«Түркістан» арнасы: «Кентау қаласында өзі тұрмыс құрмаған Түймегүл Ергешқызы атты кәсіпкер әйел тұрады. Ол 18 баланы асырап алған. Түймегүл жас кезінде бауырларын жетілдіремін деп жүріп, өзі тұрмыс құрмай қалған. Осыдан 24 жыл бұрын тұңғышын қолына алған ананың қазір ең кенжесі 4 жаста», – деп хабарлайды. Кәсіпкер әйел алғашқы қызын 33 жасында асырап алыпты. Кейін 18 баланы асырап аламын деген ой Түймегүлдің ойында әсте болмаған. Десе де, бәрі Алланың қалауымен орындалды. Қазір перзенттерінің алды аяқтанып, үйлі болған. Екі қызын тұрмысқа беріп, екі ұлын үйлендіріп, олардан немере сүйіп отыр. Еңбекке ерте араласқан Түймегүл Ергешқызы қазір кәсібін дөңгелетіп отыр. Алдағы уақытта наубайхана ашып, тағы да бала асырап алуды мақсат еткен.