Қазақтан сұңғыла, білгіш, сөз тапқыш, данышпан халық жоқ жер бетінде. Мен үшін солай, әйтеуір. Дегенмен, кез келген ұлттың өкілі өз халқы туралы солай ойлайтыны, солай айтатыны шүбәсіз.
Сол қазақтың «бұйырған кетпес, қуған жетпесінің» кері келіп тұр маған. Дидаш – Дидахмет Әшімханұлы досымның кіндік қаны тамған Шыңғыстайға барудың мүмкіндігіне үш рет ие болдым.
Біріншісінде, бірінші ме, екінші ме курсты бітірген жазғы каникулда Дидаштың өзі шақырған ауылына. Ол өзі өлердей ғашық, өзгелер де табиғатын тамсана әңгімелейтін өр Алтайды достарына көрсеткісі келген. Бір жағынан достарын туған ауылына ертіп барып, ата-анасымен, бауырларымен, ауылдастарымен таныстырғысы келгені – нағыз қазақы қонақжайлылық. Ол кезде шекаралық аудан болғандықтан, Катонқарағайға тек визамен ғана бара аласың. Дидахметтің шын ниеті ғой, бөлмеде бірге тұратын Жүніс, Әбдімүтәл және мен үшеуіміздің төлқұжаттарымызды апарып, виза да алып қойған. Не керек, сол жолы ішімізден Әбдімүтәл ғана барып қайтты. Жүніс екеуміздің сылтауымыз көп.
Екінші жолы Дидашқа Катонқарағайдың орталығында ескерткіш ашылу салтанатына шақырғанда. Шақырушы – әке әруағын әспеттеген Дәулет інім. Дәл сол жолы маған АҚШ-тағы ұлым мен келінімнен шақырту келгені. Ары-бері жолақысын төлеп, ұшаққа билет алып та қойыпты. Соны айтып, Дәулетке ризашылығымды білдіріп, мұхиттың арғы жағына ұшып кеттім.
Бір бөлмеде тоғысқан төрт тағдыр
Енді, міне, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жалынды журналист, көсемсөз шебері, баспагер Дидахмет Әшімханұлының туғанына 75 жыл толуына орай қаламгердің туған жерінде өтетін ғылыми-тәжірибелік конференцияға да қатыса алмайын деп отырмын. Бұл жолғы шақырту иесі де Дәулет інім. Басында баруға уәде беріп алып, денсаулығыма байланысты бас тартуға тура келгені.
Бәрі құрысын-ау, Дәулеттен, Лиза достан ұят болды пәлсінгендей. Мені шамалы да болса, осы ыңғайсыздықтан Ертай Айғалиұлы досым құтқарғалы отыр. Ол Дидаш туралы естелік жазып жіберуімді сұраған. Өзі басқарып отырған басылымға жарияламақ екен. Қуана келісіп, қаламды құшырлана қолға алғанымды қайтейін, Дидахмет жайлы не жазарымды білмей дал болғаным. Ол Дидаш туралы айтатын ештеңем жоқтығынан емес, ол туралы айтпағымның көптігінен. Қай жағынан бастасам екен?
Дидаш дүниеден озғаннан кейін топырағы кеппей жатып жарық көрген «Ұлттың рух жыршысы» атты естелік кітапта жарияланған мақалама «Қай қылығыңды айтайын, қайран досым!» деп тақырып қойыппын. Шындығы да солай. Дидаштың қылығы да, қыры да көп еді ғой айтуға тұрарлықтай.
Дидахмет Әшімханұлы мені біз ҚазМУ-дің студенті атанған 1972 жылдың күзінен «тәрбиелеуге» кіріскен. Өзінің «бетің бар, жүзің бар» демей бетке айтатын, тура айтатын мінезімен.
Жандосов және Правда көшелері қиылысындағы ҚазМУ-дің журналистика, филология, заң факультеттерінің студенттері тұратын жатақхананың 32 «б» бөлмесі Жүніс Сахиев, Дидахмет Әшімханов, Әбдімүтәл Әлібеков және мен – Болат Жаппаровқа бұйырған. Ол кезде бәріміз де «ов, евпіз» ғой. Жас жағынан алғанда үлкеніміз – Жүніс. Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында байланыс саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп келген сақа жігіт. Одан кейінгі Дидахмет – құрыш білек құрылысшы. Әбдімүтәл – Кеңес әскерінің Египеттегі тобы құрамында Суэц каналын салуға қатысып қайтқан интернационалист-жауынгер. Лейтенант шені бар. Өте білімді, ізденгіш жігіт. Іштеріндегі ең кішісі менің өзім жиырмадан асып кеткенмін. «Түгіскен» мемлекеттік асылтұқымды мал зауытының құрылыс цехында жұмыс істеген екі жыл еңбек өтілім бар.
Оқуға түсіп, көңіл көкке шалқып жүрген кез. Қыдырысым көптеу. Сондай бір қыдырыстан көңілді оралғанымда Дидахмет маған «бірінші сабақ» өткізгені бар.
– Әй, Жаппаров, – деп шақ ете қалды деканымыз Қожекеев ағайдың даусына салып. – Жаппар шал сені Алматыға оқуға жіберді ме, әлде қыдырып қайтуға ма? Қыдырып қайтуға жіберсе, қайтатын кезің болды.
– О не дегенің, Дидахмет-ау! Әрине, оқуға жіберді.
– Ендеше, сабағыңды оқы, жерлестеріңді түгендеп қыдыра бермей!
Өзімсінгені шығар, мүмкін, менің күндегі шаршаңқы келісімнен мезі болғаны ма, әжептәуір, ашулана, батыра айтты. Оның ашуланса, көзі шатынап, үстіңгісі көк тіреп, астыңғысы жер тіреп тұратын дүрдиген еріндері жиырылып кететіні бар. Содан кейінгі ашуланғандағы, кісіге кейігендегі бір әдеті «фырс» деп пе, «бырс» деп пе үн шығаратын.
Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды, мен кінәмді мойындап, сабаққа кешіккен оқушыдай мойным салбырап отырып қалдым. Жүніс те, Әбдімүтәл да үндеген жоқ. Дидахметтің жөн сөзін қолдағандары көрініп тұр.
– Ал, енді кел, шайға отыр. Төрт көзіміз түгел, отбасы болып отырып тамақтанайық, – деді жаймашуақтанып.
Қысқасы, Дидахметтің «бірінші сабағынан» кейін, бетім бері қарап, мен әжептәуір түзелдім. Нәтижесінде бірінші семестрді төртеуіміз де түгел «бестікпен» бітіріп, көтеріңкі стипендияға ие болдық. Әйтпесе, бірінші семестрде мен стипендия алған жоқпын. Ол кезде оқуға түскенімізге шүкіршілік еттік қой. Енді, міне, көтеріңкі стипендия. 50 сом. Қалыпты стипендиядан 10 сом артық. Бұл, сөз жоқ, Дидахметтің достық ақылының арқасы.
Дидахметтің сырт тұлғасына қарап, «ебедейсіздеу біреу ме» деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Қателесесіз! Дидаш – нағыз ептінің өзі. Тұратын бөлмемізді қысқа дайындауда байқадым іске шеберлігін. Ал, анау саусақтары быртиған добалдай қолымен домбыра тартқанын көрсеңіз, нағыз дәулескер күйші! Жіңішкелеу, тенор даусымен ән салғанда, аузыңды ашып кірпік қақпай қарап қалатыныңа мен кепіл. Әсіресе, «Аңшының әнін» нақышына келтіре орындайтын. Әннің дауысты барынша көтеретін шарықтау шегіне келгенде «япырай, қалай болар екен, дауысы жетер ме екен» деп қаласың ғой күмәнді көңілмен. Жоқ, күмәнданатын түгі де жоқ. Дидаш ол асудан еш қиналмастан емін-еркін асып, әрі қарай әнін әуелетіп кете барады.
Бөлменің төрінде домбыра ілулі тұратын. Ұмытпасам, Жүкеңнің домбырасы. Сол домбыра қолдан түспейтін. Жүніс пен Дидахметтің домбырада бірдеңе ойнамай шайға отырған кезі жоқ. Әбдімүтәл – өте ізденгіш, еңбекқор, табанды жігіт. Сол Әбекең домбыраны тыңқылдатып жүріп бір-екі әннің әуенін үйреніп алды. Күй тартқаны есімде жоқ. Әжептеуір әу дейтінім болса да, домбыраны үйрене алмадым. Әлі сол қалпымдамын. Қонбайтын нәрсе қонбайды екен ғой.
Бірінші семестрден кейін болуы керек, декан Қожекеев белсенді, оқу озаты Дидахмет Әшімхановты топқа староста етіп тағайындаған. Енді біздің бөлмеде үш бастық тұрады: Дидахмет – староста, Әбдімүтәл – комсомол ұйымының хатшысы, Жүніс – кәсіподақ комитетінің төрағасы. Ал, жақсы оқымай көр. Қашанда «Отан отбасынан басталады» ұстанымындағы Дидаш мәселені бөлмедегі тәртіптен бастайтын. Бөлмедегі кезекшілік, тазалық, тіпті, уақытылы жатып, уақытылы тұру да кесте бойынша. Дидахмет қайбір істе де ұлылардың қағидасын ұстанатын. Мына тірлігі Бауыржан Момышұлының «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ұлағатын ұстанғаны.
Осы жерде сөз орайына қарай, біраз алға озып кетуге тура келіп тұрғаны.
Бауыржан батырға деген Дидаштың құрметі
Дидахмет ізденгіш болатын. Көп оқитын. Ұқыптылығы ерекше. Әр заты орын-орнында. Күнделік жазатынын кейін білдім. Ал, орыс тілінің сөздігіне арнайы дәптер арнағаны есімде. «Мен қойшының баласымын. Қазақ мектебінде оқыдым. Ауылымыз да қазақ ауылы. Сондықтан, орысшам кемшіндеу. Сол үшін орысша өзім түсінбеген сөздердің тізімін жасап, оны орысша-қазақша сөздіктен көшіріп жазып, өзімше сөздік түземін. Жазған нәрсе көз алдыңда көлбеңдеп тұрады. Есте сақтауға оңай», – деуші еді орысша-қазақша сөздік жасауының сырын түсіндіріп.
Бірді айтып бірге кетіп қалдым-ау, басында-ақ айттым ғой Дидаштың қыры көптігін.
...2010 жылдың жазында Дидаш Таразға келген. Үйде дастарқан басында әңгімелесіп отырғанда менің шағын кітапханамның сөресінен Бауыржан Момышұлының екі томдығын көріп қалған Дидаш: «Әй, Жаппаров, – деді қуақы үнмен Қожекеевтің даусына салып, – сенің Бауыржанды білетініңе дауым жоқ, бетпе-бет көрдің бе өзін?» – деп сұраған.
– Көргенде қандай, ол кісінің екі рет қолын да алғанмын.
– Онда күнәдан таза екенсің. Өзің жамбылдық, өзің жазушы бола тұра Баукеңді көрмегенің, қолын алмағаның күнә болар еді, – деп бір тоқтады досым. Мені жазушы деп көтермелей сөйлегеніне ішім жылып қалса да:
– Қайдағы жазушы, Дидаш. Мен журналиспін ғой, – дедім қарапайымдылық танытып. Осы сөзіммен досымның нысанасына ілігіп, өткір сынына ұшырадым өз-өзімнен.
– Сен өйтіп мүләйімсіме! Жазғандарың ешкімнен кем емес. Әңгімені әрлеп айтқанда түбін түсіресің. «Құдай ұрып бас жазудан қол тимей, қағаз жазуды құнттамай жүрмін» деп мойындасайшы оданда. Күнделікті жазатын мақалаларың – міндетті жұмысың. Қала берді, күнкөрісіңнің көзі! – деп батыра айтып, Күләйдің алдында сойып салғаны. Сол баяғы бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын әдеті. Әрине, әркімге маған шүйліккендей шүйлікпейтіні анық. Ол – Дидаштың маған деген дос көңілі, жанашырлығы. Мен әңгіменің арнасын бұруға тырыстым.
– Жаңа Бауыржан Момышұлы туралы бір әңгіме бастап келе жатыр едің ғой.
– Иә, сенің уәжіңе тойтарыс беру үшін сөз реті келгенде айтып жатқаным ғой. Солай емес пе, Күләй, ә? – деп оған мақұлдатып алды. Күләйдің жаны кіріп отыр. Оған да керегі сол.
– Сен Баукең туралы бірдеңе айтпақ болып келе жатыр едің. – Мен тағы да тақырыпты ауыстыруға тырысып жатырмын.
– Иә, Баукеңнің туғанына биыл – 100 жыл. Мен Алматыда-ақ ол кісінің әруағына құран оқытуыма болады. Бірақ, Таразда есте қаларлықтай бір іс-шара өткізу – мақсатым. Сен соны ұйымдастыр. Жүлделері менен болсын. Дұрысы – спорттық жарыс. Саған тапсырма сол.
Менің ойыма бірден Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің директоры Сәуле Адамбекқызы Мұсаева түсті. Дидашқа соны айтып едім, қуана келіскені.
– Үш алыптың аттары тоғысқан іс-шара болғалы тұр ғой өзі. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде Бауыржан Момышұлы атындағы жүлде үшін жарыс! – деді екпін бере сөйлеп.
Дидаштың ұсынысын жеткізгенімде, колледж директоры Сәуле Мұсаева еш ойланбастан келісті. Менің қуанышым – досымның ұсынысының қолдау тапқаны.
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған факультетаралық волейбол жарысы күздің алғашқы айларының бірінде өткен. Табанасты шетелге шығармашылық сапардың сәті түсіп, ол жарысты бастама иесі, құрылтайшы, жазушы Дидахмет Әшімханұлы тамашалай алған жоқ. Оның орнына жазушының ұлы Дәулет інім жетті әкесінің беріп жіберген сый-сияпаттары мен жүлделерін алып.
Жүлделер – Бауыржаннан бастап бірнеше танымал қазақ қаламгерлерінің кітаптарының жиынтықтары. Ұмытпасам, конвертке салынған ақшалай сыйлықтары да бар.
Сонда колледж директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сәуле Мұсаева:
– Бөке, досыңыз көреген адам екен, сыйлықтың да, жүлденің де көкесі кітап қой. Тағы да қандай кітаптар десеңізші, кілең қазақ классиктерінің кітаптары! – деп риза болғаны бар. Оқыған, тоқығаны бар кісі ғой, Дидаштың жүлделері мен сыйлығын қомсынбағаны үшін менің де мәртебем өсіп қалды.
Жан досыммен соңғы сөз
Дидаш тағы бір келісінде, мектептерге арнап күнделік шығарғалы жатқан идеясын ала келді.
– Бұл күнделіктің ерекшелігі сол беташарында, ортасында, соңында қазақ зиялыларының білім туралы ұлағатты сөздерімен безендірілген. Онда ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының, Абайдың, тағы басқалардың оқу-білім туралы айтқан ұлағатты сөздері қамтылған. Оқушы күнделікті күнде ашады, оқу кестесін толтырады, сонда ұлылардың ұлағатты сөздерін де күнде оқиды. Бірі болмаса бірін санасында сақтайтыны сөзсіз, – деп түсіндірді ойын.
Сол жолы мені ұлы ғалым, абайтанудың негізін қалаушылардың бірі, бауыржантанудың негізін қалаушы Мекемтас Мырзахметовпен таныстырған. Жақсыдан – шарапат, осы таныстықтан кейін Мекемтас ағамен, тонның ішкі бауындай болмаса да, анда-санда кездескенде жақсы пікір алмасып тұрдық. Ол кісі Дидахмет туралы ризашылықпен, жоғары баға бере әңгімелейтін. Дидаш та солай бағалауға лайық еді.
Дидахмет Әшімханұлының «Ел-Шежіре» баспа орталығы дайындаған сол ерекше күнделікті Жамбыл облысының Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарының білім бөлімдеріне таратуға атсалыстым. Ашығын айтқан дұрыс, Т.Рысқұлов ауданы өздеріне берілген күнделіктің ақшасын тез-ақ жинап берді. Шамасы, ол ауданға аздау бөлінді-ау деймін. Ал, Байзақ ауданына білім бөлімі басшыларының келісімімен көптеу берілген. Сондықтан, тиісті қаражатын жинау үздік-создық болды. Мен қаражаттың жиналғанын жиналғанынша Дидахметке жіберіп отырдым.
Байзақ ауданы Таразға іргелес. Күнделіктің ақшасын жинау сиырқұйымшақтана бастаған. Мен де баруды жиілеттім. Ондағы уәделескен жауапты тұлғалар да аянып жатпаған сыңайлы. Бірақ, ақшаның түсуі мардымсыз. Дидаш тықақтап сұрап жатпаса да, менің мазасыздануым арта түскен. Шыдамсыздығым шығар, досыма жиі хабарласып, жағдайды баяндап тұрдым. Дидаш оның қаржысына менің қиянат жасамайтынымды біледі. Тіпті, кейде «сен мен үшін ары-бері шапқылаумен шаршадың-ау. Күнделіктен түскен ақшадан жолкіреңе, ішіп-жеміңе тартынбай жұмсай бер. Мен саған сенемін ғой» дейтін өзі кінәлідей. Сонда да болса, менің пендешілікпен сақтанған сыңайым.
Бір күні Дидаш телефон шалды. Бұрынғыша «Әй, Жаппаров» деген әзілдің белгісі де жоқ, үні байсалды.
– Болат, менің көзім көруден қалды. Кітап оқу, жазу, теледидар көру жоқ. Машинаның кілтін балаларға тапсырғанмын. Көзімнің ауруы отаға да көнбеді, – деді. Күйзелісі көрініп тұр. Шығармашылық адамы үшін, әсіресе күндіз-түні қаламы қолынан түспейтін, кітапты жастанып жатып оқитын, теледидардан жаңалықтарды жібермейтін қаламгер Дидахмет үшін көзден айырылу – үлкен қайғы. Соны жүрегіммен сезінсем де, Дидашқа мүсіркеу сөздер айтпадым. Ол – мүсіркеуді сүймейтін адам. Жанын одан сайын жаралап алудан сақтанып, «Алла жар болсын! Бекем болмен» сөзімді қысқа қайырып, сауығып кетуіне тілектестігімді білдірдім.
– Сен аяғына дейін тыңда, – деді зілсіз ғана. – Ана күнделіктің ақшасын «толық жинай алмадым-ау» деп қиналып жүргеніңді білемін. Мен қалғанын кештім! Сен де оларға кешкенімді жеткіз. Олар да қиналып жүрген шығар? Қинамайық. Алла қалғанын басқа жағынан жеткізер. Күләйға сәлем айт.
Менің сөйлеуге мұршамды келтірмей, телефонды өшіре салғаны.
– Мынау сенімен қоштасып, бақұлдасып жатқан сияқты ғой, – деді шошып кеткен дауыспен қасымда бәрін де естіп отырған Күләй. – Оның қатты ауырып жатқаны жайлы айтқан жоқсың ғой.
– Менің де естіп отырғаным осы, – дедім оған ақталғандай.
Көп ұзамай қаралы хабар да жеткен. Бізбен бірге оқыған, жатақханада көрші бөлмеде тұрған ерке қарындасымыз Роза Нарымбетова телефон шалды. Өзі жылап тұр.
– Болат аға, Дидахмет ағадан айырылып қалдық. Досыңыздың арты қайырлы болсын! Сіздердің сыйластықтарыңыз бөлек еді ғой, – деді әрі дос қазасын хабарлап, әрі көңіл айтып Роза қарындасым.
– Жаназасы қашан? – Аузыма басқа сөз түспеді. Қарындасыммен амандасуды да ұмытып кетіппін.
– Жаназасы қазір болайын деп жатыр. Жазушылар одағында. Өзінің аманаты бойынша, жерлеуі – туған жерінде. Жаназадан кейін мәйітін Өскеменге әкетеді ұшақпен. Одан әрі Катонқарағай, Шыңғыстайға.
Біреу төбемнен суық су құйып жібергендей болған суық хабарға есеңгіреп қалыппын.
Ол нағыз сөз зергері еді...
...Досым Дидашқа менен топырақ бұйырмады. Бірақ, оның қырқына, жылдығына қатысып, отбасының қайғысына ортақтастығымды білдіріп қайттым.
Дидахмет Әшімханұлы өте талғампаз жазушы еді. Оның жазғандарынан ауылдың, адамгершіліктің, нағыз өмірдің иісі аңқып тұратын. Ол нағыз ұлтын сүйген, ұлттың құндылықтарын ұлықтай білген ұлт перзенті еді. Ол туралы, жазған шығармалары туралы елден асырып ештеңе айта алмаспын. Бірақ, менің пікірім ерекше. Оның үстіне, Дидаш туралы алғаш жарық көрген «Ұлттың рух жыршысы» атты кітаптағы естеліктерде жан-жақты ашып айтылған.
Сол естеліктердің кейбірінде Дидаштың отбасына, бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарағаны, бұл мәселелерге қазақи қалыппен қарағаны баса назар аудара жазылыпты. Бұл ешқандай әсірелеу емес. Оны сол кітаптағы «Дидахмет айтты» деген сөздерден, ұлы Дәулеттің берген сұхбатынан да аңғарудың қиындығы жоқ. Оның нәтижесі отбасының, ұл-қызының Дидахметтің әруағына деген құрметінен, әкелеріне арнап атқарып жатқан істерінен, іс-шаралар ұйымдастыруынан көрініп тұр. Қазақ ондайды «орнында бар оңалар» дейді. Дидаштың өзі де осындай құрметке, істері үлгі етуге лайық еді ғой. Дегенмен, әке әруағын әспеттеген Дәулет ініме ризашылығым мен алғысым шексіз!
Алдағы Дидахметтің шығармашылығына арналып өткізілгелі отырған ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына сәттілік, табыс тілеймін! Болашақта Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығы туралы ғылыми еңбектер жазылатынына, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалатынына сенімім зор. Ол соған лайық қаламгер, сөз зергері, тұлға.
...Ертай Айғалиұлынан тапсырма алысымен үйге асығып келе жатқанымда машинадағы магнитофоннан достық туралы бір ән шырқалды. Ән тура менің көңіл күйімді дөп басқандай.
«Кеудемізден жан шыққанша жалғассын,
Екеуміздің достығымыз осылай» деп аяқталады соңы.
«Адам жан тапсырарда бүкіл өмірі бір сәттік көрініспен көз алдынан өте шығады екен» дейді ғой білетіндер. Сол рас болса, Дидаштың кеудесінен жаны шығардағы елес-суреттердің арасында мен де болғаныма кәміл сенімдімін.
Мен де сені кеудемнен жаным шыққанша ұмытпаймын, Дидаш дос! Сен менің жүрегімдесің!
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Тараз қаласы