Асырап алған анасының мейірімі қонды ма, әлде Алланың берген сыйы ма, Мақсұт жас кезінен бастап сергек әрі мейірімді болып өсті. Жеті жасар кезінде атқа мініп жүретін. Жылқылардың ішінде ең жүйрігі қызыл тай еді, сосын көк байтал. Қызыл тай жүйрік болғанмен, кішкентай балаға күш бермейтін. Ал көк байтал үстінде отырған жас баланың ыңғайына қарап, қалай қисайса солай қарай шаба беретін.
Бірде үлкен аламан бәйге өткізілді. Алыстан небір тұлпар келді. Ауыл ақсақалдары бәйгеге Мақсұт шапсын деп ұйғарды. Өзі кішкентай, жеңіл, ерде де жақсы отыратын.
Көк байталға отырып, шабыс жолдарын бірнеше рет көріп шықты. Жолда айналып өтетін терең ор болған. Сол ордың бір жерінен өту мүмкіндігі бар. Бірақ ат қорықпау керек. Соған бейімдеу үшін жылқыны күніне бірнеше рет апарып жүрді.
Жарыс күні көптеген жүйрік топқа тұрды. Көрермен, жанкүйерлер жиналды. Мақсұт та көк байталға отырып, ортаға шықты. Төреші белгі бергеннен бастап көк байтал екінші болып келе жатты. Үшінші айналымға шыққанда шаршады ма, ортада қалып қойды. Бірінші болу үшін ендігі үміт – қауіпті ордан өту, басқа мүмкіндігі болмады. Бірнеше рет күнделікті барып тұрғасын, көзі үйреніп, көк байтал сол ордан қарғып өту керек екендігін түсінді ме, Алла деп аттың басын жібергенде еш бөгелмей секірді. Алдыңғы екі аяғымен ордың арғы жағына қонғанда биік ердің басы Мақсұттың мұрнына қатты тиді. Көзден жас, мұрыннан қан кетіп, шауып келе жатқан тұлпарлардың алдына түсті. Мәреге жеткенде көз жасының арасынан анасының бұлғап тұрған ақ жаулығын көрді.
Мақсұттың ойнап өскен жері – Зеңгі баба бекеті. Биік, лайдан салынған мұнара таудың үстінде. Батысында Әмудария, тау етегінде дарияның жағалауы Бадайтоғай. Зеңгі баба сол мұнараға шығып, дұға оқығанда ауып бара жатқан мал қайтады екен.
Шаббаз қаласы (Шах Аббаз) бұрын Қият деп аталған. Қият деген қазақтардың бір руы. Шыңғыс хан туылмастан 180 жыл бұрын осы қалада Бируни деген ғалым дүниеге келген. Сол себептен өзбектер кейіннен қаланың атын Бируни деп қойған. Мұның дәлелі 1998 жылы «Жібек жолы» баспасынан Қалибек Данияровтың «Альтернативная история Казахстана» атты кітабы шықты. Әмударияның жағалауындағы Қият деген рудағы қазақтар тарихи бір жағдайлармен Моңғолияның, Қытайдың солтүстігіне қоныс аударған.
1952 жылы республикалық жоғарғы кеңестің үкімімен министрлер кеңесінің құрамында Жол басқармасы ашылды. Оған Мақсұт Қобланов бастық болып тағайындалған. Ол соңынан министрлік деп аталды.
Ұлтжанды азамат өз қазағының қарым-қатынасына, қалаларға баруға оңтайлы болсын деп алғашқы кезекте 100 шақырым жерге тас төсетеді. Оған Қырық қыз, Қаратау, Назархан, Ақтау, Сұлтан баба зираты, Қалендерхана, Көк көз пристань, Бибазар ауылдары мен Шаббаз қаласы кірді.
Халық қалаулысы Әділбай Талқанбаевтың жақсы бір естелігі бар (2016 жылғы 19 қаңтарда түсірілген бейнетаспадағы сұхбаты). Оның айтуынша, 1990 жылдары Есік қалалық атқару комитетінің алдына мыңдаған халық жиналды. Олар өз елімізде билік өзімізге берілсін деген талап қойды. Басшылардың өзге ұлт өкілдерінен сайланатындығын айтып, көп азамат мінбеге шықты. Бір келбетті қазақ қызы халықты сабырға шақырып, өзінің кең ойын, патриоттық сезімін жоғары білімділігімен, сөз шеберлігімен жиналған қауымға жеткізе білді. Көпшілік оның сөзін мақұлдап қол шапалақтады.
Митинг тараған соң, ол кім екен, танысайын деп сұрастырып, тауып алған. «Мен Аққағаз Мақсұтқызымын» дейді ол. Сол таныстықтан кейін Аққағазбен ауданның, қаланың қоғамдық жұмыстарына бірге араласқан.
Ол Кеңес Одағының Батыры Тоқатаев атындағы қазақ мектебіне директор болған кезінде Кеңес Одағы құлап, байланыстар үзіліп, еліміздің экономикасы дұрыс жүйеге түспей тұрған еді. Сол мектепті жөндеуден өткізіп, қосымша қазақ сыныптарын ашу үшін қаражаты бар ұлт азаматтарын тартып, көп жұмыс атқарды.
...Осы күнде марқұм болып кеткен Мақсұт атаның немерелері Мейірбек пен Сәкен – Қазақстан Қарулы Күштерінің офицерлері. Сәбит – ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, Нұржамал – Лондон қаласында жеке фирма иесі. Шөберелері Гүлнұр – Алатау аудандық сотының хатшысы, Нұрсұлтан – Ярославль қаласындағы жоғары оқу орнында театр және кино актері мамандығын меңгеруде.
Шариғатымызда айтылғандай, жақсы ұрпақ тәрбиелеген адамның, арғы дүниелік болса да, Алла Тағаланың алдында мәртебесі көтеріле бермек. Лайым солай болғай!
Марат ҚОБЛАНОВ















