Абай әндері – қазақ музыка тарихында ерекше орын алатын ақынның жаңа бағытта жазған туындылары, баға жетпес мирас. Қазақ әндері мен күйлерін жетік білген данышпан ешкімге ұқсамайтын әуен тудырып, музыка тарихында өз қолтаңбасымен биіктен көрінген композитор. Халық әндерін тыңдап өскен кемеңгер Абай өз айналасындағы халықтан шыққан өнерпаздарды, қазақтың атақты әншілерін, күйшілерін көрген, тыңдаған. Ана сүтімен дарыған халық әуендеріне терең бойлап, оның артықшылығын түсіне тұра ешкімге ұқсамайтын өз әндерін жарыққа шығарған. Орыс романстарын естіп, оны Еуропа мәдениетімен үйлестіре отырып шығарған композитордың жаңа әуені халықтың құлағына өте жағымды болды. Ғұлама ақын дала халқына жаңа әуен, жаңа ырғақ, жаңа ән әкелді. Ғашықтық лирикасы ел ішінде аңызға айналған. Сол себепті де Абайдың әндері сонау XIX ғасырдың соңғы жылдарынан бастап халық ішіне кеңінен тарай бастаған. Халық ауыз әдебиеті, шығыс шайырлары мен орыс және Еуропаның ұлы ақындарын үлгі тұтқан ақын музыка саласында өзіндік жеке-дара жолға түскен. Әр өлеңін, қара сөздерін хатқа түсіріп жеткізген ойшылдың өз әндерін базқалпында халыққа жеткізуге аса мүмкіншілігі болмаған. Оның бір себебі – нота жазбасын дала халқы кеш игерді. Сондықтан да Абайдың әндері ел ішінде кең таралғанымен, оларды ыждаһаттылықпен қағаз бетіне түсіру жұмыстары өлеңдеріне қарағанда сәл кешірек, XX ғасырдың бас кезінен бастап нотаға түсіріле бастаған.
ӘНДЕРІНІҢ ӨМІРШЕҢ БОЛУЫ НЕЛІКТЕН?
Абай әндерінің орындаушылары, жеткізушілері, насихаттаушылары әлемге танымал қазақтың ғұлама ғалымдары, ақындары, композиторлары, жазушылары мен алдыңғы қатар ойшылдары еді. Олардың қатарында күміс көмей әншілер де көп болған. Ақынның музыкалық мұрасының терең, ойлы шығармалары алдыңғы қатарлы әншілерді бейжай қалдырмағаны анық. «Әнді сүйсең, менше сүйдің» сыры осында жатқандай. Әншілік өнердегі қайталанбас тұлғалардың бірі, Абайдың көзін көрген ұлы әнші Қали Байжанов «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сегіз аяқ» әндерін шырқаған. 1925-27 жылдары Франция мен Германияның сахналарында ән салған, кейін қудалауға ұшыраған ұлы әнші Әміре Қашаубаев Абай әндерін орындап қана қоймай, оны біздің заманымызға жеткізушілердің бірі болған. Әміре басына іс түскен қиын-қыстау заманда өз ұсынысымен композитор Е.Г.Брусиловскийге 1934 жылы Абайдың «Біреуден біреу артылса» және «Қор болды жаным» әндерін жаздырған. Абайдың шәкірті Әлмағанбеттен үйреніп, қазақ ән өнерінде өзіндік мектеп қалыптастырған дүлдүл әнші Жүсіпбек Елебековтің орындауындағы әндер түпнұсқа болып қалды. Тума талант, қадірлі әнші Жәнібек Кәрменов пен заманымыздың заңғар әншісі Қайрат Байбосынов екеуі Абай әндерін өз нақышына жеткізе шырқаған. Академик Мұхтар Әуезовтен бастап, оның соңынан ерген ғұламаларды айтпағанда, Абай әндерінің өміршіл болуына айрықша еңбек сіңірген көпшілікке танымал дала дарындарынан негізгі орындаушылар осылар болғаны анық. 1935 жылы Семей қаласында академик М.Әуезовтың бастамасымен Абайдың музыкалық мұрасын сақтап қалу үшін оны алғаш рет толық жинап, нотаға түсіру қайта қолға алынған. Композитор Л.Хамиди осы жылы Әрхам Ысқақұлынан «Біреуден біреу артылса», «Желсіз түнде жарық ай», «Ішім өлген сыртым сау», «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Татьяна сөзі», «Көзімнің қарасы», «Сұрғұлт тұман дым бүркіп», «Бойы бұлғаң», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Тәңірі қосқан жар едің сен», «Қарашада өмір тұр», «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін жазып алған. Бұл әндер Л.Хамидидің Москва консерваториясының жанындағы Татар опера студиясына оқуға кетуіне байланысты ол кезде жарыққа шықпай, композитордың жеке архивінде қалған екен. 1939 жылы М.Әуезовтың ұсынысымен Алматы қаласында Абай әндерін нотаға түсіру қайта қолға алынады. Оның тапсыруымен Л.Хамиди әнші Жүсіпбек Елебековтің орындауында «Қарашада өмір тұр», «Көзімнің қарасы», М.Әуезовтен «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерінің жаңа нұсқаларын жазып алған. Музыка зерттеуші, композитор Борис Ерзаковичтің өзі Қуан Лекеров, Темірболат Арғынбаев, Жүсіпбек Елебеков және Мұхтар Әуезовтың айтуынан «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Ата -анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң», «Тәңірі қосқан жар едің сен» әндерін жазып алып, нотаға түсірген. Абайдың музыкалық мұрасын жинауға ақынның Тұрағұлдан туған немере қызы Мәкен Мұхаметжанова көп үлес қосқан. 1939 жылы оның орындауындағы Абай әндерін композиторлар А.Жұбанов пен А.Серікбаев жазып алған. Бірақ, сол әндерден Жұбанов нотаға түсірген «Онегиннің Татьянаға хатынан» басқасы сақталмаған. 1948 жылы Б.Ерзакович Семей облысы, Жарма ауданы «Октябрьдің 15 жылдығы» колхозында тұратын ақын Көсембек Байғұтдиновтан Абайдың «Қарға мен бүркіт» әнін жазып алған. 1984 жылы ҚазССР ҒА-ның Әдебиет және өнер институтының өтінішімен Мәкен Мұхаметжанова Абайдың 17 әнін магнитофон таспасына жаздырғаны туралы деректегі 11 әннің ақынның бұрын белгілі болған әндерінің жаңа нұсқасы да, алтауы: «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Әбдірахманның әйелі Мағыштың жоқтауы», «Теректің сыйы», «Есіңде бар ма жас күнің?» әндері алғаш рет нотаға түсірілген. Әндерді музыка зерттеуші Қ.Жүзбасов жазып алған. Бірақ, мұндағы «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әні Абайдың емес, С.Мұхаметжановтың төл туындысы, өзінің авторлық әні екенін айту керек. Бұдан кейінгі уақыттан бері қарай да Абайдың жарияланған әндерінің саны көбеймесе, азайған жоқ шығар. Бірақ, оның ішінде Абай әндерінің бірнеше нұсқаларымен берілгені, Абай өлеңдерінің халық әнімен, қазаққа танымал бұрынғы әнші-композиторлардың әндерімен айтылған және кейінгі заман композиторларының әндерімен айтылған әндері де бар. Бұған таңғалудың қажеті жоқ. Абайдың композиторлық дарыны, оның әндерінің жүректі баулап алуы – Абай әндерінің әсемділігінде жатыр. Хакім Абайдың әндерінің дәрежесі күннен-күнге биіктеп, күрделі музыка жанрларына бет алды. Ән романсқа айналды. Тек домбыра ғана емес, камералық ансамбль, симфониялық оркестрлер сүйемелдейтін ариялар жазылды. Көрнекті композиторлар Абай әніне терең бойлады. Академик, ғұлама композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди ақынның музыкалық туындыларын саралап «Абай» операсын дүниеге әкелді. Біздің мақтанышымызға айналған қазақ композиторларының Абайдың сөзіне жазылған әндері, романстары, ариялары данышпанның композиторлық дарынын одан сайын күшейтіп, дәріптелу аймағын ұлғайтты. Абай әндері үлкен оркестрлердің орындалуымен елімізден тыс жерлерге қанат қақты. Осылайша, Абай әндері әлемнің көгіне шарықтап шықты. Олардың қатарында: Л.Хамиди «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», А.М.Гурьевич «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Ойға түстім, толғандым», «Қор болды жаным», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Қыз сөзі», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Сұр бұлт, түсі суық, қаптайды аспан», М.М.Иванов-Сокольский «Желсіз түнде жарық ай», М.Төлебаев «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», Н.Меңдіғалиев «Мен сәлем жазамын», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Кейде есер көңіл құрғырың», С.Мұхамеджанов «Әнді сүйсең, менше сүй», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Адамның кейбір кездері», «Мен боламын демеңдер», Н.Тілендиев «Абай арманы», «Ойға түстім, толғандым», Ә.Еспаев «Ішім өлген, сыртым сау», «Барасың қайда, қайда?», Е.Рахмадиев «Көңіл құсы құйқылжыр», «Сіз – қырғауыл жезқанат», М.Маңғытаев «Қалқамай-ай, мен үндемей жүремін көп», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», Т.Базарбаев «Есіңде бар ма жас күнің?», «Күлімсіреп аспан тұр», «Жазғытұрым», «Қыс», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтық, құмарлықпен ол екі жол», М.Сағатов «Домбыраға қол соқпа», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», М.Ыбраев «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», В.Новиков «Бас, виолончель және фортепианоға арналған триптих», Т.Мұхамеджанов «Қалың елім, қазағым», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көңілім қайтты...», Ә.Әбдінұров «Жүректе қайрат болмаса», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Есіңде бар ма жас күнің» атты туындылары бар.
ҚАДІР-ҚАСИЕТІН КЕТІРМЕЙ, ӘННІҢ ТАРИХЫНА, МӘНІНЕ ҮҢІЛ!
Хакім Абайдың әндерінің қадір-қасиетін кетірмей, келер ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз. Сондықтан да, шекарасы жоқ, шексіз Абай әндерін басқа композиторлардың әндерімен шатастырмауымыз керек. Абайдың өз әндерін ғана анықтап алуымыз керек. Себебі, Абайдың сөзіне жазылған немесе сөзіне шығарылған әндердің бәрін Абайдікі деуге болмайды. Абайдың композиторлық дарынына нұқсан келтірмеуіміз керек. Әндерді саралап, әр әннің шығу тарихына үңіліп барып анықтау қажет. Бұндай жауапты әрі тыңғылықты зерттеуді қажет ететін жұмысты алғаш атқарған – белгілі өнерпаз, еліміздің сүйікті әншісі Еркін Шүкіман. Еркін Шүкіманнің жазған «Абайдың музыкалық мұрасы» кітабы өте дұрыс бағыттағы күрделі еңбек. Тиянақты жасалған ғылыми жұмыс. Абайдың өз әндері мен Абайдың сөзімен айтылып жүрген басқа әндердің ара-жігін ажыратып берген. Бұл еңбектің бұрынғы нота жазбаларымен шығатын кітаптардан ерекшелігі – данышпанның өз әндерін бір ретке келтіріп, Абай әндеріне мол түсінік берген. Міне, осы тұста Е.Шүкіман жанын сала зерттеп, әрбір әннің шығу тарихын күйдің аңызындай жырлап, бір жүйеге келтірген. Әнге қатысты аңыз-әңгімелердің ақиқатын ашып жазған. Бұл кітап әннің дүниеге келуі, алғашқы орындаушылары, дәріптеушілері, қағазға түсу уақыты, нота жазбасының жарыққа шығуы, алғашқы нотаға түсіргендердің естеліктері, бір әннің басқа да нұсқаларынан айырмашылығы, оның фортепиано немесе оркестрмен орындалуына қатысты деректер, әннің құрылымы мен мәтін ерекшеліктері және басқа да зерттеу бағытында аса табандылықты қажет ететін қасиеттерге ие болған Еркіннің ғылым саласындағы зор табысы. Мені ойландырып, толғандырғаны – Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңіне қатысты деректер. Себебі, менің қолымда ақынның осы өлеңінің әні бар. Қолымдағы қолжазбадағы «Абайдың өлеңі» деп аталатын әнді этнограф Арыслан Нұрымжанұлы Балғожин 1956 жылы шілде-тамыз айларында Шығыс Қазақстан облысынан жинаған әндер мен күйлер жинағының ішінде нотасымен берген. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің сөзімен айтылған әнді Тополев мыс ауылының тұрғыны Қазыбаев Иманқұлдың өз аузынан жазып алған. Иманқұл бұл әнді өзінің айтуынша 1921 жылы Семей қаласында бір әуесқой музыканттан үйреніп алған. Бұл қолжазбалар орысша «Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының әндері мен күйлері», «Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының әндері мен күйлері» деп аталатын екі жинақтан тұрады. «Зайсан ауданының әндері мен күйлері» 1956 жылы шілде-тамыз айларында, «Марқакөл ауданының әндері мен күйлері» 1957 шілде-тамыз айларында жазылып алынған. Нотаға толығымен түсірілген. Сонымен қатар, композитор Зекен Мейірмановтың қытай қазақтарынан жазып алған әндері мен күйлеріне қатысты мол мұра да өз кезегінде жарыққа шығуды күтіп тұр. Барлығын түгел бір жүйеге келтіріп, ноталарын қайта теріп, қолжазбаны шығаруға дайындап отырмын. Ел арасынан өткен ғасырдың елуінші жылдары А.Балғожин жинаған ән-күйлермен қатар табылған басқа да Абайдың әндері кездеседі. Еркін Шүкіман: «Консерваторияның ҒЗФЗ қорынан Абайға қатысты тағы бір ән табылды. Ән Талдықорған облысы Ақсу ауданы Ақсу ауылынан жазылып алынған. Аудиотаспада орындаушы «Абайдың әні – «Топай көк», орындаған –Назарбек Әмірғалиев», – деп жазады. 1975 жылы музыкатанушы Алма Темірбекованың жинағына осы ән енген екен. Жинақтағы осы әнге қатысты берілген түсінікке орай әннің Абайдікі емес екендігін жазады. Ары қарай осы сөзіне қатысты талдау жасап, «Топай көкті» жан-жақты зерттеп, әңгімені ғылыми бағытта талдайды. Мені қызықтырғаны – жеткізуші Н.Әмірғалиевтен «Топай көк» әнінің жазылып алынған уақыты. Ол – 1958 жыл. Осының алдында, 1953 жылы М.Әуезов өз орындауында «Сүйсіне алмадым, сүймедім» әнін нотаға түсірткен. Демек, елуінші жылдары халық та, ақынның музыкалық мұрасын жеткізушілер де хакім Абайдың беймәлім әндерін айтып жүрген. Кезінде біреуден үйреніп алып, ауызша жеткен әндер де болған. Елуінші жылдары нота жазбасы әбден қалыптасқанымен кәсіби мамандардың құлағына ілінбеген Абай әндері әлі күнге дейін кездеседі деп кім ойлаған? Соның бірі – Иманқұл айтқан «Абайдың өлеңі». «Абайдың өлеңі» деп аталған әндер тарихтан белгілі. Ақынның әндерін ең алғаш нотаға түсірушілердің бірі, Қазақстанның Халық әртісі, композитор, этнограф А.В.Затаевич 1920-23 жылдары Жүсіпбек Айтмауытовтан «Абайдың әнін», Шәріп Медетовтан «Абай» әнін нотаға түсірген. Мендегі қолжазбадағы әннің атауында бұлардан айырмашылығы «әні» емес, «өлеңі» деп аталуында болғанымен, әннің бірінші шумағы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің сөзімен еш өзгеріссіз айтылады. Әнді нотаға түсірген этнограф А.Балғожин қолжазбаларының соңында орысша түсініктеме берген. Түсініктемеде: «По сообщению Казыбаева Иманкула, эту песню он перенял от одного любителя-музыканта в г. Семипалатинске /в 1921 году/. На вопрос: принадлежит ли мелодия песни самому Абаю или же сочинена кем-либо другим – Казыбаев не смог ответить. Скорее всего это мелодия народной песни, к которой позднее неизвестным певцом был приспособлен текст Абая. В самом тексте 1-ое четырехстишие несомненно принадлежит Абаю, II-е же либо является отрывком из неизвестной песни Абая, – либо поэтической импровизацией исполнителя», – деп жазған. Иманқұлдың «Абайдың өлеңі» деп айтқан әнінің мәтіні төмендегідей: Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да. Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да. Ері жоқ, таңбасы жоқ Бурылтайдың, Сағымы үйге түсер туған айдың. Төрт болыс тобықтыдан жалғыз қалып, Зарлықпен салған әні Ыбырайдың. Күмән жоқ, бірінші шумағы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңі. Бұған дейінгі деректерде данышпанның өлең сөздерінің өзгеріп тұруы жиі ұшырасады. Өлеңнің жарыққа шыққан басылымдарында да аздаған өзгерістер бар екені бұрыннан белгілі. Ақынның «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» – Абайдың 1889 жылы жазылған өлеңі. Ақынның өлеңінде: Сорлы асық сарғайса да, сағынса да, Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да, Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да – деген екінші шумақтың 4-ші жолы «Қорлық пен мазағына табынса да» болса, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбаларына сәйкес «Қорлық пен мазағына табылса да» болып берілген. Абай өлеңдерінің көбісі әнге айналған сәтте өзгеріске ұшыраса керек. Әнді жеткізуші немесе Абайдың өлеңіне ән шығарушы өз жанынан өлең жолдарын қосып отыра беретін мысалдар көп-ақ. Ақынның өз өлеңі авторлық басқа әнімен айтылғаны да жеткілікті. Өлеңдері, әндері елге ең алғаш таралған кезден бастап-ақ өзгерістерге ұшырай бастаған. Ол жайында Е.Шүкіман тиянақты талдап жазған «Абайдың музыкалық мұрасы» кітабындағы «Абай сөзімен айтылған халық әндері» бөлімінде қазақ даласында Абай сөзімен айтылған немесе Абай әні, жыры деп айтылған халықтық нұсқалардың жалпы қолына тиген зерттеу еңбектері мен жинақтар, мұрағаттар мен қорлардан алынғандарынан 15-ін келтірген. Осы бөлімде Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңіне қатысты дерек баршылық.
«ЖАРҚ ЕТПЕС МЕНІҢ КӨҢІЛІМ НЕ ҚЫЛСА ДА» АБАЙДІКІ МЕ, ӘЛДЕ?..
Еркін Шүкіман: «Абай сөзімен айтылған әндердің бірнешеуін М.Төлебаев хатқа түсірген. М.Төлебаевтың «Мақпал» жинағында Абай сөзімен айтылған үш ән жарияланған. Соның алғашқысы – «Қалқа» әні. Жинақ түсініктерінде: «Қалқа» – Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің алғашқы шумағының өзгеріске ұшыраған түрі деп түсінік берілген» деген дерек келтірілген. Нота жазбасының астында: Менің күнім жарқ етпес не қылса да, Ай менен күн аспанда шағылса да. Маған жар жоқ, қалқатай, сірә, сіздей, Бізден артық сізге жар табылса да» деп, «ай» одағай сөзі көп қолданылған мәтін бар. Ары қарай «М.Төлебаевтан жеткен екінші ән де осы сөзбен айтылған. Жинақ соңында: «Сайра да бір сөйле – Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің алғашқы шумағының өзгеріске ұшыраған түрі деген түсінік берілген» деп жазады. Нота жазбасының сөздерінде: Жарқ етпес менің көңілім не қылса да, угай, Аспанда ай менен күн шағылса да. Сайра да бір сөйлеші-ай құрбым-ай, угай-ай, – деп жазылған. Кітаптағы үшінші көрсетілген халық әндері жайында: «Жарқ етпес» өлеңі халық әндерінің тағы бір сөзі болып орындалған. ...Бөкейханов жеткізген әннің 1-шумағы сөздердің орны ауысқан немесе сөздері өзгерген халықтық нұсқадағы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім» өлеңінің сөзімен айтылса, 2-шумақ Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әнінің мәтінімен айтылған» деген түсінік беріліп, Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да. Қалқатай, маған жар жоқ, сірә, сендей, Саған жар менен артық табылса да. Қайырмасы: Қараторғай, жүрсің зорға-ай Бейшара шырылдайсың жерге қонбай, – деген мәтін берілген» деп жазылған. Е.Шүкіман осы дерекке байланысты жүргізген зерттеулерінде респонденттердің арасынан Ғ.Бөкейхановты да, «Қараторғай» әнін де кездестірмеген. «В.Дернова келтірген қайырма мәтініне қарағанда, Ақан серінің де «Қараторғай» әні «Жарқ етпестің» сөзімен айтылған секілді» деген ой айтады. Байқағанымыз – халық әндері және халық композиторларының әндерімен айтылған ақынның өлеңдері ел ішінде көп өзгеріске ұшырап орындалғандығы. Ал, Иманқұл айтқан «Абайдың өлеңі» әнінің алғашқы шумағы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің өзі екенін атап өттік. Екінші шумақтағы бірінші жолын Біржанның махаббат лирикасынан «Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың» деген сөзін «Ері жоқ, таңбасы жоқ Бурылтайдың» деп, өзгертіп айтқаны. «Бурылтай» – ел ішіне көп тараған асқақ ән. Біржан әндерінің жинағында бұл әннің де үш түрі бар екенін ескерсек: Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың, Сағасы өткел бермейді терең сайдың. Құба жонға жүгіртіп, шыға келсем, Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың, немесе: Таңбасы жоқ, ені бар Бурылтайдың, Сағасы өткел бермейді-ау терең сайдың. Жүгіріп, құба дөңге-ай шыға келсем, Жұрты жатыр, өзі-ай жоқ қалқатайдың-ау, – дейтін екінші және соңғы үшінші: Қамшы бастым асыға Бурылтайға, Өткел бермей тоқтатқан терең сай ма? Жұрт жаңғыртып орнынан бір күн түнде, Қалқатайдың ауылы кетті қайда? – деп айтылатын әннің мәтіндері де көп нәрсені аңғартса керек. Халыққа кеңінен тараған Абай мен Біржанның әндері тек өз туған мекендерінде ғана емес, қазақ даласына тегіс жайылған. Жалпы мұндай «Бурылтайдың» өзгеріске түскен түрлері де ел ішінде, атап айтсақ, Алатаудың бөктерінде де әлі күнге дейін кездеседі. Сондай мысалдардың қатарына Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құрманбек Әлімжанның «Қордай шамшырағында» жариялаған: Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың, Сағасы өткел бермейді терең сайдың. Құба жонға шоқытып шыға келсем, Ізі жатыр, өзі жоқ қалқатайдың, – деген жолдары жатады. Мәселе мақаланың «Абай Қордайда болған ба?» деп аталғанындай, ақынның Қордайда болғанында емес, Иманқұл айтқан «Абайдың өлеңі»деп аталған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің екінші шумағындағы 1-ші жолын Біржаннан алғаны немесе басқа да әншілер секілді Иманқұлдың өз жанынан өңдеп қосып айтқаны. Келесі 2-ші жолы «Сағымы үйге түсер туған айдың» деп, бұл да әнді жеткізушінің өз жанынан қосқаны. Ары қарайғы 3-ші және 4-ші «Төрт болыс тобықтыдан жалғыз қалып, Зарлықпен салған әні Ыбырайдың» деген жолдары Абай атамыздың төрт болысқа сыймай, ішіндегі дертті айналасында түсінетіндей ешкім болмай, қадірі кетіп, жаны ауырғанда салған әні дегенге келтіріп, ақынның өз есімін Ыбырай деп, Абайдың есімін ескіше атап айтқан. Қорытындысында, Иманқұл айтқан екінші шумақ А.Балғожиннің түсініктемеде жазған «II-е же либо является отрывком из неизвестной песни Абая» емес, толығымен Иманқұлдың қосып айтқан импровизациясы болады. Өлеңнен әнге көшейік. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің әуені Абайдікі ме, жоқ па, бұл ән шынымен де Абайдың әні ме? Бұл сұрақтың жауабын іздейік. Иманқұл әнді 1921 жылы үйренген. Бұл уақыт Абай әндерінің алғаш рет нотаға түсе бастаған тарихи кезеңі болатын. Бұл жәй сәйкестік емес. Қазақ халық музыкасының үлгілерін жинаушы, өзі пианинода орындаушы, этнограф, кәсіби маман ретінде танылған А.Э.Бимбоэс Абайдың екі әнін (Мұстафа Нұрбаевтан «Сегіз аяқ», Нәзипа Құлжановадан «Татьянаның Онегинге жазған хатын») 1919 жылы нотаға түсірген. 1920-23 жылдары А.В.Затаевич Осман Қашағановтан «Татьянаның Онегинге жазған хатын», Жүсіпбек Айтмауытовтан «Абайдың әнін», Ескендір Дайрабаевтан «Қор болды жаным», Мұсылманқұл Әбсалықовтан «Өзгеге көңілім тоярсың», Серғазы Тамтаевтан «Көзімнің қарасы», Кәрім Қашқынбаевтан «Сегіз аяқ», Шәріп Медетовтан «Абай», Сәбит Мұқановтан «Татьянаның Онегинге жазған хатын» нотаға түсірген. А.Балғожин нотаға түсірген «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің екінші шумақтағы сөзіне көңіл аудармай әннің тағдырына бойласақ, бұл ән Абай әндерінің алғашқы ел ішіне таралған шақтағы, қаймағы бұзылмай тұрған кездегі әні болып шығады. Бұл, әрине, әннің шығу тарихына, тағдырына қатысты маңызды факторлардың бірі ғана болса керек.
«ЖЕЛДІРМЕ» КҮЙ МЕ, ӘЛДЕ ӘН БЕ?
Осы Зайсаннан жиналған ән-күйлердің ішінде нотасымен берілген «Желдірме» күйінің екі нұсқасын да «Абайдың өлеңін» айтушы Қазыбаев Иманқұл орындаған. Бұл күйдің Абайға қатысы бар ма, жоқ па, ол туралы түсініктемеден оқып қарайық. «Оба эти пьесы перенял у того же любителя-музыканта в г.Семипалатинске /1921 год/. К сожалению, имя этого человека Иманкул Казыбаев за давностью лет забыл, но из тех отрывочных сведений, которые сохранились у него в памяти – удалось утановить, что автор этих пьес уроженец Кокпектинского района. Оба эти пьесы могут исполняться как в отдельности, так и вместе, образуя как бы 2-х частную форму. II-й вариант в отличие от 1-го исполняется в сопровождении голоса, причем к вачестве поэтического текста используется стихотворение Абая «Не алмас қыран бүркіт» деп жазылған. Абайға тікелей қатысы бар екен. Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап, Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап. Қыран шықса қияға, жібереді Олар да екі құсын, екі жақтап... – деген Абайдың он төрт жолдан тұратын өлеңін «Желдірме» күйінің нотасына салып айтсаңыз, шынында да күйді осы өлеңнің сөзімен айтып шығуға болады. Бірақ, әңгіме басқада. Түсініктемеде ары қарай: «В принципе, оба варианта «Жельдирме по интонационному строю мелодики скорее приближается к песне нежели к кюйю и скорее являются переложением для домбры одноименных песенных напевов. Козыбаев Иманкул заявляет, что и 1-й вариант исполнялся голосом, но поэтический текст им полностью забыт», – деп, «Желдірменің» екі нұсқасы да күйден гөрі әнге жақын, күймен аттас әндердің әуенінің домбыраға лайықталған түрі деп есептейді. Олай да болуы мүмкін. Соңғы сөйлемде Иманқұлдың бірінші «Желдірменің» де дауыспен қосылып айтатын мәтіні болғанын, оның мүлдем ұмытылып қалғанын нақты жазады. Біз көңіл аударатын тұс – «Абайдың өлеңін» де, «Желдірменің» екі нұсқасын да Иманқұлдың Семейдегі әуесқой музыканттан үйренгені. Иманқұл әнді орындап берген кезде оны кімнен үйренгенін айта алмаған. Күйлерді орындап берген соң ғана екі «Желдірме» күйінің авторы Көкпекті ауданының тұрғыны деп еске алған. Күйлердің авторы, Иманқұлға «Абайдың өлеңін» үйреткен адам белгілі деп айтайық. Бірақ есімі жұмбақ күйде қалып тұр. Ал, Абайдың күйі деп аталған «Желдірме» күйінің бұрыннан бар екенін ұмытпасақ, жаңа табылған «Желдірме» күйінің екі нұсқасының да Абайға қатысы бар екенін айта кету керек. Бірінші себебі атауында «Желдірме» деп тұр. Бұрынғы «Желдірме» күйін 1977 жылы осы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай жерінен музыкатанушы Қ.Жүзбасов жазып алып, нотаға түсірген. Қ.Жүзбасов жазып алған күйді орындаған – Х.Демшінов. Күй сабырлы, әнге ұқсас әуені бар. Ал, Иманқұлдың орындауындағы «Желдірменің» екеуі де жылдам екпінде орындалады. Бұл жағынан Абайдың күйлерінің ортақ тұстары немесе өзіндік қолтаңбасы ешкімге беймәлім болғандықтан, Иманқұл орындаған күйлерді Абайдың күйі деуге келе қоймас. Жалпы бұған дейін жарыққа шыққан Абай күйлерінің басым бөлігі орташа екпінде орындалады. Дегенмен, Абайдың «Торы жорға» күйінің шапшаң жүруі және сарынының сан алуандығы мен мінезінің әр сәтте құлпыра өзгеріп тұратын тұстары Иманқұлдың орындаған «Желдірме» күйімен мінездері мен құрылымы жағынан ұқсастықтарын аңғаруға болады. Тағы бір көңіл аударарлық дерек ретінде Иманқұл күйлерді Көкпекті ауданының күйшісінен 1921 жылы үйренгені. Олай болса, «Желдірме» күйі Абайдың немересі Исрайыл жеткізген ақынның алғаш жеткен «Май түні» күйінен көп ілгеріде ел арасында таралып кеткен күй болып тұр ғой. Бұл да болса ойланатындай дәрежедегі дерек. Е.Шүкіман кітабында «М.Әуезов: «жеке әндерінің шығарылған жылдары дәлді мәлім болмас да, әйтеуір жиыны 1886 жыл мен 1897 жылдар арасында шықты деседі. Тегі өлеңі қою шыққан жылдарда әндері де жарыса шығып отыратын сияқты», – деп, ғұлама жазушы данышпан Абайдың әндерінің шығуына байланысты мағлұмат келтірген. Осы деректерге сай Абай «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін де басқа әндерімен қатар бір мезгілде шығаруы мүмкін. Жаңа әннің ішкі мазмұнына қатысты сөз қозғасақ, Абайдың ең танымал әндері секілді ерекше құрылымы мен әуен-сазының құлаққа жағымдылығын, халық әндерінен алшақтығын оңай байқауға болады. Ол, біріншіден, Е.Шүкіманның «Желсіз түнде жарық ай» әнін талдап жазғанындай, Иманқұлдың айтқан «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әні де әуені құлаққа тез сіңіп, тез есте қалатын, ырғағы жаңаша, ел ішінде кеңінен таралмағанымен әннің соңына қарай халық еріксіз қосылып шырқай жөнелетін ән. Екіншіден, Е.Шүкіман келтірген ғалым В.Дернованың «Абайдың музыкалық мұрасы» зерттеуіндегі: «Жаңа лирикалық жанрға бүтіндей (толық – Ә.Қ.) жататын Абайдың үш қана әні бар: «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде». ...Орындағанда шумақтың екінші бөлімі қайталанады, бұл әндердің бәрі минорда», – деген тұжырымына мұңлы-минорда емес, мажорда орындалатын «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін қосуға болады. Себебі, әннің 3-ші және 4-ші жолдары нотада екінші рет қайталанып жазылған. Ал, мұндай сәйкестіктер бір автордың ғана әндерінде болатынын баса айту керек. Жоғарыда айтылған жайттар бұл әнді Абайға шын мәнінде бір табан жақындатып тұрғаны анық. Әннің әуені Абайдың табиғатына жақын.
КОМПОЗИТОР ЗЕКЕН МЕН ЭТНОГРАФ АРЫСЛАН, ОЛАР КІМДЕР?
«Абайдың өлеңі» кірген қолжазбалардың тағдыры тым ауыр десе де болады. Арыслан Нұрымжанұлының екі жинағы (нота жазылған дәптерлер – Ә.Қ.) кейіннен композитор Зекен Мейірмановтың қолына тисе керек. Немесе керісінше, композитор өз еңбектерін этнографқа берген болуы мүмкін. Жарыққа шығарарға дейін осындай бағытта жүргенмін. Екі ғалымға қатысты кейіннен архивтен табылған құжаттар басқаша ой туғызды. Нақтырақ айтсам, екеуінің де консерваторияда оқып білім алғаны, ұзақ жылдар бойы қазақ мәдениетіне үлкен еңбек сіңіргені жайлы деректер қолыма тиген, түсі кетіп тоза бастаған қағаздарда сайрап тұр. А.Балғожин Құрманғазы консерваториясынан білім алып, осы оқу орнында домбыра класынан сабақ берген. З.Мейірманов консерваторияға дейін Қытай Халық Республикасындағы театрларда өнер көрсеткен. Тіпті, сонда түсірілген әйгілі «Хасен-Жәмилә» көркем фильмінде Серіктің ролін сомдаған дарынды актер болған. Консерваториядан кейін Қызылорда қаласындағы облыстық драма театрында өнер жолын жалғастырған. Сондықтан да, бұл құнды еңбектерді зерттеуші ғалым Мәриям Ахметоваға екеуінің қайсысы жеткізгенін дөп басып айту ертерек. А.Балғожиннің еңбегінде нотасы жарияланған «Абайдың өлеңі» («Жарқ етпес қара ңөңілім не қылса да» әні – Ә.Қ.) бар екі жинағы және композитор З.Мейірманов өзінің фортепиано сүйемелдеуімен 1963 жылы жазған «Қытай жас әуескерлер мен Мейірмановтың творчестволық жинағы» және «Қытай қазақтарының халық әндері», «Қытай қазақтарының халық күйлері» атты 7 жинақтан тұратын ғылыми еңбектері көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың жары болған, қазақ қыздарынан бірінші болып өнертанушы, зерттеуші ғалым атанған Мәриям Ахметоваға аманат етіп тапсырылған екен. Бұл кезде Мәриям Мұқатайқызы Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты музыка саласының ғылыми-зерттеу бөлімінде қызмет атқарған болса керек. Сөйтіп, қолжазбалар 1960 жылдары атақты ғалымның қолына тиген. Қазақтың дәстүрлі әндерін жетік білетін ғалым апамыз 2011 жылы барлығын қазақ журналисі, атақты жазушы Балғабек Қыдырбекұлының қызына, қазақ қыздарының алғашқы кәсіби композиторларының бірі, қазіргі таңда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Балнұр Қыдырбекке аманаттайды. Тек музыка саласы ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, халық ауыз әдебиетінің жауһарларымен таныс болған Балнұр Балғабекқызына Мәриям апамыздың осыншама жәдігерлерді қолына ұстатарда: «Балнұр, айналайын! Осы ән-күйлерді жоғалтпай, жарыққа шығарса, осы қызым шығарады деп өзіңе табыстап отырмын» дегенінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Қазақ мәдениетіне деген шексіз махаббаттың, ұлттық өнерді қадірлеудің айқын көрінісі. Иманқұлдың 1921 жылы үйренген «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін арада жүз жыл өткеннен кейін, 2021 жылы ұстазым Балнұр Қыдырбек маған тапсырды. «Сен менің жалғыз композитор шәкіртімсің, оның үстіне қалам алып кітап жазуға да бейімің бар. Алдыңғы буын ағаларымыз бен апаларымыздың аманатын саған бердім» деп, музыка сабағын үйретіп отырған кезінде қолыма ұстатып еді. Ал, осы музыкалық мұраларымызды жеткізген композитор Зекен Мейірманов пен этнограф Арыслан Балғожин туралы көпшілік мүлдем білмейді деуге болады. Консерваторияны тамамдап, ғұмырының соңына дейін қазақ музыка өнеріне адал қызмет жасаған өнерпаздар соңынан өшпес мұра қалдырған. Екі дарын иесінің маңдай терімен жинаған халық әндері мен күйлері баз қалпында сақталған. Бір ғасырдан аса тарихы бар, қиын-қыстау кезеңдерде жоғалмай, жақсы-игілердің қолынан өтіп менің қолыма тиген асыл мұраларды жарыққа шығарудың мезгілі енді келген секілді. Менің байқағаным, «Абайдың өлеңі» әнінің тұтастығы, музыка тілінің әуендете салған әдемі иірімдерінің бір-бірімен байланысы композитор Абайдың әндерінің табиғатына өте жақын екен. Бұл ән нақты Абайдікі деп айтуға берік байлам жасамасақ та, әннің әуен-сарынының өзі Абайдікі деп айтып тұрғандай естілді. Кеңінен құлаш тартып, көңілді бірден баурап алатын ақынның өз әндеріне тән. Композитордың кейіннен табылған «Қор болды жаным» әнін Абайдың әні деп дәлелдеген өнертану ғылымының докторы, профессор В.П.Дернованың тұжырымдарымен сәйкес келіп тұрған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін Абайдың ән мұрасына қосса артық болмас.
БҰЛ ЖАҢА ӘНІ БІЗГЕ ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?
Енді, Абайдың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да» деген өз әні болды ма екен деген заңды сұрақ туады. Бұл сұрақтың жауабы сонау 1915 жылда көрініп тұр. Ол деректі де Абайдың музыкалық мұрасын зерттеуші Е.Шүкіман келтіреді: «Ақынның бұл өлеңінің (Жарқ етпес қара көңілім не қылса да – Ә.Қ.) жеке ән болып айтылғаны жөніндегі деректі 1915 жылғы «Айқап» журналының 5 санында М. Малдыбаевтың «Қазақша бастапқы ойын» мақаласынан кездестірдік. Онда: «2-бөлімде Нәзипа Құлжанова Ыбырай Алтынсариннің жазды суреттеген сөзін сөйледі. Әнші Әлмағамбет «Ырғақты», «Татьяна», «Жарқ етпес» дейтін әндерді домбыраға қосып айтты. Екі домбыра бір мандолинаны қосып, ұлт күйін тартты» деп жазылған. Яғни, «Жарқ етпес» өлеңінің өз әні болғанға ұқсайды, бірақ бүгінге жетпеген», – деп жазады. Ғұламаның «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің болғанын, бүгінге жеткені жайында нақты деректер келтірейін. Бірінші дерек. Жоғарыда келтірген М.Малдыбаевтың «Қазақша бастапқы ойын» мақаласында «Жарқ етпесті» Әлмағамбет орындап, әннің болғаны жайындағы алғашқы дерек көрсетілген. Жәй ғана орындау емес, домбырамен қосып айтқан. Соған қарағанда, Әлмағамбет домбырада да шебер орындаушы болуы мүмкін ғой. Олай болса, домбыра күйлерін де білген болуы керек. Әнші, ғалым Е.Шүкіман өз кітабында мынадай дерек келтіреді: «Абайдың «Татьянаның хаты» әнін ең алғаш 1920 жылдары А.Бимбоэс Нәзипа Құлжановадан жазып алған деген сөз бар. Оны айтып отырған себебіміз, әнді жазып алған уақыттан төрт-бес жыл бұрын, яғни 1914 жылы 26 қаңтар күні Н.Құлжанова Семей қаласында Абайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына байланысты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырып, ақын мұрасы жөнінде баяндама жасайды. Сол кеште Абай әндерін орындаушы, насихаттаушы Әлмағамбет Қапсәләмов Абайдың «Татьянаның хаты», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әндерін орындаған. Жүсіпбек Айтмауытов Біржан ролін, Тұрар Қозбағарова Сараның ролін сомдап, Біржан мен Сараның айтысын сахналайды. Неге екені белгісіз, 1914 жылы Семейде өткен Абай кеші А.Бимбоэстің «Татьянаның хатын» жазып алған 1920 жылдармен байланыстырылып, әнді А.Бимбоэсқа орындап берген Н.Құлжанова болып жүр. Себебі, В.Дернова, Ғ.Бисенова, Б.Ерзакович еңбектерінде, АМТ, АСҚ (Б.Ерзаковичтің 1954, 1986 жылдары шыққан жинақтары – Ә.Қ.) жинақтарының түсініктерінде және Н.Құлжановаға қатысты еңбектерде осылай жазылған, бірақ ешқайсысында нақты дереккөзі көрсетілмеген. Н.Құлжанованың Б.Затаевичке екі ән жаздырғаны рас. Ол туралы «1000 ән» жинағында жазылған». Қазақ музыка тарихында Абайдың әндерін алғашқы рет нотаға түсіру науқаны осы Нәзипа Құлжановамен байланысты. Семейде өткен Абай Құнанбаевтың қайтыс болуына 10 жыл толуына арналған әдеби-музыкалық кешті ұйымдастыруға белсенді қатысқан. Кеште Абайдың өмірі мен өлеңдері туралы баяндаманы орыс және қазақ тілдерінде жасаған. Нәзипа тек Абай әндерін жеткізуші ғана емес, оны Әлмағамбет секілді 1914 жылдардан бастап ең алғашқы дәріптеуші болған. Бойына біткен әншілігімен қатар қолына қалам алып «Әдебиетімізге көз салсақ» деген мақала жазып, Абайды қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы деп таныған педагог-ғалым. Әдебиет зерттеуші, қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш журналист-публицист, жазушы-аудармашы болған Нәзипа Сағызбайқызы хакім Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғытұры» деген өлеңдерін алғаш орыс тіліне аударған. А.Бимбоэс пен А.В.Затаевичке Абайдың бірнеше әндерін және қазақ халық әндерін өзі орындап беріп, нотаға түсірткен. Ары қарай Е.Шүкіман: «Кейбір ауызша деректерден естігеніміз, 1919 жылы Н.Құлжанова күйеуі Колчак әскерінің қолынан қаза тапқаннан кейін, көп ұзамай Сәкен Сейфулиннің шақыруымен Ақмолаға ауысып, сонда фольклор жинаумен айналысқан екен. А.Бимбоэспен «Сегіз аяқ» және «Татьянаның хатын» жеткізген М.Нұрбаеваның үйінде кездесіп, А.Бимбоэс әнді («Татьянаның хаты» – Ә.Қ.) Нәзипадан сол жолы жазып алған дейді. Бірақ А.Бимбоэске ән жаздырғаны туралы негізгі дереккөзді (дереккөзі – Ә.Қ.) табылмады», – деп жазған. Ауызша дерек шынымен де рас болса, бұл жерде Н.Құлжанованың жаңа қырларын атап өту маңызды деп ойлаймын. Нәзипа Сағызбайқызының Абайдың әндеріне аса мән беріп, Семей қаласындағы көрермендерге әннің шығу тарихы мен орындалуына қатысты маңызды мәліметтер, қажетті ақпарат жеткізіп отырған және Ақмола өңірінде фольклор жинаумен айналысқан ғалым әрі ғұламаның алғашқы концерттерін ұйымдастырушысы екенін көреміз. Екінші дерек. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің 1995 жылы Алматыда жарық көрген «Абай. Энциклопедиясында»: Әлмағанбет Қапсалемұлының «өмірін ұзақ жылдары бойы Абай ауылында өткізіп ұлы ақынның «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Алыстан сермеп» т.б. әндерін айтып, халық арасына таратқан. 1914, 1924 ж. Абайдың қайтыс болғанына 10, 20 жыл толуына арналған Семейде өткен әдеби-музыкалық кештерде Абай әндерін нақышына келтіре орындап, ол туралы естелік айтқан», – деп, екінші рет әннің жүз он жыл бұрын Әлмағанбеттің орындауында бар болғаны туралы жазылған. Ары қарай энциклопедияда: «Әлмағанбеттің орындауындағы күйлерді («Алшағыр», «Бозторғай», «Тепең көк») А.В.Затаевич нотаға түсірген, оның үш шекті домбырасы Абайдың әдеби-мемориалдық музейінде сақталған», – деп, Әлмағанбеттің жоғарыда айтқанымыздай шынымен де шебер күйші екені туралы айтылған. Олай болса, 1921 жылы Семей қаласында Иманқұлға «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әні мен «Желдірме» күйінің екі нұсқасын да үйреткен Көкпекті ауданының тұрғыны осы Әлмағанбет әнші болуы мүмкін. Немесе әнді нотаға түсірген А.Н.Балғожиннің: «К сожалению, имя этого человека Иманкул Казыбаев за давностью лет забыл» дегені шындық болғаны. Этнографтың: «но из тех отрывочных сведений, которые сохранились у него в памяти – удалось утановить, что автор этих пьес уроженец Кокпектинского района», – деп жазғанының мәнісі – Иманқұл еміс-еміс есіне түсірген сыңай танытып, Көкпекті ауданының тұрғынынан үйрендім деп дүдәмал мағлұмат бергені. Себебі, ертерек, мұның алдында «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін орындаған кезде «На вопрос: принадлежит ли мелодия песни самому Абаю или же сочинена кем-либо другим – Казыбаев не смог ответить» деп, А.Н.Балғожиннің анық жазғанына қарағанда, ән Абайдікі ме, әлде басқа біреудің шығарған әуені ме деген сұраққа жауап бере алмаған. Бұл тарихи деректерге немқұрайлы қарауға болмайды. Композитор Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабында: «Ақылбай, Әлмағанбет, Айкерім Абайдың «жай даусымен» айтып шығарып берген әндерін аузынан қағып алып, шырқата, үдете, құйқылжыта орындап кетті. Абайдың ролі – бірінші рет «автор даусымен» орындап беру болды», – деп, Әлмағанбеттің әндерді Абайдың өз аузынан үйренгені туралы жазады. Сол себепті, одан үйренген Жүсіпбек Елебеков айтқан ақынның әндері түпнұсқа ретінде сақталған. Әлмағанбеттен Ж.Елебеков секілді басқа да өнерпаздар ән, күй үйренген. Жүсіпбек Айтмауытовтың 1914 жылы сахнада Әлмағанбетпен бірге өнер көрсетіп жүргені, онымен жақсы таныс болған деген сөз. Осы жақын қарым-қатынасының арқасында одан Абайдың біраз әндерін үйренген соң жоғарыда айтқандай 1920-23 жылдары А.В.Затаевичке «Абайдың әнін» айтып берген болуы да мүмкін. Иманқұл да 1914 жылы Назипа Құлажановамен бірге концертке шыққан Абайдың шәкірті Әлмағанбеттен немесе оның жақын айналасынан кейінірек, 1921 жылы үйренген болса керек. Себебі, ел арасында халық әндері мен халық композиторларының әнімен айтылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің мәтіні қатты бұрмаланып, кей тұстарында танымастай дәрежеде екенін жазып, мысалдарын келтірдік. Ал, Иманқұл айтқан әннің алғашқы шумағы Абайдың өлеңінің дәл өзі. Еш өзгеріс жоқ. Үшінші дерек. 2022 жылы 3 наурызда «Ана тілі» газетінде жарық көрген зерттеуші Бұлбұлназ Мұратқызының «Абайдың әншісі – Әлмағанбет» деген мақаласында: «Абайдың өзі де: «Осы әнді орындаса, Әлмағанбет қана орындасын» деп жиі айтып отыратын бірнеше әндері болыпты. Соның кейбірі: «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Жігіт сөзі», «Татьяна», «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ», «Өзгеге көңілім тоярсың» сынды әндер екен», – деп жазады. Композитордың өзі «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін «Әлмағанбет қана орындасын» деп шәкіртіне аманат еткен екен. Қорыта келе, ұстазы Абайдың бірнеше әндерін тікелей өзінен үйреніп халыққа таратқан Әлмағанбет Қапсәләмұлын «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің орындаушысы да, жеткізушісі де өзі, әнді тікелей автордың өз аузынан үйренген өнерпаз деп айтуға әбден болады. Академик Ахмет Жұбановтың: «Абай әндерінің мелодикасы, ырғағы, формасы өзіне дейінгі келген қазақ әндеріне ұқсамайды. Бірінші жағдай – Абай әндерінің әрқайсысының өзіне меншікті өлеңі болды» деп дәл тауып айтқанына иланбастан басқа шара жоқ. Сондықтан, соңғы табылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің авторы әнді жеткізушілер мен орындаушылар емес, Абайдың өзі деп тұжырымдауға негіз бар.
Мақсат – Абайдың жаңа әнін тірілту, әннің тағдырына қатысты тарихи деректерге ден қойып, жоғалған әнді бізге жеткізген орындаушыларды ұмыт қалдырмай, оларға әділ баға бере отырып, әннің болашағын ойлау, оны дәріптеу. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – деп өзі айтқандай, Ұлы Абай өлмейтұғын «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін орындау мен насихаттауды шәкірті Әлмағанбетке аманаттағаны анық.