АБЗАЛ АЗАМАТ, ЖАНАШЫР АҒАМЫЗ ЕДІ...

АБЗАЛ АЗАМАТ, ЖАНАШЫР АҒАМЫЗ ЕДІ...

... Әдетте «Өткен күнде белгі жоқ» деп жатады. Өз басым бұл пікірмен келіспеймін, неге болмасын, белгі бар ғой, әрине. Бәрі көз алдымызда, бәрі есте, күнтізбесі өтіп жатса.

...1971 жылдың маусым айының 16 жұлдызында мен бүгінгі «Арқа ажары» (ол кезде «Коммунизм нұры») газетінің редакциясына жұмысқа қабылдандым. Корректорлық қызметке. Екі-үш айдан кейін редакцияның мәдениет бөліміне кіші әдеби қызметкер болып жоғарыладым. Бөлім меңгерушім белгілі жазушы Мәди Хасенов.

 

Редакцияда сегіз бөлім бар. Редакторымыз – белгілі жазушы-аудармашы Әнуар Ипмағамбетов. Октябрь ағамыз –  «Партия тұрмысы» бөлімінің меңгерушісі. Күнделікті таңертеңгілік лездемелерде кезекті газет санын талқыға салғанда өз пікірін батыл айтып, кейбір материалдың сапасына мән беруіне, көтеріліп отырған мәселенің әлі де болса аша түсуі жағдайына тоқталып, нөмірден алдырып тастатқан кездерінің де куәсі болғаным бар. Бұл – өткен, еске түскен оқиғаның бір сәті ғана. 

Октябрь Қайырұлы ағамызбен зейнет жасына шыққанша бірге қызмет еттім. Зайыбы Рахия Нысанқызымен өзінің 34 жыл шығармашылық еңбек өтілін осы қарашаңырақта өткерді. Осы кезеңде менің бір байқағаным, Октябрь аға басылымда кіші әдеби қызметкер болып еңбек ете жүріп, қызмет баспалдағынан өсу жайында бір сәт ойланбағаны. 

Бір ғана мысал, жоғарыда айтып өткен партия тұрмысы бөлімін 9 жыл басқарды. Түрлі тақырыптарға қалам тартып, талай мәселелердің түйінін шешуге дәнекер болды. Біздер, жастарды, тәрбиелеп, қадамдарымыздың алға басуына ықпал етті. Үйрене жүріп өсіп, жетілдік. Кезінде Торғай облысы ашылғанда редактордың орынбасары қызметіне шақырылады. Оның алдында Көкшетау облыстық газетіне жауапты хатшы лауазымынан да бас тартқанын білеміз. 

Бәрі көз алдымызда. 1978 жылы редакторымыз Әнуар Ипмағамбетов зейнет демалысына шығып, оның орнына партия қызметкері Ибрагим Қапаров редактор болып келді. Октябрь Қайырұлын редактордың орынбасары лауазымына тағайындады. Арада бірер жыл өткенде И.Қапаров басқа жұмысқа ауысып, редакторлық, бұрын бірінші орынбасар болған Әмірғали Нүркішев бекітілді де, Өкең бірінші орынбасары болып тағайындалды. 

Ал Октябрь ағамыздың зейнет демалысына шыққанша он алты жыл ұжым басшысы болғанын бәріміз жақсы білеміз. Өзім редакцияда қызмет ете жүріп, бірнеше бөлімді басқарып, 15 жылдай жауапты хатшы міндетінде жүргенде оның қарымды қаламгер болып қана қоймай, әріптес аға, жанашыр басшы, ұжымды бір мақсатқа жұмылдыра білген іскер редактор бола білгеніне көзім жетті. Мұны оның тәлім-тәрбиесін көрген бүгінде арамызда жүрген әріптестерінің бәрі біледі. 

Октябрь ағамыз өз міндетімен қоса облыстық партия комитетінің мүшесі, халық депутаттары облыстық кеңесінің депутаты ретінде өңірдің қоғамдық жұмыстарына белсене араласқанының куәгерімін. 

Баршаға мәлім, облыстық басылым өз қызметкерлері арқылы қоғамда болып жатқан өзгерістерді, жағымды жаңалықтарды, өңірдегі орын алып отырған проблемаларды ұсынып отыруы тиіс. Оның бергі жағында көптің көкейіндегі мәселені дөп басу өте қажет. 

Міне, осы тұрғыда сонау бір жылдары облыс орталығына Ақмола атын қайтару мен қаламызда қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу проблемасы болып еді. Тағы да еске алсам артық болмас, өткен күннің белгісі ғой, осы екі мәселе газетіміздің бетінде айтарлықтай шу көтергені жадымызда. Өкеңнің тиісті нұсқауымен осы тақырыптарға жазылған материалдарға облыс оқырмандары ғана емес, көршілес Қарағанды, Семей, Жезқазған қалаларының тұрғындары үн қосып, хат жазғанының куәгеріміз. Қазақ мектептерін оқушылармен толықтыру үшін редакция қызметкерлері үй-үйді жағалап, орысшаға бейім ата-аналарды үгіттегеніміз өзімізге ғана аян. 

Өзім куә болған мына бір жайға да тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Ана бір жылы Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың 300 жылдығын облыс өңірінде кеңінен атап өту жөнінде мәселе көтеріліп, аяғы сұйылып бара жатқанын аңғарып, сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Қайриден Кәрібаевқа барып арнайы жолығып, газет бетінде мақалалар, сұхбаттар ұйымдастырып, бұл шара Ереймен өңірінде кеңінен аталып өткенін барша жұртшылық жақсы біледі. 

Октябрь ағамен қызмет бабымен жиі араласатын адамның бірі мен едім. Күнделікті газет тіршілігі, апталық, тоқсандық жоспарлар деген бар. Қызметке адамдар қабылдау, әртүрлі мәселелерге байланысты ісқағаздарын, бұйрықтар әзірлеу деген сияқты. Мұндайда ағамыз қандай да болсын мәселені шешерде жүз ойланып, мың толғанатынын мен жақсы білемін. Жұмыс барысында әртүрлі жағдайлар болып жатады ғой. Келіспей қалатын кездеріміз де болатын. Кейбір сәттерде қаттырақ кетсе, кейін оңаша шақырып алып: «Тым асыра сілтеп, қатты кетсем көңіліңе алма, шырағым, бәрі жұмысымызды жандандыра түсудің қамы ғой», – деп жуып-шайып жіберетін мінездері күні кешегідей жадымда.

Шығармашылық ұжым болса да, онда мінез-құлықтары әртүрлі адамдар болады. Жұмыс барысында оларға, жауапкершілігіне орай қатаң талап қою қажет. Әркімнің жеке тұрмыстық мәселелері де болып жатады. Осындайда Өкең ағамыз кімнің де болсын өтініш сұраныстарын шешуді назарынан тыс қалдырмайтын. Қолдан келген шапағатын аямайтын. 

Кезінде республикалық неміс тілінде шығатын «Фройндшафт» газеті Алматыға көшетін болып, олардың қызметкерлерінен босаған бірнеше пәтерлері біздің ұжым мүшелеріне тиесілі болды. Міне, осы кезеңде ағамыз қызметкерлеріміз Ш.Әбілмағжановаға, Г.Жолдығұловаға, Б.Мұқышеваға, журналистер А.Есілбаевқа, Т.Ілдебаевқа баспанаға ие болуға қол жеткізді. Ағамыздың шапағатын көрген қаламгерлердің қатарында   бүгінде  арамызда   жүрген   М.Садыханов, М.Дәдікбаев, М.Тоқтағазин, Т.Қасенов, А.Жүнісов, Қ.Жүсіпов, марқұм А.Жұмабек, Ж.Жағыпарұлы, Ж.Саухаттардың есімдерін атасам, қателеспеген болар едім.  Ұжым басшысы болған соң, оның бергі жағында шығармашылық ортаның ішкі тыныс-тіршілігінен хабардар болу менің басты парызым дейтін ағамыз. Октябрь ағамыз басшы болумен қатар қызметтен тыс кезінде, әлдеқалай басқосуларда жиналғандарды өзінің әзіл-қалжыңымен баурап алатын. Домбырада шебер ойнайтын. Би өнерінен де мол хабардар еді. Әсіресе, вальс ырғағымен серіктесімен дөңгелене жөнелгенде бәріміз сүйсіне  қарап тұратынбыз. Бүгінде қадірлі ағамыз арамызда болса 90 жасқа толған күнін думандата атап өтіп жатар едік. Амал қанша, тағдырдың жазуы осылай болған соң, шара бар ма?! Бірақ Октябрь Қайырұлының артында өзі де, көзі де қалды. Немерелерін өсіріп, шөберелерінің қолынан су ішіп кетті. Өзімен бірге сонау алпысыншы жылдары бірге қол ұстасып Арқа жеріне қадам басқан құдай қосқан қосағы, әріптесі, отанасы Рахия Нысанқызы апамыз әулеттің түтінін түтетіп отыр. Оның бергі жағында өмірлік серігіңнің өзіңе әріптес қана емес, қарамағыңда қызмет етіп отыз төрт жыл бірге қызмет етудің хал-жағдайын осы Рахия әпкеміз ғана біледі. 

Қаламгер ағамыз халқының жадында. Дауылпаз ақын, біртуар тұлға Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктің» туын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп кеткендігін біз мақтаныш етеміз. Ол ту егеменді еліміздің ұландарының сенімді қолында. Қарымды қаламгер, абзал азамат, қоғам қайраткері, барлық саналы ғұмырын Арқа өңіріндегі қазақ баспасөзінің қалыптасуына арнаған киелі қалам иесінің, іскер басшының текті тұлғасы, болмыс-бітімі ешқашан ұмытылмайды. 

 

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,

«Арқа ажары» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары, 

Қазақстан Журналистері одағы мен Халықаралық Жамбыл атындағы 

сыйлықтарының иегері, Қазақстанның құрметті журналисі

05.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13845
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28924
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27589
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31101