«Тәуекел ағаңа ас берейін деп жатырмыз» деп Қаппар ағам қоңырау шалғанда көңіл шіркін теңіздей толқып, сона-ау өткенге жетектей жөнелді. Шүкір, менің ағаларым көп болды. Құттымұрат, Оспан, Жорабек, Қантай, Көшер, Мұса, Иса, Сартай, Тәуекел, Қаппар ағаларым. Қазір жер басып жүргені екеу ғана: Иса, Қаппар. Ел сыйлаған еңбекқор, аптал азаматтар болатын. Әрқайсысының орны бөлек. Беу, дүние!
Тәукеңнің орны да ерекше еді мен үшін. Балалық шағымыз бірге өтті. Шардара ауданы, Көксу ауылында марқұм Балқия әжемнің қолында өстік. Өзбекстаннан Жақсым атам мен Айғали көкем 20 шақты үйді осында көшіріп әкелді. Келе сала бір отар қой бақтық. Әке-шешеміз Қызылқұмда. Біз Тәуекел, Райхан, Қаппар төртеуміз мектепте оқыдық. Ауылдың шетінде жапырайған ескі кесек үйде тұрамыз. Тәуекел ағам арманшыл еді. «Әнші, күйші боламын» дейтін. Қыңқылдап жүріп домбыра сатып алды. Сабақтан соң тыңқылдатып отырғаны. Жалықпайды. Түнде домбырасын басына қойып жатады. Қаппар ағаммен бірге мен де босай қалғанда домбыраға жабысамын. Тәукең қанша тырысқанмен таңғажайып әнші де, күйші де болмады. Бірақ қоңыр даусымен ән салатын. Қаппар ағам дәулескер күйші дәрежесіне көтерілді. Мен де олардан қалмай ән айтатынмын.
Ол бәрібір өмірбақи әннен қол үзбеді. Үнемі ыңылдап ән айтып жүретін. Сыр еліне көшіп келген соң, механизатор диқан болды. Ақкөңіл, жайсаң жан еді. Мен мектепті бітірген соң көкем Тәукеңді шақырып алып: «Мына Ертай ініңді Алматыға оқуға апарасың», – деді. Қайран ағатайым да, мен де қуанып кеттік. Алматы арман қала, алып қала екен. Өмірі қала көрмеген біз мұнда келгенде қатты қиналдық. Орысша білмейміз. Мұндағылардың дені орысша сөйлейді екен. Орыстар көп. ҚазМУ-ды таппай талай адастық. Амал жоқ, ағам мені жатақханаға орналастырып, ауылға қайтты. Кетерде ол да, мен де жыладық...
Тәуекел ағам бала мінезді еді. Мені баласынбай, құрдасындай сөйлесе беретін, сырын айтатын. Бір күні ағам маған сырын айтты. «Ертай! Мен бір сұлу қызға ғашық болып қалдым», – деді. «Кім ол?» – деппін жұлып алғандай. Ол басын қасып біраз отырды. «Иә, ол шынында да сұлу. Жымиған кезде бүкіл әлем сұлуланып кетеді», – деді сыбырлай сөйлеп. «Ау, сонда ол кім?» – дедім оның сөзін шыдамай бөліп жіберіп. Ақыры айтты. «Оның аты – Сәбит», – деді тебірене сөйлеп. Көз алдыма қараторы өңді, үнемі жымиып жүретін Тәукеңнің кластас қызы келе қалды. Сәл үндемей отырдым. «Не айтады екен?» – деп Тәукең маған жапақтап қарай берді. «Иә-ә, ол қыз шынында да сұлу», – дедім. Шын көңілмен айттым. Ол балаша қуанып кетті. «Мен сол қызға қайткенде де үйленемін», – деді ол нық сеніммен.
Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтерді. Сәбит жеңешем қара шаңыраққа келін болып түсті. Жақсым атам мен Балқия әжем келіндерін үнемі мақтап отыратын. Мен де жеңешемді жақсы көрдім. Бүкіл ауылда сыйлы келін атанды. Атымды атамай «Төре бала» деп ат қойды маған. Рахима, Саттар, Ақжарқын, Асқар атты іні-қарындастарым дүниеге келді. Қазір бәрі бір-бір үй. Тәуекел ағамның өмірін жалғастырып жатыр. Шүкір, ағамның 14 немере, 20 шөбересі бар. Әттең... ағатайым жазатайым оқиғадан 28 жасында ерте кетті. Жатқан жері жайлы, иманы жанында, жаны жәннатта болғай! Сәбит жеңешем жас қалған інілерім мен қарындастарымды аялап өсірді. Қазір ауырыңқырап жүр. Аллам шипасын берсін! Иә, Тәуекел ағамның да бұл фәниден көшкеніне 46 жыл болыпты. Айналайын, жеңеше, беріп отырған ас қабыл болсын!