Агроқұрылымдар ғылым арқылы ғана жетістікке жетеді

Агроқұрылымдар ғылым арқылы ғана жетістікке жетеді

Мамандық таңдау тақырыбында елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, педагогика  ғылымдарының докторы, профессор Қарлығаш Амангелдіқызы Сарбасовамен сұхбаттасқан едік.

– Қоғам дамыған сайын түрлі мамандыққа деген сұраныс, қажеттілік  туындайтыны қалыпты жағдай. Мектеп бітірген жас түлектің кейбірі соңғы жылдары оқу орындарында ашылып жатқан жаңа мамандық түрлерінен  бейхабар. Сіз қызмет ететін жоғары оқу орнында осы мәселеге көңіл бөлінген бе?   

–  Сөзіңіздің жаны бар, теледидарда мамандықтар жайында жастарға кеңес беретін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген дұрыс. Кейбір мектеп бітіруші жүрегі қалаған мамандықтың нақты қалай аталатынын және қай оқу орнында даярланатынын біле бермейді. Сондықтан әрбір оқу орны жалпы білім беретін орта мектеп, колледжге барып, түлектермен кездесіп, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп тұрған жөн. Жақында Қарағанды облысы мен Ұлытау облысына қарайтын қанаттас қалалар, аудан, ауыл мектептеріне барып, кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша мектеп түлектерімен кездесіп келдім. Республикамызда жер көлемі жағынан, халқы жағынан алдыңғы үштіктің бірінде тұратын осынау аймақ өндіріспен де, ауыл шаруашылығымен де айналысады. Мектеп бітірушілерге С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде даярланатын мамандықтардың ерекшелігін түсіндіріп, барынша кеңірек ақпарат берілді. Көптеген оқушылар оқу орнындағы факультет ішіндегі түрлі мамандықтарға қызығушылық білдірді.Университет тарихы, оқу орнындағы факультеттер, білім, ғылымдағы жетістіктер, оқытудың үш деңгейлі (бакалавриат – магистратура – PhD докторантура) құрылымы, жаңа білім гранты, бағдарламалар және оқуға құжаттарды тапсырудың жаңа тәртібі жайлы көптеген кәсіби кеңес беріп, қойылған сауалдарына жауап бердім. 

 

– Мысалы, сіз тілге тиек етіп отырған елордадағы Агротехникалық университетіндегі мамандықтар заман ағымына сай жаңа кәсіптік өзгерістерге ұшырады. Таратып айтсаңыз.

– Жаңа еңбек нарығындағы  қажеттілікке байланысты білім беру жүйесінде де өзгерістер болуы – қалыпты жағдай.Бүгінде ҚазАТУ адам танымастай өзгерген. Әлемдік жетекші университеттің үлгісімен жаңа форматта білім беру бағытына көшіп, халықаралық деңгейдегі заманауи зерттеу университетіне айналуда. Кейбір факультеттердің заманға сай өзгерісіне тоқталып өтейін. Агрономия факультеті құрамына европалық стандартқа сай топырақ зертханасы, фитотрон, Шучинск қаласында «Сарыарқа» ғылыми-өндірістік кешені кіреді. Кампустар мен астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында студенттер өндірістік және ғылыми тәжірибеден өтеді. Техникалық факультет соңғы технологиялық мүмкіндіктері мол зертханалармен жабдықталған. Атап айтқанда: работотехника, мехатроника, 3D визуализация, 3D басып шығарумен қоса металл өңдеу және дәнекерлеу, ет өнімдері, сүт және өсімдік майын өңдеу бойынша бес халықаралық орталықтар мен тәжірибелік өндірістік цехтар бар. Студенттер «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу» институтында машықтануда. Олар диплом жұмыстарын стартап жоба түрінде қорғап, оқу бітіргеннен кейін жеке шаруашылық иесі болуға мүмкіндік алады. Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультеттегі зертханаларда ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы жаңа тәсілдерді оқып үйренеді және түрлі салаларда сандық жүйені құру мен жасауға мүмкіндік алады. Жерге орналастыру сәулет және дизайн факультеті қазіргі заманға  бағдарламалық қамтамасыз етумен ғарыштық ақпаратты жүйелер технологиясы орталығы  жерді қашықтықтан зондтау деректерін сәтті өңдейді. Сондай-ақ, елорданың көптеген заманауи сәулет нысандарын факультет түлектері жобалаған. 

Біздің серіктестеріміздің қатарында  әлемдегі жетекші зерттеу университеті болып саналатын АҚШ-тағы DAYIS  университеті, Франциядағы  Агро Париж Тех (AgroParisTech) университеті бар. Алдағы  бес жылда қос дипломдық жүйесі негізінде франциялық AgroParisTech университеті толықтай ҚазАТУ-дың дипломын мойындайтын болады. ҚазАТУ түлектері АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Қытай, Ресей, Беларуссия, Алмания, Малайазия, Италия, Израиль, Моңғолия сияқты 20-дан астам мемлекеттердің жетекші университеттерінде магистрлік, докторлық бағдарламалары бойынша оқуын жалғастыруда, білімін жетілдіруде.

 

– Қарлығаш Амангелдіқызы,  жоғарыда сөзіңізде оқу орны халықаралық деңгейдегі заманауи зерттеу университетіне айналуда дедіңіз.  Білім ордасы нендей жетістікке қол  жеткізді? 

– Қазақстан Республикасы үкіметінің 2020 жылғы 1қыркүйектегі №545 қаулысына сәйкес «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ-на зерттеу университеті мәртебесі беріліп және оның 2020-2024 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді.Бағдарламаның мақсаты – «Назарбаев Университеті» ДББҰ үлгісі бойынша ҚАТУ базасында зерттеу университетін және ауыл шаруашылығы саласында әлемдегі жетекші зерттеу университеттерін құру. «С. Сейфуллин атындағы ҚАТУ» КеАҚ Басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов  Даму бағдарламасына сәйкес оқу орнын агроөнеркәсіптік кешен саласындағы батыс типті заманауи зерттеу университетіне айналдыру бойынша жұмысты жүзеге асыруды жалғастырып отыр. 

 Бүгінде зерттеу университетінде  9 факультет, 38 кафедра, 27 ғылыми-зерттеу орталығы бар. Онда 800-ден астам профессор-оқытушы (76 ғылым докторы, 346  астам ғылым кандидаты және 85 РhD докторы)  жұмыс істейді. Университеттің ғылыми дәрежелілігі 62 пайызды  құрайды. Үш деңгей  бойынша 11779 білім алушы, оның ішінде 151 шетел өкілі 115 білім бағдарламасы бойынша (11058 бакалавр, 571 магистрант, 150 докторант) білім алуда. Олардың көпшілігі мемлекеттік грант бойынша оқуда.  

2022 жылғы QS World University Rankings рейтингінде де жоғары орындарға табан тіреді.  Қазақстан Республикасының 14 университеті арасында әлемдік университеттер рейтингінің +1001 және дамыған Шығыс Еуропа мен Орталық Азия университеттері рейтингінің +250 орынға енді. «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» мекемесінде өткізілген ҚР ЖОО-ның Бас рейтингінде  3 орынға ие болды. Жаңадан «Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта» факультеті құрылды. 

Оқу үдерісінде жаңа технологияларды қолданудың маңызы зор.  Университет «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ-мен бірлесіп бакалавриаттың «цифрлық агрожүйелер мен кешендер» атты жаңа білім беру бағдарламасын әзірледі.  Өткен жылы патенттелген «Jalinga Studio» бағдарламалық жүйесімен бейнелекцияларды жазу және мультимедиялық презентацияларды өткізуге арналған заманауи озық цифрлық студияны ашты. «Platonus» ААЖ - Linux операциялық жүйесі бар неғұрлым қуатты платформаға көшірілді. ҚБТ жағдайында емтихандарды бақылау үшін «Examus» прокторинг жүйесі және «Unihub» жазба жұмыстарын көшіріп алу және ғылыми жетекшілердің дипломдық жұмыстарды/жобаларды және магистрлік диссертацияларды/жобаларды бағалау мәніне тексерудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының 2021 жылға арналған рейтингінің қорытындысын жариялады. Бұл рейтингтің тиімділігі – әрбір университет жұмыс берушілер арасында белгілі бір мамандыққа деген сұранысты байқап, өз жұмысын қажетті жағдайға  бағыттап отырады. Рейтингке Қазақстан Республикасының 85-тен астам жоғары оқу орындары  және 2000-нан астам білім беру бағдарламалары сынға түсті. Онда С. Сейфуллин атындағы ҚАТУ-дың 33 білім беру бағдарламасы жоғары рейтингке ие болды. Олардың 16-сы (48%) республика бойынша ТОП-5 үздіктер қатарына енді. Үздік үштікке 13 бағдарлама (39,4%) кірді. 

Жас ғалымдардың бастамасымен бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Университет ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында 9 ғылыми-техникалық бағдарламаның негізгі орталығы болып бекітілді. 2021 жылы университет жас ғалымдар үшін жалпы сомасы 251 миллион теңгені құрайтын гранттық қаржыландырудың 15 жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Бұл жобалардың саны бойынша ҚАТУ Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында екінші орын алып отыр. 

 

– Аграрлық ғылым  мен өндіріс арасында байланыс орнады ма?

– Бүгінде университет құрамына еліміздегі үш ғылыми-зерттеу институты енгізілді. Олар А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы, Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты және Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы. Агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Осы мақсатта студенттер, магистранттар мен PhD докторанттардың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударылады. Бұл орталықтарда болашақ ғалымдар өндірістік тәжірибеден өтіп, нағыз ғалым ретінде қалыптасады. 

Сонымен қатар, білім беру үрдісінде дуальді оқыту қолға алынған. Бұл – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы.   Дуальді оқыту аясында 45 ұйым іске қосылды, жылдың соңына дейін 60-қа жеткізу жоспарлануда. Университеттің 65 жылдығына орай оқу орнының алдағы оқу жылында ара балы конвейерін іске қосу, қойларды қолдан ұрықтандыру бойынша асыл тұқымды орталық құру, А.И.Бараев атындағы АШҒӨО мен Солтүстік Қазақстан АШТС негізінде ақылды ауыл шаруашылығының моделін енгізу жоспарланып отыр. Университетте ауыл шаруашылығы және инженерлік мамандықтар бойынша мамандар дайындайтын факультеттер көш бастап тұр. Мәселен, «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының түлектері еңбек нарығындағы сұранысқа ие болғандықтан, жұмыссыз қалмайды. Олардың көбі жұмысқа жылдам орналасып кетеді. Түлектердің жалпы жұмысқа орналасуы білім берудің үш деңгейі бойынша 89% құрайды. Мұны неге айтып отырмын. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс артты. Осы салада маман болғысы келетін жас түлек ҚазАТУ-дың www.kazatu.kz сайтына енсе, мол мағлұмат алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 

Жұлдыз ТОЙБЕК, НҰР-СҰЛТАН қаласы
02.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541