Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Гидротехникалық құрылыс, көлік инфрақұрылымы, экологиялық инжиниринг және тау-кен өндіру саласындағы инновациялық технологияларды дамыту» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шараны QazInnovations инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесе және немістің HUESKER компаниясының қатысуымен ұйымдастырды.
Конференцияда компания өкілдері гидротехникалық құрылыс, көлік инфрақұрылымы, экологиялық инжиниринг және тау-кен өндірісі салаларындағы жаңа технологиялар жайлы баяндап берді.



«Су шаруашылығындағы инновациялар – бұл тек технология мәселесі емес, бұл азық-түлік қауіпсіздігіне, аграрлық сектордың тұрақтылығына және табиғи ресурстарды ұтымды басқаруға тікелей байланысты мәселе. Климаттың өзгеруі бізден мүлде жаңа, заманауи әрі тиімді шешімдерді талап етеді. Қазір Қазақстан су шаруашылығы саласының маңызды даму кезеңінде тұр. Біз бұл бағытта ауқымды трансформация жүргізіп жатырмыз. Негізгі басымдық – нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, су инфрақұрылымын жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу және трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрлігі неміс компаниясымен бұрыннан тәжірибе алмасып келеді. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Өтеміс» каналында INCOMAT геотекстиль материалын енгізу бойынша пилоттық жоба табысты нәтиже көрсетті. Материалдың жұмыс тиімділігі нақты жағдайда дәлелденді. Атап айтқанда, жоба нәтижесінде маусым соңында су шығынының азайғаны және су ресурстарын басқарудың тиімділігі артқаны байқалды. Сонымен қатар жүйе сыртқы әсерлерге төзімділігімен және техникалық қызмет көрсету ыңғайлылығымен ерекшеленді. Пилоттық жобаның оң нәтижелері бұл технологияны басқа каналдарда да қолданудың мақсатқа сай екенін дәлелдеді.
















