ЖҮРЕК ЖЫРШЫСЫ

ЖҮРЕК ЖЫРШЫСЫ

Педагог-ғалым, журналист, қоғам қайраткері Мұратбек Балқыбекұлымен Астанаға көшіп келген 2011 жылы танысқаным есімде. Сол жылы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің дәлізінде бетпе-бет ұшырасып қалдық. «Әуесбайдың Қанаты бауырым, қалың жақсы ма? Факультетке қош келдің», – деп ескітаныс адамдарша жылы амандасты. 

Бұрыннан танитын кісіше емен-жарқын сөйлесіп кете беретін ағамызды біз де еш жатырқамадық. Сөйтсем, Мұратбек Балқыбекұлы ұстазымыз Бауыржан Омарұлының мен туралы жылы лепесі арқылы сырттай танитын боп шықты. Мұратбек аға ұстазымыздың қандыкөйлек досы, үзеңгілес курстасы екенін сонда білдім. Содан бері асқар бел азаматпен шығармашылық, ғылыми-педагогикалық, әрі қоғамдық жұмыс аясындағы селбестігіміз еш үзілген емес.

Әр кездесу сайын мен Мұратбек Тоқтағазиндей ел қадірлісін сан қырынан тани түстім. Ол педагог-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты,  профессор, журналист, медиа менеджер, қоғам белсендісі, Бас редакторлар клубының вице-президенті. Ел ағасының кәсіби һәм адами қасиеттері туралы күнұзақ тарқатып айта беруге болады. Аңдауымша, Мұратбек аға Тоқтағазин бір жетістікке жетсе «болдым, толдым» дейтін кей ағалардай емес. Үнемі қолы босамайды да жүреді. Қолы бос жүріп қалса да ұдайы ойы бос емес. Қашан көрсең әлдененің соңына түсіп, індете ізденіп жүргені.  

Мен таныған Мұратбек Балқыбекұлының бір қыры – ол ғылыми ортаға ұзақ жылғы журналистік кәсіби даңғыл жолды еңсеріп, бай тәжірибе жинап барып,  кейіннен келе аялдаған. Қай тұрғыдан алсаң да сонысы үлкен олжа болды деп білем. Ғалымның ғұмырдариясына бажайлай қарағанда профессорлық сүрлеуге дейін ол журналистік-публицистік даңғылдан әбден ширатылып-шыңдалып өткенін аңдайсыз. Қазіргі «Арқа ажары» газетінің тілшісі болып бастап, аға газет «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, тілшілер қосынының меңгерушісі, республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы сияқты баспасөз майданындағы аса жауапты қызметтерде абыроймен көріне білгені бүгінгі әріптес буынға да зор өнеге.  

Баспасөзде табан аудармастан қырық жылдан астам уақыт қызмет еткен соң бертін келе ғылыми жолға түсті. 2010 жылы жазушы-журналист Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығы хақында кандидаттық диссертация қорғады.  Әзілхан әлемін зерттей жүріп, профессор Тоқтағазин жазушы-журналистің көп қасиетін бойына сіңіріп алғанын аңдаймыз. Мұратбек Балқыбекұлы Еуразия ұлттық уни¬верситетінің журналистика және саясат¬тану факультетіндегі баспасөз және бас¬па ісі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі-академигі. Ғылым жолында жүріп ол – «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас» кітаптарын жазды. «Әйгілі Әзаға», «Әзілхан Нұршайықов және қазақ¬стандық журналистиканың өзекті мәсе¬лелері», «Бекзат болмыс» кітаптарының құрастырушысы, «Бүтін бітім» кітабы құрастырушыларының бірі. Оның сыртында республикалық баспасөзде 300-ден астам көсемсөздік материалдары мен ғылыми мақалалары жарық көрген.

Былайғы өмірде журналистік кәсібін педагогикалық-ғылыми жолмен ұштастырған жандар сирек қой.  Сол сирек ел азаматының бірі де бірегейі – бүгінгі профессор Мұратбек Тоқтағазин. Әсіресе, журналист-ғалымның ұстаздық кәсіпке аса үлкен жауапкершілікпен қарайтынын байқайтынмын. Оның нақты  дәлелі   –   Мұратбек Балқыбекұлы білімгерлерге тек дәріс беріп қана қоймай, оларды күнделікті дәрістен   тыс   түрлі білім сайыстарына қатысуға жетелеп, дипломдық,  магистрлік жұмыстарының тиянақты жазылуына аса мән беретіні. Бұл тұрғыдан алғанда журналист-ғалым өзі зерттеген Әзілхан Нұршайықовтың  «тиянақтылық – адамның ең ардақты қасиеті» деп айтқан қанатты сөзін дәп осы Мұратбек Балқыбекұлына қарата айтқан құптарлық. Дәлірек айтсақ,   профессор Мұратбек Тоқтағазин шәкірттерінің жан-жақты білімді де білікті болып жетілуіне мән беретінін айтуға болады. Ол ғылыми жетекшілік еткен білімгерлер қашан да диплом тақырыбына тың тақырыптарды арқау етіп, үнемі  талмай ізденіс пен ғылымға ықылас қоюдың соңында жүретінін көреміз.

Ұстаз Тоқтағазиннің шәкірт баулу ісіндегі өзіндік тәсілі де бар. Мұратбек Балқыбекұлы шәкірттерін еркелете білгенмен, есіруіне жол бермейді, сырласады, бірақ сыр алдырмайды. Жанындай жақсы көрсе де жалбақтамайды. Қатал бола білгенмен, қаһарланбайды. Мұңын тыңдай білгенімен, мұң шақпайды. Қандай істе де тиянақты, бірақ онысын еш міндетсінген емес. Профессор Тоқтағазинмен екеуара әңгімеде «Әзілхан атамызды зерттей жүріп, қай қасиетін көбірек сіңірдім деп ойлайсыз?» деген сауалыма ол шынайылық, еңбекқорлық, азаматтық, шыншылдық қасиеттеріне еліктедім, бірақ сіңірдім деп нық сеніммен мен айтпай, мені танитын азаматтар айтсын» деді сәл жымиып. Бұл да болсын журналист-ғалымның даңғаза даңғойлықтан, пәтуасыз мақтангерліктен бойын аулақ ұстайтын көркем мінезді қарапайымдылық қырын сипаттаса керек.   

Профессор, журналист Тоқтағазиннің ерекшелеп айтар көп қырының тағы бірі   –  азаматтық белсенділігі. Бас редакторлар Клубы аясында да түрлі қоғамдық-саяси бастама көтеріп, ақпарат мәселелерін қаузаған іс-шараларға ұйытқы болып жүруі қоғам белсендісінің азаматтық ұстанымын ұштай түскені сөзсіз. Әсіресе, зерттеуші азаматтың елімізде көп талқыланған масс медиа туралы  заң жобасына қатысты ғылыми негіздемесі бар ұсыныстары жұмыс тобының назарына талай ілікті.

...Күн жексенбі, 14 шілденің шіліңгірі еді. Алпыс жастың белесіне әдемі шыққан зиялы шағындағы Мұратбек Балқыбекұлының уатсап-чатына «Мұратбектің өмірдегі мұраты не?» деп тосын сауал жазып жібердім. Сондағы бір ойым, қапелімде қойып қалған сауалға журналист-ғалымның көзқарасын байқау еді. Профессор Тоқтағазин дегенмен тосылған жоқ. Басты мұратым – ұлтқа қызмет ету. «Мың өліп, мың тірілген» дейтін қазағымның әлем өркениетінде мерейі үстем болуына «бір кірпіш болып қалану». Бұл жәй пафос үшін айтылған сөз емес, жүрек қалауым» деген мағынасы терең жауап қатты журналист-ғалым. «Журналист – жүрек жыршысы» деп тағылымды сөз айтқан жазушы Әзілхан Нұршайықовтың теңеу сөзі ендеше Мұратбек Балқыбекұлына дөп келеді екен. Ұлтқа қызмет етуді жүрек қалауы деп қабылдаған журналист-ғалым, меніңше, ұлтым деп соққан жүректердің жыршысы десек, шындықтан қағыс кетпейміз. Мерейжасыңыз құтты болсын, жүрек жыршысы – журналист Мұратбек аға!

Қанат ӘУЕСБАЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, PhD
09.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 22
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 565
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 680
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 592
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 603

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8737
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8139
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11368
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9120
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10352