Бүгінде еліміз бойынша күн тәртібінде тұрған басты мәселе Атом электр стансасының құрылысына қатысты. Ел ішінде энергетика саласының өкілдері, сарапшылар, тәжірибелі де білікті мамандар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Уикипедия мәліметіне сүйенсек, Атом электр стансасы (АЭС) – атом ядросының энергиясын пайдалану арқылы электр энергиясын өндіретін кәсіпорын. Яғни АЭС – бүгінгі заманда әлемдегі электр энергиясының маңызды көзі. Мамандардың сараптауынша, Қазақстан болашақта дамыған мемлекеттердің қатарынан көріну үшін АЭС салудың маңызы зор. Ал бұл жоба еліміздің экономикасы мен энергетикалық қуатын арттырады деседі.
Сондай-ақ жерлестерімізді сол алып құрылысты кім жүргізеді деген сауал да алаңдатып отыр. Облысымыздағы Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылында тұратын газетіміздің тұрақты оқырманы Мектепқали Қуанышев ағамыз хабарласып, осы мәселеге қатысты ойын білдірді. Ол АЭС құрылысына қатысуға ниетті мердігерлердің ішіндегі ресейлік компанияға қатысты наразылығын жасырмады.
– Әрине, өз басым Қазақстанда АЭС салуға қарсы емеспін. Мамандар бұл жобаның ел экономикасына оң әсерін тигізетінін, экологиялық зардабы жоқ екенін айтып жатыр. Алайда сол құрылысты жүргізуге үміттілердің тізімінен Ресейдің «Росатом» деген компаниясының атауын көзім шалып қалды. Елімізде Атом электр стансасын салуды ресейлік компанияға тапсыруға қарсымын. Халық та мұны қолдамаса деймін. Себебі Ресейдің бұл істе өз пайдасын ойлап отырмағанына ешкім кепіл бола алмайды. Мұндай жобаны қолға алуға қауқары жетерлік басқа да алпауыт елдер бар. Солар АЭС құрылысын жүргізсе деген тілегім бар. Тағы бір айта кетерлігі, елімізге келетін инвесторларға өз еліміз тарапынан басшылық жасалып, құрылыс жұмыстары бақылауға алынса деймін. Мен жасым келген адаммын, сондықтан мені ең алдымен ұрпағымның болашағы алаңдатады, – дейді 75 жастағы қария.
АЭС құрылысына жастар да өз үндерін қосуда. Оралдық қоғам белсендісі Әсел Мырзахметованың да өз айтары бар.
– Мен жастардың арасында жүргендіктен, маған Қазақстанның әр жас тұрғынының пікірі маңызды. Осы орайда мен өңір жастарымен АЭС тақырыбында пікір алмасулар, кездесулер, талқылаулар жиі өткізіп жүрмін. Менің ойымша, Қазақстан тәуелсіз ел болғандықтан, басқа елдерге қай жағынан болса да тәуелді болмауы керек. Сондықтан елімізге АЭС салу туралы ұсынысты қолдаймын. Себебі электр энергиясы болашақта барлық салаға аса қажет. Адам баласы ретінде іштей оның зияны мен зардабы болмай ма деген күдік болғаны рас. Бірақ мамандар мен сарапшылардың түсіндіру жұмыстарын мұқият зерделесек, көп нәрсеге көз жеткіземіз. Мысалы, бір атом электр стансасы 14 млн тоннаға дейін ауыр металдарды ауаға шығармай, өзінде сақтап қалады екен. Демек, бұл жағына АЭС экологияға мүлдем зиян келтірмейді. Тағы бір айта кетер тұсы – экономикалық тиімділігі. АЭС өзінің жұмыс істеу кезеңінде 3 млрд долларға дейін тек салық түрінде бюджетке ақша қайтарады екен. Ендеше, алдағы референдумда маңызды қадам жасап, қолдау білдіргеніміз дұрыс, – деді жерлесіміз.
Алдағы 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумда еліміздің болашағы үшін аса маңызды шешім қабылданбақ. Халық өзінің үнін жоғарыға айқын жеткізеді деген ойдамыз.