Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Биыл осы бағыттарды жүзеге асыру мақсатында Сарысу ауданында ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция 333,7 миллион теңгені құрады. Ал, аудандағы жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 639125 гектар. Оның 24717,63 гектары егістік, 156,84-і көпжылдық екпелер, 34 106,61 гектары шабындық алқаптар болса, жайылымы 532715,19, басқа жерлер 47428,56 гектар.
Биылғы жылдың өнімі үшін 24508 гектар алқапта дәнді дақылдар орналастырылған. Оның 9850 гектарына дәнді дақылдар, 8300 гектарына мақсары себілген. Картоп 45, көкөніс 220, бақша 293, көпжылдық шөп 5800 гектар алқапқа орналастырылса, жаңадан егілген жоңышқа алқабы 1500 гектар. Егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 279,5 гектарға артқан.
Көктемгі дала жұмыстарына 350-ден астам агроқұрылым қатысты. Оларға қажетті жеңілдетілген 780 тонна дизель отыны дер кезінде бөлінді. Шаруаларға дизель отынының литрі 212 теңгеден босатылды. Қазіргі таңда операторға 728,7 тонна дизель жеткізіліп, 59 шаруа қожалығы жанар-жағармаймен қамтылды. Бүгінгі таңда күзгі дала жұмыстарына қажетті 976 тонна жеңілдетілген дизель отынына сұраныс беріліп, 112 тонна жеткізілді.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жеңілдетілген несиемен қамту жұмыстары «Кең дала» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қожалықтар тарапынан түскен 13 сұраныс қанағаттандырылып, бағдарлама аясында оларға жалпы сомасы 87,3 миллион теңге берілді.
Техника паркі де жыл санап жаңаруда. Бүгінгі күні ауданда 683 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның 361-і трактор, 22-сі шынжыр табанды трактор, 29-ы комбайн болса, 271-і ауыл шаруашылығы тіркемелері. Ал, жалпы көктемгі дала жұмыстарымен қатар, жазғы жиын-терінге 510 техника қатысты.
Биыл ауыл шаруашылығы техникасын 12 пайызға жаңарту жоспарлануда. Осы жылдың жартыжылдығында 10 трактор, 26 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Бүгінде техниканың жаңару көрсеткіші 5,3 пайызды құрап отыр.
Ауданда егістік алқаптары Ынталы мен Бүркітті су қоймалары арқылы ылғалдандырылуда. Алқаптарға су 16 канал арқылы жеткізіледі. Су қоймалары «ҚазСуШар» РМК мекемесінің теңгерімінде болса, каналдар аудандық коммуналдық меншікте. Олардың жалпы ұзындығы 109,4 километрді құрайды. Бүгінгі таңда 3 каналға, атап айтсақ, Бүркітті, Жаңа Кәрітоған және Сарыөзек су арналарына бетон науа жүйелерін орналастыру үшін жобалық- сметалық құжаттары дайындалып, облысқа бюджеттік өтінім берілді. Қалған каналдарға аудан бюджетінен қаржы қарастырылған. Осы жұмыстардың нәтижесінде Шабақты мен Бүркітті өзенінен суармалы егістік жердегі көпжылдық шөптер мен жүгері алқаптарына су берілді. Қызылсу арнасы арқылы да 903 гектар алқапқа су жеткізілді. Бүгінгі таңда Ынталы су қоймасындағы судың көлемі 4,8 миллион текшеметрді құрайды, ал Бүркітті су қоймасына 7,2 миллион текшеметр су жиналса, бүгінде оның суы түгесілді. «ҚазСуШар» РМК Сарысу аудандық филиалымен 171 шаруа қожалығы жалпы алаңы 2461,62 гектар алқапты ылғалдандыру үшін келісімшартқа отырған.
Ал, шаруашылықтар күшімен биыл 1207,4 тонна тыңайтқыш алынып, 13600 гектар алқапқа сіңірілді.
Бүгінгі таңда 8600 гектар алқаптың дәнді дақылы жиналып, арпа-бидай қамбаға құйылды. Арпадан 3526 тонна өнім жиналып, орташа өнімділігі гектарына 8,6 центнерден айналды. Ал, бидайдан 2835 тонна өнім алынып, орташа өнімділігі гектарына 6,3 центнерді құрады. Жалпы, жинақталған өнім көлемі – 6361 тонна. Бұл дақылдардың орташа өнімділігі 7,4 центнер болды.
Бұдан бөлек, майлы дақылдар алқабының 1500 гектары орылып, одан 600 тонна өнім жиналды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Сонымен қатар, көкөніс және бақша дақылдары да жиналуда. Олардың орташа өнімділігі 230-250 центнерден айналуда. Жиын-терін жұмыстары қараша айына дейін жалғасады.
Сарысу ауданындағы 1045 шаруа қожалығының 576-сы мал шаруашылығымен айналысады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында аудандағы мал 329492 басты құрады. Оның ішінде мүйізді ірі қара 31609 бас, қой-ешкі 283714, жылқы 10643, түйе 3526 басқа жетті. Ал, құс саны – 27031. Мал басының өсуі ет және сүт өндірісінің дамуына жол ашты. Атап айтсақ, ет өндірісі (тірі салмақта) 3644,9 тонна, сүт көлемі 3138,8 тонна болса, жұмыртқа өндірісі 2125,9 мың данаға жетті. Мал шаруашылығы саласында пайдаланылып жатқан мемлекеттік қолдаулар көлемі де жыл санап өсіп келеді. 2021 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында 227,2 миллион теңге көлемінде шаруа қожалықтары қайтарымсыз субсидия алды. Былтыр субсидия көлемі 340,6 миллион теңгеге жетті. Биыл шаруа қожалықтары 107,7 миллион теңге субсидия алып отыр. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 850 миллион теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда асыл тұқымды мал шаруашылығымен 9 шаруа қожалығы айналысып келеді. Биыл бұл қожалықтарда 45877 асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және олардың будан төлдері өсірілуде. Ал, асыл тұқымды және будандасқан мүйізді ірі қара саны 4314 бас. Оның 3176 басы қазақтың ақбас, 6 басы әулиекөл, ал 1132 басы Абердин ангус тұқымды мал.
Мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде жайылымдық алқаптарға инфрақұрылым тарту, яғни сумен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдаулардың арқасында ауданда 2014- 2022 жылдар аралығында 128 су ұңғымасы қазылды және шаруа қожалықтарына 730,8 миллион теңге субсидия төленді. Бүгінде аудан көлемінде су ұңғымаларын қазу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы, ауданда ауыл шаруашылығы саласында жоспарланған жұмыстар талапқа сай жүргізілуде.