Қаңтарда митингке шыққан халықтың арасында болып, кейін өзі де қамауда отырып шыққан заңгер Абзал Құспан мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен кездесіп, «Аманат» қоғамдық комиссиясын құрған болатын. 24 ақпаннан бері қаңтар оқиғасына қатысы бар деген желеумен ұсталып, қамалған, азапталып, қорланған азаматтарды арашалауға білек сыбана кіріскен комиссия бүгінге дейін 100-ге тарта адамның бостандыққа шығуына жәрдемдескен. Қазір саяси сұрақтарға жауап беріп, саяси ұпай жинауды емес, жағдайға қатысты нақты істі қолға алған Абзал Құспанмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ақорда Сіздерге «Аманат» қоғамдық комиссиясын құруға рұқсат берді. Неге? Арада қандай да бір келісім немесе саяси режимнің қандай да бір талаптары болды ма?
– Жоқ, ешқандай да бір келісім немесе қойылған шектеу, талап болған жоқ. Бұл жерде екі жақты түсінушілік орын алды деп есептеймін. Сосын бұл жерде төтенше жағдай болғандықтан, төтенше шешімдер қажет. Осыны мен түсіндіре алдым. Ақорда дегенде біз негізінен мемлекеттік хатшыға кіріп, жобамызды түсіндірген адамымыз Ерлан Қарин. Оны түсінді, қабылдады. Мен екі-ақ қана өкілеттілік сұрап алдым. Яғни екі мүмкіндікке қолымыз жетті. Ол Бас прокуратура арқылы тергеу изоляторларына кіріп, адамдармен бетпе-бет кездесу мүмкіндігі, екіншісі кездесу, жүздесу, тілдесу нәтижесінде нақты көмек қажет болған адамдарға қатысты қылмыстық материалдармен танысу. Осы екі мүмкіндікті маған берді. Осы жұмыстардың нәтижесінде біз босатылуы керек жазықсыз адамдарды босату туралы прокуратураның алдына өзіміздің ұсынысымызды енгіземіз. 100 пайыз болмағанымен, ол ұсыныстарымыз ішінара қанағаттандырылып келе жатыр.
– Қаңтар оқиғасы кезінде 227 адам қаза болды деген ресми ақпарат тарады. Бірақ билік қаза болған полицейлер мен әскерилердің атын атағанымен, марқұм болған қарапайым азаматтардың атын жариялаған жоқ. Неге?
– Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Мен биліктің өкілі емеспін. Биліктің атынан қандай да бір мәлімдеме жасауға немесе олардың қандай да бір іс-әрекетіне баға беруге өкілеттігім жоқ. Біз қылмыстық іс бойынша істі болып жатқан азаматтардың ішінде «қосақ арасында» кетіп бара жатқандардың жазықсыз жазаланып кетпеуіне барынша жәрдем береміз. Болды. Басқа біздің құқығымыз жоқ. Өзімізге берілген мүмкіндік деңгейінде ғана жұмыс істейміз. Сондықтан бұл біздің құзыретімізге кірмейтін сұрақ.
– Бәрімізге белгілі алаңға шыққан халықтың жалғыз ғана мүддесі болды. Әлеуметтік теңдік! Мұны билік те біледі. Бірақ соған қарамастан, қаңтардағы оқиғадан кейін ұсталып, қамалғандарды түрмелерде азаптап, тіпті қорлап жатқаны жөніндегі фактілерге куә болып отырмыз. Сотсыз тек кінәні мойындату үшін адамды азаптаудың өзі заңсыз әрекет емес пе?
– Әрине, адамдарды азаптау, заңсыздық қана емес, қылмыстық іс-әрекетке жатады. Біз «Аманат» қоғамдық комиссиясының тікелей міндеттері мен мақсаттарына кірмесе қандай да бір арыз-шағым болған жағдайда, міндетті түрде ол туралы біз, прокуратура органдарына хабарлап отырамыз. Жалпы 24 қаңтардан бастап, екі аптадан астам уақыт жұмыс жасап жатырмыз. Нәтижесі бойынша біз бас прокуратураға үлкен аналитикалық материал жібердік. Яғни, осы азаптау фактілері бойынша прокуратура ұйымдары жағдайды назарға алып қана қоймай, қадағалап, тексертіп және ол бойынша нақты кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуы керек.
Ал бұл тергеу реттілігі бойынша антикор, яғни сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттіктің құзырына жатады. Олар қазіргі таңда 9 ақпандағы жағдай бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты 116 азаптау бабымен қылмыстық іс қозғады. Талдықорған қаласында бір полиция қызметкері ұсталып, қамалғандығы туралы ақпарат тарады. Бірақ бұл біздің тікелей міндетімізге кірмесе де, өзіміз кездескен фактілердің бәрін тіркеп, ол туралы өкілетті органдарға хабарлап отырмыз.
– Сіздер құтқарумен айналысып жатырсыздар. Ал қаңтардағы жағдайдың шындығы айтылуы үшін тәуелсіз зерттеудің қажет екені даусыз. Яғни тәуелсіз зерттеуге қол жеткізу мүмкін бе?
– Тәуелсіз зерттеу бойынша неше түрлі комиссиялар құрылып жатыр. Мысалы үшін Еркін Рақышев, Ырысбек Сәрсенбайұлы бастаған тағы да басқа топтар тәуелсіз комиссиямыз деп жариялап, осындай мәселелермен айналысып жатыр. Бірақ қаншалықты нәтижеге қол жеткізеді білмеймін. Сонымен қатар дәл осы мәселемен Айман Омарованың комиссиясы айналысады. Ресми түрде биліктің рұқсатымен, қолдауымен... Біз өзіңіз айтып отырғандай азаматтардың жазықсыз азапталуына, мүлдем дәлелі жоқ, адвокат жалдап өзін-өзі қорғауға, тағы басқа жағдайларға мүмкіндігі жоқ адамдарды, ауыр жараланғандарды шығару үшін жұмыс істейміз. Гуманизм принципін қолдану – біздің жұмысымыз.
– Меніңше, билік халық үшін нақты мәселелерді шешуден гөрі, саяси ойынмен ғана шектеліп отырған секілді... Неге? Яғни, саяси режим халықтың мүддесіне емес, «терроризммен күрес» мәселесіне көбірек мән беріп отыр. Әлі күнге дейін әр жерде халық толқулары тыншыған жоқ. Осы орайда биліктің әрекеті адам құқықтарының сақталуын қалай қамтамасыз етпек?
– Жоғарыда айттым, мен тек қана комиссия атынан ғана жауап бере аламын. Мемлекеттің, билік органдарының іс-әрекетіне қазір баға бере алмаймын. Өйткені мен дәл қазір нақты мақсат-міндетіміз бар комиссияда жұмыс істеп жатырмын. Біздің комиссияның жұмысына қатысы жоқ сұрақтар біздің жұмысымызға кедергі болмауы керек. Комиссия жұмысын ары қарай жалғастыруымыз керек. Менің қазір айтқан кез келген пікірім, көзқарасым тек комиссияның атынан айтылған болып есептеледі. Сондықтан қазір жақындарына жете алмай отырған адамдарға, аналарға көмектесуіміз керек. Телефонымызға көмектесіңіз деп жүздеген адамдардан өтініш келіп түсіп жатыр. Түрмелерде зар жылап, өлім мен өмір арасында арпалысып жатқандарға тез арада көмек керек, оларды шығару керек. Ол үшін комиссия жұмыс жасауы керек. Түсінесіз бе? Сондықтан саяси бір де бір сұраққа жауап бере алмаймын. Осыны дұрыс түсініп, дұрыс қабылдаңыздар.
– Рақмет!