Қазақтың бас ақыны, әлемдік тұлға, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірін, шығармашылығын зерттеу, оның мол мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күнгі маңызды міндеттердің бірі. 2020 жылы Мемлекет басшысы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай маңызы терең мақала жариялады. Мемлекет басшысы өз мақаласында Абай айтып кеткен «Толық адам» іліміне тоқталып, әділетті қоғам құру, масылдықтан арылу, еңбекке, білім-ғылымға, өнерге құштар болуға үндейді. Мемлекет басшысы әлемге Абай арқылы қазақ елін, қазақтың рухани құндылықтарын танытуды ұсынды. Президенттің аталған мақаласы аясында қазір бүкіл әлем біздің мәдениетімізді, әдебиетімізді тағы бір қырынан танып жатыр. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атсалысуымен Абай өлеңдерін оқудан челлендж өткізіліп, жастар Абайдың өлеңдерін жарыса оқығаны бәрімізге белгілі. Ұлы ақынның өмiрi, артында қалған мұрасы – ақындықтың, ойшылдықтың, данышпандықтың мектебi ғана емес, ұлтын сүюдiң, халқына жанашыр болудың өмiрлiк өнегесi. Абай мұрасы әлем әдебиетінің әлеуетті әлемі болып қалды. Қырық бес қысқа шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері өмірге нұсқа, өрісі кең өнегемен өрілді. Абайдың қара сөзі – қазақ халқының өмірінің айнасы, ғасырлар өтсе де өшпейтін философия.
Танымдық экспедицияның сапары
Газетіміздің 25 сәуір күнгі санында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» деген тақырыппен Ә. Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төреевтің мектепте «Абайды оқы, таңырқа» атты үшінші жыл қатарынан қара сөздерді жатқа айту байқауы ұйымдастырылғандығы туралы мақаласы жарияланған болатын. «Абайды оқы, таңырқа» атты қара сөздерді жатқа айту байқауына Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылындағы №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта жоғары сыныптың 445 оқушысы қатысқан екен. Шараға белсенділікпен қатысқан 23 оқушы және ата-аналар мен мұғалімдер 2024 жылдың 13-15 мамыры аралығында Абай облысының орталығы Семей қаласына және Абайдың туған жері Жидебайға саяхаттады. Үш күнге созылған «Киелі Қордай жерінен ұлы Абай еліне» атты танымдық экспедициясына қатысқан оқушылар мен ұстаздарды аудан орталығында ауыл әкімі, ауданның бірқатар Құрметті азаматтары және кәсіпкерлер салтанатты түрде шығарып салып, ақ жол тіледі.
Ең алдымен саяхатшылар Алматы қаласына жетіп, Республика алаңында орналасқан Абайдың ескерткіші алдына жиналды. Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштер ХХ ғасырдың 50-жылдарында бой көтере бастады. Алғашқысы – 1960 жылы Алматы қаласында ашылған ескерткіш. Мүсінші Хәкімжан Наурызбаев жасаған ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған. Ескерткіштің алдыңғы бетінде «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев (1845-1904)» деген жазу бар. Басында тақия, үстінде шапан, сол қолында кітап бар. Мүсінші Хәкімжан Наурызбаев ескерткіш жұмыстарына кіріспес бұрын Мұхтар Әуезовтің кеңесімен Абай елі Шыңғыстауға барып ақын мінез-құлқы, бет әлпеті туралы мағлұмат жинаған. Сондай-ақ, бұл ескерткіштің қалануына сәулетші Иван Белоцерковский атсалысқан.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» демекші, мұнда оқушыларды ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, мемлекет қайраткерлері, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшелері, абайтанушы, алаштанушы ғалымдар және жерлестеріміз – әр салада табысты қызмет атқарып жүрген мектеп түлектері қарсы алды. Оқушылар жиналған қауымға Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқып берді. Шара барысында сөз алған ғалым, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев Абайдың қара сөздерін жатқа білетін қордайлық өрендерге ізгі тілегін жеткізіп, №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектеп ұжымын ҚР Ұлттық Ғылым академиясы президентінің атынан оқушылар арасында ғылымды насихаттау жұмысына қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақтың дүниетанымын ұлғайту мақсатында осындай ғылыми-танымдық экспедицияны ұйымдастырғандары үшін Алғыс хатпен марапаттады.
Ел ағаларының ақ батасын алған білімгерлер іс-шарадан кейін тамақтанып, келесі аялдамаға қарай жол тартты. 14 мамыр күні таң ата Абайдың туған жері Жидебайға жетті. Бұл жерде оқушылар «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін аралап, амфитеатрда Абайдың жастық шағын бейнелейтін «Махаббат, қызық мол жылдар» атты сахналық қойылымын қойды.
Жидебайдан Семейге барар жолда Ералы жайлауының шығысындағы Еңлік-Кебек ескерткішіне, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйіне ат басын бұрды. Мұндағы әр бөлме жазушы жүрген дара жолдан, оның шығармашылығынан хабардар етіп тұрды.
Ертістің жағасында орналасқан Семей қаласы – қазақ халқының рухани ордасы. Ұлт зиялылары 1917 жылы Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының астанасы деп осы қаланы белгілеген. Елдің рухани дамуы жолында айрықша маңызға ие Семей қаласын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тарихи орталық ретінде белгілеу жөн деп айтқан-ды.
Мұндай саяхаттар – нағыз рухани байлық
Ал кеш бата саяхатшылар Семей қаласына жетіп, Абай қорық-мұражайын, «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайын тамашалады. Семейдегі Абай қорық-мұражайы – Қазақстандағы ірі мәдени орталықтардың бірі. Бүгінгі таңда елімізде мұражай – ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме. Осындай мекемелердің бірі – өлкеміздегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы. Қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығына және оның ақындық өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау. Мұражай қазақтың ұлы жазушысы, академик М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазан күні мереке үстінде ашылды. Ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады. Абай қорық-мұражайы қорында 20 мыңнан астам жәдігері, 12 950 кітабы бар ғылыми кітапхана және көшірме жасайтын ғылыми-техникалық бөлім бар. «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі құрылуының 100 жылдық мерейтойына орай, Семейде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайының жаңа экспозициясы ашылған.
Бұл ұлт қамы үшін жанашырлардың бас қосатын жері болған екен. Тарихымыздың қайнар көзі іспеттес үйге оқушылар іштей тағзым ете қадам басты. Қордайлық саяхатшылар әр барған орын туралы толыққанды ақпарат берген мұражай басшылығына, қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп, рухани толығып, туған жерге жол тартты.
«Ұлтымыздың рухани ордасы саналатын Семей өңіріне, Ұлы Абай жеріне оқушыларымызды алып келудегі мақсатымыз – жастардың отансүйгіштік сезімін оята отырып, туған жерін, елін аялауға, қадірлей білуге тәрбиелеу. Ақын музейіне саяхаттау оқушылар арасындағы шығармашылық байланысты дамытып, олардың рухани байлығын нығайтып, ұлттық сана-сезімін арттырары сөзсіз. Қордай ауданынан мемлекетіміздің тарихи-мәдени құндылығын қадірлейтін, рухты, жігерлі жастар шығарына сенемін», – дейді Ә.Нүсіпбаев атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, экспедиция жетекшісі Болат Төреев.
– Үш күнге созылған сапарымыз үш сағаттай зырғып өте шықты. Көрген дүниелеріміз, алған ақпараттарымыз рухани байытты деп айта аламын. Бізді күтіп алған музей басшылығы, қызметкерлері Абай мұражайын толықтай аралатып, қолжазбалар, сақталған дүниелердің құндылығы және ақынның өміріне қатысты деректер мен оның өлеңдерін саралап өтті. Ал Мұхтар Әуезовтың мұражай-үйінде болғанда жазушының көзі тірі кезінде қолданған заттарын көріп, ерекше әсер алдық. Жидебайға барар жолда тағы бір тарихи жер – Еңлік-Кебек кесенесіне тоқтадық. Тарихи жерлерді аралап, Семеймен қимай қоштастық. Бізге осындай керемет саяхатты ұйымдастырған ұстаздарымызға, ата-аналарымызға, демеушілер мен ауыл азаматтарына барлық оқушылардың атынан алғыс айтамын, – деп, алған әсерімен бөлісті Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Сағила Қапархан.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам болуы керек. Оны білуге баланы туғаннан бастап өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын іздеуі керек, баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болуы керек» деген сөзін бала тәрбиесімен айналысып, жас ұрпақты жақсылыққа баулып жүрген Ә. Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектеп ұжымы нәтижелі іске асырып жатыр деген ойдамын. «Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тұтқасы» заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген болатын, білімді, саналы ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын!
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА