(Еңбек күні мерекесіне орай)
“Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жастар маңдай терін төгіп, жұмыс істегісі келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жөн көреді. Өйткені, олар бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтардың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті, соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығуда. Оған қоса, тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін көрген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына жақындарына да, мемлекетке де масыл болуда. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды. Тіпті, жергілікті билікке қоқан-лоқы көрсетуден де тайынбайды. Ұлтты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кері тартуда. Министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін әрқайсымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек. Тиісті қорытынды жасап, дұрыс әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана біз өркениетті қоғам құра аламыз”.
Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алқалы бір жиынында айтқан еді.
Шын мәнінде, көптің көкейінде жүрген халық сөзі, сыннан өткен тәжірибе жөні айтылды.
Иә, дәл бүгінде қоғамының әрбір мүшесі уақытын, күшін, ақылын пайдалы нәрселерге ғана жұмсауға тиіс.
Осындайда ғұлама Абайдың асыл сөздерін қайталап оқудың да жөні бар.
“Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң,
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет – зорлық
Құрысын, көзің ашылмас».
Дара ақынның жазғанын, жоғарыда айтылғандай, министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін тіршілікте басшылыққа алса, тәлімін жеке өнегесімен көрсетсе, халық арманы орындалып, кемі толығып, бары артып, өркениет жолынан адаспас еді.
Әрине, Жаратқан ие халықты той-мерекеден ажыратпасын, тамаша тілектер де айтылсын, толастамасын! Алайда, қазақтың батыры, ойшылы Бауыржан Момышұлының “Тілекке - еңбек тірек” деген даналығын ұмытпалық.
Дархан МЫҢБАЙ