Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев өткен жылы басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Оның айтуынша, басқармада жеке және заңды тұлғалардан түскен 2527 хат пен 302 өтініш қаралған. Оның 35-іне жауап берілсе, 88- інен бас тартылған. Ал 89-ында көрсетілген мәселелер басқарманың құзырына жатпағандықтан тиісті органдарға жолданды, 52-сіне түсіндірме берілсе, 38-і бойынша қарау тоқтатылды.
– Басқарма мемлекеттік қызметтердің 5 түрін жүзеге асырады. Оған іздестіру қызметін, жобалау қызметін, құрылыс-монтаж жұмыстарын лицензиялау және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау жатады. Соңғысы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу. Мәселен, өткен жылы 157 лицензиялық іс қаралып, 42 тұлғаға лицензия рәсімделді. 48 тұлға атауы мен мекенжайы ауысуына байланысты қайта рәсімдеуден өтсе, 6 тұлғаның лицензиясына қосымша қызмет түрлері қосылды. 61 лицензиаттың құжаттары сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылды. Ал сарапшыларды аттестаттау бойынша 246 өтініш қаралып, оның 93-і аттестатталса, 16 тұлғаның қолданыстағы аттестаты 5 жылдық мерзімі өтуіне байланысты қағаз түрінен электронды форматқа қайта рәсімделді. Қалғаны өтпей қалды, – дейді басқарма басшысы. Былтыр облыс аумағында бюджет есебінен 368 нысанның құрылыс- монтаждау жұмыстары жүргізілген. Оның 335-і құрылыс, 33-і күрделі жөндеу жұмыстары. Осы және инвесторлардың жеке қаржысына салынып жатқан 235 коммерциялық нысанның құрылысына бақылау ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда 368 нысанның 114-і пайдалануға берілген. Қалғаны ағымдағы жылға өтпелі нысандар. Құрылыс саласындағы жобалардан кеткен кемшіліктер де жоқ емес екен. Мәселен, Сарысу ауданында 14 елді мекенге табиғи газ тарту кезінде «Стройгазэкспертиза» ЖШС құрылыс жұмыстарында жобадан ауытқулар орын алған. Құрылыс- монтаж жұмыстары барысында басқарманың келісімінсіз жобалар өзгерістерге ұшыраған. Мұндай жағдай Т.Рысқұлов ауданы Қарақат ауылындағы No2 және Құлан ауылындағы Құлан атындағы орта мектептердің күрделі жөндеу жұмысында, Шу ауданы Төле би ауылындағы 300 орындық орта мектеп құрылысында да орын алған. – Былтыр 99 құрылыс нысанына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 72 нұсқама берілді, 248 әкімшілік іс қозғалып, 53 743 534 теңге айыппұл салынды. Заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізгендерге қарсы 4 іс қозғалып, оның 3-еуі сотта қаралып, сот шешімі бойынша айыппұл салынды, – дейді Қайрат Бисембаев. Жиын соңында ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.