АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР

АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР

Қазақ жерінің кеңдігіне мың тәубе!.. Оңтүстігінде жаз болып тұрса, солтүстігінде қытымыр қыс. Батысында қоңыр күзде жүрсең, шығысында ақмылтық аяз, қақаған суық. Біз биылғы экспедиция кезінде соны анық көрдік. Қарашаның 10-жұлдызы қалың қар борап тұрды. ШҚО, Самар ауданынан жолға шықтық. Бастаушы (Бастау-Ши) ауылының азаматы батыр тұлғалы, байсалды жігіт Нұртас бізді Көкпекті ауданына жеткізді. Үлкен Бөкен ауылында «AMANAT»-тың төрағасы Кемербаева Раушан Алпысбайқызы, аудан әкімінің орынбасары Мақсат Сайлауғазы, Үлкен Бөкен ауылы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Қалибекұлы күтіп алды. Танысудан соң бірден екі нысанды көрсетті. Ауылдан шыққан ауқатты азамат, «Тайым» шаруа қожалығының директоры Ринат Солтабаев, ауылдағы ел үшін он шақты бөлмесі бар, осы заманға лайық дәрігерлік амбулатория, жамағат үшін мешіт, 500 кісі сиятын хатымхана салып, қолдануға берген екен. Ел игілігіне айналған орындарды көріп риза болдық. Ауылды көтеруге көмек қолын созып отырған Ринат сияқты қайырымды жандарға алғыс айттық. «Балапан бауырына басып жейді, Ақсұңқар айналасына шашып жейді» дегендей, өзінде бармен бөлісіп, туған ауылына қайырымдылығын жасап, ауылға тыныс, дамуға үлес қосып отырған бүгінгінің батырларына тәнті болдық.

 

 

ҰЙЫМШЫЛ КӨКПЕКТІ ЖҰРТЫ

 

Осы арадан Нұртас бауырымызды Самарға қайтарып, алдағы 20 шақырымға әкім Мақсат ініміздің көлігімен беттедік. Мақсат бауырымыз жол бойы ауданды, ел мен жерді таныстыра отырып Көкпектіге жеттік. Жолымыздағы «Толағай» тауын, «Үкілі қыз» ауылын көріп, қазақша елді мекен аттарын оқып көңіліміз көтерілді. Келе сала бірден Көкпекті ауданының тарихи-өлкетану мұражайына тоқтадық. Өңір туралы, ел жайында мәлімет алдық. Ауданнан шыққан өнердегі, спорттағы, әдебиеттегі айтуды кісілердің есімін оқыдық. Өз жұмысына шөгел Смайылова Клара ханымның аузынан көп сыр естідік. Осы елдің перзенті, талантты жазушы, Алматыда араласып жүрген Нұржан Қуантай есімі құлағымызға жылы естілді.

Музейден шыққан соң «AMANAT»-тың аудандық филиалында бас қостық. Кездесуді Раушан Алпысбайқызы жүргізіп отырды. Жиналысқа әкімнің орынбасары Мақсат Сайлауғазы, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Серік мырза, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Рақымбаев, мәслихаттың хатшысы Талғат Сарманов, қоғамдық ұйымдардың жетекшісі, «Жұлдыз» газетінің бас редакторы Фархат Маратұлы, ауыл азаматы, қаламгер Қайрат аға, мектеп директоры, өзге де саланың өкілдері қатысты. Қардың жауып тұрғанына, күннің жексенбі болғанына қарамай, көпшіліктің жұдырықтай жұмылып жинала қалғанына риза болдық. Басшымыз Сәуле Мешітбайқызы да атқа мінер азаматтарға, ұйымшыл Көкпекті жұртына алғысын айтып, ағыл-тегіл көсіле сөйледі. Сәуле әпке көп жылдардан бері бұл ауданға келе алмаған екен. Ал, мен бірінші рет ат ізін салып отырмын. Талаптан ағамен ҚЖО «Әдебиет айдыны» газетінде істеп жүргенде Қайрат Малғаждар ағамен кездесіппін. Ал, Фархат бауырым Алматыда студент болып жүргенде менің шығармашылық кешімде болған екен. Көкпектіден екі таныс табылды. Аудандағы белсенді ағайынмен кездесуден шығып Оқушылар шығармашылық сарайына бардық. Директоры Асқар Дүйсенбекұлы алдымыздан шығып қарсы алып, өнер орталығы туралы толық мағлұмат берді. Бұл шаңырақтан шығатын «Жас қалам» журналы, шығарушысы Клара Қайыржанқызымен таныстық. Аппақ қар жер бетін бүркеп, дүние нұрға толды.

«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай,

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.

Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,

Ықтырма мен күзетке отырар бай», – дегендей, дәл сол өлара тұсқа тура келген екенбіз. Көкпектіде сағат 4-те (16.00) күн ұясына кіріп, қараңғы түсті. Біз түн болғанына қарамай сағат 19-ға дейін нысандарды аралап жүрміз...

 

 

ҚАЛБАТАУДА АППАҚ ҚАР, ҚАРАУЫЛДА ҚАП-ҚАРА

 

Қарашаның 11-і күні таңғы шәйімізді ішіп, Көкпекті ауданынан атқа қондық. «АMANAT»-тың төрағасы Раушан Алпысбайқызы мен Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Байсеңгіров Көкпектіден шығарып салып қоштасты. Аудан әкімінің орынбасары Мақсат Сайлауғазы «Сәуле апамды Жарма ауданына өзім жеткізейін» деп, Қалбатауға тартып кетті. Жол бойы қар жауып тұрды, жүз шақырым жолды абайлап басып, асықпай жүріп, сағат 11-ден кете Қалбатауға жеттік. Негізі Мақсат әкім бір қызметкеріне бізді тапсырып, өзі Көкпектіде қала берсе де, біз ренжімейтін едік. Алайда үлкенді сыйлаған, Сәуле апаны құрметтеген Мақсат ініміз қасына Насырды ертіп, Жарма ауданының әкімі Нұрлан Мұхаметрақымұлының кабинетіне дейін алып келді.

Жарма ауданына жақындағанда алдымыздан әкімнің орынбасары Сәкен Әлмұхамбетұлы мен Мәслихаттың хатшысы Мейірхан Оспанов шығып күтіп алды. Көкпекті мен Жарманың ауа райы бірдей секілді. Екі ауданға да қар жапалақтап жауып тұрды. Азаматтар бірден әкімнің кабинетіне бастады. Нұрлан Мұхаметрақымұлы жылы жүзбен, ықыласпен қабылдады. Басшымыз Сәуле Мешітбайқызы визиткасын ұсынып, «Ауыл аманаты Ел аманаты» экспедициясын таратып айтып, таныстырды. Өз кезегінде әкім де ауданның жағдайынан мәлімет бере келе, жұмыстарымызды қолдап, орынбасарларына тапсырып, сәттілік тіледі.

Әкімнен шыққан соң, жиналып бізді күтіп тұрған ауданның бөлім басшылары, ауыл әкімдері, мектеп пен аурухана қызметкерлерімен кездесу басталды. Сәуле Мешітбайқызының тағылымды сөзінен кейін көпшіліктің өтініш-тілектерін тыңдадық. Мен сөзімді өзім ең жақсы білетін жазушы Әзілхан Нұршайық аға мен ақын Саят Қамшыгер інімнен бастадым. Екеуі де Жарманың азаматтары. «Елдің атын ер шығарады», еткен еңбегі, тигізген пайдасы болса, елі оны мақтан етеді. Әкімдіктегі кездесу аяқталған соң, аудандағы үш мектептің бірі «Маяковский мектебіне» аялдап, олардың «телестудиясын» көрдік. Оқушылардың шығармашылығын дамыту мен журналистикаға бейімдеу орталығын көзбен көріп, шәкірттер жасаған хабарларды тамашаладық. Қар жауып тұр, жол болса тайғақ, бес болды дегенше, кеш болды деген дұрыс. Жолға жиналдық. Бізді Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлназ Әбішева мен әкімнің орынбасары Сәкен Әлмұхамбетұлы шығарып салды. «AMANAT»-тың атқарушы хатшысы Садықова Жанна Тұрсынбекқызы бізді Семейге дейін жеткізіп қоюға бірге аттанды.

Семейдегі «AMANAT»-тың офисіне жеткен соң, Қарауылдан келіп бізді күтіп тұрған жеңіл машинаға отырып, Абай ауданының орталығына жүріп кеттік. Жармадан Семейге 150, Семейден Қарауылға 170 шақырым, жалпы 320 км жолды артқа тастап ұлы бабамыз, дана Хакім Абай атаның еліне жеттік. Жол бойы әңгіменің тиегін ағытып, әне-міне дегенше кешкі сағат 20:00-ге қарай бізді күтіп тұрған әкімнің орынбасары Ерболат Сәлімұлы мен «AMANAT»-тың төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлы, атқарушы хатшысы Қуат Маратұлының қасына келіп тоқтадық. Семей мен Қарауылдың ортасындағы бір аралықта қар ұшқындап жел соғып тұрды да, Ералының жазығынан өте дүние тыныш, жер қара. Жарма мен Қарауылдың арасы төтесінен 150 шақырым ғана. Әне сол шамада ауа райы екі түрлі. Жармада қалың қар, Қарауылда құрғақ, қара суық. Алла қаласа, таң ата Абай ауданындағы жұмыстарымызды бастаймыз. Кездесу мен көзден кешіру жалғасын таппақ. 

 

 

90 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР АБАЙ АУДАНЫНДА

 

Сонымен... Абай облысы Абай ауданы Қарауылға кіреберісте аудан әкімінің орынбасары Ерболат Сәлімұлы, «AMANAT»-тың төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлы, атқарушы хатшысы Қуат Маратұлы күтіп алды. Түнделетіп келгендіктен кешкі тамақтан соң осы өңірден шыққан атақты кәсіпкер, меценат Медғат Құтжановтың салып беріп, ауданға сыйлаған «Шыңғыстау» спорт кешені мен қонақүйіне келіп түстік. Үлкен кешен, қонақүйі жылы, жайлы. Азаматтардың өз еліне деген ыстық махаббатын сезгендей болдық.

Соңғы кезде бір байқағанымыз әр елден, әр жерден шыққан бай азаматтар тапқанын тақымына қысып жата бермей, жақсылығын жарқыратып көрсетіп, кіндік қаны тамған мекені мен ұшқан ұясына қайырылып қамқорлық жасап жүргендердің қарасы көбейіп, қатары молайып келе жатыр. Бұл – біздің экспедициямыз көрген жетістіктердің бірі.

Ертесі азанда «AMANAT»-тан Мақсат пен Қуат бауырларымыз, басшымыз Сәуле Мешітбайқызы екеумізді алып жүріп Қарауылдың әр көшесіндегі салынған үйлерді, бой көтерген дүкендер мен орталықтарды, жастар үйін, балабақша, кәсіпкерлік нысандарын көрсетіп шықты. Қарауыл еңсесін тіктеп өсіп келе жатыр екен. Онан соң аудан әкімі Мейіржан Серікболсынұлы Смағұловтың қабылдауына алып келді. 1987 жылы туған жас әкім осы ауданның перзенті, елдің, жердің жағдайын түгел біліп отыр, ойы орамды, сөзі сара, тілі шешен жігіт екен. Сәуле Мешітбайқызы екеуара әңгіме мәнді де мазмұнды өрбіді. «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициямыз туралы толық мәлімет ортаға түсті. Суыққа қарамай, қарлатып, борандатып жүрген сапарымыз ауылдың тыныс-тіршілігін көрсету екенін түсінді. Әкімнен шыққан соң аудан активтерімен, ауыл әкімдері, білім, денсаулық, ақпарат, ауылшаруашылығы өкілдерімен кездесуге жалғасты. Басқосуды Мақсат Нұрсұлтан ұлы жүргізіп отырды. Кеше алдымыздан шыққан әкімнің орынбасары Ерболат Сәлімұлы, партия хатшысы Қуат Маратұлы тапжылмай отырып жиналысқа қатынасты. Қоғамдық кеңестің төрағасы Асанғазы Төлеубек аға сөз сөйледі. «АБАЙ ЕЛІ» газетінің бас редакторы Әсет Медеуханұлы, Білім бөлімінің басшысы Факизат Ысқақова, бір ауыл әкімі мінберге шығып ойларын ортаға салды. Ауданда 90 жылдық тарихы бар «Абай елі» газетінен өзге, Анар Сәрсенбина шығарып отырған «Ұлылар елінің ұрпақтары» деген журнал шығып тұрады екен.

Жиналыстан шыққан соң хакім Абай мен дана Шәкәрім жатқан Жидебайға келдік. Мұхиттағы алып ақ кемеге ұқсайтын Абай-Шәкәрім кесенесін зиярат етіп, бабалар басына Құран оқыдық. Сәуле әпке 20 жылдан соң екінші рет келіп отыр екен. Менің үшінші мәрте келуім. Әр келгеннің әсері әртүрлі, онан сайын Абай әлеміне жақындай түсесің.

Аудандағы елдің иесі, жігіттердің сойы, елге деген сүйіспеншілікпен еңбек етіп жатқан азаматтармен қоштасып, Алаш қаласы – Семейге ат басын бұрдық. Жолда Еңлік-Кебек кесенесіне тоқтап, Құран бағыштадық. Шөбі сыбырлап, желі күбірлеп, бұлағы ән салып, қонақтары тамсанып тұратын Абайдың мекені ғажайып дүние. Бұл – қазақ руханиятының бастау көзі, ұлттық идеологиямыздың қайнары. Абай жолынан (Абаизм) адаспаған адам ұлттық тұғырын сақтайды. Бабалар үмітін ақтайды.

13 қарашада Абай облысындағы «AMANAT» партиясының облыс бойынша ауыл әкімдері форумына тұспа-тұс келдік. Абай облысының әкімі Ұранхаев Нұрлан Тельманұлы күн тәртібіндегі реті бойынша басқы жағында қысқаша сөзін оқып берді. Онан өзге уақытта ешкімге кедергі болып, көлденеңінен тұра шапқан жоқ. Астанадан келген партия өкілі Каринова Шолпан Таңатқызы өз кезегінде баяндамасын көптің назарына ұсынды. Форумды жүргізіп отырған «AMANAT»-тың облыстағы төрағасы межелі уақытта жиналысты аяқтады. Баяндамашылар жинақы, сөйлеушілер мұқият болды. Партия мен әкімдіктің марапаттары иелерінің қолына тиіп, форум жоғары дәрежеде, көтеріңкі көңіл күймен өте шықты. Біз осыған дейінгі аралап келген аудандарымыздан танысқан атқамінер азаматтар да бізбен жылы амандасып, қимай қоштасты. Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдыкаримов Нұржан Оразбекұлы қатты қарбалас болған шығар, Астанадан ат терлетіп келген экспедиция жетекшісі Сәуле Мешітбайқызына келіп амандасуға уақыт таба алмады. Есесіне ұйымдастыру бөлімінің басшысы Омаров Болат Уәлиұлы жарғақ құлағы жастыққа тимей күні-түні қасымызда болды. Біздің Абай облысындағы экспедициямызды үйлестіріп отырды. 

 

 

АЛАШ РУХЫ БАР МҰРАЖАЙ

 

Шығыстың қысы шындап түсе бастады. Ызғар есіп, суық жел ұрып тұр. 14 қараша Семейдегі Абай музейіне қарасты Бөгенбай батыр көшесі 132-үй, «Алаш арыстары Мұхтар Әуезов музейіне» бардық. Бұл үйді Ибраһим Құнанбайұлы орыс көпесі Московиннен сатып алады. Осылайша үйді Ташкент, Андижан жағында оқып, жоғары білім алған, қазақтың алғашқы қаржыгері Әнияр Молдабаевтың тұруына береді. Әнияр мырза үйдің бір бөлмесін бос ұстап, Абай ағасына дайындап қоятын болыпты. Абай хакім Семейге келгенде осы үйде тұрған. Айлап жатып шаруаларын бітіріп, кітап оқыған, еңбегін жазған, сол кездегі озық ойлы адамдармен сұхбаттас болған. Кейін бұл үйде Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді әйгілі кісілер бас қосқан. 1921-1922 жылдар Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бірінші қабатында, Міржақып Дулатұлы екінші қабатында тұрған. М.Әуезовтың Семейдегі өмірі осы үймен тікелей қатысты. Абайдың алғашқы кітабының жарық көруіне де осы адрестің қатысы бар.

Бізді Абай музейінің аға ғылыми қызметкері, Алаш арыстары музейінің жаңадан тағайындалған меңгерушісі, жазушы, ұстаз Қуат Қиықбай есік алдынан күтіп алды. Қоғам қайраткері, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы екеумізге жарты сағаттың ішінде екі ғасырдың шежіресін, Алаштың арыстарын көркем тілімен көсіліп тұрып баяндап шықты. Тыңдаған сайын тыңдағымыз келді. Сәуле әпкемнің Астанаға ұшуына байланысты, Қуаттың Төкен Ибрагим ағаның еске алу кешін жүргізуіне байланысты бір сағатпен тұжырдық. Абай десе, ақтарылып тұрған, Алаш десе ағып кететін Қуат ініміздің лекциясы тасып тұр. Екі қабаттың асты-үстін толық көріп, көңіл көншіді, көп мәлімет алып көкірегіміз шымырлады. Біздің келгенімізді естіп, Абай театрының қызметкері, жазушы, аудармашы Айгерім Қиықбай келініміз амандаса келіпті. Мұражайдан шығып, «BARQY»-ның дәмін татып, театрға беттедік.

Дәл осы күні жазушы, қоғам қайраткері, Абай мұражайына 35 жыл директор болған, абайтанушы Ибраһимов Төлеужар (Төкен) Смайылұлының 85 жылдығына байланысты ғылыми-практикалық конференция мен Асы өткен екен. Міне, біз еске алу кешіне қонақ болдық. Республикалық деңгейдегі кеш Абай театрында дүрілдеп өтті, зал толы адам. Кеш тізгінін шешен тілді, көркем сөзді Қуат Қиықбай жүргізіп отырды. Сценарийді ұстап шыққаны болмаса, қараған жоқ, аузын ашса Төкен аға туралы сұлу сөз төгіліп тұр. Тарихи музейден шығып, тарихи тұлға туралы кешке қатынасып, рухымыз тасып, жүрегіміз әсерлі сезімге толды.

Елге барғанда сәті түсіп облыс әкімінің қабылдауына кіре алсаң, үлкен олжа. Егер жете алмасаң, жүрісің кібіртіктеп, ісің іркіліп қалатыны өтірік емес. Деседе, түрлі себептерге кез боламыз. Әкім бізді келе жатыр деп күтіп отырмайды. Жұмысы шаш-етектен, Астанаға кетеді, ел ішін аралап жүреді, жиналыстардан босамайды. Сондай сәтте әкімнің айналасында бары мен жоғын білдірмей іс тындырып, шаруаны ақсатпай атқарып жүретін азаматтар болады. Біз Абай облысына барғанда сондай санасы биік, сарасы терең Айдар Садырбаев деген бауырымызға жолығамыз. Ол Абай облысы Ішкі саясат қоғамдық байланыс басқармасының басшысы. Өз ісіне мығым, сөзі шымыр, жұмысы орнықты.

Сәуле Мешітбайқызы:

«Кезінде алдынан әлденеше хандарды өткізген, Абылай хан заманында жарқырап көзге түскен Бұқар жырау болған. Ол қазыналы қария, дана ақсақал, парасат-пайымы жоғары ақылшы, әділ би болып Қазақ елінің іргесінің бекіп, шаңырағының биіктеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Сондай даналардың сарқыты, өмірге келіп, түрленіп түлеп жүрген жастар бар. Соның бірі – осы Айдар Садырбаев балам. Ол бүгінгінің Бұқар жырауы», – дейді.

«Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген асыл сөз есімізде. Еланасы атанып жүрген Сәуле апа осылай десе, еш артық болмағаны. Дүние жақсылармен жарық.  

 

  Абай облысы: көкейтесті мәселелер

1)      Сағатты қайтадан «5»-тен «6» уақыт белдеуіне ауыстыруын талап етеміз. 

2)      «Ауыл аманаты» бойынша кредит бергенде кепілге қойылатын үйге жеңілдіктер жасауын сұраймыз. Бізде жұмыс істеуге мүмкіндік бар, кепілге қоятын затымыз жоқ. Осы жағы тіршілікке кедергі болып жатыр.

3)      Егін өнімдері, мал шаруашылық өнімдері бар. Оны өткізетін жер, сатып алатын адам жоқ. Қолда барды жарататын, айналымға шығаратын жүйе жоқ.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы
08.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 11.12.2024 62
ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ЖОЛДАРДЫ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 38
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 39
ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНДАРЫ ҚОС ТУРНИРДЕ ТОП ЖАРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 27
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 143
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 437
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 450
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 434
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 384
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 378
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 453
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 430
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 438

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10700
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9665
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12900
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11867
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16879