кең Алла

Барлық істе қолдады. 

 

Жетпіске де таядық,

Қалған жоқпыз аянып...

Сенсіз маған өмір жоқ,

Білші, жаным, ол анық! 

 

Енді қалған ғұмырда, 

Өнер менен өмірде,

Балаларға үлгі боп, 

Қызық-дәурен жалғасын,

Бірге көрсек, арман жоқ!!! 

Сырым, жырым, әнім де,

Өмірдегі барым сен! 

Ер адамсыз өмірде,

Қалмақ емес ешбір құн. 

Сондықтан да, Сағатым,

Ұзақ болсын, ғұмырың! 

 

Сағатым тоқтап қалды...

(Жоқтау)

 

Бір жыл болды сағатым соқпай қалды, 

Ұйқым қашты,  әлім жоқ, жүрек талды. 

Сағатына ілінген Жібек жібің, 

Үлбіреп,  үзілуге сәл ақ қалды.

 

Бір жыл болды,  сағатым соқпай қалды, 

Ұмыттым дүние мен жиған малды. 

Талай сайран,  тойлар мен басқосулар, 

Сағатым тоқтаған соң ол да қалды. 

 

Бағалау керек екен қолда барды, 

Жыласам деймін шығарып ішкі зарды... 

Өмірімнің маңызы болған еді, 

Бір жыл болды,

Сағатым тоқтап қалды...

 

04.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 15
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 10
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 7
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 11
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 10
Күзде ашылған гүлзарлар
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 10
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 10
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 249
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 244
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 747
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 869

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8941
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8333
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11561
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9319
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10545