Реттестіруші маман үйді әрдайым таза ұстауға кеңес береді
Кез келгеніміз үшін үйдегікеңістікті ұйымдастыру маңызды. Бұл үйімізді жайлы әрі кең болуын, үйді аз тазалауға және күнделікті тәртіпті сақтауға көмектеседі. Сондай маманның бірі елордалық Айжан Айтмырза оқырмандарымызбен сырын бөліскен еді.
Айжан Айтмырза бала кезінен тазалықты жақсы көрген. Реттеуші маманның басқаша атауын «кеңістікті ұйымдастырушы» дейді екен. Бірақ «реттеуші маман» деп соңғы кезде журналистерден жиі еститіндігін айтып қалды. Өзі де «реттеуші маман» дегенді құп көреді.
«Үйді бәріміз де тазалаймыз. Бірақ оны қалай тазалау керектігін ешкім үйреткен жоқ. Автоматты түрде бәріміз үйді жинай береміз. Бала болған соң да көп нәрсені шеше алмаймыз ғой. Өсе келе бұның бәрі де әдетке айналды. Instagram әлеуметтік желісіндегі бір парақшадан журналисті көзім шалған. Ол үйіне реттеуші маманды шақырып, шкафын жинатып жатыр екен. Содан кейін оның курстарын оқыдым. Реттестіруші маманның болатынын білдім. Тіпті, бұған қатты қуандым. Өзімнің табиғи болмысыма да осы нәрсе ұнайды. Солтүстіктегі көршіміз Ресейде реттеуші мамандығы кең тараған. Қазақстан бойынша реттеуші маман Айгүл Манапова деген кісі ғана курс оқытады. Осы кісінің курстарынан үйреніп, қазір өзім де басқаларға үйретіп жүрмін.
Бұл мамандық алғаш рет АҚШ-та ХХ ғасырдың аяғында пайда болған. Америкада киім индустриясы қатты дамыған соң, адамдардың киім немесе зат алуға қолжетімділігі артқан. Адамдар сатып алған заттарын үйіне жинай берген. Заттар көп болғаннан кейін шаң жинала бастайды. Шаңнан түрлі микробтар пайда болады. Ол адамның өкпесіне түсіп, денсаулығына зиян келтіреді. Адамдар артық заттар шаң-тозаң жинап, денсаулығымызға зиянын тигізеді деп алаңдай бастаған. Осыдан кейін артық заттарынан құтылуға тырысқан. Бұл іске алғашқы кезде еріктілер көмекке келген. Сөйтіп, осы сәттен бастау алған мамандық», – дейді реттестіруші маман.
Айжан ханымның айтуынша, бұл мамандық Америкадан басқа да елдерге таралып кеткен. Қазақстанда соңғы төрт-бес жыл ішінде пайда болыпты. Бірақ, басқа елдердегідей қарқынды түрде дами қоймапты.
«Көбімізде киім көп болғандықтан, үйдегі жиһаздарымыздың іші шашылып жатады. Біз осындай сәтте дұрыс орналастырып береміз. Әрбір нәрсені ақылды жүйемен реттестіреміз. Адамның өмірлік жағдайына байланысты заттар мен киімдерді дұрысынан ыңғайластырамыз. Көбіміз үйді тазалағанда еденді жуып, шаңын сүртіп қана шығамыз. Ас үйдегі, кіре берістегі, жатын бөлмедегі жиһаздың ішіне мән бермейміз. Әйел адамдар оған көп көңіл бөле бермейді. Визуалды түрде қарағанда жиһаз ішіндегі заттар жинаулы тұр. Алайда,оның ішіндегі әрбір заттардың реттелуінің өз әдіс-тәсілдері бар. Біз сол заттар мен киімдердің қалай орналасу қажеттігін көрсетеміз.
Реттеушілерді үй тазалаушылармен шатастырмайық. Екеуінің айырмашылықтары үлкен. Үй тазалаушылар үйдің сыртқы келбетін ғана тазалайды. Люстра, кілем, еден т.б. заттарды жуады. Ас үйдегі немесе басқа бөлмелердегі шкафтардың сыртын сүртіп кетеді. Олар ішкі жағына тиіспейді. Біздің олардан айырмашылығымыз еден жуып, шаң сүртпейміз. Біз тек қана сөрелерді реттестіріп береміз. Біз көзге көрінбейтін адамның ішкі жан дүниесін реттейміз ғой. Тура психологтар секілдіміз деуге болады», – дейді сұхбат беруші.
Кейіпкерімізге тұтынушылар «үйді тазалап бересіздер ме?» деп қоңырау шалады екен. Бірақ олар тек қана реттестіріп беретіндігін айтады. «Үйді тазалаған жерді қайтадан шаң басады. Ол – табиғи құбылыс. Біздің қызметіміздің бір жақсы жағы, тұтынушыға бір рет қана қызмет етеміз. Тұтынушы ары қарай реттілікті ұстаса, жиһаздарының іші шашылмайтын болады.
Үйдегі заттардың реттелуі көңіл күйімізге жағымды әсер береді. Көңіл күйіміз жақсарса, жақындарымызға да қуаныш сыйлаймыз. Әйел адамның көңілі орнында болса, тамағын дәмді қылып пісіреді. Заттар реттеліп тұрса, уақыт жағынан да үнемді болады. Бір жерге асыққанда киімдерді таппай жатамыз. Қолғабымыздың сыңары табылмай жатады. Осының бәрінің алдын алу үшін реттілік қажет. Ас үйде де әрбір зат орнында болса, тамақ жасау да ыңғайлы. Жалпы адамның жан дүниесін оның шкафы арқылы да білуге болады.
Қызметіміздің сұранысы артса, үй тазалаушылар сияқты боламыз деген ойдамын. Қазір осы қызметке қызығатын әйел азаматшалары көп. Олар команда ретінде істеуде. Бірақ мен өзім жалғыз істеймін. Өйткені, кейбір тұтынушылар бір ғана қызметкерді шақырады. Үй тазалаушылар үш-төрт адамнан жүреді ғой. Үлкен үйлер болса, өзіммен бірге оқыған әріптестерімді шақырамын. Елорда тұрғындарынан сұраныстар бар. Бизнес леди немесе жұмысбасты әйелдер біздің қызметімізге жүгініп тұрады», – дейді ол.
Сөзінше, арнайы тапсырыс алатын орталығының болашақта құрылуы мүмкін екендігін жеткізеді.
«Біздің қызметіміз үш кезеңнен тұрады. Біріншіден, артық заттардан құтылу. Оған киілмейтін киімдерді жатқызсақ болады. Оларды қоқысқа тастай салмай, «екінші өмір сыйлау керек». Басқа адамдарға киімдерді берсек те болады. Одан кейін қолданатын заттарды ғана қалдыру қажет. Киімдерді мезгіліне қарай бөліп, түс жағынан да сұрыптаймыз. Үшінші кезеңде заттарға орын тауып беру. Күнделікті жиі қолданатынын, қонаққа барғанда киілетіні т.б. деп бөле береміз. Осылай реттесек, әрбіріміз өз үйімізді оңай реттестіріп аламыз.
Әрбір бөлмедегі заттар көзге визуалды шум ретінде көрінбегені дұрыс. Мысал ретінде ілгіштердің бірдей түсте болғаны жөн. Көбімізде әртүрлі түстерде орналасқан ғой. Барлық ілгіштерімізді бір түске ауыстырайық. Киімді ілгенде қалыңнан бастап, жұқаға дейін ілген дұрыс. Тура солай қара түстен, ақ түске дейін ілу керек. Сонда бәрінің реттелгендігі көрінеді. Әр ілгішке бір ғана киімнен ілу қажет. Бізде кемі үш-төрт киімнен ілінеді. Осылай астыңғы киімді ұмытып, көзімізге жаман көрініп те қалады. Іш киім, шұлықтар т.б. салатын органайзерлер бар. Олардың да түстері бөлек болмасын. Олар дүкендер де қолжетімді бағада сатылады. Ең экономды әдісі –қолдан жасасақ та болады. Мысалы, аяқ киім қораптарын пайдалансақ жетіп жатыр. Оған көрнекілік ретінде сыртын түс қағаздарымен де қаптап жатады.
Ас үйде де осындай жағдай. Тамақ жасауға ыңғайлы болуы үшін, бір қолыңызбен бәрін алуға болатындай орналастыру керек. Қазанда араластыруға ожау іздесек, оңай алынатын жерге қойыңыз. Тек қонаққа арналған сервистерімізді жоғары жинайық. Ауыр ыдыстарды шкафтың төменгі жағына қойған дұрыс. Оларды да категорияларына бөлген абзал. Кондитерлік заттарымызды бір жерге қойған жөн. Үйде бес адам тұрса, артық кесені күнделікті ашпайтын сөрелерге салып қояйық. Осындай ережелерді ұстансақ, үйіміз өздігінен реттеліп отырады. Заттарды қолданған соң, орнына қоюды қалыптастыру әдетке айналдыру керек», – деп отандық маман өз кеңесін береді.
Кәсіби маманның айтуынша, реттеуші қызметінің ешбір қиындығы жоқ. Оқып үйренген адамға бәрі деоңай дейді. Бірақ көбісі реттестіруді тым жеңіл көреді екен.
«Кейде әлеуметтік желіме ер адамдар «үй тазалаушыларынан бөлек, енді сіздер реттестіріп берсеңіздер, әйелдеріміз не істейді?» деп жатады. Қажеттілік болмаса, реттеушілікке қатысты кітаптар шықпас еді. Мұндай қызмет түрін естімес те едік. Фильмдер де түсірілмейтін еді. Кейбіреулерге оңай болуы мүмкін. Курсты оқыған соң өзімнен үлкен өзгерістерді байқадым. Қызметіміздің бір қиын жері – елімізде толыққанды дамымай жатқандығы.
Тұтынушылардың артық заттардан арылғысы келмейтіндігі қынжылтады. Мұндай нәрсе үлкен кісілерде жиі кездеседі. Оларға артық заттардан құтылу өте қиын. Олар Кеңес заманында дефицит пен жоқшылықты көрген ғой. Ол кісілер ескі киімдерін тастағысы келмейді. Ас үйде де осындай. Сондықтан да біздің қызметімізге жүгінген адам психологиялық жағынан қажетсіз дүниесін қиып, лақтырып тастауға дайын болу керек», – дейді елордалық маман.
«Орны табылмайтын заттар болмайды. Әрбір заттың өз орны бар. Киімдеріміз өте көп болып, шкаф кішкентай болса сыймай қалады. Минимализмге адамдар үйренуі керек. Адамдар затқа емес, заттар адамға қызмет етсін.
Бастысы кіреберіс бөлмеміздің тазалығы маңызды. Бүкіл адамның энергиясы кіреберістегі бөлмеден басталады. Адам киініп сыртқа шыққанда, жақсы аурамен жүруі үшін керек. Бас киімдеріміз араласып кетуі мүмкін. Сол үшін дәлізді арнайы зона бөлу керекпіз. Қолғаптың барлығын да қорапқа салып қойсақ болады. Қысқаша айтқанда, әр отбасының өз зонасы болуы қажет. Қолшатырдың ілініп тұратын орны болсын. Көбімізде шкафтарымыз ыңғайсыз орналасқан. Қазір ақылды жиһаз түрі пайда болды. Көбімізде үтік қоятын орын болмай жатады. Үтік барлық жерді шарлап жүреді. Соның барлығын да ақылды жиһаз арқылы шешуге болады», – дейді ол.