Айбынды армия – ел мерейі!

Айбынды армия – ел мерейі!

Биыл 6 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде салтанатты рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің үлесін ерекше атап өтті. «Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде әскеріміз айбынды армияға айналды. Қырағы жауынгерлеріміз ел шебін қас қақпай күзетіп тұр. Олар мемлекеттігімізді нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры, елдіктің берік қалқаны», – деді Мемлекет басшысы.

Президент жақсы жабдықталған заманауи армия мемлекеттілігіміздің берік қорғаны екенін де кеңінен әңгімеледі. «Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы күштік органдарда қызмет етудің абыройлы миссия және үлкен жауапкершілік екеніне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбаздары мен сардарлары өздерінің ептіліктері мен қабілеттерін тұрақты түрде шыңдай отырып, озық жауынгерлік шеберліктерін көрсетіп келеді.

Президент Екінші Дүниежүзілік соғыста 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атанғанын, бірақ көптеген майдангеріміздің ерліктері түрлі себептерге байланысты елеусіз қалғанын еске салғаны есімізде.

Ұлттық армия – азат елдің айбынын білдіретін айрықша нышанның бірегейі. Өйткені қандай да болмасын мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етудегі ең басты назары оның қалқанының берік, қауіпсіздігінің бекем болмағында екендігі әммеге аян. Тәуелсіз Қазақстан армиясының құрылуының басында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Бұл – тарих!

Әлбетте, тәуелсіз ел болудың басты шарты сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуымен тікелей байланысты. Кез келген мемлекет өзінің қалыптасуын да ұлттық әскерсіз, қауқарлы армиясыз құра алмайтыны, тіпті елестете де алмайтыны айқын. Сол үшін ұлттық армия құруды Тәуелсіз ел іргетасының бірден-бір мәселесі деуге де болады. Мысалы, қазақтың ілгерідегі тарихына үңілсек, бір кездері бодандық бұғауынан құтылудың, азат ел болудың мүмкіндігі байқала бастаған тұста дербес елдікті көксеген Алаш қозғалысының қайраткерлері де ең алдымен ұлттық әскер құруды кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне бірінші шығарғанын білеміз. Айталық, сол Алаш қозғалысындағы ардақты тұлғалардың бірі Міржақып Дулатов ұлт көсемсөзі саналған «Қазақ» газетінде «Қайтсек жұрт боламыз?» деген мақала жазады. Сол мақаласында ойын түйіндей келе, Міржақып Дулатов: «Жауап біреу-ақ, біз әскеріміз болса ғана жұрт бола аламыз», – деп қайырады. Шындығында да, бұл сол кезде ғана емес, әрқашанда солай маңызды һәм өзекті болатын дүние.

Ал Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста Қазақстанның жағдайы қалай еді? Бұл тұста да мемлекеттілікті баянды ету үшін шапшаң шешімді қажет ететін көптеген міндеттердің ең негізгісі Тәуелсіздікті қорғайтын, шекарамызды мызғымай ұстайтын, Отанымыздың қалқаны боларлық өз әскерімізді құру болды. Айта кетерлігі, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданып, онда «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп айқындалған болатын. Кейіннен егемен елдің дербес Армиясын құрудың заңды құқығы 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» тарихи Жарлыққа қол қоюымен жүзеге асты. Кейіннен, нақтырақ айтқанда, 1998 жылдан бастап осынау күн Отан қорғаушы күні аталып, әскерилердің кәсіби мерекесі ретінде айқындалды.

Қазақстан Республикасының Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» бұйрығы жарияланды. Сонымен қоса, аталған бұйрықта: «Қазақстан Республикасының Үкіметі 7 мамыр – Отан қорғаушы күнін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі деп белгілеуді көздейтін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Парламентке енгізсін» деп жазылған болатын. Осы бұйрықтың негізінде ел Парламенті арнайы заңды қабылдады. Сөйтіп, 7 мамыр мемлекеттік мереке дәрежесінде тойланып келеді.

Тәуелсіздіктен бергі тарихқа қайта үңілсек, Қазақстанның Қарулы Күштері 1992 жылғы 7 мамырда Президент Жарлығымен және Түркістан әскери округінің әскери бөлімдері мен мекемелері, кешегі КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық бағынышында болған бөлімдері негізінде құрылды. Сонымен бірге, Президент аппараты мен Үкіметте әскерлерді басқару жүйесін тиімді ұйымдастыру үшін Қорғаныс бөлімдері де құрылды.

Шындығында, бір кездері мызғымастай болған Кеңес Одағы ыдырап, оның орнына жас тәуелсіз мемлекеттер қалыптасуы аса күрделі геосаяси үдерістер аясында жүрді. Әсіресе, Орталық Азия аумағы тіпті әскери жанжалдар шығуы ықтимал ошақтар ретінде сипатталатын. Сарапшылар Ауғанстандағы соғыстың мемлекеттік шекаралардан дендеп, нағыз әскери қауіп төндіретінін де болжаған болатын. Бұлай болжауға да негіз жоқ емес еді. Дегенмен, бұл мәселенің бір қыры ғана. Екінші мәселе кадр тапшылығының күрт артуынан туындады. Өйткені кешегі бір ғана орталықтан басқарылатын Кеңес Одағы ыдырап, соның салдарынан бұрын шалғайды шарлап жүретін кеңестік офицерлер де өз жөніне, өз жеріне кете бастаған. Орталық Азия, Түркістан әскери округтерінде қызмет еткен офицерлер саны күрт азая түскен.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ұмытуға болмайды

Елбасы және Қазақстан армиясы - Қазақстан және әлемдегі соңғы жаңалықтарМәселен, кейбір деректерге қарағанда, 1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың адам болды. Кейіннен басқа ұлт өкілдерінен болған офицерлердің өз елдеріне жаппай кетуі екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарына дейінгі аралықта ең жоғарғы деңгейге шығып, тізімдік құрамның 89 пайызына жеткен екен. Сөйтіп, Қазақстанның жас армиясы кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп жатты. 1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 27 пайыз ғана жасақталыпты. Осындай жағдайда Қорғаныс министрлігінің жедел және ұтымды шараларының жас Армияны құруда тынымсыз еңбек еткен генералдар мен офицерлердің, олардың күрделі шешім қабылдай білуінің арқасында ғана елдің Қарулы Күштері сақталып қалды. Жас Қазақстанның ұлттық армиясы да бұрынғы одақ республикаларында қызмет еткен, қазақстандық әскери қызметшілермен толыға бастаған. Кәсіби мамандар тапшылығын жедел еңсеру мақсатында Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің базасын кеңейтіп, жаңа факультеттер ашылды. 

Кадр мәселесінен бөлек, әскери арсеналдар мен мүліктерді сақтап қалудың да маңызы зор болатын. Бұл бағытта да тынымсыз шаралар атқарылды. Ал дәл осы тұста әлем елдерінің назары Қазақстан басшылығының қабылдайтын шараларын жіті бақылауда болғаны айқын еді. Өйткені КСРО кезіндегі жойқын ядролық қарудың бір кілті Қазақстан қарауында қалған болатын. Сондықтан да халықаралық сарапшылар әлемде қаһарлы қаруы бар ядролық державаға айналатын жас мемлекеттің дүниеге келетінін болжап та жатқан болатын. Мемлекет басшысы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық жағдайларды қалыптастыру бағытында батыл қадамға барып, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан әлемдегі бірінші мемлекетке айналды. Жоғарғы Бас Қолбасшы Н. Назарбаев Семей полигонын жауып қана қоймай, ел аумағындағы ядролық дивизиялардың таратылуын ұйымдастырды. Кейіннен Қазақстанның осынау көреген қадамы әлемдік қауымдастық тарапынан барынша жоғары бағасын алды. Нәтижесінде, Қазақстан АҚШ, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Ресей секілді алпауыт державалармен ел қауіпсіздігінің кепілдігіне уағдаластық алды, екі және көп тараптық халықаралық шарттар жасау бойынша жұмыстар атқарды.

Кейінгі жылдары Елбасының Жарлықтарымен Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы белгіленді. Әскерилерге қажетті заңдар қабылданып, егемен армиямыздың құрылуы мен қалыптасуы жолға қойылды. Республикадағы алғашқы Әскери доктрина 1993 жылы қабылданды. Содан бастап азат елдің армиясының іргетасы берік қалана бастады десе де болады. Әскердің тектері, құрылымы, округтердің орналасу мекені, кадрлармен жасақтау, қару-жарақпен, жаңа әскери жабдықтармен жарақтандыру, мемлекетаралық әскери қатынастар орнату шаралары сауатты атқарылды.

Бұдан бөлек, тәуелсіз Қазақстан жағдайына байланысты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері, оны шешудің жолдары белгіленген нормативті-құқықтық база жасалды. 1999 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2005 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы бекітілді. Осы құжаттағы міндеттерді нақтылай түсу мақсатында республика Президентінің 2000 жылғы 10 ақпандағы Жарлығымен Қазақстанның екінші Әскери доктринасы қабылданды. Соның негізінде төрт әскери-аумақтық құрылымдар – «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары құрылып, негізгі әскери құрылымдардың үш тегі қалыптасты. Ал 2011 жылы жаңа Әскери доктрина бекітіліп, соның негізінде Қарулы Күштердің жаңаша һәм заманға сай дамуы жалғасуда. Бұдан бөлек, 2016 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы, «Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметкердің мәртебесі туралы» Заңдары сияқты маңызды құжаттар қабылданды.

Түйіндей айтсақ, Тәуелсіз Қазақстанның айбынды Армиясы жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие деңгейге қол жеткізді. Мәселен, әлемнің беделді әскери сарапшыларының пайымынша, Қазақстан армиясы ТМД елдері әскерлерінің ішінде үшінші орында тұр. Ұлттық армияның ең жаңа әскери техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы. Ең бастысы, Тәуелсіз Қазақстан өзінің алғашқы күндерінен бастап-ақ күрделі мәселелердің шешімін оңтайлы атқарды. Нәтижесінде 30 жылдың ішінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең жауынгерлік қабілетті Қарулы Күштердің бірі құрылды. Дегенмен, армияның айбыны асқақ болуы үшін әлі де атқарылар шаралар жеткілікті. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – шекарамызды, тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бағытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберліктерімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек», – деген болатын. 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
01.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 57
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 697
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 611
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8756
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8156
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9139
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10370