Қостанай қаласы білім бөлімінің Бауыржан Момышұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары мен ұстаздары ауданға арнайы табан тіреді. Табиғаты тамсандырған киелі Жуалының төрінде орналасқан қайратты қолбасшы Бауыржан Момышұлы музейінің көз тартар тарихи құнды жәдігерлерін тамашалап, тереңірек танысты.
Музей экскурсиясынан рухтық әсер алған жастар Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Барабанның сүйемелдеуімен арнайы саптық құрамда әскери сәлем жасап, пәрмен берді. Екеуара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандум жасалып қол қойылды.
Саяхат барысы Баукең басқан құнды жерлерді аралаумен жалғасты. Алғаш кіндік қаны тамған киелі мекені Орақбалға ауылындағы Момыш бұлағын тамашалап, батыр Баукең жырына қосқан «Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай. Ішсем суы татиды шекер, балдай...» деген өлең жолдарын оқушы жастар жарыса жеткізді. «Қадірі артқан қолбасшының есімімен мақтанамыз!» деп, жүрекжарды лебіздерін арнады.