30 жылда несие, субсидия алмаған кәсіпкер ананың зары

30 жылда несие, субсидия алмаған кәсіпкер ананың зары

Жамбыл облысы Меркі ауданы Қостаған ауылының «Дәурен» шаруа қожалығының төрайымы Несіпкүл Кезеңбаевамен жиырма шақты жылдан бері байланыстамыз. Қарапайым кәсіпкер ана. Егін егеді. Әр жылда әрқалай: қызылша, арпа, бидай, жүгері еккен. 212 гектар егістігі бар. Қазір ол кісі 73 жаста. Шаруа қожалығын 1992 жылы ашқан. Мамандығы – бухгалтер. Кезінде әлдекімдер момын шаруаның жерін тартып алғысы келгенде редакция араша түскен. 30 жылдық кәсіпкерлік уақытында бірде-бір рет несие, субсидия алған емес. Несіпкүл Кезеңбаеваның өзіне сөз берелік. 

    – Иә, «Дәурен» шаруа қожалығын ашқаныма 30 жылдай уақыт болыпты. Осы уақытта қаншама жүгірсем де несие немесе субсидия алып көрмеппін. 2013 жылы әкімшіліктен жылы хабар келді. «Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өтініш жазсаңыз, субсидия аласыз» деді. Қатты қуанып, өтініш жаздым. Күте-күте жыл өтті. Субсидия ала алмадым. Мінеки осындай өтінішті жылда жазамын, бермейді. Одан бері 10 жыл өтті. Жыл сайын алдайды. Жұрт лизингпен техника алып жатады. Мен де қанша талпынсам да ала алмай жүргенмін. 2019 жылы жақсы хабар келді. Жаңа тракторды соқасымен алудың мүмкіндігі бар екен. Қуанып, жүгіріп дегендей, әйтеуір, лизинг арқылы алдық. Жап-жаңа шетелдің тракторы, соқасы бар. Бөліп-бөліп төлейтін болдым. Қуанышымызда шек жоқ. Балам Қанат мүгедек еді. Жалғызілікті анамын. Техникасыз ештеңе істей алмаймыз. Қандай әрекет жасасаң да жалдап істетесің. Жиған-тергеніңнің бәрі соған кетеді. Ол шығындардан қалғаны, яғни таза пайда 200-300 мың теңге ғана. Енді міне тракторым бар соқасымен. Қандай бақыт! Бірақ ол қуанышым ұзаққа бармады.

   – Не боп қалды? – деп біз селт ете қалдық. Жаңа ғана шаттанып отырған тәтеміз әп сәтте мұңға батты.

   – Бірнеше айдан соң әкімшілік жақтан, анығын айтқанда, «КазАгрофинанс» келіп, тракторымыздың есіктеріне пломба салып кетті. «Әзірге пайдаланбаңыздар» деді. «Бұл не болып қалды» деп ауданға, облысқа жүгіріп әлгі пломбасын алдырттық. Бірақ бұл ұзаққа созылмады. 6 айдан соң жоғары жақтан бірнеше адам келіп, тракторымды соқасымен алып кетті. Бейнебір түс көргендей болып қалдық. 

    – Кімдер алып кетті? Бәрі заңды болса, неге оларға бересіз? – деген біздің сауалымызға аңқау кәсіпкер ана да өкінішпен жауап берді.

    – Мен қайдан білейін, Үкіметтің адамына қарсы келсек, сотталып кететін шығармыз деп қорықтық. Әйтпесе…

    – Содан кейін не болды? Неге «әйтпесе» дедіңіз. Оларға қарсы тұратын қауқар бар ма еді?

    – Кейін дос бар, дұшпан бар дегендей, бәрі ызаланып жатыр. Тіптен полиция інілерім «Ойбай-ау, бізді шақырмайсыз ба? Бәріміз жабылып бермейтін едік қой» деді. Қазір шынында да тал түсте бере салғаныма өкініп отырмын.

    – Содан ол тракторды іздедіңіз бе?

    – Иә, іздедім. Ауыл шаруашылығы басқармасына бардым. Сатып алған жерімнен сұрастырдым. Әкімшіліктің де есігін қақтым. Негізінен менің тракторымды алып кеткен «КазАгрофинанс» мекемесі екен. Олар мені жолатпады. Сот та оларды жақтап шықты.

    – Өзіңіздің айтуыңыз бойынша осы күнге дейін ақшасын төлеп тұрған сияқтысыз. Оны неге олар тоқтатпаған?

    – Бұрын көп жыл сот болған Асылхан Досмұрзаевпен ақылдасқанмын. Ол кісі «олардың жасап отырғаны нағыз қиянат» деді үзілді-кесілді.

    – Енді қызыл трактордың жыры бітті ме? Бәрінен үмітіңізді үздіңіз бе?

    – Айтпақшы, осы мәселе бойынша Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Нұржан Нұржігітовке кірдім. Ол кісі менің мұңымның бәрін мұқият тыңдап болған соң қатты ашуланды. Тиісті адамдарды шақырып: «Мына кісінің тракторын қайтарып беріңдер. Обал емес пе?» – деді. Бәрі де бас шұлғыған. Шыққан соң неше түрлі сылтау айта бастады. Көрдіңіз бе, олар тіпті өзінің тікелей бастықтарының бұйрықтарын орындамайды. «Кәсіпкерге барлық жағдай жасап жатырмыз» деп елге жар салады. Бірақ ештеңе жасап жатқан жоқ. (Несіпкүл тәте ашуланып біраз отырды)

    – Астанаға барып қайтыпсыз. Олар көмектесетін болды ма?

    – Бардым. Өткен жылы қараша айында жиырма күндей болдым. Ауыл шаруашылығы министрлігінде, содан соң ҚР Президентінің мемлекеттік мекемесіне арызымды жаздым. 26 қарашада Базарбаев Сейіткерім және Үкімет бөлімі басшысының орынбасары Рыскелді Сәтбаев қабылдады. Сондай-ақ Жамбыл облысына жауапты қызметкер Қыдырберді Беков болды. Ботагөз деген кісі Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары екен. Менің жағдайыммен танысып болған соң «тракторыңды аласыз» деп кесімді жауап берді. 

    – Әлі жауап келген жоқ па? 

Бір жауап хат келді. Үш айдың ішінде арызымды қарайды екен. Өзің білесің, көктем қыр астында. Ертең-ақ жетіп келеді. Тағы да баяғыдай бола ма деп қорқамын…

    Несіпкүл Кезеңбаева тәтеміздің қызыл трактор жайлы зары да, жыры да осы. Шынында да бұған қарап «кәсіпкерге бар жағдайды жасап жатырмыз» деген айтылып жатқан жалынды сөздердің бәрі жалған ба деп ойлайсың. Бір кәсіпкердің тағдыры осындай болғанда, өзгелердікі жетісіп отыр дейсіз бе?

  

Ертай Айғалиұлы
25.01.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 52
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 579
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 693
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 608
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 617

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8753
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8153
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11382
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9136
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10367