АЖАЛҒА АЙНАЛҒАН АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫ

АЖАЛҒА АЙНАЛҒАН АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫ

Жасырып жаппасақ та елдегі ең көп сынға алынып, айтыла, айтыла жауыр болған тақырыптың бірі – жол құрылысы мен жөндеу саласы. Оның себебі мен салдары туралы осыған дейін айтылған спикерлердің сөзі жол құрылысы саласындағы жемқорлыққа келіп тірелетін көрінеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы да талай рет сынға да алды. Алайда сыннан сабақ алып, қара жолда қаза тапқандардың әруағы атқамінерлерді мазалап жатқаны әлі күнге байқалмайды. 

Өткен айда Мәжілістегі жол құрылысы мен жөндеу саласындағы өзекті мәселелер талқыланған жиында сала басшылары төрт көзі түгел отырып депутаттардың айтқандарын өз құлақтарымен естіді. Халық қалаулыларының айтуынша, жол сапасының төмендігіне бірнеше себеп бар. Сол күні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жыл аяғына дейін шамамен 1000 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланғанын жеткізді. Қалған 3 мың шақырым жол келесі дылы аяқталады екен. Ал 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға дейін жеткізу мақсат етіліп отыр. Оған қоса жергілікті жол желілері бойынша 95 пайызға дейін жеткізу қолға алынған. Себебі, бұл Үкімет алдына Президенттің берген негізгі міндеті. Осы міндетті орындау үшін жауаптылар көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту үшін автомобильді транзиттік дәліздерді ретке келтіруді қолға алмақ. Бүгінде еліміздегі 8 автомобильді транзиттік дәліздің жалпы ұзындығы 13 мың шақырымды құрайды екен. Республикалық желі бойынша нормативтік жағдайда 90, жергілікті желі бойынша 80 пайыз жол бар. Сондай-ақ биыл жалпыға ортақ пайдаланылатын 11 мың шақырымнан асаавтожолда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар үшін республикалық бюджеттен автожол саласын дамытуға биыл 603 млрд теңге бөлінген. Айтпақшы республика бойынша қазір 17 жоба жүзеге асырылып, 2024 жылға дейін 4 мың шақырымды құрайтын жол желісі салынып бітуі тиіс. «Орталық – Оңтүстік» бағытында жалпы ұзындығы 1 208 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қонаев» және «Мерке – Бурылбайтал» жобалары 2024 жылдың соңына дейін аяқталатынын айтқан ведомство басшысы: ««Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қонаев» учаскесінің жалпы ұзындығы – 946 шақырым. Қазіргі таңда 428 шақырымда қозғалыс ашылды. Жылдың соңына дейін тағы қосымша 106 шақырым пайдалануға берілмек. Қалған 412 шақырым 2023 жылы аяқталады» деп сендіреді. Оның айтуынша, еліміздің шығыс өңірлерінде жалпы ұзындығы 1 363 шақырым 3 ірі жоба іске асып жатса, келер жылы осы учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады. Бүгінде жалпы ұзындығы 768 шақырым «Талдықорған – Өскемен» учаскесіндегі 649 шақырым жолда қозғалыс ашылса, қалған 119 шақырым жол құрылысы келесі жылы қолданысқа берілетін көрінеді. Сонымен бірге министр сол жиында өзге де аймақтар бойынша ұзын-сонар есеп беріп, алдағы жылдары автомобиль жолдары тақтайдай тегіс боларына әбден үміттендіріп қойды. 

Берілген уәденің іс жүзінде қалай жүзеге асып, бөлінген қаражат соңғы тиыны қалғанша кәдеге жарарын уақыт көрсетер. Дегенмен жол сапасына қатысты айтылған бұл баяндаманың бүгінгі күні толық жүзеге әсеріне күмәнмен қараған депутаттар да бар. Мысалы, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Раудың өзі айтылғандардың ақиқатқа айналарына келіспейтінін білдірді. Оның сөзінше, қазір республикалық маңызы бар жолдарды салуға, қайта жаңартуға және жөндеуге жалпы қажеттілік 12 мың шақырымды құрайды. Бұл республикалық маңызы бар жолдардың шамамен 50 пайызы екенБірақ министрліктің баяндамасында осы жолдардың 90 пайызы бүгіннің өзінде нормаға сәйкес көрінеді. Сонда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының 2025 жылдың соңына дейін орындалатыны күмән келтіреді. Өйткені, ұлттық жобада қарастырылған 40 жобаның 18-ін жүзеге асыру тек 2025 жылдан бастап жоспарланған. Ал«Орталық-Батыс – Астана – Қорғалжын – Торғай – Ырғыз» көлік дәлізін жасау әлі басталмаған. Соған қарамастан аталған жобаға 3 млрд теңге жұмсалған. Бұл дегеніңіз ұлттық жобаның белгіленген параметрлері орындалмағанын көрсетіп беретінін жеткізген депутат «Іс-шараларды жүзеге асыру мерзімдерін немесе жоспарланған көрсеткіштің өзін қайта қарау қажет» деп отыр. Сонымен бірге Альберт Рау жергілікті жолдарды дамытуға қатысты да түйткілді мәселелер шаш етектен екенін айтты. «Министрлік жергілікті жолдардың 80 пайызы қанағаттанарлық жағдайда екенін айтты. Алайда зерттеу нәтижесі жергілікті маңызы бар жолдардың 18 мың шақырымында немесе 26 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны барын көрсетеді. Ал қалған 74 пайызы қиыршық тас, топырақпен жабылған», - дейді депутат

Депутаттың сөзінің жаны бар. «Жолдың жайын жүрген білер» демекші тас жолдардың азабын жүргізушілер тартып-ақ жатыр. Өйткені атқамінерлер келмеске кеткен Кеңес одағында салынған жолдарда жүргізушілердің жүйкесі жұқарып, көліктері күрделі жөндеуден өтуге мәжбүр болып жатқанын білмейді. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша да Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 93-орында. Тіпті, Кения мен Танзания елдері де бізден жоғары көрсеткішке табан тірепті. 

Жол саласындағы олқы тұстың бірі – битум жетіспеушілігіАльберт Раудың сөзінше, үлкен көлемде мұнай өндіретін елде жол битумының тапшылығы биыл 200 мың тоннаны құрағанСол себепті депутаттар жолдардың сапасын бағалау критерийлеріндегі қиыршық тасты және топырақты жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар қатарына жатқызу жөнсіз екенін айтып отыр. Сондай-ақ депутат төмен көрсеткіш себептерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа назар аударту қажеттігін алға тартты. Ол үшін  Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» АҚ бірінші басшылардың орындалған жұмыс сапасындағы анықталған заңбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітетін уақыт жетті.

Ал депутат Айбек Паяев автомобиль жолдарының ақылы учаскелерінен түскен алымдар 9,1 млрд теңгені құрағанын айтты. Оның 45 пайызы немесе 4,1 млрд теңгесі ғана сол учаскелерді жөндеуге және күтіп ұстауға, 55 пайызы бағдарламалық-аппараттық кешенге қызмет көрсетуге және басқа да шығындарға бағытталғанын жеткізді. Осының өзі-ақ халық қалаулыларының күмәнін оятуға толық негіз болатын көрінеді. 

Жалпы осыған дейін де бірқатар Мәжіліс депутаттары өз сауалдарында Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Қандағаш, Қарағанды-Балхаш, Талдықорған-Қалбатау-Өскемен секілді басқа да көптеген жобалар Үкімет және мемлекеттік органдар тарапынан уақытында шешімін таппай, бюрократияға жол беріп жұмсалған қаржылар жерге көміліп, жұмыстардың соңына дейінаяқталмауына түрткі болғанын баян еткен. Ал мердігер компаниялардың айтуынша жол құрылысының соңына жетпеуіне себеп көп. Жүктасымалдағыш вагондардың  жетіспеушілігі, битум сияқты құрылыс материалдарының тапшылығы, қаражат, қымбатшылық және инфляция, Үкімет пен мемлекеттік органдар бірнеше рет өткізген кеңестерден оң нәтиженің шықпауы секілді нақты мысалдар жетерлік. Екіншіден, сапасыз салынған жолдардың жағдайы біздегі жемқорлықтың араны әбден ашылғанын көрсетеді. Оның соңы салғырттық пен талапсыздыққа ұласады. Осындай жол саласындағы әрбір шақырымнан жеп қалудың соңы қара жолдағы қаза тапқандардың азаймауына себеп. Мысалы, биыл алғашқы 8 айда ғана республика жолдарында 9430 жол-көлік оқиғасытіркелген. Оның ішінде 1 480 адам келмеске кеткен. Ал 12 400 адам жарақат алған. Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны Қарағанды, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында  басқа өңірлермен салыстырғанда өте жоғары. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің жалпы ұзындығы 2 787 шақырымды құрайды. Осы жол бойынша  Қызылорда қаласы -  Ақтөбе облысы бағытындағы жүк көліктерінің қарқындылығы жыл сайын орташа есеппен 10%-ға дейін өсіп, тәулігіне 10 мың автокөлікке жетіп отыр. Осы күре жолда биыл 8 айда 317 жол-көлік оқиғасынан 147 адам қаза тауып, 560 адам жарақат алған. Оның басты себебі - қаражат тапшылығынан және аралық жөндеу мерзімдері сақталмағандықтан болған. Сондай-ақ, Түркістан облысы бағытына қарай 246 жол шақырымы I-ші техникалық санатқа жатқызылған, ал Ақтөбе облысы бағытына қарай 566 жол шақырымы екі жолақты болып бекітіліп, II-ші техникалық санатқа жатқызылыпты. Бір жол, бір жоба не себептен екі категорияға бөлінгені тағы түсініксіз. Ақтөбе бағытындағы жолдың тарлығы да талайдан бері айтылып жауыр болды. Соның салдарынан бұл күре жолда да жол-көлік оқиғасының саны өсіп, адам және материалдық шығындар жылдан жылға артып отыр. Биыл сегіз айда осы жолда 48 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 40 адам қаза тауып, 67 адам жарақат алған. Мұның барлығы жол белгілері мен қоршаулардың, жануарларға арналған тосқауылдар мен жол бойындағы камералардың жетіспеушілігін көрсетеді. Оған қоса автомобиль жолдарындағыкөліктік-пайдалану жүктемесінің дұрыс ескерілмегендігі мен техникалық санатқа жатқызылмауының салдары. 

Сондықтан уақыт күттірмей шешілуі тиіс мәселенің бірі – автомобиль жолдарының инфрақұрылымын талапқа сәйкестендіру. Бұл үшін жер үсті және жер асты өткелдері мен көпірлерден бөлек, 1 000 000 км астам жолға жол таңбалары, 25 000 жол белгілері, 13 000-ға жуық сигнал бағаналары, 514 бағдаршам, 5000 км жолға жарықтандыру секілді реттеу құралдары қажет.Айтылған мәселе аяқсыз қалып, созбалаңға салына берсе, өңірлердегі жол сапасының азабын жүргізушілер ғана тартады. Тартқаны былай тұрсын, тас жолдағы қасіретті тоқтату мүмкін емес. Мысалы, жол жиегіндегі қоршаудың болмауы салдарынан малға соғылып, адам шығыны тіркелген оқиғалар жетерлік. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсекжыл сайынелде 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен. Соның салдарынан жыл сайын 2 мыңға жуық адам қаза болса, 18 мыңға жуық адам түрлі жарақат аладыБиыл қара жолдан келген қасірет артқан. Ал жол апатының 75 пайызы инфрақұрылымы төмен елдімекендерде болады екен

Осыдан бір-екі жыл бұрын жол қауіпсіздігіне қатысты себеп-салдарды зерттеп көрген Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясы жол-көлік оқиғаларына ең көп түрткі болған 5 себептің рейтингісін шығарған. Сол кезде де басты себеп ретінде – жүргізушілердің жауапсыздығы мен жол сапасының нашарлығы қаперге алынған. Осы екі себепте де жіптің ұшы – жемқорлыққа келіп тірелетіні түсінікті. Президенттің өзі сол үшін де соңғы он жылда жүзеге асырылған жұмыстарды қайта қарап, кінәлілерді жазаға тартуды талап еткен еді. Мысалы, 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өткен «Әділдікті талап ет!» атты республикалық акция кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің колл-орталығына300-ден астам қоңырау, adildik.kz сайтына сапасыз жолдар туралы 2300-ге жуық онлайн өтініш түскен. Акция кезінде автожол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты түрлі кемшіліктерден бөлек, тапсырыс беруші мен орындаушы арасында жасалған келісімшарттарда өрескел заңбұзушылықтар анықталған.  Бұдан бөлек, жолға бөлінетін қаржының жүйесіз бөлінуі мен мақсатсыз жұмсалуы көбейген. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сай жалпы пайдаланудағы жолдардың барлығын бірыңғай республикалық органның қадағалауына беріп, оның қаржыландырылуын да сол ұйымға тапсыру міндеттелген дұрыс. Әйтпегенде тас жолға бөлінген миллиардтар тістегеннің аузында кетіп, аяқсыз қалған автожолдардың азабын халық көреді.

Жадыра МҮСІЛІМ
05.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380